///

Әбдіуақап Қара: Ресейдің зымыран атуы – аяғыңды аңдып бас дегені

771 рет қаралды
2

Зерттеу тақырыптарым туралы сұрақтар бар. Желтоқсан шындығы ашылды ма? деп сұралған. Жоқ. Өкінішке орай, ғалымдардың бұл туралы зерттеулер жүргізбегені мені таңқалдырады. Желтоқсан қазақтың үлкен мақтанышы. Жастардың осы әрекеті тарихта «халықтар түрмесі» деп аталған Кеңес Одағынан халықтардың тәуелсіздік алуына алғашқы нақты қадам болып табылады. Бұл әрекет әлемдік нәтижесі болған үлкен қозғалыс. Бұл Қазақстан тәуелсіздік тарихының алтын парағы.

Өкінішке орай бүгінгі таңда көп адам Қазақстанның тәуелсіздік тарихы, ұлы  тұлғалары дегенді, көбінесе Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңі деп түсінеді. Негізінен отарлық езгіден құтылып тәуелсіздікке қол жеткізген әр елдің тәуелсіздік тарихы тәуелсіздіктен алдынғы және кейінгі болып екі кезеңнен тұрады. Бұл екі кезең бірін-бірі толықтыра түседі. Бірі кем болса, тәуелсіздік тарихы мәнін жоғалтып алады.

Сондықтан желтоқсан тарихы да, Алаш Орда тарихы да, Мұстафа Шоқай да тәуелсіз Қазақстан үшін маңызды. Бір оқырман Мұстафа Шоқайдың мұрасын түгендедік пе? деп сұрайды. Бірсыпыра ғалымдар жанкештілікпен осы орайда жұмыс істегенмен, олардың шоқайтану ғылымындағы жетістіктері халыққа кең көлемді жеткізу жайында жұмыстар аз болып отыр. Мәселен, тәуелсіздікке жету тарихымыздың көрнекті тұлғасы Мұстафа Шоқайға арнап Қазақстанның тәуелсіздігінің символ қаласы Асатанада бір ескерткіштің болмауы өкінішті.

Мұстафа Шоқай армандаған Түркістанды құруға мүмкіншілік барма деп сұралған. Әрине бар. Бұл туралы Қазақстан Президенті 2005 жылғы 18 ақпан күнгі жолдауында ашық түрде айтып Орталық Азия одағын құру туралы идея тастаған. Ол іске аспайтын арман болса, әрине Елбасы ол туралы сөз қозғамас еді. Өкінішке орай, оның бұл ұсынысы аймақта қолдау таппады. Бүгінгі таңда одан да ауқымды Түркі Елдері Ынтымақтастық Кеңесі жұмыс істеп отыр. Бірақ әлі кемшіліктері бар. Мәселен оған Өзбекстан мен Түркменстан әлі толық мүше болып кірмей отыр. Бірақ қайда барады? Егер бұл Кеңес алған бағытынан таймай жұмыс істейтін болса олар ақыр соңында мүше болады. Өйткені оларда бұған мүдделі.

Бұл жерде Түркі Елдері Ынтымақтастық Кеңесі бағытынан таймай жұмыс істесе деп отырғаным, бұдан былай оған Ресейден кедергілік болама  деп ойлағаным. Өйткені, қазіргі таңда Ресей оған оң көзбен қарамаса керек. Осы бірнеше күн алдын, атап айтқанда 2012 жылы, 8 маусым күні Путиннің Қазақстанға барған сапары кезінде Ресейдің қазақ жеріне зымыран атып сынақ жасауы кездейсоқ болмас. Бұл Қазақстанға бұдан былай аяғыңды аңдып бас деген ескерту болса керек.

Осы хабарды естігенде осыдан бір айдай бұрын Түркияда өткен “Тәуелсіздіктеріне 20 жыл толуына байланысты Түркі республикаларымен Түркия арасындағы байланыстар” тақырыбындағы халықаралық ғылыми жиналыста бір маманның айтқандары есіме түсті. Ол былай деген еді:

“Ресей ХVІ ғасырдын орта шенінен бастап Алтын орда мемлекетінің есебінен жерін кеңейте бастады. Ол кезде халық арасында “Тәңір өзіне жаққан уақыттарымызда бізге Сыр дәрияны, жақпаған кезімізде орыстарды жіберді” деген мәтел шыққан екен. Қазіргі таңда Орталық Азия тек Ресейдің емес, бүкіл дүниежүзілік алпауыт елдердің күш сынасқан аймағына айналып отыр. Ресейдіңде арманы жаһандық күш болу. Мәскеу сол арманына жету үшін ең алдымен жақын шетелдерді уысыма алу қажет деп санауда. Сол себептен Путин бір жақтан жақын шетелдермен байланыстарын күшейтуді, екінші жақтан олардың өзінен басқа елдермен байланыстарын шектеуді көздеуде. Осы орайда Путин ШЫҰ, ЕЭО, Еуразиялық одақ сынды ұйымдармен әсер-ықпалын арттыра түспек. Арғы жақтан АҚШ болса Ресейдің Еуразия аймағындағы энергиядағы үстемдігін жоюға күш жұмсауда. Қытай болса жұмыстарын аймақта әрі Ресейдің әрі АҚШ-тың әсер-ықпалын әлсіретуге бағыттауда.”

Яғни қазір Қазақстан және Орталық Азиядағы елдер үшін енді өте қиын-қыстау кезең басталып отыр. Аталған алпауыт елдердің қыспағынан құтылудың екі-ақ амалы бар. Біріншіден, Орталық Азия елдерінің бақай есептерді тастап 2005 жылы Елбасының жасаған ұсынысы бойынша Орталық Азия одағында бас қосу, екіншіден жалпы түркі халықтарының ынтымақтық кеңесі арқылы күш біріктіру. Міне бұлар Шоқай армандаған мақсат. Демек Шоқай армандаған дүние бос қиял емес, ол Орталық Азия елдерінің мүддесі. Сондықтан Шоқайдың бір Түркістан идеясын іске асырудан басқа аймақтағы елдердің шарасы жоқ.

Латын алфавиты туралы сұралған. Қазақстан бұған өтуге тиіс. Түркі халықтары арасындағы бүгінгі саяси ынтымақтастық мәдениетте де жалғасын табу керек. Сол үшін Қазақстанда латынға өтуге тиіс. Сонда 16,6 миллиондық Қазақстан баспасөзінің, кітаптарының, басқа жазбаша материялдарды 200 миллион түркі дүниесі оқитын болады. Олардың жазғандарын қазақтар да оқиды, әрине.

Алаштану ғалымдарының еңбектеріне көңілім толады. Олар жұмыс істеп-ақ келеді. Бірақ, сол жұмыстардың нәтижесі халыққа көп насихатталып отырмағанын байқаймыз. Бұларға тек әрқандай орындарда билік тізгінін ұстап отырған азаматтар ғана емес, жазушылар, журналисттер, өнерпаздар да жеткілікті мөлшерде көңіл бөлмеуде.

Менің бір баурым, Жаңаөзен және тіл мәселелерінде сіз үн қатпайсыз. Бұларға неге араласпайсыз деп сұрайды. Дұрыс айтады. Мен әсіресе Жаңаөзен мәселесі туралы еш нәрсе айтпадым және жазбадым. Менің өзімнің принцібім – маманы болмаған мәселелерге араласпау. Әсіресе күнделікті саяси мәселелерге араласпау туралы ұстанған бағытым бар. Бұл тек Қазақстан үшін ғана емес. Түркия үшінде солай. Бұл туралы көп сыналып жатырмын. Түркияда да саяси мәселелерге араласпағаным үшін мені сынайтындар бар. Меніңше ғалым ғалымдығын білу керек. Өйткені ғалым халыққада керек, саясаткергеде керек. Қазір мен Түркиядағы бүкіл саяси партияларға тең қашықтықтамын. Солардың әрқайсысы шақырып тарихи мәселелерде кеңес алады немесе жиналыстарында конференцияларында сөз сөйлеймін. Және де менің зерттеу тақырыптарымның бірі Түркия Республикасының саяси тарихы. Егер мен саяси мәселелерге араласатын болсам, онда кейбір партиялар бейтараптылығыма шек келтірер еді. Алайда дұрыс тарих жаза білуім үшін мен олармен етене араласып жүруге міндеттімін. Мәселен қазір Тұрғыт Өзалдың Орталық Азия туралы саясаты жайындағы монография жазып жатырмын. Бұл туралы әрқандай саясаткерден немесе партиядан мәлімет сұрағанымда олар қолдау көрсетті. Қорытып айтқанда, мен қоғам қайраткері емеспін, тарихшымын. Кәсібіме сай әрекет жасаудамын.

“Қамшы” сайтындағы онлайн конференциядан үзінді

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. негізі пікірлерімен келісуге болады. Бірақ саясаттан тыс тарих деген болмайды. Жаңаөзен мен желтоқсанның түбірі бір ғой. сондықтан солқылдақтық танытудың тарихшы үшін еш қажеті жоқ. Ұнағанды жазам, ұнамаса жазбаймын деген принцип болмауы керек. Қазақ тарихын құртып отырған осы жалтақойлық емес пе?

  2. Көптеген көкейкесті мәселерлерді көктеп өттіңіз Әбеке, Алла разы болсын!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар