//

Интернет-2 – ертеңгі күннің Интернеті

1059 рет қаралды

Авторы: Хидер Бойлес

Құрамында университеттер, ғылыми-зерттеу орталықтары, корпорациялар мен үкіметтік агенттіктер бар ауқымды халықаралық консорциум болашақтың Интернетін жасауға кірісті. Аталған қауымдастық аясында ғалымдар мен бағдарлама құрушыларға болашақтың сапалы білімі мен кең көлемді ынтымақтастығына түрткі болатын барлық ұжымдық бастамаларына қатысты әртүрлі зерттеулер жүргізу мүмкіндігі берілген.

Хидер Бойлес Интернет2 жобасының халықаралық тобына жетекшілік етеді.

Фотомонтаж: Халықаралық консорциум Интернеттің келесі ұрпағын жасаумен айналысуда. Қазірдің өзінде олардың еңбектерінің көмегімен шынайы уақыт режимінде жоғары сапалы видеоның көмегімен оқыту демонстрациялары көрсетілді, әлем мұражайларындағы сирек кездесетін экспонаттарының үш өлшемді кескіндерін жасап әрі оны желі арқылы электронды микроскоп тәрізді басқа ғылыми жаңалықтың құралымен байланыстырып, әлемнің көптеген зерттеушілеріне де қолдану мүмкіндігін тудырды. http://www.internet2.edu (2) рұқсатымен, Брэдли Университеті, Стэндфорд университеті.

Internet2 – 50-ге жуық үкіметтік емес ұйымдармен, шетелдің 45 зертханалары мен қауымдастықтарымен әріптестігі бар, 70 копорациямен әріптестікте жұмыс істейтін  құрамында үлкен ғылыми зертханалары бар 208 Америка университеті кіретін штаб пәтері АҚШ-та орналасқан коммерциялық емес консорциум. Консорциумның мақсаты ертеңгі күннің Интернеті тезірек жасалуы үшін озық интернет-технологияларды пайдалану және пайдалану мүмкіншілігін кеңейту. Зерттеушілер, ғалымдар мен студенттерге аталған озық технологиялар жұмысын пайдалану үшін Internet2 Америка Құрама Штаттарында Абелин деп аталын жоғары тиімділігі бар желіні іске қосты. Желіге Internet2-нің 240 ұйымдастырушылары, 34 мемлекеттік білім беру желілері мен соған ұқсас өзге елдердегі озық зерттеу желілері қосылған. Абилин интернет қолданушыларға қалыпты үйдегі кең жолақты байланыстан мың есе қуатты болатын желінің ультразаманауи мүмкіндіктерін есепке ала отырып жобалануда.

Internet2 мен оның серіктестері өмір сүру салтымызды, оқу дағдыларымыз бен көңіл көтеру тәсілдерімізді түпкілікті өзгерту жолында еңбек етуде. Біздің қауымдастық аталған желіні болашақта ұжымдық виртуалды сұхбат алаңдары, шынайы уақыт бедеріндегі күрделі есептеулердің модульдері, жоғары дәлдіктегі теледидар сапасына пара пар сапалы бейне сұраулар тәрізді көптеген салаларда және қазіргі күні көз алдымызға елестете алмайтын жаңа инновацияларда да қолдануға болатынына сенімді. Белгілі мұхиттанушы Боб Баллардың жүргізетін суасты зерттеулерін әлемнің түкпір-түкпіріндегі студенттер қазірдің өзінде бір уақытта тамашалай алады. Бұл орайда DVD сапасына кепіл болатын видео-конференция технологиялар қолданылады. Келесі бір мысалға мыңдаған шақырымда орналасқан зертханадағы анатомиялық денелерді қашықтықтан басқаратын хирургиялық құралдардың көмегімен жымдастыруды жатқызуға болады. Мұхит және атмосфераның ұлттық әкімшілігінің метеорологтары дауыл мен құйынның келу болжамын ертерек асқан дәлдікпен анықтау үшін Абилинді қолданады. Астрономдар Гавая мен Чилидегі және басқа да жерлерде орналасқан телескоптарды институт ішінде отырып басқарады.

Ғылыми зерттеулер мен білім уақыт өткен сайын ұжымдық еңбектің жемісі және құралдар мен мәліметті бір уақытта пайдалану мен әлемнің әр бөлігіндегі мамандардың бірлесе еңбек етуіне байланысты екені жоғарыдағы мысалдардан байқалып отыр. Америкалық зерттеушілерге АҚШ-тың соңғы әзірленген желілік инфрақұрылымымен жұмыс істеу жеткіліксіз. Дәл сондай тиімділігі жоғары арнайы мамандандырылған желілік инфрақұрылым халықаралық кеңістікте де қажет. Халықаралық ынтымақтастықты қолдап дамыту үшін Internet2 күллі әлемдегі осы тектес ұйымдармен біріктіретін және сол тектес Американың Internet2 жүйесін өзге елдерге жалғайтын бағдарлама жасады. Internet2 жобасына қатысушылар ғаламдық деңгейдегі ынтымақтастық ғылым мен медицинадан бастап, өнерге дейінгі барлық салада технологиялық жетістіктерді қолдануға септесіп, дамушы елдердің экономикалық өсімін жылдамдатады деген сенімде.

Көптеген елдер өз ғалымдары мен профессорларына қолдау көрсету үшін арнайы әзірлеген жалпыұлттық ғылыми-зерттеу және білім желілерін құрды. Мұндай желілер Батыс, Орталық және Шығыс Еуропаның барлық елдерінде, Азия-Тынық мұхиты аймағының көптеген елдерінде, Оңтүстік-Шығыс және Оңтүстік Азияның көптеген елдерінде бар және олардың саны ұлғайып келеді. Сонымен қатар Солтүстік Африка мен Латын Американың бірнеше елдерінде де бар.

Жекелеген желілер ғылыми зерттеулер мен білім үшін ғаламдық желілік инфрақұрылым түзу үшін біріге бастаған сайын жалпыұлттық желілердің маңызы арта түседі. Халықаралық зерттеу қауымдастығына ену үшін жалпыұлттық желіге дәл сол тектес өзге елдегі бір немесе екі желіге қосылу жеткілікті. Тиімділігі жоғары бұл желілік инфрақұрылымды Швейцариядағы Женевада Ядролық зерттеулердің Еуропалық орталығының Үлкен андронды коллайдер (Large Hardon Collaider) әзірлеу бағдарламасына қатысып жатқан ондаған елдердің мыңдаған зерттеушілері қолдануда. Коммерцияланған Интернет бұл тектес ауқымды жобаға қатысып отырған ғылыми-зерттеу институттары арасында алмасатын салмағы ауыр мәліметтерді тасымалдауға қауқарсыз.

Жалпыұлттық желілер өнер, гуманитарлық ғылым және медицина салаларында да мемлекетішілік және халықаралық деңгейде ынтымақтасуға мүмкіндік береді. Мысалы, Стэнфорд Университетінің HAVNet (қолданушыға шынайы материяға жанасуды сездіретін Haptic технологиясы негізінде жасалған тактильді-аудио-визуалды желі) көмегімен оқу зертханаларынан шалғайда орналасқан мамандарға хирургия бойынша медицина факультеті студенттеріне тәжірибе сабақтарын өткізе алады. Әртүрлі мекенде орналасқан студенттер виртуалды қолдармен тренажерлерде хирургиялық операциялар орындаумен немесе операцияны қашықтықтан бақылау арқылы бір уақытта дәрісханадағы жұмысқа қатысады.

Фотомонтаж: Internet2 консорциуымы 208 Американың зерттеу институттары, 70 корпорация, 50-ге жуық үкіметтік агенттіктер, зертханалар мен қауымдастықтар және 45 шетелдік әріптестерден құралған.

Бұдан бөлек дүниенің әр бұрышында мамандар студенттермен ортақ тапсырманы орындау үшін визуалды біріге алады. Жаңа технология көмегімен олар хирургиялық тренажерде операция жасап отырған студенттің қолын басқара алады. Осындай интенсивті оқытулар нәтижесінде практикалық түрде мықты шыңдалған, жаңа ақпаратқа қаныққан медицина факультетінің студенттері шын өмірдегі операция бөлмесінің табалдырығын даярлықпен аттайды.

АҚШ-тың Ұлттық ғылым қоры ұйымдастырған Таяу Шығыстағы сандық кітапханаға арналған симпозиумда жекелеген ұлттық желілердің ғаламдасуы гуманитарлық ғылым үшін де пайдалы екені анықталды.

Орталық Шығыс мұражайларындағы қымбат экспонаттар сандық форматқа көшірілуде. Объектінің үштүрлі кеңістіктегі суретін алу үшін көпшілігі магнитті резонанс технологиясын қолдануда. Тиімділігі жоғары зерттеу және білім желілері көмегімен әлемнің ғылыми қызметкерлері сирек кездесетін өнер туындыларының үштүрлі кеңістіктегі виртуалды суретін қашықтықтан басқарып, зерттей алады. Бұрындары экспонаттарды қолға ұстап қарастыратын болса, енді көптеген ғалымдар үшін де оны зерттеу мүмкіндігі туды.

Дамыған елдермен қатар дамушы елдердегі жоғары білім мен ғылымның мақсаттарын ескере отырып отандық университеттердің бір-бірімен және одан кейін шетелдік университеттердің желілерімен бірігуі үшін ресурстар қарастыру қажет. Дамушы елдер жалпыұлттық желілерді өздерінің білім және ғылыми институттарын дамытудың маңызды тәсілі ретінде таниды. Мысалы, белгілі бір заттың суретін алу үшін жарық емес, элементарлы бірліктер қолданатын электронды микроскоп құралымен сканерлеуді әрбір университетің қалтасы көтермейді. Алайда аталған микроскоптарды тиімділігі жоғары желілерге қосу арқылы қолданушылар микроскопты қашықтықтан басқарып, объектіні сапасы жоғары сандық сурет көмегімен зерттей алады.

Дамыған және дамушы елдерде жалпыұлттық желілерді құруда базалық телекоммуникациялық инфрақұрылымдарға қол жеткізу шешуші рөл ойнайды. Көптеген елдерде жалпыұлттық желілер жаңа коммуникациялық инфрақұрылымдардың дамуына тікелей әсер етті. Мысалы, Польшада жалпыұлттық желі теміржол компаниясымен бірлесіп мемлекет ішіне оптика-талшықты кабель орнату ісіне қатысты. Қазіргі күні PIONER деп аталатын Польшаның жалпыұлттық зерттеу және университет желісін «қара» талшықтарға (қондырылған, бірақ әзірге қолданылмаған оптика-талшықты кабель) қосуға жол ашылды. Бұл арқылы олар тиімділігі жоғары желі құрып, провайдердің дәстүрлі телекоммуникациялық қызметтеріне тәуелді болмайды. Польша, Чехия Республикасы, Словакия және Шығыс Еуропаның өзге елдері осы жолды таңдап Батыс Еуропа елдерінің жылдамдығы жоғары талшықты инфрақұрылымды жалпыұлттық желілерінен анағұрлым алда келеді.

Internet2 және оның халықаралық серіктестері әлемдік қауымдастықтың білім беру, білім және зерттеу жүргізудегі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін тиімділігі жоғары арнайы желілік инфрақұрылымдарды құру жұмысын жалғастырды. Internet2 негізіндегі әлемдік қауымдастықтың жетістіктері мен үздік инфрақұрылым желісін құру жолындағы талпыныстары ең тиімді, ең жылдам, ең сенімді және ең қауіпсіз Интернеттің пайда болуына ұласады. Осы бағытта жұмыс істеп біз адамдарды қоғамда және отбасында бір-біріне жақын болып, білімді кез-келген жерде алуға, бизнесті, ғылыми зерттеуді жаңаша жүргізетін боламыз. Зерттеу және білім беру қауымдастығы мұндай Интернет күллі әлемдегі Internet2 тәрізді ұйымдардың бірлескен күшімен құрылады деген сенімде.

“Media Emerging” журналын қазақшаға аударған Асхат Еркімбай

Барлық авторлық құқықтар қорғалған. Автордың рұқсатынсыз көшіріп, жариялауға болмайды (с)

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар