Мен көрген жаужүрек балалар — Ермек Тұрсынов бұны көрмесін!!!
(рецензия)
Әлқисса, алданып қалудан басталды. «Қазақфильміміздің» күттірген дүниесін қазақшасының үстінен жазылған орысша нұсқасында көру жазылыпты маңдайға. Осыдан-ақ түсіне беріңіз – рухтану, күш алу мен серпілу импульсі түсінілетіндей бәсеңсиді. Едәуір жаншылады.«Көшпенділермен» еріксіз салыстырасың. Жанры, месседжі мен тағылымы сабақтас болғасын. Бұнысында осал тұстар ескерілгенсігенімен, ә дегеннен кейбір кемшін тұстарын елемейін десең де болмайтындай екен. Жоқ, жаманаттамай, бәріне көз жұма жақсы көрейінші дейсің ғой. Оның да шамасы, дәргейі һәм шегі болмай қоятыны бар бірақ, ағайын.
Диалогтарды күшейтіп беруге болар еді, мысалы. Шайқасу сахналарына біліктілеу маман тартылып, өжет жаужүректердің образын ұтымдылау беруге болар ма еді… Массовкаларға қарап популяциямыз құруға жақын қалған этностардыкіндей ме еді деп кіжінегің келеді. Енді, біреудің талай жылғы ойластырған, жүйелестірген дүниесін бір шимаймен быт-шыт қылу оңай да шығар. Ахан Сатаев соққыларды қабылдай алатындай шыңдалған режиссер деп білгесін бе, көсіле айту керек болыңқырамай қалған сюжеттерді.
Сартайдың роліндегі жігіт өз миссиясын жаман атқармаған сияқты. Есесіне «досы» Таймастың әсіресе ауыр кінәсі үшін ағашқа байланған жерінде Сартай келген тұстағы сомдауы тым әлсіздеу болды. Түсінуімше, бұлар кәсіби актерлер емес, кастинг барысында сұрыпталып-іріктелгендер ме деп қалдым.
Әбілқайырдың роліндегі жігітті бір жерден көрген сияқтымын… Айтқандай, «Ағайындылар» бұл киноға сол күйі керуендетіп келген бе дерсің… Композиторына дейін…
Сол бір таныс бейнелер, кісілер… Жаңа амплуада бірден мойындай кету қиынға соқты. «Қазақфильмді» айналсоқтап жүргеннің қай-қайсысы да ролсіз қалмаған сықпытты.
«Жаужүрек мың бала» деп аталғасын қараларын жүзден асыру керек еді кемінде. Әйтпесе Түркістаннан жетеу, Шалқардан үшеу, Ойылдан екеу… Аздық еттік.
Ат үстінде ойнау, каскадерлік шеберлік жетіспеді, Аңырақай шайқасы заманына сай сол кездегі қазақ өмірінің шынайы картинасын жете сезіне алмадым. Жалпы алғанда, қазақ фильмін қазаққа қазақша бермей, үстіне жабыстырыла оқылған орысшасымен бергенінен ләззәтқа бөлене алмай қалған сияқтымын. Ыза мен реніштің көбісі содан ба деймін.
Бірақ фильмнің ұнамды тұстары да аз емес екенін бүкпеу шарт. Оны қарарман әркім өзінше бағамдасын. Мәселен, жоңғарлардың қару-жарақ қоймасын «аларда» аса көп созбай, сағызша шайнамай ана оқымысты жігіт барды, оттықты қоймаға лақтырды – істі насырға шаптырмай лезде жарды. Әйтпесе, кескілескен айқас боп кете ме деп қорықтық та отырдық.
Қазақтың дүниесі болғаны үшін ғана осылай күйінгенсисің. Әйтпесе, қанша қанжарлама – тілеулессің. Деңгейіміз осы. Тоқмейілсуге тура келеді, достар.
Нұрғиса Асылбеков
Дереккөз: mynbala.kinostan.kz
Парақшамызға жазылыңыз
Орыс тілінде… әй…
Жаужүрек он бала, ито біреуі қыз біреуі “кидала”(((( Аударма уапше ұят нәрсе. Қазақстанда тұрып қазақша кино көре алмау деген сұмдық қой нақ. НАН-ды басы мен аяғына қыстырып қою дәстүрге айналыпты қазақтың қай фильмі болмаса да…
Таза қазақ тілінде қашан кино кореміз?
“Жаужүрек мың баланы” Алматыдағы кинотеатрлардың қайсысында қазақша жүріліп жатқанын интернеттен қарап отырып, Сейфуллин және Шолохов көшелерінің қиылысындағы “Манго” сауда орталығындағы “Чаплин” кинотеатрынан көрдік. Таза қазақ тілінде. Негізінен ұнады. Әрине кейбір сюжеттер бар келіспейтіндей. Бірақ “Көшпенділерден” көш ілгері екендігін айтқым келеді.