«ҰБТ-нің да уақыты таяп қалды. «Бақ шаба ма, бап шаба ма, әлде ақша жүре ме, белгісіз»? Күнде мыңдаған мазасыз ой санамда шаншиды. Мен қандай мамандық таңдаймын? Мен армандаған мамандыққа менің балым жете ме? Кей-кездері де не болса да грантқа түссем болды, қай мамандық болсада. Көрерміз…» – деген әр түрлі ойлар ҰБТ жақындаған сайын мектеп бітіруші түлектердің ойын мазалайды. Көбісінің арманы экономис, заңгер болу. Қай мамандықтың болашағы бар? Бітірген соң жұмыс таба аламын ба? – деген ой бітірушілердің көбіне кейіндеп қана түсіп жатады. Тек қатардан қалмай оқуға түсу. Бұл мектеп бітіруші түлектердің арманы. Түсер мамандығының түбіне үңіліп жатқан ешкім жоқ. Әйтсе, «заңгер, экономист, кеденші, қаржыгер» саласына қазіргі таңда дәл осы мамандықтар бойынша оқу бітіргендердің жұмыс тауып, бір жерге орналасып кетуі екіталай. Соның салдарынан бүгінде көптеген жастарымыз дипломдарын құшақтап, құрылыста, базарда немесе көлік жуу станцияларында жұмыс жасап жатқандары ақиқат. Соның бір дәлелі АГТУ-ды бітірген Марал Болатбекқызы. Оның айтуынша: « Бір емес екі дипломым бар, ҚазЭУ және АГТУ-ды қаржы несие мамандығы бойынша бітірдім. Екі дипломымда қызыл. Қазіргі таңда мамандығым бойынша жұмыс жоқ. Арыстан базарында сатушы болып жұмыс істеймін»-дейді.
Мамандық таңдау барысында оның болашақтағы қажеттілігін де нысанаға алған дұрыс. Алайда, болашақта сіз бен біз таңдаған «абыройлы мамандықтың» өзі қажеттілік тудырмайтын жағдай болуы мүмкін. Болашақтың таңдаулы мамандықтары мүлдем басқа болады деген шешімге келіпті бір топ британдық зерттеушілер.
Ал, психологтардың айтуынша кез келген адам өзінің мамандығына риза болуы керек, егер риза болмаса эмоционалдық тұрғыда күйреуге ұшырайды дейді. Кезінде жас ұрпаққа «мамандықтың жаманы жоқ, қалағаныңды таңда» деп өсиет айтушы еді. Ақша басты рөлді атқарар нарықтық қоғамда бұл қағида реңін өзгерткен сыңайлы. Бүгіндері «ақшасы көп, атынан ат үркетіндей» мамандықты таңдау өзіндік сәнге айналып барады. Содан болар, әлемде ең таңдаулы һәм табысы мол мамандықтардың тізбегі сараланып, жыл сайын өзгеріп отырады. Ол санақтың біздің елге үйлесуі жайын ескермеген білімгерлеріміз сұранысқа ие емес мамандықтарды таңдау құбылсы жиі белең алып жүр. Бұл құбылс елдегі жұмыссыздықты келтіріп шығаратын себептердің бірі. Дегенмен қазіргі таңда көп сұранысқа ие әрі жетіспей жатқан агроном мамандығы мен мал дәрігерлігі мамандығына жастардың құлқы жоқ. Мұнай өндіру мен өңдеу жұмысында да өз ұлтымыздан шыққан жетік мамандар аса қажет. Техникалық ғылымдар мен технология мамандықтары, энергетикалық сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бойынша дәрігер, мұғалім сынды мамандық түрлері әлі де сұранысқа ие. Бұған дәлел ел басының жолдауында білім беру жүйесін жаңғырту барысында жүзеге асырылуға тиісті алты түрлі міндет. Ол міндеттер мынадай: «оқыту үдерісіне қазіргі заманғы әдістемелер мен инновациялық технологияларды кеңінен енгізу; педагогтер құрамының сапасын арттыру; біліктілікті бекітудің тәуелсіз жүйесін құру; мемлекет – жекеменшік әріптестігін дамыту; жастарды әлеуметтік бейімделуге үйрету; оқыту үдерісінің тәрбиелік құрамдасын күшейту міндеттері міндеттелген болатын. Осы байланысты «Елбасының тікелей бастамасымен өмірге келген «Болашақ» бағдарламасы Қазақстанның бүгіні мен ертеңі үшін ең алдыңғы қатарлы білімді мамандар дайындаудың тамаша үлгісі болғаны анық. Бұл бағдарламаның басталғанына биыл 18 жыл толды және осы уақытқа дейін әлемнің ең үздік оқу орындарын 3 мыңға жуық қазақстандық жастар бітіріп, маман атанды. Әлі оқуын жалғастырып жатқандар саны 4 мыңнан асады. Осы «Болашақ» бағдарламасы арқылы Шотландияданың Эденвург қаласында Heriot-Watt университетінде оқып жатқан Гүлнар Баймұханқызымен, Мәскеу қаласында НИТУ «МИСиС» университетінің студентті Арбек Бекетпен және Кипр мемлекетіндегі Фамагуста қаласындағы Восточно средиземноморской университетінде білім алып жатқан Мұханғалиева Жанарадан ол жақтағы білім сапасы жайында сұраған едік .
Шотландияда білім алып жатқан Гүлнар Баймұханқызының айтуынша «Қазіргі таңда Шотландияда «мұнай-газ» мамандығы бойынша магистратуралық білім алудамын. Салыстырып айтуға екі категория екі түрлі, әрине. Бірақ, ондағы білім беру үрдісі біздікінен бір бөлек. Байқағаным, онда оқытушылар тарапынан бүгін бірдеңені үйреніп кетсін деген ниет байқалмайды. Себебі, барлық білім беру жүйесі адамның өзіндік жұмыс істеуіне негізделген. Ақылы білім алатындар өз ақшасын ақтау үшін оқуы керек деген түсінік қалыптасқан. Ол жерде әркім өзі төлеген қаржы көлемі бойынша білім талап ете алады. Оқытушы студент болсын ағылшын тілінде сөйлеуге міндетті. Ол жақтағы мұғалімдердің міндеті тек бағыт-бағдар беріп, консультациялық қызмет атқару ғана. Ал студент өзін-өзі дамытып, ізденіп отыруы тиіс. Оқытушылардың көпшілігі өздерінің ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысады. Бір семестрде дәріс оқыса, келесі семестрде оқытушылықты қойып, тек қана зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүре береді. Бірақ, жалақысы бұрынғыдай төленеді. Өзінің зерттеу тақырыбы, ғылыми аясы бар болғандықтан оларға студенттерге түсіндіру де ыңғайлы. Тағы бір ерекшелігі оқу залы күндіз-түні жұмыс істейді. Студенттер үшін емтихан кезінде сканер, көшірме (ксерокопия) барлығы тегін. Білім сапасы бұл жақтағы университеттермен салыстырғанда әлде қайда жоғары».
Ал, Мәскеу каласында НИТУ «МИСиС» университетінде білім алып жатқан Арбек Бекеттің айтуынша: «Біздің университетте білім сапасы өте жоғары, шындығына келгенде сабақ өте қиын. Ағым бойынша 80 студент оқимыз соның ішінен 5 алатындар 2-3 ақ кездеседі». Барлық сабақ интерективті тақта арқылы өткізіледі, оқуымыздың көп бөлігін зертханалық жұмыстарға арнаймыз. Өйткені, менің мамандығым қара металлургия. Зертханамыз да жаңа техникалық құралдармен жабдықталған. Бізде Шотландияданың Эденвург қаласында Heriot-Watt университеті сияақты күндіз-түні оқу залы жұмыс жасамайды, Қазақстандағы университеттер секілді таң ертен 8 де ашылып кешкі сағат 19:00 де жабылады. Сканер, көшірме барлығы өзің үшін ақшамен » – дейді.
Ал, Фамагуста қаласындағы Восточно средиземноморской университетінде білім алып жатқан Мұханғалиева Жанараның айтуынша: «Мен халықаралық қатынастар мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Университетте дәріс беретін ұстаздардың көбісі шетелден келеді. Оқу үрдісінің бір ерекшелігі, әр адамның тұлғалық ерекшеліктері бағаланады. Студенттер арнайы эсселер жазады. Бұрын қандай жұмыс істеді, белсенділігі, тәжірибесі қандай бәрі ескеріліп отырады. Кейде білімнен гөрі осы нәрселерге көбірек көңіл бөлінуі мүмкін. Себебі, бір топқа түскен 10-20 шақты студенттің ішінде тұлғалық қабілеттері барлары болса, олар бір-бірін тәрбиелейтін орта болады. Студенттерді барынша бір-бірімен байланыстырып, топ болып жұмыс істеулеріне көп жағдай жасалынған. Ешкім де бөлектеніп, өзімен-өзі қала алмайды. Студенттер өздігінен көп ізденеді. Білім сапасы өте жоғары. Мұнда талап көп».
Қазақстан бойынша 148 жоғары оқу орны бар, білімгерлер үшін таңдау мүмкіндігі мол. Бір-ақ оқу орнын таңдап бас қатырып жатқандар саусақпен санар ғана. Қай оқу орнын бітіріп шықса да қолында дипломын болса болды дегендер жетерлік. Шындығына келгенде, жауапты шешім қабылдау алдында әбден ойланып-толғанып, жан-жақты ойластырып барып таңдау жасау керек. Дегенмен, осы сәтте адам екі нәрсені таңдауда жаңылыспауы керек. Соның алғашқысы мамандық таңдау екен. Өйткені мамандық әрбірімізге өмір бойына азық боларлық, тұрмыстық, рухани тұрғыда жанға жайлылық берер кәсіп. Себебі ол сіздің ертеңгі өміріңізге баратын алғашқы баспалдақ. Әркім жауапты шешімді өзі қабылдауы керек. Мамандықтың жақсы, жаманы болмайды. Тек сіз таңдаған мамандық халыққа, елге, ең бастысы өзіңізге пайдалы болуы керек. Болашақта кәсібіңіз арқылы нәсібіңізді тауып жейтіндей, ақшасына мастанып, жылтырағанына еріп, өмірдегі шынайы бағыттан адаспасақ игі.
Назым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ
Парақшамызға жазылыңыз
Мамандық таңдау адам өміріндегі ең бір жауапты қадам десе болады. Көп жастарымыз мамандық таңдаудан қателаесіпте жаттады. Соның кесірінен жұмыссыздық белең алып жатыр. Мен саған қосылам Назым.