/

Блогшылар коммуникациядағы алғашқы қадамдарын жасап жатыр

825 рет қаралды

Авторы: Дэн Гиллмор

Интернетке өз шығармаларын оп-оңай жариялауға мүмкіндік беретін жаңа компьютерлік технологиялар бұқараға мәлімет таратуда көпір іспеттес рөл атқаратын дәстүрлі ақпарат құралдарына бәсекелесе бастады. Соңғы жылдардың ішінде көптеген адамдар комментатор мен репортерге айналып үлгерді. Саяси және әлеуметтік пікірталастарда олардың үні шығатын тұғырлары ерекше танымал бола бастады.

Дэн Гиллмор – Қоғамдық пікір орталығының директоры [http://www.citimedia.org/blog] және «Медиа: «халықтың күшімен халыққа жасалған» – қоғамдық журналистика» кітабының авторы.

2002 жылдың соңында Америка Құрама Штаттары Конгресіндегі ең танымал мүшелерінің бірі жаңа медиадан үлкен соққы алды. Әріптесі, Миссисипи штатынан республикашыл сенатор Трента Лоттоның туған күнінде ол кезінде американың көптеген аймақтарында нәсілшілдік бағыттағы ұстанымдар ресми саясат ретінде танылғанын сағынышпен еске алған еді. Бұқаралық ақпарат құралдары бұл жайтқа аса назар аудармады.

Фотомонтаж: Блогшылар мен олардың блогтары оны жасайтын адамдар сияқты әртүрлі. Олардың арасында саясатпен әуестеніп жүрген колледждің студенттері, әскерде жүрген солдаттар, жеке қызығушылығына қатысты орын алған оқиғалар жайлы хабарлайтын әуесқой журналистер немесе білім алу мен жеке өміріндегі қызықты жайттарын баяндайтын студенттер бар. (AP/WWP суреттері)   

Алайда weblogs немесе қысқартып айтқанда blog деп аталатын интернет журналдардың аворлары үнсіз қалуды жөн көрмеді. Оңшыл да, солшыл да блогшылар наразылықтарын білдірді. Әсіресе бұл наразылықтың көп бөлігі сенатордың пікіріне үстірт қана шолу жасап шыққан ақпарат құралдарына бағытталды. Нәтижесінде бірнеше күннен кейін блогшылардың шабуылынан соң айтулы ақпарат құралдары осы оқиға туралы хабарлауды жөн деп тапты. Бірнеше күннен соң Лотта әріптестері арасындағы қолдау да бәсеңсіді сөйтіп ол Сенаттағы республиканшылар тобының көшбасшысы тағынан кетті.

Бұл оқиға қоғамда ықпалы бар саясаткерлерге, қайраткерлерге және ақпарат құралдарында қызмет ететіндердің барлығына жасалған алғашқы ескерту болды. Коммуникация саласындағы мәлімет алмасу эволюциясының қарқын алғанын көрсетті. Блогтар өздерін мойындатқызып, күн санап күш ала түсті.

Сонымен блог дегеніміздің өзі не? Біртұтас анықтама болмағанымен, олардың барлығына ортақ үш түрлі қасиет бар. Олар әдетте postings (жазбалар) деп аталатын қысқа мақалалардан тұрады. Кері хронологиялық ретпен жарияланады, яғни соңғы жарияланғандары жоғарғы жағында тұрады. Әрі мәтіннің ішінде интернеттің өзге беттеріне сілтеме жасайтын гиперсілтемелер болады.

Блогтар дегеніміз – әңгімелер. Көптеген үздік блогтар оқырмандарын пікіралмасуға шақырады. Блогшылар бір-бірінің жұмыстарына сілтеме жасап, пікіралмасу жасағанды ұнатады.

Адамдардың қарапайым ауызекі тілімен жазылғандықтан әңгімешіл болып көрінеді. Сондықтан да адамның емес, әлдебір комитеттің белгілінген ережелері бойынша жазылған қалыпты газет мақаласына қарама-қарсы деуге болады. Блогтан адамның үнінің естілуі – осы формадағы коммуникация түрінің кең өріс алуының бірден бір маңызды бөлігіне айналды.

Блогтарды сонымен қатар интернет қолданушылар онлайн режимде өздерінің жұмыстарын (аудио, видео және тағы басқа түрдегі) жариялау үшін пайдаланатын құрал деп кең ауқымды мағынасында да қарастыру керек. Бұл мәліметті жинақтау мен оны тарату кезеңдерінде көрініс табатын ақпарат құралдарын демократизациялаудың бір бөлшегі. Электронды үлгіде мазмұнды деректер дайындау үшін қолданатын құралдар күннен күнге қуаты артып, бағасы да арзандап келе жатыр. Өз жұмысымызды күллі ғаламға танытатындай әлеуетке ие болдық. Адамзат тарихында осы жаңа құбылысқа балама болған емес.

Америка өмірінің әртүрлі саласына Интернеттің әсерін зерттейтін «Пью интернет проджект» зерттеу орталығының деректері бойынша  блогты оқушылар саны оны құрушылардың санымен қатар өсіп келеді. Америкалықтардың төрттен бірі блог оқиды. 2005 жылы олардың өсу саны тұрақтағанымен өзге ақпарат құралдарымен салыстырғанда назарға көп ілінеді.

Саясат пен технология және білімнің өзге салаларындағы өзекті мәселелерге қатысты ойларымен блогшылар жұрттың назарын аудартты.  Онлайндағы миллионнан аса блогшылардың бәрі бірдей кең көлемді оқырмандарға арналмағанымен олардың көпшілігі аса құнды. Блогшылардың өздері үшін әлеуметтік журналдар туған-туысқандары мен жақын достарына жолдайтын дәстүрлі хатты алмастырды. Өзге танымал сайттардан гөрі жеке басына қатысты мазмұндағы блогтардан оқырмандары көбірек пайдалы деректерді табады.

Блог Америка Құрама Штаттарынан бастау алды. Бұны алдын ала болжауға да болар еді. Өйткені онлайн жұмыс істеуге арналған құралдарды америкалық мамандар жасап шығарды. Бірақ блоггинг ғаламдық құбылысқа айналды. Мәселен, Қытайда шамамен 5 миллион блогшы бар. Қытайдағы халық санына шаққанда бұл азғантай көрсеткіш. Қытай үкіметінің технология көмегімен сөз бостандығына ерік бермегеніне қарамастан күн өткен сайын Қытайдың көптеген азаматтары блог бастап жатыр. Өзге құрлықтармен салыстарғанда Африкада блогшылар саны аздау. Гарвард Университеті жанындағы «Интернет және қоғам» Беркман орталығы жүзеге асырып жатқан «Глобал войсес онлайн» жобасын құрушылардың бірі – Этан Цукерман зерттеулері бойынша Сахараның оңтүстігінен әрі жатқан Африкада әрі кеткенде 10 000 блог бар. Оның ойынша Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада бұл сандар жоғары. 50 000 аса жас интернет-күнделік жүргізумен айналысады.

Фотомонтаж: блогшылар саны дүниежүзі бойынша күн сайын артып келеді. Интернеттегі миллиондаған блогтардың арасында қытайша, арабша, португалша және жапонша блогтар бар. (AP/WWP суреттері)

Америка Құрама Штаттарынан бөлек блоггингке аса үлкен қызығушылық танытатын елдердің ішінде Франция ерекшеленеді. Бағдарламалық қамсыздандару компаниясы басқарушысы Луи Ле Мераның мәліметтеріне қарағанда 2 миллионнан аса блогшы бар екен. Олардың ықпалы қатты сезіледі. Үкіметтің үш министрі өздерінен сұхбат алу үшін блогшыларды шақырғанын айтады және олардың біріне өзі қатысқан. «Елімізде блогтар жеке пікірін танытудың ең маңызды құралына айналып келеді және дәстүрлі журналистикада қызмет ететіндер арасында таластар тудырып жатыр» дейді ол.

Блогшылар мен журналистер арасындағы қарым-қатынас та назар аударуға тұрарлық. Көптеген кәсіби мамандар блоггингке түбегейлі берілді. Ал енді бірі болса, тұтастай бұл жанрға қарсы шықты.

Мен Америка ақпарат құралында қызмет ететін журналистің блоггингқа арналған бағдарламасы енді-енді бүр жарып келе жатқанда, яғни 1999 жылы алғашқы блогты бастадым. Калифорнияның Силикон алқабындағы «San Jose Mercury News» газетіндегі мен жүргізетін редакторлық бағанға қосымша ретінде пайда болған блогымда технология туралы жаздым және кейін ол жұмысымның бір бөлігіне айналды. Неге дейсіз бе? Себебі бұл маған оқырмандарымен көбірек әңгімелесуге мүмкіндік берді. Американың жоғары технологиялар индустриясының жүрегі саналатын Силикон алқабында электронды технологиялар туралы жазып жүрген менің тақырыбымды оқырмандарым менен әлдеқайда жақсы білетінін бірден түсіндім. Блог білім алудың қосымша құралына айналды.

Содан бері блоггинг бірте-бірте жаңалықтар бизнесімен ұштасатын болды. «Пью Интернет проджект» зерттеулері бұқараға қарағанда америка журналистері блогты көбірек оқитынын анықтады. Бұл таңқаларлық жайт емес, себебі блогтар журналистер үшін кәсіби журнал және кез келген тақырыптағы таптырмас дереккөзге айнала алады.

Бірақ қазірдің өзінде көптеген кәсіби журналистер блогтарды жарияламайды. Адамның жеке пікіріне негізделіп жазылған мәлімет түрі табиғи емес деп саналады. Өйткені кәсіби журналистер өздерінің жеке пікірі мен сезімдерін өздері жазып отырған немесе хабарлап отырған дүниемен араластырмайды. Әлдебір тақырып бойынша пікір білдіретін комментаторлар бұл ережеге бағынбайды. Бизнес саласының кейбір комментаторлары блоггингта өз жанрының мықтыларына айналды. Өздерінің мерзімді басылымдарындағы жазған мәселелеріне тереңнен әрі ауқымды үңілді. Ойын-сауық индустриясы жайлы жазатын журналистер жайлы да осыны айтуға болады.

Блогтар сонымен қатар журналистердің жұмыстарын ашық қылдырып, таратылатын жаңалықтардың сапасын арттыра алады. Себебі соңғысы сирек кездеседі. Жаңалық әзірлейтін журналистер әдетте өзгелердің ашық жұмыс істеуін талап етеді, бірақ өз жұмыстарының ашықтығы туралы айтпайды. Бұл орайда блогтар осы олқылықты түзетуде жақсы құрал бола алады. Мәселен Си-Би-Эс жаңалықтар қызметінің PublicEye блогы тележүргізушілер жұмысының қыр-сырына қанығуға мүмкіндік береді.

Табиға апаттар туралы кез келген жаңа мәліметке зәру болып отырған оқырмандар үшін блогтар аса ыңғайлы екенін көрсетті. Көпшілікке танымал бір оқиға тұсында блог газеттің бірінші бетін алмастырған. Катрина дауылы салдарынан күйреген жаңаорлеандық «Таймс Пикаюн» газетінің редакциясы қаланың өзге тұрғындарымен бірге редакциядан кетуге мәжбүр болып, газетті басып шығару мүмкін болмағанымен блогтың көмегімен оқырмандарын ұдайы ақпаратпен қамтамасыз етіп отырды.

Барлық блогтың ішінде журналистердің блогтарының үлес саны аз. Кейбір блогшылар ақпарат жеткізушілердің құрметі мен оқырмандарының назарын өздеріне аударуға тырысып, журналистиканың керемет үлгісін де қалыптастырып жатыр. Майкрософт корпорациясының төрағасы мен құрылтайшыларының бірі Билл Гейтс тек қана онлайда жазатын блогшыларға сұхбат берген. Корпорацияның өзге басшылары жетекші блогшылар бұқарамен арада алтын көпір бола алатынын жақсы біледі.

Әрине ақпарат құралдары танымал блогшыларды өздеріне жұмысқа шақырды. Солардың біріне конгломерат «Тайм Уорнер» бөлімшесі «Америка он-лайнның» технология және автомобильмен айналысатын Weblogs Inc компаниясын сатып алу оқиғасы жатады. Келісімнің құны 15 миллион доллар болғаны хабарланды. Бұдан басқа да саудалар жасалған болуы ықтимал.

Бірақ ақпарат құралдары блогшыларды тұтасымен жұтып қойғысы келгенімен бұл ниеттері жүзеге аса қоймас. Бұл нарықтың қаржылық кедергілері нөлге жуықтап қалды. Уақыты мен дарыны бар кез келген адам өзінің блогын, үнхабарын немесе өзге медиа сайтын еш шығынсыз жасай алады.

Блоггингтің дамуымен бірге блогшылар тарататын ақпараттың сапасы туралы да әңгімелер көтеріле бастады. Сыншылардың көпшілігі: «Блогшылардың деректері тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегенге саяды деп санайды. Дәлдік те, мұқияттылық та блогшы жұмысының ерекшелігі бола алмайды. Бірақ ақпарат нарығында қателесулер ұшырасып отырады. Нәтижесінде мәліметтің сапасына орай дереккөзге деген сенім азаяды немесе күшейеді. Сөйте тұра блогтардың оқырмандары онлайн режимдегі мәліметтерге сын көзбен қарау қабілетін дамытады.

Блог пен оған ұқсас бұқаралық медиа өркендей бермек. Олар халық үнінің еркін шығуына септесті. Бұрындары АҚШ басылымдарында сөз бостандығы баспасөзге иелік ететіндерге тиесілі деген ескі ереже болатын. Жаңа медиа дәуірінде біздің барлығымыз ақпарат құралдарына иелік етеміз және үніміз көбейген сайын оның күші де арта бермек.

“Media Emerging” журналын қазақшаға аударған Асхат Еркімбай

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар