//

Роналдиньо: «ДРИБЛИНГ — ҚАС-ҚАҒЫМ СӘТТЕ ПАЙДА БОЛАДЫ»

1530 рет қаралды
1

Ол – өзiнiң ерекше талантымен әлем футболын байытқан тұлға. 2002 жылғы әлем чемпионы, 2005 жылы «Алтын доптың» иегерi атанды. Әлемнiң бiрнеше дүркiн үздiк футболшысы. Оған қарсы ойнағанда қорғаушы бiткеннiң абдырап қалатынын бүкiл әлем жанкүйерлерi бiледi. «Ол» деп отырғанымыз футбол жылнамасына өзiнiң атын алтын әрiптермен жазып үлгерген бразилиялық Роналдиньо. Шын есiмi Роналдо де Ассис Морейра.

Алты жасынан-ақ ұлының доп тебуге икемi барын сезген әкесi жас Роналдиньоны алдымен өзi жаттықтыра бастайды. Оған өмiрiндегi ең үлкен сыйлықты да әкесi жасаған екен. Роналдиньо жетiге толғанда әкесi оған былғары доп сыйлапты. Мұндай сыйды ол кезде Бразилияның кез-келген баласы армандайтын. Әйгiлi Марадонаның апельсинмен жонглер жасап жатқанын көрген бала Роналдиньо үйiнде үлкен теннис добымен теледидардан көргенiн қайталайды. Осылайша ол достарымен бiрге футболмен шындап шұғылдана бастайды.

Бүгiнде допты ұршықша үйiретiн футболшылардың барлығы дерлiк Роналдиньоның сиқырлы қимылдарын  тек қайталаумен келедi десек артық айтқандық емес. Жасыл алаңда ұлы футболшыға айналған тұлға өмiрде барынша қарапайым. Оған аз-кем сұхбаттасқан сәтте көз жеттi.

–Бiрiншi сұрағымызды есiмiңiзден бастасақ. Неге Сiздi Роналдиньо деп атайды?

–Бала күнiмде менi барлығы солай атайтын. Роналдиньо – кiшкентай Роналдо деген мағынаны бiлдiредi. Үлкейген кезiмде мен жай Роналдо болдым. Кейiн Бразилия құрамасының сапына алынғанымда, атымды қайта өзгертуге тура келдi. Өйткенi, құрамада менен өзге әлемге әйгiлi Роналдо жүр едi.

–Сiздiң атыңыз бүгiнде бүкiл әлемге танымал. Жанкүйерлерiңiз де өте көп. Мұндай атақты алып жүрудiң өзi қиын шығар?

–Иә, дұрыс айтасыз. Қай жаққа барсам да жанкүйерлер лап қояды. Алайда, мен олармен жүздескенде барынша сыпайылық танытып, сұрақтарына мүмкiндiгiнше жауап берiп, көңiлдерiн қалдырмай қолтаңбамды беремiн. Оларға шыдамдылықпен, сабырлылықпен қараймын. Өйткенi, кезiнде мен де «жұлдыздардан» қолтаңба алуды армандадым. Менен қолтаңба сұрағанда ерекше қуанамын. Өйткенi, бұл еңбегiмнiң бағаланып жатқаны деп түсiнемiн.

–Сол өзiңiз қолтаңба алған «жұлдыздардың» бiреуiн айтыңызшы…

–Мен қолтаңба алған ондай «жұлдыздардың» бiрi «Гремио» командасында ойнаған әйгiлi Валдо болатын. Валдодан қолтаңба алғанымда тiптен кiшкентай бала едiм. Қай жерге барсам да сол қағазды қойнымнан тастамай жүретiнмiн. Әлi күнге дейiн мен ол қолтаңбаны өзiммен бiрге алып жүремiн.

–Сiздi өзiңiздiң болашағыңыз алаңдата ма?

–Жалпы, бұл сұрақ кез-келген адамды ойландырады. Әрине, алаңдаймын. Футболда өзiңдi танытуға тек бiр-ақ сәт қана берiледi. Сол сәттi дұрыс пайдалана алмасаң еш уақытта ұлы футболшы бола алмайсың, қатардағы жай футболшы болып қала бересiң. Болашағың да бұлыңғыр болады. Менiң ойымша, мен өзiмнiң сәттi сағатымды ұтымды пайдалана бiлдiм. Олай дейтiнiм, мен әлем чемпионатын, Америка кубогiн, Конфедерация кубогiн, Чемпиондар лигасын бағындырдым. Бұл жетiстiктер кез-келген футболшының арманы. Әсiресе, бiздiң елде құрама сапына алыну дегенiңiз қиынның қиыны. Бразилияның бiр көшесiнен әлем чемпионатына қатысатын бiр құрама шығаруға болады десем өтiрiкшi болмаспын. Бiздiң елдегi бәсекелестiктi сөзбен айтып жеткiзе алмаймын. Барлығы бiрiнен-бiрi асып түсетiн кiлең мықтылар.

–Бразилия құрама командасының сапында соққан алғашқы голыңыз есiңiзде ме?

–Әрине, есiмде, мен оны Венесуэла қақпасына соққан болатынмын. Дәл сол сәтке дейiн менi ешкiм де танымайтын. Осы голдан соң барлық журналистердiң де, жанкүйерлердiң де маған деген қызығушылығы оянды. Мiне, осы сәттен бастап өмiрiмнiң жұлдызды сәтi басталды.

–Қиналған сәттерiңiзде кiммен кеңесесiз?

–Құрамаға алғаш келген кезiмде қобалжығаным рас. Роналдо мен Кафу үнемi өз ақылдарын айтып, менi жиi қолдап жүрдi. Әлi де солай. Олардың маған қарағанда тәжiрибелерi мол. Олар маған алаңда намыспен ойнауды үйреттi. Қандай қарсыласпен ойнасам да мен алаңда барлық қабiлетiмдi көрсетуге тырысамын. Қазiр өз елiмде доп теуiп жүрмiн. Мен Бразилияға спорттық өмiрiмдi аяқтауға емес, керiсiнше қайта бастауға келдiм. Әлем бiрiншiлiгiнде және  басқа да дүбiрлi додаларда топ жарып, командамды жетелеуге күш-қуатым әзiрге жетедi.

–Сiзге бiр қызық сұрақ қойғым келiп отыр. Әйгiлi Роналдоның да, Ривалдоның да, Фабианоның да және Сiздiң де күрек тiстерiңiз ерекше үлкен. Бұл Бразилия құрамасы шабуылшыларының ерекшелiгi ме әлде…?

–Бiлмеймiн. Бiрақ қазiр үйде жүргенiмде тiсiме арнайы темiр киемiн. Менiкi секiлдi ауызды жауып жүру өте қиын. Тiптi кейде тек аузыммен ғана демаламын. Алайда, бұл жағдай менiң доп тебуiме еш зиянын тигiзбейдi.

–Сiздiң мықты тұсыңыз?

–Мен жаттығуларда өз-өзiмдi аямаймын, жан-жақты дайындаламын. Алайда, маған ең ұнайтыны қорғаушыларды барынша күлкiлi әдiспен алдап өту. Дриблинг – қас-қағым сәтте пайда болады. Мұндай сырларды түсiндiрiп айта алмаспын.

 «Орда» газеті

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар