///

Ерен еңбегі үшін

1806 рет қаралды
10

Қазақ халқы тарихи зұлматтардың кесiрiнен жер жүзiне тарыдай шашырады. Қазiргi күнде Қазақстандағы қазақ ұлтының қақ жартысына тең келерлiк алаш баласы әлемнiң қырықтай елiнде жүр. Демек, қазақ халқының мәдени-рухани байлығының да қақ жартысы шетелдердегi қандастарымыздың қолында, солардың тұрған жерiнде деген сөз. Ал сол бүтiннiң жартысын iздеп, жиып-терiп, атажұртпен қауыштырмайынша, мәдени-рухани мұраның толықпайтыны белгiлi.
Жат жұртта өмiр сүрсе де ұлты үшiн қызмет қылып,оның бағзыдан қалған бай рухани-мәдени мұрасын қиын-қыстау тағдыр кешiп жүрiп жинап, хат-қағазға түсiрiп, зерттеп, зерделеп шама-шарқынша мәдениетiмiзге салмақты үлес қосқан бiрегей табанды тұлғаларымыз аз болмаған. Сондай бiртуарлардың бiрi – қалқа iшiнде (моңғол) iшiнде жүрсе де өмiр бойы қазағым деп өмiр сүрген – Қабыкей Ахмерұлы.
Иә, «тауда жүрiп,таста өскен, ағайыннан басқа өскен» қандастарымыздың арасынан осындай айтулы азаматтар көрiнiп жатса, бұған еш күмәнданудың, көзге iлмеудiң қажетi жоқ. Қайта солардың iстеген еңбегi, жасаған туындылары арқылы әлем қазақтарының қордалы байлығын бiр ортаға тоғыстыру абзал.
Бұл тұрғыда Дүние жүзi қазақтары қауымдастығы қыруар iс тындырды. Қ.Ахмерұлының Алматыда шығармашылық кешiн ұйымдастыруға Мәдениет министрлiгiмен бiрiге отырып, қолдау көрсеттi. Бұл шараға қазақтың Құрманғазы атындағы академиялық ұлт-аспатар оркестрi қатысты.
Қ.Ахмерұлы «Аққу», «Аққу көлi», «Сары ала қаз», «Сөңкiл көл», «Асау күртi», «Құлжагер» қатарлы халық жүрегiне жол тауып, кең тараған 40-тай күйдiң авторы, «Бөбегiм», «Сауыншы апай», «Жастар жалыны» қатарлы 25 ән жазған сазгер, түрлi аспаптарды меңгерген, шебер дирижер, Моңғолия Композиторлар одағына тұңғыш мүшелердiң бiрi, «Алтын жұлдыз» орденi иегері. Халқымыздың ән-күйлерiнiң сыртында 200-ге жуық әлем және моңғол композиторларын шығармаларын оркестрге түсiрген талант.

Қабыкей Ахмерұлы халық мұрасын қауым қадесiне жаратуда қажымай-талмай ұзақ жылдар бойы тер төгiп, соның нәтижесiнде Моңғолия қазақтарының ән-күйлерiн жинап, нотаға түсiрiп, 1965 жылы «Моңғолия қазақтарының халық әнi» деген атпен 50 ән, 1972 жылы «Ән» деген атаумен 80 ән, 1977 жылы «Домбыра, сыбызғы күйлерi» деген атпен 120 күй, 1984 жылы 328 әндi жинақтап, жеке-жеке кiтап етiп шығарады.

Даулескер домбырашы әрi сыбызғышы, күйшi-композитор, зерттеушi-ғалым, дирижер-ұстаз Ахмерұлы Қабыкей 1975 жылы «МХР-дың еңбек сiңiрген артисi» атағына ие болады. Сондай-ақ, ол Моңғолияның «Озат мәдениет қызметкерi».

Ахмерұлы Қабыкей 1992 жылы Алтайдың арғы бетiнен атажұртына мәдени-рухани байлығымыздың аса мол қорын арқалап келдi. Қазiр Алматы облысы Алакөл ауданының Қабанбай ауылында тұрады. Атамекенге оралу оған жаңа шабыт сыйлады. Елге, жерге, отанға арналған жаңа туындыларымен шығармашылығы үстеле түсті.

 Қ:Ахмерұлының бейнетқорлығы, болмыс-бiтiмi, мiнез-құлқы, халқына деген сүйiспеншiлiгi, ұлт өнерiне деген iлтипаты, iстеген iсi бүгiнгi һәм келешек ұрпаққа үлгi-өнеге, сабақ болары сөзсiз.

Қабыкей Ахмерұлы – қазақ диаспорасының қайраткерi, Қазақстанда танылуға тиiстi, бiр басы зерттеуге тұрарлық тұлға. Осыны ескерген Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы мемлекеттік марапатқа ұсынуына орай, Қабыкей Ахмерұлын Қазақ елінің тәуелсіздігінің 20 жылдық мерей тойы қарсаңында, Елбасы Жарлығымен  «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сөйтіп ерен еңбек өзінің атамекенінде зор қошаметке ие болды. Демек бұл отанымызға оралып жатқан, қандастарымыздың еліміздің өркендеуіне, дамуына қосқан үлесінің бағалануы. 
Б.БӘМIШҰЛЫ

 

Парақшамызға жазылыңыз

10 Comments

  1. Ссалыстырмалы түрде айтсақ бұ кісі қазақтың Затаевичі ғой. Қандай марапатқа да лайық. Бұған да шүкірлік, игіліктің ерте кеші жоқ. Құттықтаймыз!

  2. Ой, бәрекелді отаным деп келген қандастарға лағынет қарша борап жатқан заманда Елбасының мұнысы өте дұрыс болған екен.

  3. Қабыкей ағаның еңбектерімен ертеден таныспын. Ол бүкіл бүтін бір институттың ісін атқарған адам. Бар “қылмыс” шеттен келген оралман еді. Үкіметтің көзі түзу екен. Ақсақалды мен де шын жүректен құттықтаймын.

  4. Бұл марапатқа біз де ел болып қуанып жатырмыз. Марапаттаушыларға ДҚҚ рахмет айтамыз.

  5. Мамашев мырза бір ерлік жасаған екен. Қанша дегенмен кезінде Мәдениет министрі болғандығы ғой.

  6. Кәкей Жаңжұңұлы:

    Өнер тарланы

    ( МХР-дың Еңбек сіңірген артисі Ахмерұлы Қабыкейге )

    Сыңсытып сыбызғыны қуат-күшің,
    Қуырған домбырада күй апшысын,
    Дрижер, композитор, артис, күйші-
    Бір өзің бір театр сияқтысың!

    Бес өнер аздық етіп атыңа да,
    Бес кітап жаздың және ақын аға…
    Сиқырлы таяқшаңды қозғап қалсаң,
    Сілкініп жан бітеді сахнаға.

    Қол соғып қастерлесе елің егер,
    Ұсынар қашандағы төрін өнер.
    Бурылдаған шашыңды сілкіп тастап,
    Жасарып сахнадан көріне бер!

    1985. ақпан.

  7. Қол соғып қастерлесе елің егер,
    Ұсынар қашандағы төрін өнер.
    Бурылдаған шашыңды сілкіп тастап,
    Жасарып сахнадан көріне бер!

    Кәкеңнің көріпкелдігі айдай анық келді.

  8. Күй
    (Қабыкей Ақымерұлына)

    Көкейінен күмбірлі күй өрілген,
    Қаймананың қайғысын түйе білген.
    «Сара ала қаз» сұңқылдап, «Жалғыз аққу»
    Азалы үні өтеді сүйегіңнен.

    «Күрті» тентек көпіріп күркіреген,
    Үйір-үйір жылқыны-ай дүркіреген.
    Ақиықтай асқақтап саңқылдаса,
    Ақ жаңбырдай арындап сіркіреген.

    Бәйбішенің биіндей былқылдаған,
    Бұлағындай Бұлғынның сылқылдаған.
    Күрпілдетіп келіннің кесте тігіп,
    Инесінің ізіндей жылтылдаған.

    Ай қасқасын жамбымен сүрмелетіп,
    Ақ кежімін шашақтап, бүрмелетіп.
    Бозжігіттер өткендей бебеулетіп,
    Қызды ауылдың сыртынан түнделетіп.

    Апай төсін аруға түймелетіп,
    Қыз-бозбала қасына үймелетіп.
    Естіген жан отырар есі кетіп,
    Әр бір түрлі әдемі күйге кетіп.
    19.04.2008ж.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар