Ғайыптан тайып тәуелсіздіктің алғашқы жылдарына өтіп кетер болсақ, бүгінгі тіршіліктің әлдеқайда бағалы, әлдеқайда жомарттау екенін бағамдаймыз. Әйтседе әркімге өз өмір сүрген заманы ыстық. Ол кездегі тұрмыстық технологияның қазір қызық болмай қалғандығы сияқты, енді бір 20 жылдан соң, айпон телефондар мен макси шайлар құнын жоғалтып жатса әдеттегі құбылыс деп қарау керек шығар. Қазіргі тілмен айтсақ ол уақыт, бүгінгі жағдайдың әлдеқайда «минусқа» кеткен көшірмесі еді. Дүкендер қаңырап қалды, бүйірі шығып ас ішу үшін, жұрт жаппай тауар тасуға бекінді.
Бүгінгі «жастар» деп аталатын буын ол шақта бала болатын. Содан ба, тоқсаныншы жылдар дегенде, ауызға алдымен тәттілердің тұрпаты іліге кетеді. Тіпті бір сағызды бір жанұя ермек қылатын кезең үшін сырттан келгеннің бәрі таңсық еді. Ең аяғы сүтті шоколадтың жарнамасы да. «Анау қалай қабығымен жеп қойды» деген таңданыстар да сол жылдарға тән. Ол кезде қазіргідей шікірейіп ақша табу да – арманға айналған. Қиыншылық аяқтан тартқанда, қара жұмыстан аяғыңды тарту күнә сияқты болатын. 90-шы жылдардан бастау алған қиыншылық, 95,96 жылдарға дейін созылды деуге келеді. Қандай жұмыс болса да талғамай істей беретін, алайда сол жұмыс құрғырдың оңайлықпен табыла кетпейтін кезі болатын.
Сырттан келіп, жұртшылықты жаулаған жаңа киім үлгілері де сәнге айналды.
Иығында үш түсті жолағы бар немесе кеудесінде бүркіті бар спорттық кеудешелер есіңізде шығар. Сол «Адидас» деген сөз алып компанияның емес, қытайлық үлбірек киімнің аты ретінде қолданысқа кірді. «Жалғыз адидас ғана емес, киім атаулының қат кезінде, жатақхананың бір бөлмесінде 4 бала тұрсақ, соның ішінде кім ерте тұрад, соған бұйыратын» деп еске алды көзкөрген ағалар.
Қазіргі адамдарға қарағанда, бірінікін-бірі киіп жүре беретін сол кездің студенттері бауырмалдау еді деп, еске алған бір танысымыздың айтқаны тіпті қызық: Бір лекцияда 70 бала болса,соның 40-50і адидас киіп отыратын. Соны киген студент көштен қалмаған,әжептәуір жағдайы бар деп есептелген сол кезде. Қызды-қыздымен бұл спорттық форманы тойдың сәніне балап,мерекелік кештерге киіп бармаған адамда кемде-кем сықылды. Сол кездің сәніне баланған адидасты, жұрт тек тойға киіп барумен шектелмепті. Халықаралық дәрежедегі елшілер басқосқан үстелде, спорттық киіммен отыруды елестетудің өзі езуге күлкі үйіред. Бұл болған оқиғаны, бізге саясаттанушы Расул Жұмаұлы баяндап берген болатын. «90 жылдардың бас кезінде біздің мемлекеттің делегациясы Францияға іссапармен барады. Елшілер әдеттегідей кешкілік дөңгелек үстел басына жиналуға тиісті болады. Сол жылдардағы жетіспеушіліктің салдары ма,әлде тәжірибенің аздығы ма, біздің делегацияның адамдары жергілікті дүкендердің бірінен адидас сатып алады түгелдей». Ресми түрде костюм-шалбар киіп баратын кездесуге спорттық формамен бару дегеніңізді өзіңіз елестете беріңіз енді.
Ауызекі тілдік қорымыз «мафон», «велик», «дейзик» секілді қысқарған сөздерге қарық болып, «Видиктің» арқасында Жан Клод Ван Дамм, Арнольд Шварцнеггерлер ел елді аралап жүргенде, қазақша сөздік қорымызда жаңа атаулармен толығып жатты. Бір жақсысы, қазақ тілінің сөзжасамы да жаңа бір сатыға көтерілді. Гимнді әнұран, гербті елтаңба деп атай бастағанымыз да осы тұс. Бұл аударманың авторы журналист Марат Тоқашбаев еді. «Нарықтық экономика», «төлқұжат» деген жаңа сөздерде осы кездерде қолданысқа ене бастады.
Әзілкеш Қанаттың анау бір әзілі бар ғой «Қызылорда да рейтинг бойыншы бірінші орында «Дениз», екінші орында мен дейтін. Сол секілді ол кездің де өзіндік «Дениздері» бар болатын. Мексика мен Аргентинадағы режиссер ағай-апайлар түсірген өнімдер, біздің көрермендердің ауыздарын аштырып,көздерін жұмдырды. Сериалдың уақытын сәтті пайдаланатын суайттар, қорадағы малыңды, үйдегі мүлкіңді сыпырып жатса да, мыңқ етпейтіндер зор шығынға ұшырайтын. Қаладан тәтті әкелсе,әлгі шоколодтан көзін ала-алмай отырып қалатын жас баланың күйіндей еді хәліміз. Ең алғашқы сериалдарды көз алмай қарағанын ешкім де жасыра алмайды. Көргендердің айтуынша алдыңғы сериалдар тек Кеңес кезін жарнамалаған екен. Тиісінше, «Изаура», «Қарапайым Мария», «Байлар да жылайды» деген телехикаялардың қаптауы – жұмыссыз қалып отырған адамдардың ермегіне айналды. Үй іші түп-түгел теледидардың алдында отырғанын пайдаланып, ұрылар аларын алып, «Рахмет саған Қарапайы Мария» деп жазып кететіні де сол тұс. Одан бері де талай телесериал қазақ теледидарының табалдырығын аттады. Жағдай түзелді,ел еңсесін тіктеді дегендей. Қарап отырсаңыз, 20 жыл бұрын ғана болған жағдай, қазір құдды бір ертегі сияқты. Қазір отызды орталап қалған кісілер – «ол кез біздің жастық шағымызбен тұспа-тұс келген дәуір ед, әр уақыттың өз қызығы бар, алдыңғы ағаларымыз сендер бақыттысыңдар деп отыратын» дейді. Рухани һәм материалдық мүдде тұрғысынан алғанда да ол кезге қарағанда бүгінгі буын бақыттырақ. Айлар зулап,жылдар жылжыған сайын уақыт өзінің қиындықтары мен тосын сыйларын көрсетіп отырады. Біз, кейінгі ұрпақтың бізден де бақытты болуын тілейміз.Өткен күнді қысқаша шолдық. Уақыт тарихпен осылай қауышса керек.
Абай Қазбекұлы
Парақшамызға жазылыңыз
Бәреукелді Абай, жақсы жазыпсың.Тілдік, стилдік ерекшеліктерің өзіңе құйып қойғандай.Бұлай тек қана сен жаза аласың. Келесі жазбаларыңды асыға, сағына күтетін боламын. Жиі жариялар тұршы, жарай ма?!
Адидасты қатырыпсың енді.))
Өте жақсы мақала! Сонау 90 жылдардың иісі мұрныңа келіп тұрғандай. Мұндай “иісті” жеткізу үлкен шеберлік. Жарайсың Абай! Әлі талай белестерді бағындыратыныңа кәміл сенемін!
пікір жазғандармен келісу қиын. Мен бұ мақаладан еш қандай шеберлік көріп тұрғамын жоқ. сонда сендердің талғамдарыңа таң қаламын. автор бірінші жақпен баяндап отырып үшінші жаққа өтеді. қойыртпақ, тілдік стиль сақталмаған. филологиядан жұрдай. Мінбердің талғамсыз дүниелерге абай болғаны жөн.
Өте жақсы жазылған. Өзінін басынан өткенін жазған. Қоғамдағы бар оқиғалар……