Тұмар – халқымыздың ұғымында киелі мағынаға ие болған құнды дүние.
Сан ықылым заман бұрын, қағаз жоқ, тауар хат кезеңде сауда-саттық жасап алысқа сапар шеккенде немесе соғыс жорықтарына аттанғанда бабаларымыз мал терісінен жүрекке ұқсатып үшбұрышты етіп тігілген қалташыққа туған жердің топырағын толтырып алып шығатын болған. Соны тұмар деп атаған. Туған жерге деген шексіз құрметтің, перзенттік парыздың белгісі болса керек бұл.
Аты аңызға айналған, бүкіл әлемге мәшһүр ғалым, ғұлама әл-Фараби туралы халық аузында сақталған мынадай бір әңгіме бар. Ұлы ұстаз қартайған шағында бір топ шәкірттерінің басын қосып: «Сендерге аманатым бар, егер құпиясын сақтап, шартын орындасаңдар айтамын»,– дейді. «Аманатқа қиянат жасауға болмайды, айтқаныңызды орындаймыз»,– деп шәкірттері уәде береді. Сонда ұстаз оларға көннен тігілген тұмарды ұсынып, қабірінің басында ғана ашуды өтінеді.
Арада көп уақыт өтпей-ақ ұлы ұстаз дүниеден өтеді. Марқұмды арулап, жерлеу рәсімі кезінде уәде бойынша әлгі тұмарды ашып қараса, ішінен тілдей қағаз шығады. Қағазда: «Бұл туған жерім – Отырардың топырағы еді. қабіріме осыны салыңдар»,– деп жазған екен. Өтініші үлкен тебіреніспен орындалады. Данышпанның аты данышпан, өмірден өтіп жатып та туған жердің қасиетін кейінгілерге ұқтырып кетіпті.
Тұмар атауының төркіні туған жермен байланысып жатқанын белгілі жазушы, ғалым Ақселеу Сейдімбеков өзінің «Барың мен жоғыңды парықтау» деген мақаласында анық жазған. Тұмар сөзінің байырғы түркі тілінде туған жер деген мағынаны білдіретінін ол – тума + иер деген екі сөзден пайда болғанын айтады ғылым докторы.
Тұмар исі қазақтың киелі де, құнды, асыл да ардақты жәдігері.
С.Бекмұратұлы,
«Алматы ақшамы»
Парақшамызға жазылыңыз
ата-бабаларымыз алыс сапарға аттанарда мойынына бір шымшым жусан салынған тері тұмарды жақсылыққа ырымдап тағыпты. жанды жебер қуатым деп сенгені. дала перзенті үшін жусан иісінен қастерлі, жанына одан жақын иіс болмаған. Өкініштісі сол далалықтардың немере шөберелері әлгі құдыретті, жан түлетер иісті білмейді. ұмытқан. жатсынып кеткен. олардың ол иістен әділетсіздік айырған, жатбауыр етіп жіберген.бір замандарда мына ұлы далада алыстағы бауырынахат та, сый-сыйапат та емес, бір түп жусан беріп жіберу ең ұлық салт болып саналған.ол жүздесуді немесе туған жерге оралуды талап етудің белгісі.
уақыт өте келе тұмарға дұғаны да жазып сақтады. Жыл өткен сайынтұмардың қолданысы өзгеріп келеді! дегенмен әлі күнге дейін тұмар тағатын адамдар баршылық