Супер маркет, гипер маркет, дүкедерде сатылымға қойылған барлық тауарлардың жапсырмасында қазақша мәтіндері қатарласа жүреді.
Кейбір аудармаларда мағынасы жағынан болсын, орфографиясынан болсын қателер көп кездесіп жатады.
Күнделікті өмірде қолданылатын түрлі өнім–тауарлардың заттаңбасы немесе қолдану ережелері және тауар маркаларының түсініктемелері қазақ және орыс, ағылшын тілдерінде жазылып жүр. Жарнамалардағы, билбордтардағы қазақ тілінде жазылған мәтіндердегі қателер жайлы талай жазылып та, айтылып та жатыр.
Кез-келген тұтынушы затты алмас бұрын, ең бірінші, жапсырмасына назар салады. Ал оны тұтынушы тұрмақ қазақ тілінің маманы да әзер түсінеді. Қатеден аяқ алып жүргісіз. Қандай «аудармашы» аударып бергені белгісіз.
Мысалы, «Luxx» фирмасында Алмат Шәбденов жалғыз қазақ. «Аудармамен айналысатын арнайы топ жоқ. Басқа ұлт өкілдері де, қазақ тіліне шорқақ қазақтар да интернет көмегіне жүгінеді. Оны арнайы маманға аудартып отыратын уақыт та, қаржы да жоқ» дейді ол. Ал, арнайы аудармашылары бар жұмыс орнының өзінде де мұндай қателер кездесіп отыр.
Ал, қазақ тілінің жайы ешкімді де алаңдатып жатқан жоқ. Қазақша нұсқасы бар болса болды. Орысша жазылған нұсқасымен салыстырсақ, ары кеткенде екі үш сөйлемін шала шарпы аударып жаза салған.
Мысалы:«Разрыхлитель теста – қамыр қопсытқыш. Жасалған және оралған күні ораманың дәнекерлі тігісінде көрсетілген.»
«Tassay негазированная артезианская вода». Организмнің тіршілік әрекетінде маңызды рөль ойнайтын, балансталған минералды тұздары бар теңдессіз ауыз суы. Тамаша бой сергітетін дәмі бар, тағам және балалар тағамын даярлауға лайықты, балалар қоспасын жақсы ерітеді. Қазақ тамақтану академиясының құптауымен жас балаларға арналған».
«Нағыз өнімге заводымыздың 27 нөмірі, банка түбінің үстіндегі «ЛюбиМо» товар белгісі кепіл болады». Не түсіндіңіз?
Орыс тілінде, «Молоко цельное сгущенное с сахаром. Подлинность продукта гарантируется номером нашего завода 27 на крышке и товарным знаком «ЛюбиМо» на донышке банки.» Түсінбесең орысшасын оқып ал деген сөз ғой бұл.
Қант қосылған қаймақ алынбаған қойыртылған сүт, қант. Тағамдық құндылығы: көмірсутектер 56 г дан азырақ емес; соның ішінде сахароза дан азырақ емес. Пастерленген сиыр сүттен ылғалының бөлігін қайнатып шығару, сүтті қантпен консервілеу жолымен өндірілген. Тікелей қолдану, тәтті тағамдар даярлау, қайнаған су, какао, кофе, шайға дәміңізге қарап қосу үшін арналған өнім. 43,5 г май 8,5 азырақ емес, ақуыз 7,2 г дан азырақ емес»
« Аса жылдам ашытқы. Тек ұнмен немесе қамырды жасау алдында араластыру қажет. Су қосудың қажеті жоқ.» немесе «Юва» ашытқысында «38 С/100F сумен немесе сүтпен «Юва» ашытқысын себу керек.(80г «Юва» на 0,5 л су)10 минуттай тұруы тиіс»
«Nescafe GOLD Натуральный растворимый сублимированный кофе – шынайы іртілмелі сублимацияланған кофе».
Тағы да көз жеткізгіңіз келсе, үйдегі азық түлікті біртіндеп оқып шықсаңыз болады. Біздің сауалдарымызға жауап берген тұтынушылардың барлығы көңілі толмайтындықтарын айтады.
Қазақ тағамтану академиясы тағамның сапасын қадағалайды.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің доценті, филология ғылымының кандидаты Сағатбек Медеубекұлының «Алаш айнасы» газетін берген сұхбатында:
«Мемлекеттік тілімізге қатысты талаптарды орындамағандарды әкімшілік жауапқа тартудан басқа амал жоқ. Бірақ бізде осы мәселемен тікелей айналысып, жауапкершілікті өз мойнына алатын ешқандай құзырлы мекеме жоқ. Негізі, мемлекеттік тілді бұрмалаушыларды Тіл комитеті сотқа беруге құқылы. Алайда комитеттегілер кінәлілерді анықтағанның өзінде, жарымжан жарнама берушілер болмашы айыппұл төлеумен ғана шектеліп, оңай құтылып кете береді. Сондықтан да қате жарнама жасағандарға салынатын айыппұл мөлшерін ұлғайту қажет. Айыппұл мөлшері жарнама құнынан екі-үш есе қымбат болуы тиіс. Бұған қоса Қазақстанның әрбір азаматы да осы мәселеде шет қалмауы керек. Халықтың көпшілігі көшеден ала-құла жарнама көрсе, «мынаның қазақшасы қате жазылған» екен дейді де, өте шығады. Демек, бізде жалпы ана тілімізге деген немқұрайдылық бар. Ал мемлекеттік тілді қорғау Тіл комитеті мен белгілі бір ұйымның ғана шаруасы емес» деді.
Қазақ жерінде саудаға түскен әрбір тауар иесі қазақтың тілін, яғни мемлекеттік тілді сыйлауы керек. Олар сапасы жағынан жоғары, дүниежүзілік стандартқа сай. Оған талас жоқ. Бірақ, олардың өнімдері орыс немесе ағылшын тілінде толық сипатталады. Тіптен, Қазақстанда жасалып жатқан тағамдарда да қазақша мәлімет бірінші тұрғанымен, еріксіз астынан бастап оқисыз. Біз олардан қазақ тіліндегі нұсқасын талап етуге толық құқығымыз бар.
Шындығына келгенде, осындай өрескел қателер қазақ тілінің абыройын төмендетеді.
P.S. Мақаламның соңғы нүктесін қоя бергенде, ойыншық сататын компанияда жұмыс жасайтын досым қоңырау шалып «боженька коровканын» қазақшасын сұрайды. «Құдай сиыршасы» десем, солай жазып қоятын түрі бар.
Сәния ӘБДІҒАПАР
Парақшамызға жазылыңыз