///

Мұхтар Мағауин 72 жаста

3343 рет қаралды
15

Бүгін – қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Мағауиннің туған күні. Ол 72 жасқа толды. М.Мағауин – Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның халық жазушысы. Бірақ оның басты ерекшелігі – атақ-дәрежесінде емес, қаламгерлік, қайраткерлік қасиетінде.

Ол қаншама кесек туындылар жазып, қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосты. «Ақша қар» (1969), «Бір атаның балалары» (1973), «Қияндағы қыстау» (1977), «Көк кептер» (1979) әңгіме, повестер жинақтары мен «Көк мұнар» (1971), «Шақан шері» (1984) романдары басылып шықты. Қазақ халқының көрші мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынасы тарихи-көркемдік тұрғыдан тұңғыш рет суреттелген «Аласапыран» тарихи дилогиясы 1981-83 ж.ж. жарық көрді. Романда қазақ ордасын Тәуекел хан басқарған тұстағы (16-17-ші ғасырлар) қоғамдық-әлеуметтік жағдай көрініс тапқан. Хан мұрагері Ораз-Мұхаммед пен оқымысты Қадырғали Жалайридің, Едіге би ұрпағы Петр Урусовтың көркем бейнелері сомдалған. Томан би, Манақ батыр, Ділшат, Ай-Шешек бегім секілді кейіпкерлерді суреттеу арқылы қаламгер Ораз-Мұхаммед тұлғасын даралай түседі. Бүгінгінің заманауи энциклопедиясы – Уикипедияда осындай мәліметтер келтірілген. Қалай десек те, оның шығармаларының арасында «Аласапыранның» орны бөлек.

Айтулы туған күнде жазушының жағдайын білейік деп, кеңсесі Чехия астанасы – Прагада орналасқан «Азаттық» радиосы Қазақ қызметінің директоры Едіге Мағауинге хабарластық. Қаламгердің ұлы қазір Мұхтар ағаның өзімен сұхбаттасу мүмкін еместігін айтты. Өйткені «Шыңғыс хан» романының жалғасын жазып жатыр екен. Сол себепті дәл қазір еш жаққа алаңдауға мұршасы жоқ. «Жұлдыз» журналында басылып жатыр. Оның бірінші томы жақын арада Қазақстанда жеке кітап болып шықты. Жалпы, бұл шығарма төрт кітаптан тұрады. Оның нақты қашан жазылып бітетінін бір Құдай біледі. Мұны алдын ала кесіп-пішуге болмайды» дейді Едіге.

Осы тұста бірнеше жыл бұрын қос Мұхтардың (Мағауин мен Шаханов) дәл осы Шыңғыс ханға қатысты мәселе бойынша дауласып, біраз жерге дейін барысқанын айтпай өтуге болмас. М.Мағауин Шыңғыс ханды кемеңгер басшы санаса, М.Шаханов оны тек жауыз деп есептеді. Ірі тұлғалар арасындағы үлкен даудың әлі де аяқталмағаны аян. Ал оған тура төрелік айтар шақ та әлі тумаған тәрізді.

М.Мағауиннің шетелге кетіп қалғанына да қазір бес жылдан асыпты. Бүгінде ол Прагада ұлы Едігенің қолында тұрады. Сонда жатып атышулы «Жармақ» романын жазғаны белгілі. Мақалалар да жазып, атамекенінде болып жатқан түрлі оқиғаларға қатысты пікірін білдіріп отырады. Алайда журналистерге сұхбат беруге құлқы жоқ. Бұл оның қазір тек қана өзінің сүйікті кәсібімен құлшына айналысып жатқандығынан да болса керек. Едіге Мұхтарұлы да: «Ол – тек қана жазушы. Түрлі мәселелерге қатысты пікірін, көзқарасын, тіпті қазіргі хал-жағдайын жазған дүниелерінен ғана оқып білуге болады» дегенді айтты.

Жазушы Чехияға кеткелі бері елге бірде-бір рет келмепті. Ал ондағы жағдайы өте жақсы. 70 жасқа толған мерейтойын сол жат жұртта атап өтті. Оған елдегі жазушылар да қатысты. Енді 72 жасқа толған әдебиет дүлдүлі өзін сергек сезінеді.

Оразәлі Баймұрат, 1tv.kz

Парақшамызға жазылыңыз

15 Comments

  1. Менің “Шыңғысхан” романына көңілім толмады. Оны көркем шығарма ретінде жазу керек еді.

  2. Жазушының туған күні құтты болсын! Ғұмыр-жасы ұзақ болсын!

  3. Иә, қазақтың қара сөз зергерінің туған күні құтты болсын! Қайда жүре дені сау, қалам қарымы қайтпасын!

  4. Мұхтар аға, біз сізді жақсы көреміз. Азаматтығыңыз үшін, жазушылығыңыз үшін, ұлылығыңызға бас иеміз.

  5. Мұхтар аға, туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймыз. Қайда жүрсеңізде деніңіз сау болсы, Алланын нұры жаусын сізге!

  6. Мұхатар Мағауиннің “Шыңғыс хан” туралы көп томды еңбегінің 1-кітабын романмен шатастыруға болмайды. Бұл “деректі тарихи хикая” деп берілген романның бастау бұлақтарының тектемелер мен түсініктемелері деп қараған жөн. Менің байқауымша шытырман оқиға әлі алда, сол ну-тоғайдан адасып қалмас үшін автор оқырманын алдын ала дайындап алу мқсатында осындай нақты деректерді ұсынады. Бірінші кітап Шыңғыс хан туралы әлемдік ғалым, зертеуші, саяхатшы, жиһанкез, ойшыл ғалымдар пікір-көзқарастарының тоғысы болса керек.

  7. Аға, туған күніңіз құтты болсын!!!Жасыңыз қартайсада, қаламыңыз қарымынан қайтпасын!!!!

  8. Ар ма, арыс Мұхтарым,
    Қалпында ма күш-дарын?
    Ел қарайды батысқа,
    Қашан келер екен деп
    Жыл құсындай құстарым.

  9. Мұхтар аға туылған күніңіз құтты болсын! Қайда жүрсеңіз де Құдай қуат берсін! Қара қазақ үшін қаламыңызды қаңтармаңыз!

  10. Атажаным, ғұмырлы болыңыз, бәйбішеңізбен бірге сіздерді алда әлі талай бақытты күндер тосып тұрғанына сенемін. Сіз ұлтыңызға деген алып махаббатпен адал түрде парызыңызды мүлтіксіз атқардыңыз. Халқыңыз, балаларыңыз сізге дән риза. Біз сізді сүйеміз!

  11. Алаш маңдайына біткен қазақ жазушыларының шоқтығы биік зиялылардың бірегейі – Мағауин атамыздың өз елінде болмағаны біз үшін қандай өкінішті! Қандай өкінішті жасы ұлғайған шағында өз елінде болмағаны? бола алмағаны үшін біздер…. Алаш арысына Алламыз ұзақ ғұмыр берсін!

  12. Мұқаңа ұзақ ғұмыр тілеймін, бәрін қойшы, тірісінде келтіре алмай, ең қиыны улап-шулап әуежайда сүйегін сүйреп жүрмейік. қазақтың әдеті сол ғой.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар