Ұлттық медициналық терминологиямыздың кемтігін толтырып, кемістігін жөнге келтіріп және оны байыту тұрғысында өткен жылдарда атқарылған іс сан алуан. Бұл игі іске жоғары оқу орындары, оның ішінде медициналық білім ордалары, әсіресе олардың қазақ бөлімдері жан-жақты атсалысты деп айтуға болады.
Алайда әлі күнге дейін мемлекеттік тілдегі медициналық оқулықтардың жетіспеушілігі мен сол оқу құралдары сапасының сын көтермейтіндігі, орыс тіліндегі көп оқулықтардың бірінен алып, әркімнің өз білгенінше аударма жасағандығынан жарық көріп жатқан сапасыз оқулықтар әлі де көптігі байқалып отыр. Өзге тілдегі оқулықтардағы толған грек-латын, ағылшын және басқа тілдегі термин сөздер мен сөз тіркестерінің қазақша дұрыс аудармасын таппай, әуре-сарсаңға түсіп жүргендері қаншама. Әлі күнге медициналық университеттерде оқып жүрген жоғары курс студенттері мен интерндер кейбір рефераттарын, яғни студенттің өз бетінше орындалатын жұмыстарын орыс тілінде жазуға өтініш білдіреді. Бұл – ащы болса да шындық. Қазіргі бұрын-соңды болмаған ғылыми-техникалық прогресс кезеңін басымыздан өткізіп жатқан шақта зиялы қауымның осы ұлттық терминология, соның ішінде ұлттық медициналық терминология мәселесіне жіті назар салып жүргендері аз ба деп ойлаймын. Өйткені, дәрігер-оқытушы, Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтының алғашқы түлегі – менің өзім «Ана тілі» газетіне екі мақала жаздым (17.03.11 және 01.09.11ж.). Ол мақалаларда медицина саласына қатысты термин сөздерді бірізділікке түсіру мақсатындағы өз ой-пікірімді ортаға салып, дәйекті дәлелдерімді келтірдім. Алайда соған үн қосып жатқандар сирек. Сонда ақты ақ, қараны қара деп бүгін айтпасақ, қашан айтамыз. Сондықтан әр мәселеге өз уақытында үн қосқан, оң шешілуіне атсалысқан абзал емес пе?
Рас, мемлекеттік тілдің мәртебесі жөніндегі қызу пікірталастарды күнделікті байқап отырмыз. Бұл тіл мәселесі күн тәртібінен түспей тұр дегенді аңғартады. Республикалық, аймақтық БАҚ-тар да бұл тақырыпты көп қаузалады. Кейбір саясаткерлер қазақ тілінің бүгінгі жағдайына алаңдай келе, «Жиырма жыл өтсе де қазақ тілінің қолданысы шектеулі. Алда қалай болмақ?» деп уайым білдіреді. Бірақ мұндай пессимистік пікірмен келісу жөнсіз деп санаймын.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өзі әр Жолдауында тіл мәселесін сырт қалдырмайды. Биылғы халыққа Жолдауында да «Қазақ тілі, мемлекетіміздің тілі өсіп-өркендеп келеді, 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгергендердің қатары 95 пайызға дейін жететін болады» деді. Сондықтан мемлекеттік тілді меңгергендердің саны мен сапасын арттыру, күнделікті тіл төңірегінде кездесіп жатқан олқылықтар мен кемістіктерді жойып, сол арқылы тілдің қолданыс аясын кеңейту біздің басты мақсатымыз болуы керек.
Орыс тілінің сөздік құрамына басқа елдерден енген терминдер (латын, грек, ағылшын, француз, араб, түрік, парсы) қаптап тұр және тіпті қазақтың да сөздері бар, олардың бәрі де аударылмай сол қалпында беріледі. Сол секілді қазақ тілінің сөздік құрамына да қаншама парсы, араб, моңғол, орыс және басқа елдерден кірген сөздер де толып жатыр, олар тілімізді байытпаса, залалы тимейді. Жалпы айтқанда, ғылым тілі ұлтқа, оның тегіне, нәсіліне қарамайды, бәріне ортақ, білім беру саласындағы барлық тілдерге ұғымы бір сөздер бұл –терминдер. Сондықтан оларды қазақшаға жөнді-жөнсіз, ала-құла аудара салу тіліміздің қадірін кетіреді.
Көкейімізде жүрген кей мәселелерді алдыңғы мақалаларымның жалғасы ретінде жария етейін. Бұрынғы мақалада медицинадағы оқу «организм»-нен бастау алады дегенмін. Біздің ойымызша, осы халықаралық термин жалпы баспасөз және басқа да соңғы шыққан ғылыми материалдардан алып тасталған секілді көрінеді. Олай болса, «микроорганизм», «макроорганизм» – «микро, макроағза» болып шыға келеді де, оны дәрігер қауым немесе медицина қызметкерлері қалай түсініп отыр?
Халқымыздың көрнекті жазушыларының бірі Бексұлтан Нұржекеевтің «Мен журналистерге ренжимін, солардың қателігінен «жанұя» деген сөз бүгінде жиі айтылатын болды. Ол сөз қазақта болған емес. А.Байтұрсынұлы атамыз «отбасы» деп о баста айтып кеткен» дегені бар. Рас айтады. Семья бұл орыстың «семья» сөзінің аудармасы – практикалық дәрігердің күнде айтатын сөзі. Студент-медиктерге науқастың (пациенттің) «отбасылық анамнезін» толық етіп жазыңдар деп тапсырамыз.
Әлемдік термин «прогресс» сөзі де – «үрдіс» болып қолданыста жүр, оны, әсіресе, жастар тез қабылдап кетті. Осы жөнінде Мырзан Кенжебай «Үрдісінен айырылған ұлт құриды» («Ана тілі» № 9, 2009 ж.) мақаласында: «Әңгімені «үрдіс» сөзімен бастау себебіміз, осы күні көптеген журналистеріміз осы сөздің мағынасын білмей, оны латынның «прогресс» сөзінің мағынасында қолданып жүр. Бұл да – ұлтты адастырудың бір жолы. Үрдіс дегеніміз – салт-дәстүр. Ал салт-дәстүр, яғни үрдіс – мәдениеттің басты тірегінің бірі» деп жазады. Бұған да қосыламын.
Алайда әлі күнге латынның осы «процесс» терминін жоғары оқуы орындарының студенттері де, оқытушылары да «үрдіс» деп пайдаланып жүр.
«Үдеріс» сөзі де «процестің» баламасы емес. Мәселен, медицинадағы «туберкулезный процесс» дегеніміз «туберкулез ауруы» немесе «онкопроцесс» – «онкологиялық ауру» деп қана аударылады.
Соңғы жылдарда баспадан шығып жатқан оқу құралдарында мынадай сөз тіркестерін кездестіреміз: «үрдістің орныққан жері», «негізгі емдеу үрдісі» және т.б. Бұлар орыс тіліндегі «локализация процесса», «основные принципы лечения» деген тіркестердің аудармасы. Осындай мағынасы майысқан сөздер мен сөз тіркестерінен басың айналады. Байқап отырғаныңыздай, бұл жерде «принцип» термині де «үрдіске» айналып кеткен. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» деген осы ма? «Принцип» сөзі көбінесе «ұстаным» деп аталып жүр ғой, сонда «позиция» сөзін қайда апарып тіркейміз. Өйткені позиция – ұстаным (Х. Махмудов, г. Мұсабаев, Алматы, 2011ж.).
Жоғарыда аталған әлемдік дәрежедегі күнбе-күн қолданыстағы терминдерді ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен шығарылған көп таралымды сөздіктен (Алматы, 2007ж.) қаралық:
1) Принцип – 1. принцип, негіз, түпкі түйін; 2. ұстаным, айнымас көзқарас, нық пікір және т.б.
2) Процесс – 1. процесс, барыс; 2. мед. – ауру барысы, дімкәсті жай.
3) Позиция – 1. орныққан орын, орналасқан жер; 2. воен. – әскери шеп… 3. перен. – айқындама көзқарас, ұстаным, бағдар… 4. спорт орналасқан қалпы.
Әлем жұртшылығына ортақ үш қана сөздің қазақша баламасын іздеп, ол аудармалардың мағынасы әркелкі шығатынын ұқтық. Ендеше, оларды неге сол күйінде қабылдамасқа. Оқу құралдарындағы халықаралық ғылыми терминдерді асығыс аудару да осыған әкеп соғады.
Ана тіліміз Конституцияға мемлекеттік тіл болып енгізілген жылдардың бастапқы кезеңінде, яғни 1994 жылдың қазан айында Қарағанды қаласында, ұмытпасам, «Ұлттық медицина терминологиясын дамыту» бойынша халықаралық ғылыми конференция өткен болатын. Сол үлкен жиынға әріптесім медицина ғылымдарының кандидаты С.А.Молдашевамен біріккен «Фтизиопульмонологиядағы жиі қолданылатын кейбір терминдердің аудармасы жөнінде» тақырыбымен мақала берген едім. Мәтіні былай: Фтизиатрия пәнсаласында жиі айтылып жүрген «Очаг» терминінің көп мағыналы сөз екеніне қарамастан оны «ошақ» деп аударып жүр:
1) «Очаг» – түркмен сөзі, оның қазақша баламасы – отбасы, үй-іші, мекені. Бұған мысал: «очаг туберкулезной инфекции» – «туберкулез жұқпасының (инфекциясының ошағы)», яғни бактерия бөлуші науқастың мекенжайы;
2) «Очаг» – орныққан жері немесе «аурудың шығатын көзі» деген мағынада аударылады;
3) бұл терминнің рентгенологиядағы баламасы «Очаг» – «түйін» болып аударылуы тиіс.
Көрнекті тіл жанашыры дәрігер-ғалым, ортопед, медицина ғылымдарының докторы Естөре Оразақов өзінің «Дәрігерлік кеңес» атты кітабында «очаговый туберкулез легких» тіркесін «ошақты (түйінді) өкпе туберкулезі» деп аударады. Ол «түйінді» сөзін жақшаға алып көрсеткен. Еліміз егемендік алғаннан бері медицина терминдерін қазақшаға аударуда алдыңғы шепте көрініп жүрген әріптесім, медицина ғылымдарының докторы, профессор Қ.Ә.Жаманқұлов өзінің шағын сөздігінде де «очаг» терминін «түйін» деп жазды. Расында, рентген көрінісіндегі түймедей нәрсені қалайша «ошақ» деп айтамыз? «Очаговые тени» сөз тіркесі «түйінді дақтар» деп айтылуы ләзім.
Өкпе ауруларын бастан өткізген қария-қарттардан естігенім және өзімнің зерделенген түсінігім бойынша кеуде немесе көкірек қуысында «көлеңке» болмайды, яғни рентген көрінісіндегі «тень» – «дақ» болып аударылғаны дұрыс. Халқымыз ертеден «өкпесіне дақ түскен», «өкпесі қарайған екен», «өкпесі дақтанып кетіпті» демейтін бе еді? Осыған зер салмай жүрген дәрігер әріптестерімнің аузынан «ошақты көлеңке», «жолақ көлеңке» және осы сияқты өзге де түсініксіз сөз тіркестерін жиі естимін.
Ғұлама сөз зергері Ғ.Мүсірепов: «Біздің қазақ тілі өсу үстінде, адам баласының кез келген қиын да күрделі ойын бейнелеудегі мүмкіндігі зор, аса бай тіл. Сондықтан да оны көздің қарашығындай қастерлеу – адамзаттығымыздың ең шынайы түрі» деп еді ғой. Ғабең айтқандай «адам баласының кез келген қиын да күрделі ойын бейнелеуге мүмкіндігі зор» тілімізге кір келтірмей келесі ұрпаққа мәртебесін биіктетіп жеткізу – парыз.
Темірғали ҚОҢЫРҚҰЛЖАЕВ,
М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің доценті
“Ана тілі”
Парақшамызға жазылыңыз