///

Зиялы қауым бар бiзде жасқанбайтын

1161 рет қаралды
1

«Ұлттық зиялы деп кiмдердi айтамыз? Бiр қарағанда, жеңiл көрiнгенiмен, шын мәнiнде бұл сұрауға дұрыс жауап қайыру оңай емес. Оқыған, тәрбие көрген адамның бәрiн зиялы деп атап, оны сол адам өзi тән болған ұлттың “ұлттық зиялысы” қатарына қоса беруге болады деп ойласақ, сөзсiз қателесемiз. Бiздiңше, белгiлi бiр мұрат-мақсаттардың соңында жүрген және сол белгiлi мұрат-мақсаттар төңiрегiне жиналған оқымыстыларды ғана зиялы деп айтуға болады. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтiк дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кiре алады. Зиялылардың мiндетi ұлы да қасиеттi болуы себептi өте ауыр. Халықты ұлт деңгейiне көтеру, яғни жерi, суы, қазынасы, тiлi мен дiнi бар болған халық бұқарасын бiрлестiрiп, олардың санасын бiртұтас саяси, әлеуметтiк, ұлттық санаға жеткiзуде ұлы тарихи мiндеттiң маңызды бiр бөлiгi зиялылардың үстiне жүктеледi».

Мұстафа Шоқай.

“Жас Алаш” газетiнiң ұйымдастыруымен дүйсенбi күнi өткен “Зиялы қауым, бармысың?!” атты кездесуге бiр топ интеллигенция өкiлдерi жиналды. Жаңаөзен оқиғасы жиында талқыланған тақырыптың өзегiне айналды. Зиялылар өз халқына оқ атуға бұйрық бергендердi сынап қана қоймай, жауапқа тарту керек деген тоқтамға келдi. Саяси мәселенi төтесiнен қойған зиялылар Ақылдастар алқасын құрып тарасты. Зиялылардың бiр тобы Н.Назарбаев кетуi тиiс десе, ендi бiрi ең алдымен оның айналасын кетiру керектiгiн айтты.

“ҮНIМIЗ ХАЛЫҚҚА ЖЕТПЕЙДI”

Жиын Жаңаөзен оқиғасы кезiнде куәгерлердiң түсiр­ген бейнематериалдарын көрсетумен ашылды. Халыққа жаппай оқ атқан көрi­нiстер жиын­ға келген­дердi ашындырып қана қоймай, ашу-ызасын керней түстi. Жаңаөзен құрбандарын еске алу үшiн бiр минут үнсiз­дiктен кейiн сөз алған Халық жазушысы Қабдеш ЖҰМАДI­ЛОВ зиялы қауым бар, бiрақ ол бiрсаты емес, бiр мақсатта емес, жiк-жiкке бөлiнiп кеткенiн айтты.

– Зиялы қауымның бiразы сарай маңында, бiразы халық iшiнде. Бiрақ зиялы қауымның шығатын өрiсi тар. Сахна жетiс­пейдi. Шығатын бiр-екi ғана газет бар. Соның бетiнде ғана бiрдеңе айтқан боласың. Үнiмiз халыққа жетпейдi. Дербес тә­уел­сiз телеарна, радио жоқ. Үнiмiз жеткен күннiң өзiнде сенi тыңдайтын ешкiм жоқ. Зиялы қауыммен санасудан кеткен бұл жұрт. 

Жаңаөзен оқиғасы халықтың Ата заңда көрсетiлген құқығы­ның тапталуынан туды деген пiкiр бiлдiрген жазушы митинг пен шеру өткiзу құқын қалпына келтiру керек деген ұсыныс айтты.

– Басқа елдердiң бәрiнде ереуiлге шығу құқы бар. АҚШ та, Ұлыбританияда да, Францияда да. Ресейде сайлаудың дұрыс өтпегенiне байланысты бiр ай бойы жер-жерде ереуiл өттi. Оқ атқан жоқ, ешкiмдi қырған жоқ олар. Демек, оларда бұрыннан демократия бар деген сөз. Ал Қазақстанда ере­уiлге шығармау, халыққа сөз айтқызбау деген империя­лық тәртiп сақталған. Сондықтан митинг өткiзу деген құ­қықты қалпына келтiру керек. Алматыда анда-санда тiлге байланысты Сарыарқа кино­театрының артындағы қуыста жиналған боламыз. Ұят, ол жерде Калинин мен Ленин ес­керткiшi тұр. Бiз қазақ елiнен пана таппай, Ленин мен Калининге мұң шағып тұрғандаймыз. Ал өз алаңымызда, көше­лерiмiзде неге шеру жасамас­қа, неге сондай талап қоймас­қа? Егер осы нәрсе қалыпқа түссе, жанжал да, атыс та болмас едi. Көкiре­гiнде кернеп жүрген запыранын төксiн, қыжылын айтсын. Ал ендi жанжал неден шықты? Билiктiң халықтан сескенуiнен, қорқуынан. Мемлекет болған соң шерулер болады. Өзi аз қазақты оққа ұстата берсек, тауысамыз ғой. Бiз дүние­жүзi дiнде­рiнiң татулығын орнатамыз деймiз. Сөйтемiз де, өз хал­қымызды қырып саламыз.

