//

Алаш жұрты Әбілқайыр ханымен қауышты

1260 рет қаралды
Сәрсенғали Сыдық – Әбілқайыр ханның жетінші ұрпағы
Сәрсенғали Сыдық – Әбілқайыр ханның жетінші ұрпағы
Сәрсенғали Сыдық – Әбілқайыр ханның жетінші ұрпағы
Сәрсенғали Сыдық – Әбілқайыр ханның жетінші ұрпағы

Ақсарбас! Алмағайып заманды басынан аз өткермеген Алаш баласы үшін бүгін өлгені тіріліп, өшкені жанған күн туып отыр. Қазақ даласын жоңғар қолы бір емес, бірнеше мәрте шабуылдап, ел мен жердің тағдыры жау қолына өтіп кету қаупі туған сонау бір кезеңде Ресеймен одақтасу жөнінде шешім шығарған Әбілқайыр ханның бассүйегі қалпына келтірілді, хан сүйегінің ДНК сараптамасы ұрпағымен 99,355% сәйкес келді! 

Күні кеше Алматыдағы ұлттық баспасөз клубында елі­міздегі Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және эт­но­логия институты «Хан моласы» некрополы ғылыми зерт­теуі нәтижесінің №92 және №178 объектілерінің гип­стен жасалған реконструкциялау барысының тұсау­кесерін жасады. Аталған институт директоры Хангелді Әбжанов, жоба жетекшісі т.ғ.д., профессор Серік Әжіғали, Жалпы генетика және цитология инс­ти­тутының директоры, биология ғылымының кан­ди­да­ты Ләйла Жансүгірова, сондай-ақ Әбілқайыр хан ұр­пақтары қатысты.

Хангелді ӘБЖАНОВ, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры:

– Бүгін – қазақ ғылымындағы айрықша күн­дер­дің бірі. Ұзақ жылғы зерттеуден кейін Әбіл­қайыр хан­ның бассүйегі, түр-келбеті қалпына кел­тіріліп, мінеки, алдарыңызға келді. Мұндай ғы­лыми же­тіс­тік Қазақстанға жат емес, кезінде батыр ба­ба­мыз Махамбет Өтемісұлының бас сүйе­гі ре­конс­трук­цияланған болатын, сосын Қо­быланды ба­тыр­дың да, Әйтеке бидің де бас сүйек­тері зерт­тел­генін білесіздер. Демек, Әбілқайыр хан бас сүйегінің қалыпқа келтірілуі де – бүгін шыға сал­ған нәтиже емес, ертерек бас­тал­ған істің жалғасы, жемісі. Айта кетерлігі, бұған Ре­сейдің, Венгрияның да ғалымдары араласты. Мы­на алдарыңызда тұр­ған бюст Венгрияда қал­пына келтірілді.

Расында, хан моласын зерттеу негізі 1979 жылдан басталған, яғни сол жылы әйгілі қаламгер, ардақты тұлға Әбіш Кекілбай ағамыз өзінің «Үркер» романын жазарда арнайы экспедиция құрып, ел ішінен хан сүйегі жатыр деген жердің жобасын біледі-ау деген адамдарды жинап, біршама жұмыс ат­қарған. Десе де, екі ғасыр­дан аса бұрын­ғы моланы табу бес-алты кісінің қолынан келетін шаруа емес еді. Соған қарамастан, біраз дерек жинаған әлгі экспедиция араға біршама уақыт салып кәдімгідей ел болып, еліміздегі Ш.Уәли­ханов атындағы Тарих және этнология институтының және тағы басқа ғылыми-зерттеу мекемелерінің ғалымдар тобы – тарихшылар, этно-археологтар, этнографтар, геофизиктер, ан­тропологтар, генетиктер мен топырақтану­шылар т.б. көптеген ғалым, яғни бірнеше ғылым саласы бірігіп зерттеуге, іздестіруге көшкен. Түрлі құрал-сайманмен мұздай қаруланған топтың көкейінде «таппай қоймаймыз» деген бір ғана мақсат болды. Бұл 1998 жылдар болатын, содан күні бүгінге дейін тоқтаусыз жұмыстар жүре отырып, енді, міне, ресми түрде жария етіп отыр.

Серік Әжіғали, тарих ғылымының докторы, профессор, жоба жетекшісі:

– Хан моласы Ақтөбе мен Торғай облысының шекарасында, Өлкейік пен Қабырға өзенінен төрт шақырым қашық­тықта жатқан елсіз жырақта орналасқан. Ешқандай да бір зират қондыруға қо­лайсыз жер, олай дейтінім, әдетте қа­зақ моланы биік жерге, қыстауға қон­дырған. Ал енді Әбілқайыр ханның сү­йегі неге елсізге жерленген дегенге кел­сек, оның қапияда қайтыс болуынан. Негізі, ханның кенеттен болған өлі­мі сол тұста дала жұрты мен патша сарайындағыларды тегіс аң-таң қал­дырған үлкен оқиға болды. Сондықтан да ол жайлы орыс ғалым­дары, орыс баспасөзі жазып, құ­жаттары да сол Орынбор мұрағатында сақталған. Ең алғаш ХІХ ғасырдың 60-жылдары бұл молаға алғаш ат ізін салған – зерттеуші капитан Николай Рычков, ол мола орнына сипаттама жазып кеткен. Бұл – 1771 жыл, яғни хан өлімінен арада 23 жыл өткен кез. Әбілқайыр хан 1748 жылы қайтыс болған еді. ХІХ ғасырда деген атпен ол жерді сипаттап, топогра­фиялық картаға түсірген. Бір емес, одан кейін Левшин, Эрситов, Крафт сынды зерт­теу­шілер еңбегіне арқау болған. Міне, сондай тарихи құжаттар мен түрлі био­генетикалық, антропологиялық т.б. зерттеулер қоры­тындысы бір қорытын­дыға келіп, біз бүгін хан моласын нақты белгілеп, Әбілқайыр хан моласы осы жер, сүйегі сол кісінікі деген тұжырымға келіп отырмыз.

250 жылдай уақыт өткен моланы іздеп табу, әрине, оңайға түскен жоқ. Себебі бір кездері тарихи жазбаларда сипатталған жер­лер одан бері қаншама өзгеріске түс­кен. Мә­селен, белгілі тарихшы Крафт 1898 жыл­ғы өз жазбасында хан моласы­ның басында жалғыз қайың өсіп тұрғанын айтқан. Алайда бүгінде ол жоқ. Екіншіден, ол кез елсіз бол­ғанымен, бүгінде сол қорым кеңейіп, 942 қабір түскен. Соның қайсысы деген дағдарыс туары сөзсіз. Ғалымдар соның өзін топы­ра­ғынан, ағашының тамырынан ең көне деген тұсы – солтүстік жағын тауып, Новосібір ға­лым­дарының көмегімен магнитометр, гео­ра­дар сынды құралдар арқылы, сондай-ақ Венгрия мамандары­ның мықты жасақталған лабораториясын­дағы тәжірибелі мамандар арқылы, сон­дай-ақ Әбіш Кекілбай ағамыз бастаған экспедиция құрамын­да болған Аманжол Алдашев, сол тұста 20 жастағы жі­гіт, тракторшы болған Қаныбек Жанаев т.б. 20 шақты ақпарат беруші азаматтың жол нұс­қа­уы­мен дәлірек ізге түскен.

Нәтижесінде Будапешт қаласында ор­наласқан Венгр ұлттық жаратылыстану ғылымы мұражайында доктор Андраш Биро­ның жетекшілігімен жоғарыда аталған сүйек қалдықтарына жалпы антропо­логия­лық зерттеу жүргізіп, №92 объектіден та­былған сүйектер мен ханның тікелей ұр­пақтарының ДНК сәйкестігі 99,355% болған. Сондай-ақ қабірдегі сүйек иесінің бойы – 168-173 см аралығында, жасы қай­тыс болғанда 55-65 аралығында бол­ға­нын, сондай-ақ ат құлағында ойнағанын, түр-келбетінде ержүрек батырға тән сипаттар мен ханға тән дарқандық болғанын анықтаған. Сөйтіп, бет-келбетін компьютерлік реконструкциялаған және жақ сү­йек­терін гипспен реконструкциялаған. Оны танымал венгр ғалымы Агнеш Кустар жа­саған. Әрине, бұл зерттеу тарихтың заман ағымына сай жұмыс істейтінін дәлел­десе, екіншіден, Әбілқайыр ханның сүйегін дәл анықтау арқылы келер ұрпаққа қазақ тарихындағы көрнекті қайраткер бейнесін қалдыруға үлкен келелі іс болды. Ал енді, расында, осы қалпына келтірілген бейне ұрпағының үдесінен шыға ма дегенге келсек, осы отырысқа келген жасы 70-ті ал­қымдаған ақсақал былай деді.

Сәрсенғали СЫДЫҚ, Әбілқайыр ханның жетінші ұрпағы:

– Осыдан бірнеше жыл бұрын төл теңгемізде бейнеленген атамыздың суретіне қарап, «апырым-ай, мынау шынында біздің атамыз ба, шынында түрі осындай болған ба, мен осы, расында, осындай бабаның ұрпағы болсам, неге ұқсамаймыз» деген сұрақ көкейде тұратын. Ал бүгін мына бет-бейнеден, шыны керек, мен өзімді тауып, көңі­лім толқып тұр. Өзіме келсем, мен Әбіл­қайыр ханның жетінші ұрпағымын. Ол кісінің Нұралы, Ералы, Айшуақ, Әділ, Шыңғыс, Қожахмет деген алты ұлы болғанын білесіздер. Мен соның Әділ деген баласынан тарайтын ұр­пақпын. Әділден – Ағым мен Тоғым деген екі баласы, мен Ағымынанмын, одан Әбілжан, Әбілмомын, Есжан деген үш бала туады. Есжаннан Ахмет, Бекжігіт деген балалар туады. Соның мен – Өтепалы деген, Өтеміс деген ұлынан. Өтемістің баласы Сыдық төре – менің әкем. Бізді негізі кезінде хан тұқымы деп қудалағанын да білесіздер. Атақты Бақытжан, Арон Қара­таевтармен туыспыз ғой. Солар өздеріне тықыр таянғанда «Сыдық бүгіннен қалмай Өзбекстан аспаса, ертең алып кетеді» деп адам жіберіпті. Солай біз шекара сыртында тегімізді де айта алмай жүрдік. 1954 жылға дейін әкем тіс жармай келді, сол жылдан бастап маған айтып, міне, бүгінге жеттік.

Түйін

«Ханның басын хан алар», яғни жазылмаған дала заңы бойынша, астындағы атын да, қойнындағы жарын да, тіпті бар қазынасын берсе де, хан атамекеннің сүйемдей жеріне жау аяғын бастырмай, тіпті керек болса, сүйегін де беруге тиіс болған. Сондайда егер жеңіске жетсе, шапқыншы жұрт ханының басын жер иесі, патшасы алады, керісінше, жеңіліс тапса, сол жолда ханның басы қасқайған күйі жау патшасының қолынан кесіледі. Бұл егер ашық соғыс болса, ал жымысқы жау­гершілікте ол заң, әрине, жүрмейді. Аласапыран тұсында Әбілқайырдай, Кенесарыдай хандардың қапталдан бас салған дұшпандардың қолынан қаза болған денесі мүмкін болған жерге жерлене салғанын түсінеміз. Ал енді бүгін сол ханымыздың моласын анықтап, бет-бейнесін қалыпқа келтіріп жатсақ, бұл – шынын айту керек, ең басты құндылығымыз – Тәуелсіздігіміздің арқасы. Әбілқайыр хан бейнесі таяу­да фотосуреті дайын болысымен Елбасымыздың назарына ұсынылған. Тәуелсіз елдің ғылыми ізденіс жұмысының нәтижесі мен осындай ұлы істегі тұтастыққа Елбасы өз ризашылығын білдірсе керек.

Автор: Мәриям ӘБСАТТАР

Дереккөз: “Алаш айнасы”

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар