//

Күшке емес, келелі іске жүгінелік!

1048 рет қаралды
3

Ел алаң. Заман бұлаң. Айтағы қайсы, ал байтағы қайсы? Бұлыңғыр күннен адаспай жол табу сын сағаты туды. Халқын кеше ғана бірлікке, берекеге, ынтымаққа шақырған Елбасы сөзін қайда тастадық! Осыдан 25 жыл бұрын коммунистік биліктен әділдік сұрап Алматының бас алаңына шыққан жастарды жат жұрттың жандайшаптары Кремльдің төрінен бұйрық беріп балаусадай жайқалған қыршындарды қоғадай жапырып, қызыл қанға бөктіргенін білесіздер! Оларға да «есерлер, хулигандар, бұзақылар, тәртіпсіздер» тағысын тағы айыптар тағылған.

Алайда уақыт оларды басқаша бағалады. «Бодандыққа, отаршыл саясатқа қарсы тұрған қаһарман ұлт азаттық көтерілісшілер» деді. Сөйтсе де, өктем биліктің өрескел, шектен шыққан әрекет-қылмысына күні бүгінге дейін толық саяси баға берілген жоқ! Құрбандардың құны төленбеді! Құрбандар құны келмеске кеткен қанды қол коммунистік қызыл империяның мойынында кетті! Қан жылап қазақ жұрты қалды… Ал бүгін ше? Бүгін билік өзіңдікі. Ел өзіңдікі, жер өзіңдікі. Ел-жұртыңды өзге емес, өзің басқарып отырсың! Басыбайлы құл емес, жеке, тәуелсіз мемлекетсің.

Сөйлесең сөзің өтеді. «Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» деген дана халқымыз. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос». Ұлы Абай сөзі. Қанды жолмен емес, күрделі мәселені, нанды жолмен шешкен дұрыс. Алты ай бойы алаңда тып-тыныш талаптарын айтып жатқан мұнайшылардың төзімі таусылды ма? Бәріміз бір қазақтың баласымыз. Ашу арындайды, ақыл аяңдайды. Мәселені ушықтырмай, қанды қырғынға жеткізбей, бейбіт жолмен шешуге болар еді. Биліктен білместік кетті. Бармағын тістеп қалды.

Мұнайшыларға күш құрылымдарының адамдары емес, үкімет басшысы Кәрім Мәсімов баруы керек еді. Мәсімов мырза алты ай бойы ол жаққа ат ізін салмай қойды. Ақыры арандатушылар осы ақауды пайдаланып кетті. Ендігі мәселе қан төгісті тоқтатып, бейбіт мәмілеге келу керек. Олай болмаған күнде әлсіз ақпарат салдарынан басқа өлкелерден де қолдаушылар молайып, келеңсіздік етек алып кетуі әбден мүмкін. Менталитетіміз мейекті, мәдениеті зор елміз. Кісілігі кемел, кең сарайлы жұртпыз. Басқа қонған бақты аялай білейік. Айналамыздағы албырт, ала ауыз дүрмекке ілеспей, бабалық дәстүрді берік ұстана отырып, бұл мәселені келісіп, кеңесіп пішсе дейміз. Алла тағаланың адам баласына берген қас қағым сәтін қантөгіссіз кешкен абзал. Күшке емес, келелі, пәтуалы іске жүгінелік. Мұнайшылар талабына құлақ асып, бейбіт жолмен ортақ шешімге келген ғанибет. Бұны билік істесін. Әйтпегенде айналамызда анталап тұрған қас жауларымызға жем боламыз, ағайын!

Бақытбек Бәмішұлы

Парақшамызға жазылыңыз

3 Comments

  1. Иә, өте орынды пікір. Ел мен жер өзімізде тұрғанда бұл халық енді кімнен тәуелсіздік алғалы жүр. Елді басқарып бір орыс немесе бір қытай отырса онда бүкіл халық болып оны төңкеріп тастауға әрекеттенуге болатын шығар. Бірақ, бұл енді ұят болды.

  2. Меніңше бұл жерде әр екі жақта да кінә бар. Дегенмен еурейлердің, америкалықтардың, қытай мен орыстың көктен тілегенін жерден тауып берген де өзіміз болып жүрмейік, ағайындар. Олар осыны тілеп отыр, олар қазақтың елін, жерін, тәуелсіздігін қызғанып, бізді осындай бүлікке, бөлінуге итермелеп отыр. Сабыр қылайық, қазақ елі! Дүрліктірген жалған ақпаратқа сенбеңіздер!

  3. Халайық! Ашаршылық жариялаған мұнайшыларды осыдан бірнеше ай бұрынғы жаңалықтарда көрсеткен еді ғой. Біреу болса ештеңе емес, көп қой,. Кез келген сауаты бар адам сол сәтте істің насырға шабарын ойлаған дұрыс еді. Енді келіп, сабырға шақырады халықты. Адам өлейін деп жатыр….. Сіздерге ойыншық емес шығар…. Адам тағдыры….. Түсінбейимін…..

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар