///

Жәния ЕРАЛИЕВА. “Энергияның сақталу заңы”(жыр кітабы)

3016 рет қаралды
7

ЖӘНИЯ ЖИЫРМА БІР ЖЫЛ ӨЛЕҢ ЖАЗБАДЫ

 (Алғысөз орынына)

80-жылдары мерзімдік баспасөз беттерінде жас ақын Ералиева Жәния Әшенқызының өлеңдері жиі-жиі жариялана бастады.

Жыр құмар жұртшылық оның табиғи сыршыл да нәзік туындыларын жылы қабылдады. Болашағынан үлкен үміт күтті.

Өлең шіркін де ұзатылған қыздай боп кейде өзінің төркін жұртына ұзақ мезгіл оралмай, сағындыратын кездер болады екен. Жәния да шығармашылық баянында сондай құпия сәттерді басынан кешірді. Нөсер жауындай егіліп-төгілген жыр кілт толастап қалды. Қолына қаламын алып, алдына қағазын жайып,қанша талаптанса да тырс етіп тамбады, шабыт бұлты әлдебір жаққа ауып кете барды…

Таңды таңға ұрып сарыла күтті, оралмады. Жиырма бір жыл бойы жоғалған жырын іздеді. Үмітін үзбеді, сары уайымға салынбады. Түбінде бір оралатынына кәміл сенді.

                       Жүректің шымшылағанын,

                       Көңілдің тыншымағанын,

                       Жақсылыққа жорыдым.

                       Өзге бақтан гүл атпағанымды,

                       Өзге жанды ұнатпағанымды,

                       Жақсылыққа жорыдым.

                       Бір ұлы сезім пендеде бар деп,

                       Мендегі жайлар сенде де бар деп,

                       Өзімді-өзім алдадым,

                       Үміттің жолын жалғадым.

                       Жүрегімнің жарлығын,

                       Барлығын да барлығын,

                       Жақсылыққа жорыдым.

Бұл шумақтар сондай бір жақсылық хабар күткен ана – ақынның нәресте – жырын сарыла күткен сағынышынан туса керек.

Үміт ақталды. Аңсаған арман жырға айналып, қайта оралды. Шабыт шамырқанып, қалам жорта жөнелді. Ақ айдын – ақ қағаз бетіне тырна тізбек жырлар тізіліп түсті.Жәнияның сексенінші жылдары жарқ етіп көрінген жыр жолдары қайта жалғасуда. Көп күттірген оқырманымен қайта қауышты.

Жәнияны толғандыратын екі нәрсе: нүктелер және сұрақтар. «Бір нүктеден басталып», шексіздіктің қақпасына жеткен шексіз нүктелер «арадай сансыз сұрақтарға» айналып, қайтадан жерге оралды. Ақын сол сұрақтарға жауап іздейді.

Синонимді әр ақын қолданады. Ал омонимді ақынның ақыны қолданады. Жәнияның өлеңдерінде кездесетін омоним сөздер оның туа біткен талантты ақын екендігінің айғағы.

                    Мен болмасам Талғарда,

                    Шәкәрімнің әнін естіп,

                    Кім Абайды жатқа айтады?

                    Кім Талғардың сәнін өстіп,

                    Жақынға да, жатқа айтады.

Қолыңыздағы тұңғыш жинақ ақын тағдырының куәсіндай. Ақынның қуанышы ұзағынан сүйсіндіргендей.

                                                                                Жәркен БӨДЕШҰЛЫ,

                                                                          ақын, Халықаралық «Алаш»

                                                                          әдеби сыйлығының иегері.

 Жәния Ералиева – 1961 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Текес ауылында туған. 1983 жылы Қазақ Политехникалық Институтының мұнай факультетін, 2003 жылы Қыздар Педагогикалық Институтының филология факультетін бітірген. Қазір Талғар қаласында тұрады.
Парақшамызға жазылыңыз

7 Comments

  1. Бұл ақын жайлы естімеген екенмін. Жәркен ағамыздың алғысөзін оқып, қызығып отырмын. Жалпы жыр дейтін қасиетті өлкедегі нәзік жанды аруларымыздың поэзиядағы жүрек лүпілі қадау-қадау, тым-тым сирек соғады…

  2. Бұл дарынды ақын еді, өлеңге қайта оралған екен. Сәтті сапар тілейміз. Дақпырты молдарды емес, осындай тасада қалған нағыз ақындарды жариялауларыңыз қуантады. Істеріңізге сәттілік тілеймін.

  3. Пышақтың қырындай ғана болғанымен, ойға да, сезімге де мейлінше бай жыр жи­нағын парақтай отырып байқағанымыз – Жәния поэзиясының өзіндік қолтаңбасы айқын, дара сипатта екендігі. Әдетте, ақы­н­­дардың формалық, пішіндік ізденістерге барып, өлең құрылымына жаңалық ен­гізуге тырысып жататыны белгілі. Ал Жәния болса, физикалық, химиялық құбылыс­тар­ды, геометриялық фигура­лар­ды өлеңге алып келіп, оларды өз тағды­ры­мен, адам тағдырымен бай­ланыстырып суреттейді. Айна­ла­сындағы түрлі жағдайларды жан-жүре­гімен сезініп, өзінше тұжырым жасау­ға талпынады. Ол өлеңді жазбайды, сағы­нышты сезім де, парасатты ма­хаб­бат та, жалығу мен жабығу да – бәрі-бәрі Жәния­ның жү­ре­гінен өлең болып өз-өзінен құ­йылып жатады.
    http://alashainasy.kz/culture/13504/

  4. 80-жылдары Светқали, Бауыржан, Мұратбек, Базарбек, марқұм Қайрат марқұм Үсенов Бауыржан, Қәдірбек, Гүлбахрам, Айсұлу сынды таланттар, бұл күнде қазақ жұртына танымал қаламгерлер, сол жылдары “Пионер” журналының бас редакторы Фариза Оңғарсыноваға барып жарысып өлең оқитын топтың ішінде Жәния да бар еді. Фариза апай Жәния туралы “Мына қыз әдебиетке келген құбылыс” – деп әділ баға берген. Осындай “әдебиетке келген құбылыс ақынды” жариалағандарыныз үшін minber.kz сайтына мың да бір алғыс айтқым келеді! Алла даналығыңыз бен біліміңізді арттырсын!

  5. Дәл қазір “Қазақстан” телеарнасынан “Айтуға оңай” бағдарламасының қонағы ретінде ақын Жәния Ералиева отыр. Тақырып: “Ғашықтың тілі – тілсіз тіл”. Ақын апамыздың жиырма бір жыл өлең жазбай кетуінің себебін өз ауызынан естіп отырмын. Шабытты шақырған да, оны келмеске кетіріп, бір сәт қайта оралтқан да – ғашықтық, ғашық болған адамы екен. Ақын ғашық болған адам қандай бақытты (өзі оны сезбесе де)!

    • Әсел айналайын, рахмет. Шәкәрімнің бір сөзі бар: Өмірінде ара шағып көрмеген адамға мені ара шақты десең ол ештеңе түсінбейді деген.Сол айтқандай ғашық болу Алладан. Поэзияны түсініп, сөзді қадірлегенің үшін саған Алла разы болсын!!!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар