– Нарықтың заманында ақын-жазушылар, жалпы руханият адамдары дағдарып, керексіз адамдай болып қалды дегенді жиі айтып жүрміз. Сыншы ретінде айтыңызшы, қазіргі әдебиет нендей күйде?
– Кеңес заманында ақын-жазушылардың ой-пікірлері ел кәдесіне жарап жүрді. Әдебиеттегі ұнамды кейіпкерлер оқырманның үлгі алатын, тәрбие алатын адамына айналып еді. Коммунистік идеология соны талап етті және орындағаны үшін ақын-жазушыны қадірлеп, құрметтеп ұстады. Жазушылардың жалақысы, қаламақысы жақсы болатын. Ал қазір жазушылар кітаптарын шығарғанымен, қаламақы жоқ. Қаламақының есебіне баспа 50-60 кітабыңды сатып, еңбегіңді шығарып ал деп қолға ұстатады, болды. Өз кітабын өзі сатып, өзі саудалағаннан артық абыройсыздық жоқ. Бүгінгі жазушылар, осындай күйде. Қазір Жазушылар Одағының, ондағы ақын-жазушылардың ой-пікірлері ілтипатқа алынбайды. Қызмет басында отырғандар елдің де пікірі бар екенін ескеруі керек. Біздің Үкіметіміз, басшыларымыз ел не ойлайды екен, не айтып жатыр екен дегенге де назар аударуы қажет. Мен «Қазақ зиялылары» деген кітап шығардым. Сонда айттым, жүрген жерімде де айтып келем: жалпы жазу-сызудың төңірегіндегі зиялы азаматтар, өкінішке қарай, өмірі жарымайды. Өйткені, өз еңбегімен ғана күн көреді. Заманның ыңғайына қарай ма, қазіргі жазушыларда үкіметте бола қойсын дегеннен гөрі, өзіме болсын деген ой басым. Сол себепті жазушылардың көпшілігі Шахановтың тілімен айтқанда «ТЖ-лар» боп кетті.
– Бізге Бұхарлар жетіспейді дегіңіз келіп отыр ма, әлде сарай ақындарының, сарай жазармандарының қалыптасқанын меңзеп тұрсыз ба?
– Сарай ақындарынан қанша өркениетті, дамыған, демократиялы қоғамда өмір сүріп жатырмыз десек те, арылатын емеспіз. Әбіш Кекілбаевтың Президенттің қолын сүйгені рабайға сыймайтын іс. Әбіш жап-жақсы жазатын жазушы. Ана ісімен бір-ақ күнде халық алдында шындығын көрсетіп алғандай болды.
– Жазушы мен ұлттық мүдде ұғымдары бүгінгі күні қаншалықты қабысып жатыр деп ойлайсыз? Біздің жазушылар қаншалықты халықтың сөзін айтып жүр? Ұлттың сөзін сөйлеп жүрген жазушылар кімдер сіздіңше?
– Ұлт мүддесін ойлап жүрген жазушыны мен соңғы кезде көрмей отырмын. Ұлттың ұлы тұлғасымын деп әрқайсысының кеудесін ұрғылап жүргенін көрдім. Халықтың сөзін айтқансып, өзінің жағдайын айтатын адамдарды жиі кездестіреміз. Бұрынғы Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Сәкен, Ілиястар жоқ. Жазушылар көңілдеріне алса да, алмаса да айтарым осы. Халықтың мұңын мұңдайтын шығармалар беріп жатқандары аз. Мұхтар Мағауиннің «Жармағында» біраз ойлар бар. Адамның екіге жарылуы, сөзі мен ісінің арасындағы алшақтық, мұның бәрі жақсы айтылған. Біз қазір сондай деңгейге жеттік. Ал енді Мағауиннің сол кейіпкерін үлгі тұтамыз ба? «Жармақ» бізге керек пе? Ондай кейіпкерлер үлгі болуға тиісті емес. Жақсы үлгімен, жөн көрсетер кейіпкерлерді кездестірсек, Құдай бізге берер ме еді?!
– Сыншының аузынан бүгінгі ұлтқа жақын тұлғаның есімін естімегеніме бір жағы таңданып отырсам, бір жағы іштей қынжылып отырмын. Белсенді азаматтық ұстанымдағы, халықтың сөзін сөйлейтін жазушының болмағаны ма сонда?
– Сен мені тығырыққа тіреп қойдың, қызым. Мен өзі жұрт алдында жарқырап көрінгенімен, ісі мен сөзінің арасы алшақ адамдарды ұнатпаймын. Сен айтып отырғандай азамат деп, жаман болса да Мұхтар Мағауинді атайын. Мұхтар Шахановтың да тілдің төңірегінде атқарып жүрген істері жаман емес. Мұхтардың тілге қатысты шаруаларын қос қолымды көтеріп қостаймын. Сосын Қабдеш Жұмаділов бар. Тағы кім… Талай дүниені мөлдіретіп жазғанымен, Қалихан Ысқақ жазғандарымен мақтана білмейтін, өз шығармаларының, өзінің насихатын жасай алмайтын адам, бірақ. Бұйығы, ешкіммен тіпті қоғамдағы жағдайлармен де шаруасы жоқ. Үйінде тып-тыныш, талай дүниені майын тамызып жазып жатыр. Ал қоғамдағы үні естілмейді. Оралханнан тартып, Қалихандар – Алтайдан шыққан жазушылар сүбелі жазады ғой. Бірақ насихаттары кемшін. Ал нашар, кәдімгі публицист ретінде жүргендер қазақтың кемеңгерімін деп кеуде соғады. Тағы кім бар өзі?..
– Аға, үндемей жүріп, Бейімбет Майлиннің көптомдығын шығарған Тоқтар Бейісқұловтікі үлкен іс болды-ау деймін биылдыққа.
– Ә, иә… Өзіңнің кітабыңды шығарып, насихаттау жақсы, әрине. Ал енді Бейімбеттей тұлғаның көптомдығын шығарып, тарихқа енгізуден артық абыройлы іс жоқ. Сәкеннің, Ілиястың, Бейімбеттің көптомдығын «Қазығұрт» баспасынан шығарып жатырмыз. Мен Сәкеннің 10 томдығын дайындадым, қазір 11-12-ге кірісудемін. Тоқтар Бейімбеттікін 16 том болар деп отыр. Нанасың ба? Біздің осы көптомдықтарды дайындап, «Қазығұрттан» шығарып жатқанымызды М.Әуезов атындағы әдебиет институты білмейді. Сонда олар әдебиеттің несін зерттеп отыр? Берекесіздігіміз осыдан көрінеді.
– Мағауиннің «Жармағын» айттыңыз. Қазір Мағауиннің аты, шығармалары аталса болды зиялылардың, көзіқарақты оқырманның пікірі екіге жарылып шыға келеді. Оның шетелге қоныс аударғанын әркім әртүрлі жориды. Сіздің Мұхтар Мағауин туралы ойыңызды білуге бола ма?
– Мұхтар – үлкен жазушы. Үлкен жазушылығы – оның өзін-өзі бағалауының үлкендігінен меніңше. Қабдеш бір жолы теледидарда: «Менің шығармаларыма сын аз жазылады. Өйткені, біздің сыншылар шет ел өмірін, Қытайдағы қазақтардың жайын білмейді. Әйтпесе менің жазғандарымнан артық дүние жоқ», – дегендей ой айтты. Құр мақтаннан не ұтамыз? Ағатай-ау, жазушы болсаң оқушы түсінетіндей етіп, түсінікті жаз. Мұхтар да мен классикпін деп кеудесін соғады. Ол – классик болуға жарайтын жігіт. Бірақ «әттең алдымда бір Мұхтар бар (Мұхтар Әуезов), әйтпесе жалғыз өзім болар едім» дегендей ойлары да жоқ емес. Батыр болған бақырып болмайды. Ісімен дәлелдеуі керек. Мағауин қазір «Шыңғыс ханды» жазып жатыр. Шыңғыс ханды қайтсем де қазақ етем деп жатыр. Анау «Аласапыранды» жазды. Оның шетке кеткені менің ұлылығымды танымайсыңдар, сондықтан сендерге бағамды асырайын деген сыңайда. Прагаға барған себебі, баласы сонда «Азаттықта» жұмыс істейді. Онда үйі-күйі бар. Дәулеті де жеткілікті шығар. Әйтпесе «Жұлдызда» істеп жүргенінде Алматыда да тұрды ғой. «Жұлдыздан» түскеніне намыстанған да, сірә. Сөйтті де, ал менің қадірімді біліңдер деп, Чехия асып кетті. Ол да шенқұмар. Классикпін деп жүргені тегін емес. Шығармашылығы классикпін деуіне тұрарлық. Бірақ мінездің нашарлығы істің оңдылығын басып кетіп отыр.
– Жаңа сізден жазушы мен ұлттық мүдде ұғымдары қаншалықты қабысып жатыр деп сұрадым ғой. Бұлай сауал қойғаным, жазушылар жоғары жаққа жолы түсіп, Президентпен кездесуге бара қалса, елдің жайын, халықтың сөзін айтудың орнына жеке басын мұңдап, үй сұрап, өз қажеттіліктеріне қол жеткізуге тырысады деген әңгіме көптен бар.
– Оның рас. Ақын-жазушылардың үй сұрап, мәшине сұрап жүргені шындық. Қандай данышпан болмасын, жағдайының жақсы болғанын ойлап тұрады. Материалдық қажеттілігін Елбасына айту керек пе? Елдің мұңын айтудың орнына, пенделікті алға тарту азаматтыққа жатпайды. Ол ол ма? Бізде, тіпті, Президентпен кездесуге барғанда айтар сөзін параққа алдын-ала түсіріп, жазып апарып, қағазға қарап сөйлегендер де бар. Өкінішке қарай, зиялыларымыз ұсақталып барады. Ақын-жазушылардың мақтасаң, жалбаңдасаң қолыңа бірдеңе түседі екен деп дәметуі әдебиетті сорлатып жатыр.
– Зиялылардың ортасында жүрсіз. Сыншысыз, сыни көзқарасыңыз тағы бар. Ақын-жазушылардың әдеби ортадағы күңшілдігі, дүрдараздығы жайлы не дейсіз? Бір кездегі екі Мұхтардың тартысы, Қабдеш ағамыз бен Бексұлтан Нұржекеұлының дауы әдеби ортада әлі жүр. Даудың нүктесі қойылмаған соң, бықсығы қоздай береді емес пе?
– Мұның бәрі жазушының халық алдындағы беделін түсіріп жатыр. Әбдіжәміл мен Қабдештің соттасуы ұят тіпті. Екеуі де классикпін деп кеудесін соққанда қандай! Сол классиктер ұят пен ардың арасындағы айырмашылықты біле ме екен? Мақтап, алақанға салып жүрген жазушылардан осындай іс-әрекет көргеннен кейін ел: «Е-е, жазушылар да өзіміз сияқты пенде екен ғой…» демей ме?
– Жазушы тек жазумен айналысып, саясатқа араласпауы қажет деген ұғым қалыптасып келеді қазір. Бұған не дейсіз?
– Дұрыс емес. Қалай саясатқа араласпай қарап отырады? Жақсысын жақсы, жаманын жаман деп айту керек қой. Өкініштісі, бізде өтірік мақтау көбейіп кетті. Онысы жоғары жақтағыларға жағады. Құлағын тігіп, сүйсініп отырады. Елдің жоғын, мұңын айтып отыру – қашан да зиялыларға парыз ғой. Қарап отырып, қарның ашады.
– Қазір жазушыларымыз тарихи тақырыпқа көп қалам тербеп жүр. Бірақ көркем шығарма болғасын жазушылар тарихты өз руына бұра тартып, өз жерінің, өз руының батырын қалыптастырғысы кеп тұрмай ма? Жазушылар тарихымызды қаншалықты әділ суреттеп жүр, сіздіңше?
– Тарихи шығармалар жазғаны дұрыс. Қазір тарихи тақырып өтімді. Өйткені, осы уақытқа дейінгі тарихымыз басқалардың көзімен жазылды. Социалистік заманға дейінгі тарихымызды өзгелер жазып берді. Тек Бекмаханов пен Бек Сүлеевтің араласқаны бар. Әйтпесе тарихымызды Вяткин, Сомайлович сынды орыс ғалымдары жазып қалдырған. Жат адамның көзі бәрібір басқа болады. Қазақтарда мәдениет жоқ, надан деген сөзді олар қиналмай айтады. Өйткені, отаршылар өз отарының мысын басып, жаншып отыруды қалайды емес пе? Шын тарихты қалдыру үшін әр халықтың өз өкілі жазуы керек. Осыны жазушыларымыз жақсы түсінді. Сол үшін де тарихи тақырыптарға қалам салды. Өз руын білген зиян емес. Қазақ жеті атаңды біл деп текке айтпаған. Бірақ рушылдық, жершілдік, өз руына бұра тарту – бұл кесел. Бұған әсіресе, біздің билік басындағы шенеуніктер шалдығып отыр.
– Сұхбаттарыңыздан: «Қазіргі әдебиетте типтік образ деген атымен жоқ, жазушылар бүгінгі заманның кейіпкерін жасай алмай келеді», – дегенді жиі оқимыз. Бүгінгі заманның кейіпкерін жасай алмауының себебі неде сонда?
– Себебі, біздің қоғам әлі қалыптасып біткен жоқ. Қоғам қалыптаспай оның жетекші адамдары лайықты айқындалмайды. Қоғамның кейіпкері толық анықталған жоқ. Бүгінгі күннің кейіпкері кім өзі? Алаяқ бизнесмен бе? Ұры-қары ма, жоқ… Бұларды ұнамды кейіпкер деп айта аламыз ба? Бір жазушының үлгі алатын бір кейіпкерін айтшы? Жазушыларды бір жағынан кінәлай да алмайсың. Бүгінгі күннің кейіпкерін жасауға талпынған болады, жазып та жатыр. Бірақ уақыт жар бермейді. Кешегі «Абай жолы» «Ботагөздердің» дүниеге келуі қалыптасқан процеске байланысты еді. Әрине, жиырма жылдың ішінде заманның кейіпкері қалыптаса да қоймайды. Бірақ жоқ екен деп қарап отыру да дұрыс емес. Тіпті болмаса бүгінгінің ұры-қарысын көрсет. Жамандықтан да адамды жирендіріп, үлгі алуға болады ғой. Бізде ол да жоқ. Баяғыда Ленин айтқан: «Әдебиет бір адым болса да, халықтан алда болуы керек», – деп. Қазір өзі түсініп оқитын шығарма жоқ. Әбдіжәміл Нүрпейісовтың «Қан мен терін» алайық. Онда Сәбиттің «Ботагөзінде», Шолоховтың «Тынық Донында» баяндалған дүниелер бар. Жаңалық ашып жатқанымыз шамалы. Ғабиден Құлахметовтің «Үйірі жоқ көкжал» атты романы бар. Бірінші кітабы шықты да, екіншісі аяқталмай қалды. Ғабиденде үлгі қылатын дүниелер бар еді. Содан үміт күтетінмін. Амал жоқ…
– Көзі тірі жазушылардан күні ертең кім классикке айналады сіздіңше? Кесіп болса да, кесімді сөз айта аласыз ба?
– Мынау классикке айналады дей алмаймын. Өйткені, өтірік жарбаңдағым келмейді. Қазір кім не жазады, сол данышпан, кемеңгер. Бұдан асқан ақын-жазушы болған жоқ деген өтірікті айтумен келе жатырмыз. Сондықтан мынау данышпан, мынау кемеңгер, күні ертең классикке айналады дейтін адамым жоқ.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Қарлыға ИБРАГИМОВА
Дереккөз: “Халық сөзі” газеті
Парақшамызға жазылыңыз