“МЕТЕЛЬ ОПЕРАЦИЯСЫНЫҢ ҰШҚЫНЫ”

Жаңаөзен оқиғасын басып-жаныштау Желтоқсанда қолданған “Метель” операциясынан асып түскенiн айтқан Халық жазушысы Мұхтар ШАХАНОВ билiк бұл жолы да бiрден “бұ­зақы” деген айыпты бекерге тақпағанын жеткiздi.

– “Метель” операциясында “алаңға шыққандарды мiндеттi түрде нашақорлар, бұзақылар, маскүнемдер” деп атау керек деген. Әйтпесе, оларға қарсы күш қолдана алмайтын едi. Сондықтан олардың бәрiне арақ әкеп таратқан, нашақор дегендi қосқан. Бұзақы деген­дi алға шығарған. Ал ендi Жаңаөзендегi оқиғада бiрден бұзақы болып шыға келдi. Сосын көздерi алақтап кеткен екен, наша шегiп алған деген әңгiмелер өрбiдi. Бұл арада да “Метель” операциясының ұш­қы­ны болды.

М.Шаханов Жаңаөзенде шын мәнiнде 87 адам қаза тапқанын құпия ақпарат көздерi­нен естiгенiн айтты.

– Ресейдiң газетiнде дәрi­гер көз алдында 23 адам өлгенiн айтыпты. Бұл – бiр-ақ бөлiмше дәрiгерiнiң айтқан сөзi. Ал тағы бiрнеше бөлiм бар. Ендi бiр мәлiметтер бо­йынша 87 адам өлген. Бұл сол салада жүрген адамның айт­қаны.

Ақын Жаңаөзендегi проб­лемалардың түптөркiнi демократия жоқтығына келiп тiре­летiнiн айтқан соң билiкке талап қою керек деп бiр-ақ кестi. “Егер билiк көнбесе, онда билiк кетуi керек. Президент те кетуi керек, одан кейiнгiлер де кету керек”, – дедi ол.

Жетi ай бойы аптап ыстықта ереуiлдеп тұрған мұнайшыларға зиялылардың ешқайсысы қол ұшын бермедi деген уәждi алға тартқан жазушы Софы СМАТАЕВ шын зиялы халықтың сөзi, көзi болуы керек, мұң-мұқтажы болу керек дедi.

– Жетi ай бойы аптапта күйiп-жанған жаңаөзендiк­терге қайсысымыз қол ұшын бере­мiз деп зиялылар жүре­гiнiң сөзiн айтты? Әйтпесе, екi-үш тиынымызды бердiк пе? Ешқайсымыз. Үйiмiз­де түк бол­мағандай мүлгiп жата бердiк. Бiзден қорықпаған билiк, президент жетi ай бойы Жаңаөзен бар ма, жоқ па, оны байқаған да жоқ, көрген де жоқ. Ал тәуелсiздiкке 20 жыл толған күнi қазақтың қанын судай ағызып, өздерi билеп-тойлап жатты. Мына жақта жаңа­өзендiктер қара жамылып, қан төгiлдi.

Ал Жаңаөзенге бiрнеше мәр­те барып қайтқан саясаткер, Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның тең төрағасы Болат ӘБIЛЕВ егер зиялы қауым ертерек, жазда, тiптi қыркүйек-қазанда жиналып, талап қойғанда, бәлкiм, қантөгiс болмас па едi деген пiкiр бiлдiрдi.

– Ақтауда ереуiлде мың, Жаңаөзенде тағы бiр мың адам тұрды. Бiз барғанымызда олар бiзге “Зиялы қауым қайда? Жазушылар, ақындар неге келмей­дi? Ағалар бiздi қолдаса, бұл бiзге рух берер едi” дедi. Осындай жиналысты жазда, қыркүйек-қазанда өт­кiз­сек, сонда мұндай оқиға болмас едi. Сонда билiк зиялы қауым бар, оның азаматтық позициясы бар екенiн, ол әр­түрлi мәселе көтере алатынын көрер едi.

Осыдан кейiн сөз алған жазушы Зейнолла ТIЛЕУЖА­НОВ Жаңаөзен оқиғасынан кейiн халыққа басу сөз айтқан зиялылар әдеттегi “толеранттылықты” қойып, сабырға шақырғанын ашына айтты.

– Жазушылар одағының мүшелерi жетi жүз елу не мың адамның шамасында. Сол Жазушылар одағынан саусақпен санарлық адам келiп отыр. Бiздiң халық болатынымыз алдымен жазушыларға байла­ныс­ты. Жаңаөзен төбесiне қара бұлт үйiрiлдi. Газеттер жазды емес пе, онда танк шақырған екен, тiкұшақпен атқан. Арнайы жасақ шақырған, ал ендi өрт сөндiретiн бiр мәшине жоқ. Күзетшi, әкiмшiлiктiң адамдары жараланған жоқ. Бiр ай Төтенше жағдай не керек? “Тесiктердi” жамау үшiн.

 Қазiргi жағдайдың бәрiне тек президент қана кiнәлi, оны еш ақ­тауға болмайды деген пiкiр бiлдiрген жазушы Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ президенттiң кетуiн талап ету керек дедi.

– Бұл оқиға осыдан 22 жыл бұрын Жаңаөзенде болған. Онда да қан төгiлдi, басып-жаншылды. Оны да үкiмет жасырды. Ал ендi ол жиырма жылдан соң ол жиырма есе сұмдықпен қайталанды. Бытырлатып жатқаны бер жағы. Осыны Қазақстанның емес, шетелдiк телеарналардан көр­дiк. Бейненiң өзiнде бiреуi сұлап жатты, бiреуiн жаралағаны аздай, тағы келiп тепкiлеп жатыр. Бұл немене фашизм емей немене? Оқты кiм атқызды, ол неге атылды деймiз де, одан кейiн билiктi сылап-сипаймыз. Президент барып қайтты дейдi. Ол барса, әкiмшiлiкпен барып-қайтты, жәбiр көрген жұрт арасында болған жоқ. Оған кiмдi кездестiретiнiн алдын ала дайындап қойған. Сөйтсе, арасына кiрiп кеткен бiреу оқ атқан адамның аты-жөнiн айтқан. Ал бiздiң полицейлер атты деген адамды емес, соны көрсетiп берген мұнайшыны iздеген көрiнедi. Үкiметтiң телеарналарын көрiп, газетiн оқысақ, коммунизм орнапты. Ал шындығында мүлдем басқаша. Ендеше мұның бәрiне кiм кiнәлi? Атап айтсақ, шапанымызды шешiп алмас. Алса, ала берсiн. Кейбiреуiмiз айтамыз осы сипақтатып: “Қайтсiн ендi, маңайындағылар жаңылдырып отыр” деп. “Әйтедi, бүйтедi…” деп. Атасының басы! Оның маңайына жағымпаздардың барлығын халық жинап берген жоқ қой! Маңдайынан шертiп отырып өзi жинап алды ғой. Өйтiп прези­денттi ақтауға болмайды! Балық басынан шiритiнi рас. Бiздiң әңгiмемiз – жеке айтамыз ба, топтап айтамыз ба, осындайда мәлiмдеме жасаймыз ба – тек президенттiң кетуiн талап ету керек. Сол бастаған жүйенiң кетуiн талап ету керек.

Әрмен қарай 90-жылдармен салыстырғанда барлық көрсет­кiш жөнiнен артта қал­ғанымызды айтқан жазушы байлықтың қызығын кiм көрiп отырғанын тiзiп бердi.

– С.Әбдiлдиннiң кiтабы шықты. “Қазақстанның ең биiк күнi” деген. 90-жыл мен 2010 жылды салыстырғанда, бiз бүкiл өнер­кәсiп, ауылшаруашылық көрсет­кiштердiң бәрi­нен төмендеп кеткенбiз. Ас­тық, ет сатып жатырмыз де­геннiң бәрi өтiрiк. Бiр ғана көрсеткiш бар. Ол – мұнай. 1990 жылы 25,8 миллион тонна мұнай өндiрсек, 2010 жылы 79,6 миллион тонна, үш есе көп мұнай өндiрiппiз. Соның игiлi­гiн кiм көрiп отыр? Соның игi­лi­гiн көрсек, ең алдымен Жа­ңа­өзен­дегi мұнайшылар алақайлап рақмет айтпас па едi? Оның игiлiгiн мұнайдың басына апарған өзiмiздiң миллиардерлермен ынтымақтасып отырған жателдiк миллионер-миллиардерлер көрiп отыр. Президенттiң бесiктен белi шықпаған қызы мен күйеубаласы қайдан миллиардер болды? Демек, бiздiң саясат “бө­лiп ал да, жей бер” дегенге тiрелдi. Бiрақ кiмге бөлу керек, оның бәрi бiр-ақ кiсiнiң қолында.

 Осы кезде әңгiмеге ара­лас­қан М.Шаханов “түгенше кетсiн, бәленше кетсiн” дегеннен гөрi адам өлiмiне әкелген мәселе­лердi алға шығару керектiгiн айтты. “Бәленше кетсiн деген сөздердiң барлығы президенттiң қарамағындағы адамдар. Одан басқалар кетсiн дегеннен не ұтамыз? Одан гөрi басты-басты адам өлiмiне әкелген, тағы басқа мәселелердi алға шығару керек. Тiкелей президенттiң өзi­не салу керек. Неменеге бұқ­пантайлаймыз? Хат ашық түрде, керек болса, ауыр хат болуы керек”.

Осы пiкiрдi қолдаған жазушы Тұрсынәлi РЫСКЕЛ­ДИЕВ бiр­ден Назарбаевты отс­тавкаға кетiре алмаймыз, әуелi оның қасындағыларынан бастау ке­ректiгiн жеткiздi.

– Шаңырақты ұстап тұратын – уық пен кереге. Онсыз шаңырақ ортасына түспейдi. Шаңырақты көтерiп отырған – үкiмет, кере­гесi – министрлер мен әкiмдер. Билiк деген қиын нәрсе. Билiк шайқалмай, ол шайқалмайды. Билiктiң ұлы сая­саты, қулығы оңай емес. Қулыққа қулық iстету керек. Бiрден Назарбаевты отставкаға кетiре алмаймыз. Әуелi ол өзiн көтерiп тұрған нәрсе – керегесi, уығы, осыларды кетiру керек. Ең бастысы, алдымен Мәсiмов кету керек. Қазақша тiл бiлмейдi. Шаңырақты көтерiп тұрғандарын мықтап ұстасақ, сонда ғана шаңырақ шайқалады.

“Президент кетсiн дегенмен, оның кетпейтiнiн қай-қайсымыз да бiлемiз” деген ақын Темiрхан МЕДЕТБЕК те алдымен Мәсi­мов, Қасымовтарды кетiрiп алайық дедi.

– Алдымен хаттағы нәрсе­лер­дi айту керек. Ол хатты кiмге жазып жатырмыз? Президентке жазып отырып “кетсiн” деген сөз бола ма? Сондықтан алдын ала сабырға келейiк. Алдымен Мәсi­мов, Қасымов, Дауылбаев кетсiн дегеннен бастау керек. “Назарбаев кетсiн” деген нәрсенi кiмге жазасың? Халыққа жазу керек пе?

Залдан “халыққа жазу керек” деген сөз гу ете қалды. Бiрақ Темiрхан Медетбек ат төбелiн­дей ғана зиялының сөзi ештеңе шешпейтiнiн айтты. “Мұнда зиялы қауымның бiр шөкiмi ғана жиналып отыр. Бiздiң сөзiмiз түкке де арзымайды. Ертең қасымызда жүрген адамдарды өзiмiзге қарсы айдап салады. Басқыштан бiрден аттап секiрiп кет­пейсiң ғой. Қарапайым өмiр­дегi нәрсемен санасу керек. Мәтiн­дегi нәрсенiң өзi оңай емес. Ондай шешiм қабылданады деп тiптi ойламаймыз.

“Шын мәнiнде, бiзде зиялы қауым жоқ” деп бiр-ақ кескен жазушы Молдағали Мат­хан­ұлы билiк соны ұтымды пайдаланып отыр деп есеп­тейдi.

– Әр нәрсенiң себебi бар. Жаңаөзенге байланысты айтатын болсақ, қантөгiске жетелеген билiктiң өзi. Тоғыз айға жақын, оның алдыңғы жылдары қазақ халқының тағдырымен санаспау, талап-тiлегiн ескермеу, қазақ халқының мүд­десiмен ойласпау, осының бәрi халықты лажсыздыққа жеткiздi. Халық көтерiлуге мәжбүр болды. Ендi Жаңа­өзен­дегi жағдай бүкiлха­лық­тық деңгейге көтерiледi. Себебi ондай талап, ондай мүдде Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнде жеткiлiктi. Жылаған бала, зарлаған ана. Конституциялық құқығы тапталған халық ашынды. Мұндай жағдайда не iстеу керек? Шын мәнiнде қазақ қоғамында зиялы қауым жоқ. Осы зиялы қауымның жоқтығын билiк өте ұтымды пайдаланып отыр. Жiк‑жiкке бөлу, партияға бөлшектеп, жерлестiктi топтау, қалта толтыруға бiрiктiру. Бiздiң халықты жан ашитын, халыққа халық үшiн басын тiгуге дайын бiр күшке айналған партия жоқ. “Қаһарлы елде хан тұрмайды, құнарлы жерде қақ тұрмайды” деген қағида болған. Бiз осы қағиданы өмiрлiк ұстанымға бiрiгуге, бiрiктiруге жұмылдыра алмай отырмыз.

Билiктегi көсем кетсiн деген әңгiме iс жүзiне асу үшiн халық қаһарлы күшке айналу керек. Халықты жұмылдыру керек, ояту керек. Халық қаһары болған жағдайда билiк елмен санасады.

“ЗИЯЛЫ ДЕГЕН СӨЗДI АЙТҚЫЗУ ҮШIН АДАМНЫҢ ӨЛУI ШАРТ ЕМЕС”

Ал жазушы, Б.Момышұлының келiнi Зейнеп АХМЕТОВАның сөзi тiптi қатқыл шықты. Ол егер мұнайшылардың қарны тоқ, көйлегi көк болса, жетi ай бойы көшеде мұндай қорлықты тартып тұрмас едi деген пiкiр бiлдiрдi.

– Онсыз да айналдырған бiр-ақ уыс халық, ала бұлттан тамған тамшыдай шашырап жатқан халықпыз. Ендi осы халықты бiр-бiрiне айдап салып, қазақты қазаққа қарсы қойған қандай қарғыс атқырлар екенiн, ол қашан жария болатынын Құдай бiлсiн. Бiрақ сол бұйрыққа қол қойған адамның аты-жөнiн талап етуге халық ретiнде құқығымыз бар. Тәуелсiздiктiң 20 жылдығына байланысты алаулатып, жалаулатып жаттық қой. Содан үйге бiр журналист хабарласты. “Апай, жеткен жетiстiгiмiздi, бiраз жақсы нәрсе айтсаңыз”. “Қарағым, әлi күнге дейiн дұрыстап түсiне алмай жатырмын, халық өкiметтен тәуелсiз бе, өкiмет халықтан тәуелсiз бе. Өйткенi өкiмет халықты лақтырып тастаған, өз күнiңдi өзiң көр деп, халық жанбағыс­тың жарапазанына түсiп кеткен. Әйелдер ала қоржынды арқалап, ел аралап кеттi. Балалары қараусыз, күйеуi жұмыссыз. Өйткенi бұл үкiметке ыңғайлы. Халық тоқ болмай, саясатпен айналыса алмайды.

Жаңаөзендегiлердi бұзықтар дейдi. Олар жетi ай бойы ештеңе қиратқан жоқ. Өзде­рiнiң арыз-армандарын айтты. “Арқада аяз қыспаса, арқар ауып несi бар” дейдi. Егер солардың көйлегi көк болса, қарны тоқ болса қараптан-қарап, жұмысын тастап көшеде ашығып қорлықты көрiп тұрар ма едi. Неге үкiмет жетi ай бойы бiр мәселенi шеше алмады? Ақыр аяғы келiп қырғынға ұрындырды. Халық бәрiн көрiп отыр. Бiрақ, өкiнiшке қарай, бiрiншiден, халықты әрмен қарай түсiндiрiп бастап әке­тетiн серкелер жоқ. Екiн­шiден, бәрi жанбағыстың жарапазанында жүрген халық. Содан кейiн намысымыз басылып кеткен. Намысымыз нанға, нәпақаға сатылып кеткен.

Содан кейiн мақтау, адамның жүрегi айнитын халге жеттi. Бiр жыл бұрын президент қабылдайтын кезде төмен жақтағылары менi бiр ай дайындады. Мен сөз бiлмейтiн әйел болатын адам болсам бiр жөн. Содан кейiн “мақтаңызшы, апай” дейдi. “Айналып кетейiн-ау, бұл бiр мемле­кеттiң басшысы ғой, бес жасар бала ұқсатып “сiз жақсысыз” деп қалай әйел басыммен арқасынан қағам, жоқ әлде ол менiң мақтауыма зар болып тұр ма” дедiм. “Олай болса ассамблея туралы айтыңызшы” дейдi. “Егер ассамблея туралы пiкiрiмдi бiлгiң келсе, ассам­блея – қазақтың мойнына мiнгiзiп берген албасты” дедiм. “Онда қоя қойыңыз” дедi. Мұны мысал үшiн айтып тұрмын. Iшiмнен бұлармен таласып бекер екен, бәрiбiр өзiмдiкiн айтам дедiм. Президентпен кездесуде халық педагогикасы бағдарламасын мектептерге енгiзу жөнiнде, теледидарда арнайы халық педагогикасы, ұлттық үлгi-өнегеден тым болмаса аптасына бiр рет хабар берiп тұру жөнiнде айтқанымда, ол көзi жайнап қа­сындағыларға тапсырма бер­­дi. Бiрақ сенi әдемiлеп тыңдайды, “сенiкi дұрыс” деп ар­қаңнан қағады екен де, сен шығып кеткеннен кейiн болды екен.

Ал қоғам қайраткерi, “Ақ­сарай” театрының режиссерi Болат АТАБАЕВ зиялы деген сөздi айтқызу үшiн адамның өлуi шарт еместiгiн, зиялы қауым билiкке өзiн тыңдатқызуы керектiгiн айтты.

– Қарап отырсақ, осы сөз­дердi айту үшiн Жаңаөзенде қан төгiлуi керек екен, адам өлуi керек екен. Сосын бiздiң ашынып сөйлеуiмiз керек екен. Жетi ай бұрын, тым болмаса бес ай бұрын барып, осы отырғанымыз мәселе көтергенде, осы жағдай болмас едi. Менiң ұсынысым президент кете ме, халықты кетiре ме, әлде бiздi басқа елге көшiрiп жiберiп, осында өзi қала ма, бiз ашық айтуымыз керек. Осында келген ақын-жазушылар, Жазушылар одағы ертең соңдарыңыздан май шам алып түседi. Өзгелердi сiздерге қарсы қояды. Менiңше, сiздер одақтың мүшесi ретiнде бүкiл одақтың жиналысын шақыру керек. Хатты осындай үлкен жиналыста бекiту керек. Сол кезде күш боламыз. Жазушылар одағының жиналысын талап ететiн қауқар, күш бар ма сiздерде? – дедi Б.Атабаев жиындағы ақын-жазушыларға қарата. Залдан “Жоқ!” деген жауап естiлдi. – Онда қауқарсызбыз, оған да күшiмiз жет­пейдi деп жазыңыздар.

Тәуелсiз басылымдарға мақала беретiн бес-алты зиялы бар. Солардан басқа зиялы жоқ сияқты. Айналып соларды оқи бере­мiз. Зиялы деген сөздi айтқызу үшiн адамның өлуi қажет емес. Қайсыбi­реулерiмен кездесiп қалып, “неге үндемейсiң?” дегенде әлгi ас үйде отырып алып, керемет ойларды айтқанда таңғалам. Ас үйден шықты ма, ауыздарына құм құйылады. «Басатын ешкiм жоқ, бiздi тыңдамайды деген сөздердi айтпаңыздар. Тыңдамай ма, тыңдатқызу керек. Жетi сайын әрқайсыларыңыз “Жас Алаш” пен “Тасжарғанға” берiңiздер. Сосын орыс тiлiнде де жазыңыздар. Бiр анекдот бар. Не бiлiмi жоқ, не жұмысы жоқ, базарда шаршап-шалдығып жүр­ген, бiрақ өзiн ұлтшылмын деп есептейтiн қазақ балық аулап отыр екен. Балық аулап отыр, тамағы жоқ, балық өтпейдi, үш-төрт сағатта алтын балық түстi дейдi. Содан балық “Отпусти меня, пожалуйста. Я все сделаю, хочешь работу, хочешь дворец, хочешь мил­лионы долларов”. Өзi аш отырған қазақ қой, ал анау орысша сайрап отыр дейдi. Сөйт­се, бiздiң қазақ “қазақша сөйле, қазақша сөйле” деп балықты шапалақпен салып ұрыпты. Сондықтан орысша да жазыңыздар, орыстiлдi басылымдардың ауқымы кеңiрек. Ана жақтағылар соны ғана оқиды. Бiз де қитұрқылыққа баруымыз керек. Бiз де басқа механизмдердi iздеуiмiз керек.

 

“БИЛIКТI СЫНАМАЙ, ЖАУАПҚА ТАРТҚАН ЖӨН”

Еңбек ардагерi Мақсұт ҚАЛЫБАЕВ қазақты жою процесiнiң әлi күнге жойылмай келе жатқанын айтты.

­– Егер маңдайы ашылмаған қазақтың билiгiне халықтың жоғын жоқтайтын, кеткенiн келтi­ретiн кiсi келгенде, осы жиырма жылда Қазақстан ең бай ел болар едi.

Алпысыншы жылдары қы­тайдан келген қазақтарымыз миллионнан екi жүз мың болыпты. Бiздiң демографиялық өсуiмiзге үлес қосқандар – сырттан келген қандастарымыз. Жаңаөзенде болған Шү­ке­ев осы оралмандарға қатысты қазаққа қазақты жау етiп қойып, оралмандарды дұшпан көрсеттi. Қазақстан ел болуы үшiн кем дегенде елу, алпыс миллион болуымыз керек. Кешегi санақ кезiнде Мәсiмов 67 пайыз қазақ деп едi, президент 63 пайызға түсiрiп айтты. Не үшiн? Себебi, қазақты өсiр­меу. Қазақты жою процесi әлi тоқтамай келедi. Жаңа­өзен­дегi жағдай – жетi ай наразылық танытқан халықты қорқыту, үркiту үшiн жасал­ған әрекет.

Осыдан кейiн сөз жалғаған спорт коментаторы Сұлтан­ғали ҚАРАТАЕВ үндеудегi “президент кетсiн” сөздерiн өзгертудi ұсынды.

– Қазақстанда өз Отанына қастандық жасаушылар жоқ, бiрақ қателiк жасаушылар көп. Менiң ұсынысым, үндеудегi “кетсiн” сөзiн “сотталсын, iсi сотқа берiлсiн” деп өзгертуiмiз керек. Халыққа оқ атқызғаны үшiн мылтық ұстаған, погондылар сотқа берiлсiн. 90-жылдары кәрiс­тiң екi президентi парамен сотталды. Ал бiздер неге соттау мәселесiн ойламаймыз? Неге бiз қоғамдық не­гiзде үкiмет жасақтап, қо­ғамдық негiзде соттамаймыз? Менiңше, қоғамдық немесе халықтық сот құрып, оларды соттасын, олардың жазасын бер­сiн! Мұның барлығы хат жүзiн­де тарихта қалады, – дегендi айтты.

Қоғам белсендiсi Серiк САПАРҒАЛИ Жаңаөзендегi оқиға­ға тоқталып, бұл қазақ халқына, ұлтына жасалған соғыс деп көрсеттi.

– Бұл билiк – халыққа нағыз жау.Назарбаев орнынан кетуге тиiс! Барлық қазақ көтерi­луiмiз, күш жинауымыз керек. Бүкiл қазақ қосылып соны қолдауымыз керек. Маңғыстауға қолдау көрсетiп, халық өзiнiң билiгiн сайлауы керек. Жиырма жыл басқаруға билiкке ерiк берiлдi. Бiрақ билiк басқара алмады, барлығын сатып, талан-таражға түсiрдi. Егер бұлай кете берсек, орыстың құлы, қытайдың күңiне айналамыз. Бүгiнгi осы жерге жиылған жұрт өзiне “Мен Маңғыстау халқы үшiн қандай қолдау көрсетiп, не iстедiм?” деп сұрақ қоюға тиiс, ­– дей келе, “дәл қазiргi кезде “ұйым­дастырушы” болуы мүм­кiн деген айыппен “Халық майданының” өкiлдерi А.Әмiрова, Т.Сақ­тағановтар қамауға алынды. Мұның арты олардың сотталуына апарып соғуы әбден мүмкiн. Сонымен қатар, Н.Әжiғалиева, Т.Оразбайлар iз-түзсiз жоғалып кетiп, iздестiрiлуде. Олар тiрi ме, қайтыс болды ма, белгiсiз. Мұның барлығы арандату. Жаңаөзен­дегi жағдай қателiк емес, жауыздық, қылмыс, – деп арнайы комитет құру керектiгiн айтты.

Жаңаөзен оқиғасына байланысты Ф.Оңғарсынова, Ә.Ке­­кiл­­баев сынды зиялы қауым өкiл­дерiнiң әрекетiн сынаған журналист Кемелбек ШАМАТАЙ:

– Бұлардың барлығы би­лiктiң қолынан жем жеп жүр­гендер. Қарапайым халыққа зиялы кiм, зиянды кiм екенiн анықтап көрсетуiмiз керек. Ол үшiн тәуелсiз басылымдар арқылы осындай кiсiлердi халықтың арасында “таныту” керек, – дедi.

Билiкке жағымпазданудың салдары қасiретке апарып соқ­тыратынын, ондай билiктен сенiм кететiнiн сөз еткен жазушы Бибi-Ана ИМАНҒАЗИНА прези­денттi кетiрумен iс бiт­пейтiнiн ескерттi.

– Егер президент кетсе, оның орнында оның үрiм-бұ­тағы қалады. Сондықтан осы мәселенi де ескеру қажет. Мұң-мұқтажымызды жеткiзетiн “Жас Алаш”, “Дат”, “Қазақстан” секiлдi тә­уелсiз басылымдар арқылы ғана халықтың көзiн ашып, ақиқатқа көз жеткiзуге болады,– дедi ол. Б.Иманғазинаның сөзiнен кейiн экономист Мұхтар ТАЙЖАН ереуiл­деген мұнайшыларға ең алдымен рухани қолдаудың жетiспей отырғанын жеткiздi.

– Халықтың рухы сынған жоқ. Қазақ халқының рухы мықты. Кеше ғана бiр ақсақал: “Маңғыстауда соғыс бiтпейдi. Егер әдiлеттiк болмаса”, – де­дi. Менiңше, бүкiл қазақтың намысы осындай күштi. Бiрақ зиялы қауым қандай? Бү­гiнгi осы жиынға келгендер нағыз зиялы қауымдар. Халыққа атылған оқ – зиялы қауым өкiлдерiнiң үндемей отырғандығының, жалтақтығының нә­тижесi. Мұнайшыларға зиялы қауымның атақ-мансаптары мен орденi керек емес. Олардың “бiзге моральдық қолдау керек” дегенi орынды. Менiң­ше, комитет немесе жұ­мысшы тобы құрылып, Жаңаөзенге бар­ғанымыз дұрыс. Олар­ға жан-жақты қолдау көрсетейiк.

Ал жазушы Мереке ҚҰЛ­КЕНОВ көпшiлiктi “Жас Алаш” газетiнiң төңiрегiне топтасуға шақырды:

– Қазақстанда бiрнеше қо­ғамдық ұйымдар бар. “Жазушылар одағы”, “Суретшiлер одағы”, “Композиторлар ода­ғы” т.б. Менiңше, осындай одақтарды қайта құру керек. Өйткенi одақтың басында билiктiң адамдары отыр. Олар ешқашан бiздi сөй­летпейдi, айтарымызды айтқызбайды. Қазақ қазiр қатыгез күйеуiнен таяқ жейтiн әйел сияқты. Қазақтың тағдыры сондай. Мұндай жағдайда қайтпек керек? Халықтың жоғын iздеп, мұңын жеткiзетiн қазақтың жалғыз “Жас Алаш” газетi бар. “Тасжарғанды” нағыз оппозициялық десе, ал “Жас Алашты” нағыз халықтың газетi дейдi. Сондықтан осы “Жас Алаштың” айналасына жиналып, барлық мәселенi бiрiге талқылап, бiрлесе шешуiмiз керек. Онсыз болмайды.

Саясаткер Төлеген ЖҮКЕ­ЕВ билiктi сынамай, жауапқа тарту керек дедi.

– Билiктi тек қоғам болып жиналып, бiрiккенде ғана жеңуге болады. Парламентке барсақ, бәрiн жасаймыз деу де бекер. Сол үшiн екiжүздiлiкке салынудың қажетi жоқ. Өйт­кенi парламенттегiлердiң қалай болатынын өздерiңiз де көрдi­ңiздер. Халықты соңынан ерте алатын интеллектуалды партия болса, ең алдымен сол халықпен етене жақын жұмыс iстеген болар едi.

Жиынды қорытындылаған “Жас Алаш” газетiнiң бас редакторы Рысбек СӘРСЕНБАЙ мұнайшылар 16 желтоқсан күнi билiкке саяси талап қоймақ болғанын, бұдан жер­гiлiктi атқарушы органдар хабардар болғанын мәлiмдедi.

– Осында айтылғандардың түйiнi – зиялы қауым бiрге болуы керек. Елдiң басы-қасында жүрiп, қамқор болуы шарт. Жасқаншақтықты қойсақ қана, ел боламыз деген түйiн шығады. Шетпеде он екi бала қамау­да отыр. Сонда болғанымызда олардың ата-аналары бiзбен жолықты. Шетпеде қираған, бүлiнген ештеңе жоқ. Локомотивтi өртеп, шпалдарды бүлдiрмеген. Олардың бар жасаған амалы жаңа­өзендiк жақын туыстарының хабарын алуды сұрап аудан әкiмiне бар­ған. Сонда басшылар ОМОНдарды шақыртып, қарсы қо­йып, халыққа оқ атқызған. Жа­ңа­­өзендегi, Шетпедегi атыл­ған оқ – ұйымдастырыл­ған атыс. Бiз коменданттан “оқтан бас­қа сумен, газбен немесе резеңкемен ату құралдары болды ма?” – деп сұрадық. “Бәрi болды” – дейдi ол. Ал онда неге қорғасын оғы салынған тапанша, автоматты қолданды? Мұ­ның бәрi үлкен саясат. Прези­денттiң “бiлмей қалдым” дегенi – бос сөз. Мен оған сен­беймiн. Оған талай рет айтылған. Бұл жерде мынадай болжам бар. Алаңда тұрған мұнайшыларды қалайда кетiру керек болды. Өйткенi олар 16 желтоқсанда саяси талап қоймақ болған. Ол жөнiнде үнпарақтарын да та­рат­қан. Бiрiншi талап – “Президент Н.Назарбаев орнынан кетсiн!”, екiншiсi – “Қазақстанның қазба байлықтары халыққа қайтарылсын!”. Мiне, осыны айтқызбас үшiн, алаңда той өткiзген. Мұнайшылар осындай арандатушылық болмасын деп, жергiлiктi басшыларға хат та жолдаған. Бiрақ оны ешкiм елемеген. Президентке қатаң талап қоюымыздың мәнiсi де осыдан. Бiзге берiлген мәлiметте 99, 100 адам жараланған. Олардың 62-сi алаңда жараланыпты. Ал қалғаны ше? Демек, өздерi оқ атып жаралаған адамдардың санын азайтуға тырысып жатыр. Бiздiң ең үлкен мақсатымыз – ендiгi қитұрқылықтарға жол бермеу. Мәселен, қазiр жараланған азаматтардың өзiн алдыңғы шепте жүрдi деген айып тағып, қылмыстық iс қозғағалы отыр. Соларға араша түсуiмiз керек. Олар қылмыскер емес!

Бүгiнгi жиынға келген сiз­дердiң әрқайсысыңыз да ұлт­тық, мемлекеттiк, халықтық мүд­де­нi бәрiнен жоғары қоя­сыздар. Сол жолда күресте жүрсiздер. Жүзге тарта адамның осында бас қосқанына қарап, Құдайға шүкiр, бiздiң елге жанашыр зиялыларымыз бар екен деген сенiм көңiлге ұялады. Халықтың күткенi де осы деп ойлаймыз. Бәрiңiзге рақмет!

Жиын соңында зиялы қауым өкiлдерiнен құралған ақылдастар алқасы құрылып, оған 11 адам мүше болды. Олар: Қабдеш Жұмадiлов, Төлеген Жүкеев, Мұхтар Шаханов, Темiрхан Медетбек, Болат Атабаев, Рысбек Сәрсенбай, Мереке Құлкенов, Бейбiт Қойшыбаев, Дос Көшiм, Маржан Аспандиярова, Серiк Сапарғали.

Дайындағандар – Меруерт Хусаинова, Елнұр Бақытқызы.

 “Жас Алаш” газеті.

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Зияң болса көңілде
    Айқындықтан түңілме
    Сақтанар болсаң зияннан
    Сеніміңді түгенде
    Бар бүркеулі шындықты
    Аш та көпке үгітте
    Шыдай жүре бопсаға
    Зұлымдарды жүгенде
    Мұнай жұтқан НӘНГЕ емес
    Қара қанды Өзенге
    Сөйтсең бастар Құжай да
    Қазақ елін кемелге.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар