///

Тектілік деген не?

2351 рет қаралды

Ай, Абылай, Абылай,

Сені мен көргенде,

Тұрымтайдай ұл едің,

Түркістанда жүр едің,

Әбілмәмбет патшаға

Қызметкер болып тұр едің,

Қалтақтап жүріп күнелтіп,

Үйсін Төле бидің

Түйесін баққан құл едің… – деп азуын айға білеген Абылай ханның бетіне тура қарап тұрып  тәубесін есіне салған Бұқар жырау бабымыздай тектілер қазір қайда?

 

Хан емессің, қасқырсың,

Қас албасты басқырсың,

Достарың келіп табалап,

Дұшпаның сені басқа ұрсын! – деп хан Жәңгірдің алдында қаймықпай тебінген Махамбет сынды «Қас үлектен туған кәтепті қара нарлар» қазір бар ма, бар болса қайда?

Қайдам, біз бетіне қарап отырған зиялылардың арасынан Үкіметтің шалыс басқан қадамын бетіне тура қарап тұрып кесіп-кесіп айтатын бір адамды көрдіңіз бе? Президентті сынамақ түгілі министрге тісі бататын, облыс әкіміне қарсы тайсалмай сөз сөйлейтін біреуі жоқ қой пәтшағарлардың. Өзгені қойып өзара сын айта білмейтін бұлардан не күтуге болады. Барлығы да «сен тимесең мен тимен бадырақ көз» деп ұрттарына су толтырып алғандай томсарып отырады. Зәудеғалам біреуі бірдеме деп бастама көтере қалса ол міндетті түрде жоғарғы жақтың тапсырмасы немесе Елбасына жағыну үшін жасалған жарамсақ қадам болып шығады. Бұрындары ел мен жердің, ұлттың тағдырына қатысты мәселелерде Шерхан Мұртаза  жолбарыстай күркіреп бірдемелерді айтып қалушы еді…

Осындайда көнекөз қарттар, ауылдың абыз ақсақалдары еске түседі. Қандай еді олар?.. Шеттерінен көз тоярлық, көңіл қуанарлық, маңғаз марқасқалар еді-ау. Салалы сақалдарын саумалап, Алтайдың асқар шыңдарындай төр алдында тізіліп отырғандары қандай ғанибет еді. Күнді түнге ұрып салиқалы сұхбат, келелі кеңес құрғандары қандай жарасымды. Қартқа тән байсалдылық дуалы ауыздарынан шыққан әрбір лебіздерінен есіп, ақсақалға тән абыздық айналасына нұрлы жүздерінен тараған мейірім, шуақ болып төгіліп тұрар еді-ау, шіркін.

Бойлары толған ұлағат, жүріс-тұрыстарынан тартып тұнып тұрған өнеге-тағылым еді ғой. Олардың алдында үлкен-кіші кәдімгідей именіп, ығып тұратын, сыншыл көздерінен, шыншыл сөздерінен қаймығатын. Біз сом алтынның сынығындай, бұрынғы өткен асылдар мен арыстардың тұяғындай болған осы аталарымыздың соңын көріп, айтқан сөздерінің шет жағасын естіп, қолдарынан құлақ жеп, сарқытын ішіп, жұқанағын жалап өстік. Үлкендердің сарқытын ішпесек, қолынан жілік алмасақ бір нәрсенің орны толмағандай қоңылтақсып, көңіліміз көншімейтін еді ғой. Осының бәрін шабыстырып ойлағанда бүгінгі кейбір үйткен қойдың басындай қырма сақал қырқылжың, ұшып-қонған шошақай шалдарға көп ретте көңіліміз тола бермейді.

Сол қарттардың бәрі дегдар, бәрі текті сезілетін маған. Қолдарына кесені әдейліп, жөн-жосығымен, қос қолдап иіліп тұрып ұсынбаса ешкімі өздігінен еңкейіп қолын созбас еді. «Бұйырыңыз» деп үй иесінен бастап жағалай кеселерінің бүйірін тигізіп, ишарат еткен соң ғана қымызға еріндерін тигізетін. Табаққа жастау біреу үлкендерден бұрын қол соза қалса немесе өзіне тиесілі емес сыйлы жілікті аңдаусызда ұстай алса қатты жекіп, қолын қағып жіберер еді. Бүгінде аталардың бойынан сондай сыпайы сырбаздықты, әжелердің бойынан келісті кербездікті көре алмағандықтан да болар қоңылтақсып жүретініміз. Тіпті бірде өзім үйренген ескі әдет бойынша кесесін алып беремін деп бір ақсақалдан қатты сөз естіп, қамығып қалғаным да бар. «Немене, менің өз қолым жоқ деп отырмысың?» деп ежірейді ғой әлгі, қария. Мұндайда жер шұқығаннан өзге не айтасың. Еріксізден «Тексізді төрге шығарма», «Тегін білмеген теріс бағады» деген аталы сөздер ойыңа оралады. Тектілік пен құлдық психологияның ара-жігін осыдан-ақ аңғаруға болмас па?

Тектілікадам бойындағы асыл қасиеттердің, парасаттылықтың үлгісі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа рухани сабақтастықпен берілуі. Тектілік құбылысы жақсы адамның кездейсоқ қалыптаспайтынын, ата-бабалардан берілетін дүниетанымдық, ділдік, психологиялық т.б. бейімділіктері болуға тиістілігін көрсетеді. Тектілік гендік түрде берілетін биологиялық қасиет қана емес. Нағыз тектілік сыпайылықтан, кешірімпаздықтан, мейірбандықтан көрініп, осы ізгі ниетпен ешкімді төмендетпей, шеттетпей биіктеуге мүмкіндік береді. Халқының, Отанының мүддесін жоғары қоя білген адамдардың қатары көбейген сайын тектіліктің де қадірі артып, қоғамдағы қайшылықтар шешімі жеңілдейді.

Осының барлығын салыстырып, салмақтай отырып ұрпақ азып, заман тозып бара ма деп қорқамын. «Батырдан барымташы, барымташыдан ұры, ұрыдан қары, қарыдан бәрі шығады» деген сұм заманға келіп, көшіміз өткелсіз өзенге тап болғандай ошарылып қалды ма деп қамығамын кейде… Қаптаған тобырдың арасынан бір тектінің төбесін көрсем мәз болып қуанып қаламын.  «Тектен нәр алған тозбайды» деуші еді халық даналығы. Ылайым текті бабаларымыздың ақ жолынан алшақтата көрмесін, бір Алла.

Аманжол Ақын

‘ namys.kz’

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар