Жаңаөзендегі оқиға жүрегі «елім, ұлтым» деп соғатын ешкімді бей-жай қалдырған жоқ. Әрине, билік өз қолындағы мүмкіндікті пайдаланып, ашу-ыза бұлқынысына түсіп, мінез көрсеткен адамдарды «бұзақылар», тіпті нашақорлар деуге дейін барды.
Нақ осы тұста 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін еске ала кеткеніміз жөн шығар. Сол Желтоқсан көтерілісінен бір жыл екі ай бұрын КОКП Орталық комитетінің тапсырмасымен КСРО Қауіпсіздік комитеті, КСРО Ішкі істер министрлігі бірлесіп, егер Кеңестер Одағының бір жерінде билікке қарсы наразылық немесе көтеріліс бола қалған жағдайда соны «дабыра, дауға айналдырмай, дымын шығармай қалай басып тастаймыз» деген қасіретті қауіптің төңірегінде жұмыстанып, өмірге «Метель» атты жойқын тажалды әкелген еді. Сол кезде Кеңестер Одағында мимырт тыныштық орнап, Одақтас және автономиялық республикалардың ешбірінде билікке қарсы бас көтеру, тіс қайрау болмағандықтан «Метель» жоспары сыналар сәтін күтіп, бір жыл екі ай жатып қалған-ды. Алматыдағы орталық алаңға, билікке өз талап-тілегін білдіру мақсатында кілең жастар шыққанда «Метель» операциясының авторлары жүрегі жарыла қуанған. КСРО Қауіпсіздік комитетінің төрағасы В.Чебриков КОКП Орталық комитетінің Бас хатшысы М.Горбачевке кіріп, «Метель» операциясын Алматыдағы қарусыз жас жігіттер мен қыздарға сынап көруге оның жасырын рұхсатын алады. Горбачевтің мұнысы үлкен қылмыс еді. Егер Алматы оқиғасында «Метель» операциясы сыналмағанда, оның жоспарына сәйкес Новосибирскіден, Челябинскіден, Ташкенттен т.б жерлерден әскер күштері тартылып, қарусыз жастарға қарсы қойылмағанда, ешқандай желтоқсан көтерілісі болмасы айқын. Жиналған жастар билікке өздерінің талап-тілегін айтып тарар еді. Бұл қайғылы оқиғаны еске алып отырған себебім, осы «Метель» операциясының жоспарында «Алаңға шыққан бейбіт адамдарға қарсы қару қолдану үшін оларды «бұзақылар», «нашақорлар», «маскүнемдер» деп атау керектігі жазылған. Желтоқсан көтерілісі кезінде бүкіл қазақ халқы «ұлтшыл» атанып, әскер күштеріне қарсы бой көрсеткендердің бәрі «бұзақы», «нашақор», «маскүнем» атауын иеленді. Ал, Жаңаөзен оқиғасын ұйымдастырғандар да «бұзақылар», «нашақорлар» екен. Тек, «маскүнемдік» тіркесі ғана шегініс тауыпты. Сонда, Жаңаөзен оқиғасына да «Метель» операциясының кейбір тәсілдері көмекке келген бе?
Билік Жаңаөзендегі жағдайды тұрақтандыру үшін 7 ай бойы ереуілде тұрған мұнайшылардың үш айлық жалақысын төлеуге және жұмыссыз жүргендерді жұмысқа орналастыруға уәде берді. Бәрекелді, бұл өте дұрыс шешім. Бірақ, осы шешім биліктегілердің жарты ай, немесе бір ай бұрын санасына енгенде Жаңаөзенде ешқандай қантөгіс болмас еді. Маған жеткен мәлімет бойынша сол кезгі Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев: «Мұнайшылардың айтқанын орындай берсек, төбемізге отырып алады» деп қарсыласқан көрінеді.
Жаңаөзен оқиғасы төңірегіндегі дау-дамай басталған тұста «Руханият» партиясының кеңесі өткізіліп, партияның төрағасы С.Мамбеталиннің қасындағы екі жігітпен Жаңаөзенге баратындығы келісілді. Мен ол кезде Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында сайлаушылармен кездесуде жүргенмін. Әр үш сағат сайын Мамбеталин телефон соғып, онда болып жатқан жағдайларды хабарлап тұрды. 23 желтоқсан күні Шымкенттен Алматыға оралып, үйде бар-жоғы 20 минут қана болып, ұшақпен Ақтауға тарттық. Қасымда С.Мамбеталин, М.Құлкенов, С.Жақыпов, Н.Ошанбек, Ө.Ақжігіт, Қ.Ғабдолла бар еді. Сол күні түн ортасы ауғанға дейін Жаңаөзен оқиғасына қатысқан адамдармен әңгімелестік. Ертесіне облыстың жаңа әкімі Б.Мұхамеджановпен жолықтық. 130 шақырымдай жол жүріп Жаңаөзен қаласына да жеттік. Бірақ бізді қалаға жібермеді. Биліктегілер жұрттан жасырып отырған кейбір мәселелерге біздің назарымыз түсіп кетуі мүмкін деп қауіптенген сияқты.
Жаңаөзен шындығын зерттеуге талпынысымыз «Руханият» партиясына қасірет әкелді. Орталық сайлау комиссиясы «құжаттары дұрыс емес екен» деген сылтаумен «Руханият» партиясын сайлауға қатыстырмауға шешім шығарды. Мынадай заңды сұрақ туады. Егер құжаттары дұрыс болмаса Орталық сайлау комиссиясы он күн бойғы тексерістен соң партияны неге тіркеді? Неге бізге сайлауға қатысуға куәлік берді? Екі жылға тарта уақыт бұрын партия басшылығынан кеткен А.Жағанованы «Хабар», «Қазақстан», «КТК» телеарналарының қорытынды жаңалықтарынан қазақ, орыс тілдерінде (әрқайсысы 15 минуттан) сайратты да, прокуратураға ұсыныс әзірлеткізіп, тіпті соттың шешімінсіз бізді сайлаудан алып тастады. Себебі билік елдік, ұлттық мүддені ту етіп көтерген біздің партияға сайлаушылардың тең жарымынан астамы дауыс беріп жіберетінін білді. Тағы бір мәселе бар. Осыдан үш жыл бұрын билік Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі» доктринасы арқылы, өзінің түпкі негізін «американдық ұлттан» алатын «қазақстандық ұлтқа» ендіруге күш салғанда мен аштық жарияламақшы болдым. Ішінде әдебиет, өнер, ғылым қайраткерлері бар 4 мыңнан астам адам бізбен бірге аштық жариялайтынын әйгілегенде басшылар амалсыздан райынан қайтқан еді. Осы 2011 жылдың көктемінде билік «қазақстандық ұлтқа» қайта ендіретінін сездірді. Бізге жеткен мәлімет бойынша қазақ мектептерін ғана емес, бүкіл қазақ ұлтын жоятын бұл қасіретті шара 2012 жылы іске аспақ көрінеді. Біз Парламент қабырғасында жүрсек бұл ұлтсыздыққа жол бермесіміз айқын… Міне, мәселенің түп-төркіні қайда жатыр?
Енді мына қызыққа қараңыз. «Жас Алаш» газетінің 27 желтоқсан күнгі санында (яғни, біздің сапарымыздан үш күн кейін) Аманкелді Кеңшілікұлының «Жаңаөзен факторы» атты мақаласы жарияланыпты. Қаламы қарымды жас сыншы: «Есенғали Раушан, Нұрлан Оразалин, Ғарифолла Есімдерді қойшы. Біреуі – директорлық, екіншісі – төрағалық, үшіншісі – сенаторлық қызметінің қамын күйттеп, жанталасып жатқан шығар. Қаламынан басқа мансабы жоқ Әбіш Кекілбай мен Смағұл Елубайдың халыққа араша түсе алмауының қандай қисыны бар?» – дей келеді де маған былай тиіседі: «Бәрінен бұрын бейбіт күнде трибунаға шығып алып түспей қоятын, халық ұлтшылдығына сене бастаған, жастардың көбісі қолдап, соңынан еруге дайын тұрған ақын Мұхтар Шахановтың осындай сын сағатта үнінің шықпай қалғаны – өкінішті. Билікке қарсы шықпай-ақ қояйық, ең болмағанда халқымыздың қайғысына ортақтасып, көзінің жасын сүртуге де жарамай қалғанымыз өкінішті».
Иә, өкініштісі, Аманкелді ініміздің біздің алғашқылардың бірі болып С.Мамбеталин екеуміздің «Жаңаөзен оқиғасына байланысты «Руханият» партиясының мәлімдемесін» 17 желтоқсанда бірнеше интернет сайттарына жариялағанымызды білмеуі. Онда мынадай жолдар бар еді: «Руханият» партиясы осы күрделі мәселелердің анық-қанығына жету үшін құрамында ереуілге шыққан мұнайшылардың, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың, биліктің өкілдері мен бүкілхалықтық қоғамдық комиссия құруды талап етеді! Қымбатты Жаңаөзендік бауырлар! Ұлтымыздың басына түскен осындай қаралы күндерде біз сіздермен біргеміз! Бұл қантөгіске, қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстанда қаралы күн жариялануы тиіс!».
Мемлекеттік тексеру орындары беріп отырған ақпараттарда адам өлімінің саны 10, 11 дей келе, соңында 17-ге тоқтады. Ал, бейресми дерек көздері құрбан болғандардың санын 100-ге апарады. Ресейден шығатын «Новая газета» (№50, 22.12.-29.12.2011г.) басылымының тілшісі Елена Костюченко «Жанаозен» деген арнайы мақаласында Жаңаөзеннің маңындағы елді мекендердің бірінде тұратын, ал дәл осы күндері әпкесінің үйінде жүрген Коркельдің көзбен көрген жан түршіктірер деректерін келтіреді. Мұнайшы күйеуімен бірге әпкесі де митингіге кеткендіктен, Коркель олардың мектепте оқитын қыздарын алаңдағы «таңғы жиынға» дайындалып жатқан балалар тобына ертіп әкеледі.
«Услышала первые выстрелы. Я говорю: не будем идти. А племянница – мама же там! Ну пошли вперед. Когда начали стрелять, раненых и убитых оттаскивали назад. К моим ногам положили 5 человек. Четверо были убиты, один еще жив. Тогда люди остановили проезжающий уазик и погрузили туда мертвых и живого, я села с ними и поехала в больницу.
В морге не было холодной воды – обмыть тела от крови. Я начала считать тела. Там была одна девушка 95-го года рождения, участница детской колонны. И еще 10-летний мальчик. Их трупы нам не показывали, не разрешили подходить, они лежали в дальнем углу. Еще в магазине «Сульпак» сгорели трое ребят, их теперь не могут опознать. Тела складывали одно на другое.
В морг привезли 21 тело, но в 9 вечера Тамила которая работает в морге, закрыла дверь на ключ и ушла домой, а тела продолжали подвозить. Тогда открыли соседнюю комнату, начали складывать туда, на пол, тело на тело. И до утра 17-го, до 9 часов, пока я не ушла домой, туда привезли еще 43 человека. Я просила лед, чтобы обложить тела, но мне сказали, что труп человека не портится три дня.
Теперь о раненых. В обеденное время в больнице было 340 человек раненых. Все с пулевыми, но пули разные – больше всего автоматных, но есть и пистолетные, и пулеметные…
…До утра раненых стало 400, но 17 раненых уже отвезли в Актау…
…К утру начали привозить из ГОВД – молодые ребята, ужасно избытие, двух сразу положили в реанимацию. Санитары которые их везли, сказали, что там были и мертвые, но им не разрешили забрать. Их так и не привезли потом из ГОВД. Закопали?..»
Оқиғаны көзбен көрген бір куәгердің ғана айтуынша 64 адам өлген, 400-і жаралы. Бұл Ішкі Істер бөлімінде, алаңда бірден туысқандары алып кеткен, болмаса байқаусыз жерлерде қалып кеткен өлгендер мен жараланғандарды қоспағандағы бір жерден ғана алынып отырған мәлімет.
Журналистерге қандай да бір ақпарат берсеңдер жұмыстан босайсыңдар деп дәрігерлерге қатаң тиым салынса да, Елена Костюченко хирург-реаниматологтан мынадай деректер алып үлгерген:
«В нашей больнице три операционных. Так вот, мы поставили туда еще обычные деревянные столы, и в каждой комнате шло по 4 операции одновременно. Мертвых везли сразу в морг, и я не знаю, сколько раненых в больнице, – я не отходила от стола. Но в первый день лично мне не удалось спасти 22 человека. Мы оперировали их, доставали пули, но они умирали. Сейчас людей, которых я не спасла, 23. Будет 24 – один в реанимации очень тяжелый, не выживет».
Міне, көріп отырсыздар, отандық және шетелдік ақпарат көздеріндегі мәліметтер әртүрлі. Сондықтан Жаңаөзен оқиғасының мән-жайын толық сараптан өткізіп, жұрттың көңілінде күдік қалдырмайтындай, үлкен сенімге ие боларлық қоғамдық комиссия құрылуы ауадай қажет. Сонымен қатар 29 желтоқсан күні «Жас Алаш» газетінде жарияланған, қоғамдық комиссияға мүше болуға тілек білдірген бір топ зиялы қауым өкілдерінің «2012 жылғы 6 қаңтар күні Жаңаөзен мен Шетпедегі қанды қырғында қаза тапқан боздақтарды еске алу күні» етіп жариялауды ұсынған талап-тілегін қызу қолдаймын.
Мұхтар Шаханов.
Парақшамызға жазылыңыз
Кеңшілік бұл жерде Шахановқа орынсыз тиіскен. Шала ақпарат алған. Ал қашқан “бұзақыларды” арт жағынан атып, құлағанын ұрып-соққанын бейне көрністерден көріп отырмыз. Бұл жолы қарулылар қарақшылық жасады. жеті ай бойы алаңға шыққандарды қалайда тыныштандыруға болар еді ғой. Қу дүниені қойшы, қыршынынан қиылған жастарға обал болды….
Кеңшілік қатты айтам деп қателесіп кетіпті. бұл жерде Мұхтар ағада еш қандай күнә жоқ!
Мынандайды көргенненде, көрмегенің артық екен. Неткен сұмдық. біздің билікке не болған? Алла…Алла!!!!!!
1986 жылы Жұбан ақын Колбинге “тіл кеспек болса да бас кеспек” жоқ екенін бір еске салып еді. ХХ ғасырда Махамбеттің өр ұрпағы бар екеніне тәнті болып едік. Араға ширек ғасыр салғанда Әбіш пен Фаризаның бүкіл батысты ғана емес, күллі қазақты аяқ асты етті. “Шалбар киген Махамбет” деген сөзді Фаризаға айтқандар бүгінде жерге қарады. Төгілген қан. шыққан жанның сауабын бір Алла берсін. “Аққа Құдай жақ” деп дана халқым тегін айтпаған болар. Қанды қан тапсын. Боздаған аналардың көз жасы жібермесін.
Бірақ КСРО тұсында Желтоқсанды әшкерелеген Мұхтар Шахановтан ешқашан ездік шықпаса керек.
Желтоқсанның былығын жабумен әлек болып жүргенде, одан сорақысына кез болдық. Билік енді қайтер екен.
Желтоқсанды жаба алмай жүргенде, тағы масқара болды біздің билік. 1986 жылы бар бәлені Мәскеуге аударып едік. Енді кімге аударамыз. Шындықты қашан да шындық.
Мұхтар аға екіжүзділердің қатарында емес, ол қашан да халқымен бірге. Ел ерге, ер жерге қараған заман болды.
Шахановтікі де, басқаларынікі де орынды. Арада аздаған түсініспеушілік орын алған. Десе де, “Құрметті Зиялы Қауым” өкілдерінің сөздерін мен Азаттықтан естідім. Ұят. Масқара! Елім, Жұртым деп қалам ұстап жүргендер сын сағатта “көптің бірі, көттің кірі” болып қалды. Неге айтпайды шындықты?! Айта алмайды. Намысы жоқ әрине. Айрандай ұйып зиялы қауымның әр айтқан сөзіне сеніп отырған қара халық әрине, барлық бәле өзімізден екен, қазаққа да обал жоқ деп ойлайды. Олар осы антұрған, ішкі саясаттың бір шашкі кофесіне тәуелді зиялы сымақтардың кесірінен шындықтан жаңылады. Азамат ретінде айтса да болады ғой. Алланың көзі тура болсын, дейміз. Басқа айтарымыз жоқ. Егер қолымда билік болғанда аяқтарын аспаннан келтіретін едім…