//

Сыныққа сылтау немесе Маңғыстауға сабыр керек

1650 рет қаралды
5

Тәртіпке бағынған құл болмайды!  (Бауыржан Момышұлы)

..Естіп жатырсыздар.

Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын міне тойлап бастағанда, Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында бүлік бұрқ ете түсті. “Қалай болды, кім бастады, неден, неге?..” деген т.с.с. сұрақтарға жауап бермеймін. Бере де алмаймын. Өйткені, мәселенің түп-төркіні алыста жатыр. Ал оқиғаға себепші – әрі билік, әрі оппозиция және “адамның құқын қорғағыш” әміркандық һәм батыси ұйымдар мен сымақтар. Келіспессіздер, алайда бұл менің пікірім. Бірі бері тартса, бірі ары тартты. Енді қара халық зардап шегуде…

..Әлқисса! Жұма, 16 желтоқсан күні мен “Тәуелсіздік тұғырлы болсын, қандастар” деп жазып жатқанда, Жаңаөзенде атыс басталыпты. Бұл – мен сол Жаңаөзеннен бір сағаттық жердегі Жетібай атты ауылыма Атыраудан пойызға мінгелі отырғандағы оқиға. Арада жарты не бір сағат өтті ме, өтпеді ме, туиттерде осы тектес хабарлар шығып, ізінше туиттер мүрдем кетті. Жағдайды бірден түсіндім. Өйткені, туиттерде де елді көтеріліске шақырып, мұнай құбырын жаруды айтып, соғыс аңсап жүрген бірен-саранды оқып қалғаным бар етін. Шамасы, жымысқы ғана күлетін “иегова куәгерлері” іспеттес “Адам құқын қорғаушы” ұйымдар мен “халықшыл” оппозициялар дегеніне жетіп кетті. Осы уақытқа дейін ешбір елде оппозиция халықтың көсегесін көгерткенін көрмеппін. Иә, оппозициялық көңіл-күй керек. Қандай да бір дәрежеде мен де билікке наразылардың, олардың кейбір істерінің шектен шыққандығын сынаушылардың бірімін. Алайда, жалпылама айтқанда мен билікті қолдаймын. Себебі, бүгінгі билік тақтан тайып, әгәраки орнына бүгінгі оппозиция келер болса, Қазақстан гүл-гүл жайнап, жұмақ орнайтынына, азық-түлік арзандап, бензин суша төгілетініне, пәтерлер тегін беріліп, банктер пайызсыз несие беріп кететіне, мұғалім еңсесін көтеріп, дәрігер құрметті болып кететіне қара басым сенбеймін. Мәселе менің ештеңе сенбейтін күмәнді көзқарасымда емес, оппозицияның қандай екенін көріп-біліп отырғандығымда. «Әділет»-ті іздейтіндерге тіпті таңым бар… Әділет деген Оның жанында, ал бұл өмірде әділеттің белгілі бір көрінісі болуы ықтимал, алайда шын ақиқатқа жетем деу… Бұл енді баланың ісі!

..16-сы күні пойызбен Құлсарыға жақындағанда жолсерік келіп “Шетпеден түсетіндерге Шетпеден түспей-ақ қойсын деген хабар келді. Жаңаөзенге баратын жол бәрібір жабық. (Менің ауылым сол Өзенге баратын жолдың бойында етін) Ешкімді кіргізбейді, шығармайды” деді. Артынша составтың ішінде полицай өкілдері қаптап кетті. Сыбыстан естігеніміз – біздің составпен 200 қаралы тәртіп сақшысының келе жатқаны болды. Ауылға ұялы байланыс арқылы шығу мүмкін болмады. Көп ұзамай туиттер жылт етті. Сөйтсек, Жетібай-Өзенде (Жетібай – менің бара жатқан ауылым. Өзен – Маңғыстау халқы Жаңаөзен деп көп айтпайды. Әуелден Өзен дейміз) интернет пен ұялы байланыс үзіліпті. Ал біз, әдетте, Шетпе стансасынан түсіп, бір сағат жердегі ауылымызға көлікпен баратынбыз. Өзендіктер болса, олар біздің ауылдан ары қарай тағы бір сағат жүріп жетеді және олар да дәл біздер секілді Шетпеден түсіп, көлікпен жылжиды. “Мәссаған, безгелдек!..” дедік біз. Енді ше? Ауылға мерекеге келе жатып, орта жолда қалып қойсаң?

Сөйтіп отырғанда, үй телефонына соғудың сәті түсіп, ауылдағы адамдарға “Вагонымыз осындай. Таңертең таңғы алтыда бізді дәл вагонның алдынан күтіп алың. Ешкімді көрмесек, онда Ақтауға асып кетеміз. Ол жақтан да ауылға жету мүмкін болмаса, онда Атырауға сол жақтан кері қайтамыз” дедік. Абырой болғанда, ешқандай төтенше оқиға орын алмады. Әкем Шетпеден күтіп алды. Сөйіп, біз қазір ауылдамыз…

Енді міне, келесі күні болғанда Шетпеде Маңғыстаудан Ақтөбеге, Астанаға шығатын пойыздар жүре алмай, темір жолға адамдар тосқауыл қойған. Нәтижесінде, Ақтөбедегі оқуынан осы 4 күн демалысты пайдаланып келген балдызым, жолынан қалды. Ал ертең, арғы-күндері біздер кері Атырауға шығуымыз керек. Бірақ жағдай мынадай болып тұрғанда, пойызға сенім арта алмай отырмыз.

Бұл – елдің батысындағы айқай-шу болып жатқан эпицентрден ондаған километрдегі менің басымдағы оқиғалар. Осы азғана километрлер маған объективті ақпарат алуға айтарлықтай кедергі болып тұрғанда, ел ішінде тек қана сыбыс кезіп жүргенде, мыңдаған километрлердегі әлемдегі ақпараттық агенттіктер мен жүздеген шақырымдағы отандық қиқу-сиқулар мәліметіне тіпті сенгім келіп тұрғаны шамалы. Түптеп келгенде, маған сол ақпараттың керегі де жоқ. Себебі, факт бар. Адам өлімі орын алды. Бүлік болды. Халық пен әскерилер қақтығысты. Қан төгілді. Не керек басқа? Оппозицияға бұл жақсы болды, “айттым ғой” деп қойып, айызы қануда. М.Әблязов болса, қол шапалақтап, Р.Әлиев санын шапақтап жатқан болар. АҚШ пен Израйль бейбіт халықты “террордың алдын алам” деген желеумен қан қақсатқанда ләм-мим демеген БҰҰ елімізге бірдеңе деп мыңқылдапты. Мерфи деген бір ЕуроПарламенттің депутат-сымағы менің Жаңаөзенімді қорғағыш боп қалыпты. Ол бүткіл батыс әлемі мен алыс-жақын адам құқын қорғайтын ұйымдарды осы іске жұмылуға шақыруда…

СТОП!!!

Не ұқтыңыз? АҚШ дедім бе? БҰҰ? НАТО? Бұлардың әскери күштері жүрген жер қандай болып еді? Бұлар не себеппен сырт елдерге кіріп еді? Ирак, Ауғанстан, Ливия… тізімді жалғастыра берейін бе? “Демократия” керек пе? Батыста ешкім көшеге шығып, билікке наразы болмай ма? Батыста өмір жұмақ па? Оларда проблема шешіліп, ЕуроПарламенттің күн тәртібінде Қазақстаннан басқа проблема құрып қалып па? Қазақты қазақ көксемегенде, енді Батыс бізді көксемек пе? Ха! Армандаған екенсің!

Ал енді осы уақытқа дейін бай-бақуат тұрған араб елдері мен Маңғыстаудың не ұқсастығына зер салшы? “Мұнай…” дедің бе? Иә! Бізде мұнай бар, газ бар! Ал қай жерде мұнай бар, сол жерде батыстың саясаты бар. Батысқа күнің түскенде, оның қалай маңдайыңнан сипайтынын көрерсің! Байқа, қазақ!..

..”Сыныққа сылтау” дедім тақырыбымда. Иә, кешегі жағдайды бүлікшілер бастап бергені рас. Алайда, бұл елдің жаппай наразылығына ұласуын табанының астындағы һәм өз қолымен шығарып отырған мұнайдан шығатын бензиннің қатқа айналуы, сонау 60-шы жылдардан бері мұнаймен бірге ілеспе газ болып шығып, далада бостан-босқа өртенетін тегін газдың да қолдан дефицитке айналуы, тіпті қысы-жазы шомылатын өз Каспиінің бекіресіне дейін аузы жетпей, Эрмитаждағы экспонат секілді тапшыға айналуы және осының қасындағы арғы-бергі, ірілі-ұсақты, айта берсе таусылмайтын әлеуметтік-саяси проблемалардың жарасы пісіп-жетілгенімен түсіндіруге болар, бәлкім. Бұл арқылы Маңғыстаудағы бүлікті ақтап алмақшы емеспін. Тек проблеманың өзегін айтып отырмын. Өйткені, сол 7 айдан бері тұрған мұнайшылар бүкіл Маңғыстау халқының қолдауына ие болмағаны айдан анық.

..”Маңғыстауға сабыр керек” дедім ғой. Иә! Өйткені, “жылдар бойы қордаланған проблемаларды осындай бүлікпен, айқай-шумен шешіп аламын” деп ойлау әсте әбестік! Бірақ менің түсініп отырғаным сол. Олар қысылтаяң уақытта барлық мәселелерін шешіп алмақшы. Жазықсыз адам оққа ұшқаны өз алдына, сауда үйлері мен банктер тоналып жатқаны тағы бар. Оны кім ақтап алар? Әділдік солай орнай ма екен? Сырт елдер, әсіресе АҚШ пен Батыс қит етсе, “әділдік” орнатамыз, “Қазақ билігінің әлі келмей жатыр, көмектесеміз” деп әскер кіргізуге дайын отыр… Керегі сол ма еді бізге?

Сөзімнің ақыры, мен бір жағынан халық жақтамын. Өйткені, халықтың өкілімін. Екінші жағынан билік жақтамын. Өйткені, бейбітшілік керек! Тап мынадай сценариді қолдамасым анық. Сайып келгенде, бүлікшіл халықты қолдамаймын! Өзіңнен кеткен есені дәл өзіңдей өзгенің құқын бұзып қайтару әсте дұрыс емес! Осы орайда қайта айналып келіп, билікті айыптауға мәжбүр боласың! Өйткені, ол өз халқына оқ атты! Ендеше, екі жақтың бейбіт келісімге келуін қалаймын! Алайда, ол үшін арада ешқандай да оппозиция, ешқандай да саяси партия, ешқандай да “адам құқықтары ұйымы” емес, тек қана қара халық өкілі мен билік өкілі кездесуі керек! Болды! Ал “мәселені қалай шешеді?” дегенге келер болсақ, екі жақ принципке кетіп қалғанда қолданатын “problem solving” яғни “проблемаларды шешу” әдісін ұстану. Ол – екі жақтың да талабы бір-біріне конфликтке барғанда, екі жақтың да мүддесіне сай келер ҮШІНШІ АЛЬТЕРНАТИВ жолы! Келісімге әрқашан келуге болады. Тек оны қалайтын адам болса…

Осындайда Хазіреті Мұхаммед Пайғамбардың (алейһи уассалату уассаллам) ұлағатты өнегесі бізге 14 ғасырдан соң тағы да көмекке келмек. Ол кісі сахабаларына елдің ішін бүлік жайлағанда, ешкімге де болыспай, тауға барып, қылышын тасқа шауып, үйіңде отыруды бұйырған болатын…

Осы мекеннің бір тұрғыны ретінде айтарым, 10 жылдан асты-ау, жалданбалы пәтерден-пәтерге көшіп жүргеніме. Астымда жеке көлігім де жоқ! Айлығым айлығыма әрең қосылады не жетпей қалып жатады. «Анау жоқ, мынау жоқ» деп жылай берсең, өз қайғыңнан өліп кетерсің… Бұл бір менің басымдағы жағдай емес. Оны сеніммен айта аламын. Бірақ мен бақыттымын. Өйткені, мен азат, тәуелсіз елдің ұланымын. Аллаһ жазса, бар бақытқа да байлыққа өзім жетемін. Тек елімде тыныштық, жұртымда бейбітшілік болса, жетеді. Неліктен маған үкімет үй беріп, неліктен мені асырау керек екенін ақыры түсіне алмай қойдым. Бұл өмірден әділдік іздеу деген де мен үшін күлкілі. Әйтіп-бүйтіп арғы өмірге жақсы амалдарымызбен баруды ғана жазсын. Сосын көреміз, әділдік дегеннің қандай екенін!

Осымен сөзім тәмам! Көп сөйлеп кеттім…

Айтпақшы-1, қазір ғана “ауылымзға ОМОН жасақтары келіп жатыр” деген хабар естідім. Түбі қайырлы болғай…

Айтпақшы-2, қазір ғана Алматы жақтан “Жетібай әкімшілігі өртеніпті” деген хабар естідім. Өтірік! Жетібай тыныш! Бірақ әкімшілік алдында жұмысшылар жиналып “Жаңаөзендегі қырғын тоқтатылсын” деп тұрғандары енді рас!

Айтпақшы-3, Осыдан жарты жыл бұрын “Маңғыстауда не болып жатыр?” деп, ең алғаш ереуіл болған кезде жазғаным есімде. Сол кезде:

“Адайлар бір көтерілмесін деп тілейік. Елдің іші алағай да бұлағай болғаны тіптен ұнап жүрген жоқ. Менің қорқатыным, халықты басқа бір күштердің арандатуы мен соңғы нәтижені өз пайдаларына асырып кету ықтималдылығы. Осыдан сақ болыңдаршы, маңғыстаулық халқым!”

деген едім. “Арандатуға тап болды”  деген осы!

Айтпақшы-4, Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаевты орнынан алу керек! 2006 жылы қалай облысқа басшы боп келді, солай көтеріліс басталды. Мәселені күшпен екіні бірі баса алады. Ал мәмілеге келіп шешетін лидер некен-саяқ. Міне, осы жерде біліктілік керек-ақ!  Өзінің өкінішіне қарай, Қырекең ол межеден көріне алмады. Айта кететін тағы бір нәрсе, маңғыстаулықтар Көшербаевтың сөзін естіп, өзін көрсе, қан қысымы көтерілетін дәрежеге жеткен…

Айтпақшы-5, Өңірге жедел түрде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы келуі керек! Мен білетін Маңғыстау болса, олардың тыңдатайтыны әрі күрделенген проблемаға жауап бере алатын тек қана сол кісі!

Тимур БЕКТҰР

Парақшамызға жазылыңыз

5 Comments

  1. Меніңше бұл жерге руды тықпалап, араластырудың қажеті шамалы! Ол басқа жақтағы өзге рулардың ашуын туғызуы мүмкін.

    • Қазақ басына ортақ қайғы түскенде руды айтып ренжісудің еш орны жоқ. Жоғарыдағы мақала жап-жақсы, мәмілеге шақырған шынайылыққа жақындығымен, парасаттылығымен ұнады. Қызу қанды қазақ қызының бірімін, жаныммен, жүрегіммен Қазақ ұлтын сүюшімін деп өзімді есептеймін. Неше күннен жаңалықты интернеттен оқып, жыларман күйде отырған маған сол жерді көзімен көрмесе де, жақыннан бақылап, шындықты жария еткені ұнады. Біздің күйімізді ешкім күйттемейтіні, қотырымызды ешкімнің қасымайтыны ақиқат. Жасым 50-ге жақындаған, желтоқсан кезіндегі сатқындықты көзімен көрген адамдардың бірімін. Сондықтан қыршын боп жатқан қандастарымызға, жақыны үшін алаңға барған жастарымызға жаным ауырады. Халық сенген елдің басшысы ел басына зобалаң туғанда неге халық ортасына барып жүздеспейтіні алаңдатады. Қойша қырып атудың орнына алаңдағы ашулы топтың алдына шығып, жауап берсе мүлдем басқаша болар ма еді???

  2. ал мен келіспейміню себебі сіз мұнайшылардың орнында болып көрген жоқсыз. Қара майдың ортасында алыссаңыз, олай айтпас па едіңіз?!.Кім білсін!!!!!!!!!!!!!!! Сол жұмыстың арқасында олар денсаулығынан айырылуда. Сондықтан біржақты пікірден аулақ болғаныңыз дұры. Бір жағынан халық жақтамын дейсіз. Сіз үнемі халық жағында емессіз бе алде, басқаның сойылын соғып отырмысыз. Сөзіңіздің астарын түсінбедім. Мінбер сізге біржақты пікір қалдыратын, кім көрінгеннің ойын жариялаушы газет пе? Шамасы солай секілді. Және Адайлар көтерілмесін деп тілейік дегеніңізді де қолдай алмаймын. “Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін” дейді қазақ. Бір шаңырақ астында отырып, руға бөлініп керегі жоқ. Сіздің сөзіңіздің астында көп ойдың ұшы көрініп тұр. Кім қалай түсінеді өзі білсін!

  3. Оқиға орнынан мәліметтер қызықты екен. Алайда менің пікірім қайшылау болып шықты. Сонда да оқимын деген жұртқа сілтеме қалдыра салайын. Жалпы мен ереуілшілер жағындамын. Өйткені қазір үкімет соларды қаралап бағуда.
    казжурдағы Қараша блогы

  4. Сабыр депти ей агайын сабырдын шеги болмак, Сабыр кылыпта  келген халык, бул укиметтин сози сйакты  жуып шайушы создердин бир тури  болып отыргой, Ертенги кунимиздин аспаны ашык  болуы  ушин казирден бекемдеп алуымыз керек!!!?

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар