Типаж – жиынтық бейне. Белгілі бір кезеңнің әдеби образы. Яғни, оның бойынан сол дәуірге тән кесек мінездерді көруіміз керек. «Бүгінгінің кейіпкері, типі қандай болу керек?» деген сауал еміс-еміс қойылып қалады. Меніңше, қазір адамгершілікті, бауырластықты, достықты насихаттайтын шығармалар мен кейіпкерлер қажет секілді. Себебі? Себебі түсінікті ғой.Адамды адам аямайтын, капиталдың алдыңғы планға өткен, жылылық, мейірімділік туралы түсініктердің жоғалып бара жатқан, адами құндылықтардың аяққа тапталған кезеңі. Бүгінгінің кейіпкерлері – құқық қорғау органының қызметкері, қаржыгер, шенеунік, діндар (діни ахуал), т.б. Осылардың бәріне үлгі көрсетуші – гуманист. Тағы бір мәселе – ұлттық характер. Бүгінгі заман қаламгері әдеби туындыдағы кейіпкердің ұлттық сипатымен ерекшеленген мінез-бітімі, оның белгілі бір халықтың өкілі екендігін танытатын психологиялық һәм ойлау, сөйлеу өзгешелігін ескерген жөн-ақ. Ретроград, маргинал, космополит кейіпкерлер Батысқа керек болса да, қазіргі қазаққа қажеті шамалы. Кесек образ қоғамдық, рухани-мәдени, экономикалық және саяси жағдайларға сәйкес қалыптасады. Дүниені ұлттық түсінікпен қабылдау жолы қай адамға болсын тән қасиет. Жуырда ғана теледидардан Қырғызстанда тұратын бес жасар Манас жырын жатқа соғып отырған баланы көрсетті. «Бұл феномен!..», – десті айыр қалпақты ағайын. Бұндай адамдарды Құдайтағалам ұлт өзін-өзі сақтап қалу үшін жібереді. Яғни, этногенезін ұмытпай, дәстүрді жалғастыру үшін. Шыңғыс Айтматов – әлемдік феномен. Манас жырын керемет білген жазушы ғой. Рухани сабақтастықты байқап отырған боларсыз оқырман.Батырлар жырымен сусындамаған қаламгерден (ұлтынан алшақ) нендей дүние күтуге болады? Өз бетімен бір нәрсе жазар делік. Бірақ оны ертең қазекем оқи ма?..
Кейіпкер – әдеби әлемде, кеңістікте өмір сүретін «адам». Персонаж! Ол да заман ағымына байланысты түрленіп, өзгеріске ұшырап отырады. Оның да эволюциялық һәм революциялық даму жолдары бар. «Револю-
циялық» деп отырғаным кейіпкерді еркінен тыс (күштеп) әрекеттерге араластыру. Персонаждың өзіндік ойы, ұстанымы бар ғой! Жазушы (жасанды) «қисық» қаламымен кейіпкерінің өміріне, шығарманың тартымды әрі нанымды шығуына кесірін тигізеді. Кеңес кезіндегі әдебиетті айтудан шаршамаймыз-ау! Ендіші… Тарих қой. Ол кездегі туындыларда орыс ұлтының өкілі міндетті түрде жүруі керек-ті. Сайқал саясаттың ықпалы «сөз өнеріне» де салқынын тигізді. Бүгіндері соның әсерінен бәзбіреулер сол дәуірдің әдебиетін оқығысы да келмейді. Илья Эринбургты «Сталиншіл болды» деп өңге тұрмақ, орыстың өзі оқымайды. Өкініштісі – Спандияр Көбеевтің «Қалың мал» романына қырын қарайтынымыз. Немесе Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын» сын тезіне салғанымыз… Эпопеядағы әр кейіпкер бір-біріне мүлде ұқсамайды. Әрқайсысының өз орбитасы бар. Әркім – өзгеше бір әлем. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романынан да бір үзінді алсақ: «Сорлы Ақбілек! Сен жыламай кім жыласын? Тас емшегін жібіткен, тар құрсағын кеңіткен, аруанадай анаңнан айырылдың. Келешектегі бақытты өміріңнің кілтіндей көріп, сары майдай сақтаған алтын қазынаңнан айырылдың. Ар-ұятың төгілді, адамшылығың жойылды. Жыла, жасың бұла. Жасыңмен қайғың жуылсын. Жасыңнан теңіз жиылсын. Теңізді дауыл толқытсын». Ақбілекке қаратып айтылған осы сөз – лирикалық тағылымды оның өз кейіпкеріне жаны ашығандай, оған ниеттестік білдіргендей, оның қайғысына ортақтасқандай сөйлеп, бір сәт өзі баяндап отырған оқиғаға тікелей араласа кетуімен берілсе де, ешбір оғаш көрінбейді, қайта әсерлі болып шыққан. Бейімбет Майлиннің диалогқа құрылған «Ыбыраймыз, Ыбыраймын» өлеңінде де әдемі форма бар (сол кездегі көзқараспен қарастырғанда). «Кеше: – Уа, кімсіз? – Ыбыраймыз. – Уа, қайдан келесіз? – Сайлаудан келеміз… – Біз – бай, – Біз – құдай… Бүгін: – Уа, кімсің? – Ыбыраймын. – Жаймысың? – Жаймын. – Қайдан келесің? – Соттан келемін…». Би-ағаңның әдеби тәсілі сол кездегі жұртты таңғалдырса керек. Біріншісі сыпайы, екіншісі дөрекі. Екі түрлі мінез, екі түрлі характер, екі түрлі уақыт, мезгіл… Шағын диалогтан-ақ қоғамдық өмірдің үлкен шындығын, әлеуметтік жағдайдың, адам тіршілігінің зор өзгерісін анық байқауға болады. Өлеңдегі кейіпкердің әр кездегі хал-ахуалын, жай-күйін, бай кезіндегі бұрынғы астамшылығы мен бүгінгі жаңа өмір орнағанда басынан дәурені өткенін, яғни, мүсәпір халін көреміз. Бір айта кетерлік нәрсе бұл – жоғарыдағы қаламгерлер қазақ әдебиетіне жазу моделін, жазба әдебиеттің формасын алып келді. Арғы жағында: «Былай жазып, осыны ары қарай дамытсаң, нұр үстіне нұр болады…» деген емеурін жатқандай!.. Уақыт өте келе ол «ескірсе де» (бәзбіреулердің сөзімен айтқанда) сондай үлгінің жасалғанының өзі әдебиетіміз үшін үлкен жаңалық болатын!!! Оны ескеріп, елеп жатқан ел бар болсашы. Ішің ашиды… «Ботагөз», «Ақ Жайық», «Қан мен тер» романдарындағы бірқатар кейіпкерлер өзінің революциялық рухымен, күрескер мінезімен танылды. Жазушылар өз қаһармандарының мінезін жан-жақты сипаттап, халық өкілінің мінез-бітімін нанымды бейнеледі. Жазарман шеберлігі арқылы әр кейіпкердің өз мінез ерекшеліктері бой көрсетеді. Сондай өзгешеліктер арқылы кейіпкер образын, тұлғасын, жан дүниесін танимыз. Не ойлайтынын, іс-әрекетінің қандай екенін білеміз. Шығарма оқиғасының ерекше шиеленісті сәттерінде мінез, кейіпкердің әрекеті өте ширыға түседі. Мұның өзі сол образдың динамикалы характерін ашық байқатады.
Кейіпкерді жағымды және жағымсыз (ӘДЕБИ ШЫҒАРМАДАҒЫ КЕЙІПКЕР БЕЙНЕСІН МАҒЫНАЛЫҚ СИПАТЫНА ҚАРАЙ ЖІКТЕУДЕН ТУҒАН ҰҒЫМ) деген бөлініс шартты ғана дүние. Тек қана жағымды кейіпкерлерді тізіп қою утопия болар (мемлекет осындай адамдардан ғана құралса деген идея). «Абай жолындағы» Абай мен Оразбай, «Ботагөздегі» Асқар мен Итбай, «Қан мен тердегі» Еламан мен Тәңірберген, т.б. Кейіпкер шынында да барлық болмысымен, қайшылығымен, күресімен, адамгершілік қасиетімен диалектикалық тұтастықта көрінуі керек. Мұның өзі ұдайы даму үстіндегі әдеби-шығармашылық процесті айғақтайды.
Өнер. Оның ішінде әдебиет! Сөз өнері – дамиды, өзгереді, түрленеді. Қатып қалған қағида жоқ. Төрт бұрышты қорапқа тығып қойған нәрсе ешқашан дамымайды. Гегельше қисындағанда бәрі айналып «классикалық түрге» келеді. Рас шығар. Бірақ сол классиканың өзі түрленетін заманды бастан кешеміз әлі! Рас сөз.
Кейіпкер! Кейде оның мінез-құлқы қандай екені тікелей, ашық айтылады. Оның нені ұнатып, нені жақтырмайтыны, нені қалап, нені ұнатпайтыны ешбір бүкпесіз беріледі. Ал кейде персонаждың мінез ерекшелігін қаламгер әртүрлі жанама мінездеу бітімі оған басқа кейіпкердің қатынасын, көзқарасын көрсету арқылы да айқын аңғарылып отырады. Туындыгер кейіпкердің әр кездегі көңіл-күйін суреттеу арқылы да мінез сырларына үңіле алады. Сондай-ақ монолог, диалог, полилогтардың да қаһарман мінезін танытуға себі тиетіні сөзсіз.
Әдебиетте адамның көркем бейнесін суреттегенде, жазушы оның кескін-келбетін, іс-әрекетін, мінезін сол ортаның, дәуірдің өзгешеліктерін танытатын типтік сипаттармен қатар, өзінің басына ғана тән ерекшеліктерді де (әсіресе, жүріс-тұрысындағы, сырт келбетіндегі, сөйлеу әдетіндегі, т.б.) анық байқалатындай етіп көрсетеді. Көркем бейненің типтік өзгешелігі қоғамдық өмірдің ішкі сырын, мәнін ашып беру үшін қандай қажет болса, оның даралық, жекелік сипат-белгілері адам тұлғасын, іс-әрекетін, мінез-құлқын көзге айқын елестету үшін, нақтылы қалпында көріп-білу үшін сондайлық қажет. Атап айтатын нәрсе – көркем бейнеге тән типтік және даралық сипат ерекшеліктер емес, кейіпкердің әрекетіндегі, мінезіндегі көптеген жекелік сипат-белгілер өзінің даралық, нақтылық, қалпын сақтай отырып, типтік мағына да алады, сол ортадағы басқа адамдарға да тән қасиетті танытады. Кейіпкердің типтік бейнесін суреттеу – қоғамдық өмірді жан-жақты, терең зерттеп, білгенде ғана ұтымды болады. Себебі, көркем бейненің типтік қасиет-сипаты неғұрлым арта түскен сайын, оның өмір танытарлық күші де соғұрлым арта түседі. Кейіпкердің атқаратын міндеті драмалық шығармада айрықша сипат алады. Өйткені, онда оқиға бастан-аяқ соған қатысушы кейіпкерлердің айтқан сөздері арқылы баяндалады. Әр кейіпкердің мінез ерекшеліктері, ой-өрісі, сана-сезімі көбіне-көп оның айтқан сөздерінен байқалуы тиіс болады. Сондықтан драмалық шығармада ширақ сюжет құру, өмірлік тартысты айқын, дәл көрсету шеберлігімен қатар, кейіпкерді ұтымды, қисынды сөйлете білу шеберлігі де айрықша маңызды. Көлемді шығармаларда бірнеше адамның бейнесі мүсінделеді. Мысалы, Толстойдың «Соғыс пен бейбітшілігінде» сан-алуан кейіпкер бар. Бір қызығы – мынау басты кейіпкер деп айту тағы қиындау. Мұндағы басты кейіпкер деп халық бейнесін ғана алуға болады десек, оның өзінде де көптеген адамдардың шоғырланған үлкен тобын айтқан боламыз. Кейіпкердің тұлғасын, мінезін суреттеу өзгешелігі әдебиет пен көркем өнерде қолданылатын әдіске сәйкес болады. Айталық, романтизм әдісі қолданылған шығармадағы кейіпкерлерді суреттеу тәсілі бір түрлі де, реалистік (оның ішінде сыншыл реализм) әдебиеттегі кейіпкерлерді бейнелеу тәсілі бір бөлек. Реализм тәсілі әдебиет пен көркем өнерде кейіпкерлердің тұлғасын, мінез-әрекетін мейлінше шынайы суреттеуге мүмкіндік береді. Адам мінезін, тұлға, бейнесін өзгеріс, даму үстінде алып, өмірлік күрес-тартыспен ұштастырып көрсету – бұл реализм әдісінің ең бір ұтымды тұсы. Белгілі бір заманда, қоғамдық ортада қалыптасқан мінез-ерекшелігі бар. Сонымен бірге бойынан жалпы адамзатқа тән сипат-қасиеттер де айқын танылатын, типтік тұлға дәрежесіне көтерілген әдеби бейнелер көп. Олар гуманизм мен әділетсіздік, махаббат, зұлымдық, қызғаныш секілді жағымды және жағымсыз мінез, іс-әрекеттер арасындағы қайшылықты, тартысты көрсетеді. Ғасырдан ғасыр ауысып, заман өзгерсе де, мұндай бейнелер өзінің танымдық, тәрбиелік мәнін жоғалтпайды. Және бір халықтың әдебиеті көлемінде ғана қалмай, дүниежүзі мәдениетінде танымал бейнелер айналады. Осынау типтік бейнелердің тұлғасынан оларға айрықша тән мінез-сипат, өзіндік кейіп айқын көрінеді. Классикалық әдебиетте кейде ірі тұлғалар көбінесе бір қырынан, бір мінезімен танылады. Отеллоның бойынан алдымен қызғаншақтықты, бірбеткейлікті көрсек, Ягоның мінезінен, іс-әрекетінен әзәзілдікті, азғырғыштықты байқаймыз. Дон-Кихотқа адалдық пен аңғалдық тән болса, Гобсекке сараңдық айрықша тән. Бұл әдеби бейнелердің өмір шындығын, адамның мінез-құлқын терең ашып көрсететін кең мазмұндылығын да ескеру керек. Типтік бейнелердің мінез-тұлғасы сан қырлы, жан-жақты бола тұра, әр қайсысы өзіне тән, тайға таңбас басқандай айқын, даусыз, ой-санаға орнаған қалып-тұрпатымен танылады. Орыс әдебиетіндегі Онегин, Печорин, Базаров бейнелерін осылардың қатарына жатқызамыз. Қазақ әдебиетінде батырлық бейнені Қобыланды мен Ер Тарғынмен байланыстырса, сұлу, нәзік әрі ақылды ғашық қыз туралы сөз қозғалғанда Жібек, Баян, Ақжүніс еске түседі. Немесе зұлымдық бейнесі Бекежанмен, сараңдық Қарабаймен байланыстырылады. Әр халықтың әдебиетінде ұшырасатын сом, нанымды жасалған бейнелер өткенді ғана емес, бүгінгі өмірді де түсініп-білу үшін аса қажет. Көне заманға үңілсек, Одиссей сергелдеңге түскен батыр бейнесі, Прометей адам үшін азап шеккен жан ретінде есте қалды. Адамның әділдікке, адамгершілікке, таза махаббатқа ұмтылуы, сол биік идеалдар үшін күресі ешқашан жоғалмайтынын мойындасақ, мұндай танымдық, көркемдік қасиеті мол әдеби бейнелердің де адам қауымымен бірге жасайтыны, ешқашан ескірмейтіні талассыз…
Психологиялық романның алғашқы үлгісі Стерннің «Тристам Шендидің, джентельменнің ғұмыры мен пайымдары» романы. Ол Шкловскийше айтқанда «адамның ойын психологиялық, мінездік толқыныстар тұрғысында көрсетті». Адамның сезім күйін, толғанысын, қуаныш-қайғысын барлық қайшылығымен, «жан дүние диалектикасын» терең ашып бейнелеудің үлгісін Толстой романдарынан айқын көреміз. «Анна Каренинадағы» терең психологизм, кейіпкердің ішкі сезімінің нәзік иірімдерін, құпия сырларын әсерлі суреттеу арқылы адам мінезін асқан шыншылдықпен, нанымды көрсетуге мүмкіндік берді. Индивидтың «жан дүние диалектикасын» ашып беру арқылы жазушы қоғамдық өмірдің қайшылықтарын, адамгершілік пен қатыгездіктің қақтығысынан туған трагедиялық, жағдайды әсерлі бейнеледі. Толстой кейіпкердің көңіл-күйін тікелей суреттеуде де, іс-әрекеті немесе оның толғанысы, ішкі монологы арқылы көрсетуде де асқан шебер. Достоевский кейіпкерлер психологиясын бейнелеудегі жаңашылдығы – романдағы өмірдің сан алуан құбылыстарын өзінше сезінуі, олардың әр қилы, тіпті, бір-біріне мүлде қайшы дүниетанымын, көзқарасын үңіле зерттеп, сипаттауынан айқын аңғарылады. Кейіпкердің адам тағдыры, дүние, жаратушы жайлы белгілі бір шешімнің, нақтылы түйіннің аясына сыймайтынын, шығармаға көп үнділік (полифониялық) қасиет дарытатын қым-қиғаш ой-толғаныстарынан жеке адамның ой-санасы, ішкі сезімі бүкіл әлеммен, бүгінгі ғана емес, өткен өмірмен де, келешекпен де жалғасып жатқанын байқаймыз. Тахауи Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» дилогиясы соғыс пен әйел тақырыбын зерделей отырып, жазушы әйел жанының терең қалтарыстарына үңіледі, әйел сезімінің ешқандай қоғам идеологиясына, жағдайға мойынсұнбайтын құпия құдіреттерін паш етеді.
Үлкен әдеби типтер дүниеге келу үшін белгілі бір нәрсе әсер ету керек. Қара нәсілділердің құқығы шектелмегенде Гарриет Бичер-Стоу «Том ағаның күркесін», Достоевский айдауда болмағанда «Нақұрысты», Дидро көрші келіншектің өмірбаянын естімегенде «Сопы әйелді» жазбас еді ғой. Князь Мыщкинді көріп жазушының өзі еске түседі. Ар мен ұяттан жаралған, ақша мен даңққа мән бермейтін Достоевский. Князьдың көрмегені жоқ. Адамның өлер алдындағы сезімі қандай тамаша сипатталған. Кейде сөйтіп ойланып-толғанатын адамдар бар ма екен деп ойлайсың. Федор– князь Мыщкин– Нақұрыс, Нақұрыс – князь Мыщкин – Федор! Бір орбитаның бойына орналасқан үш тұлға. Романды оқу барысында үшеуінің жиынтығын күрделі образ князьдан көресің. Бейнебір қисық айна секілді. Әр қырынан әр адамды көресің. Мәселе – оқырман қай ракурстан қарайтындығында. Карамзин «Бишара Лиза» атты повесінің идеясы қалай туғанын білетін шығарсыздар. Жазушы өз еңбегімен күнелткен кедей қызды жанашырлық сезіммен суреттеп, оның жан дүниесінің нәзіктігін, тереңдігін бейнелейді. Кейіпкерді типтендіру – заман талабы. Сом образға қарап, сол кезеңді еске түсіруге болады. Бауыржан Момышұлының белгілі бір кезеңді, сұрапыл қырқыншы жылдарды суреттеген автобиографиялық әрі документалды «Мәскеу үшін шайқас» туындысының ерекшелігі – оны қазір басқа қаламгер жазса сәтті, нанымды, шынайы шықпас еді. Себебі – Баукең өз көзімен көрді, сезінді (мен бұны типтің дүниеге келуіне байланысты айтып отырмын). Сөз өнері де түрленуде. Афанасьевтың пікірінше: «Тип – уақытқа сай өзгереді. «Бір кездері керегі де болмауы мүмкін» деген ойды тұстастарым айтып жүр. Даулы мәселе…». Ол түрленген жағдайдың өзінде оның бойында зәредей болса да, кезеңнің нышаны қылаң береді. Ол жиынтық образ саналмаса да, оқырман қабылдасын, қабылдамасын, өзгеріске ұшыраған формасы сондай болмақ (болашақ типаждарды айтып отырмын).
Дереккөз: “Адырна”
Парақшамызға жазылыңыз