//

Нағыз саясаткер кім?

1921 рет қаралды

Қоғамның даму үшін оппозиция керек. Ол биліктің қате саясатын көрсетіп, сынайды. Ал, билік түзелмесе, халықтың қолдауына сүйеніп, сайлау немесе төңкеріс арқылы билікті алады – өзінің жаңа саясатын жүргізеді. Бұл – қоғам дамуының кепілі. Бірақ, бұл саяси жүйе жұмыс істеп, жемісін беру үшін оппозициялық алаңда нағыз саясаткерлер жүру керек. Қазіргі Қазақстан жағдайында олай емес – саяси алаңды ылғи арандатушылар жайлап алды.

Ең қиыны, ең қауіптісі – сол, оппозициялық алаңда бығып жүрген арандатушыларды кәдуілгі саясаткерден айыру мүмкін болмай бара жатыр. Арандатушы да саяси тілде халыққа салмақ салып сөйлейді, билікті сынайды, әділеттілік, бостандық, демократия принциптері жайында лепірме сөз айтады. Бірақ олардың түпкі мақсаты корпоративтік мүдделерді күйттеген конъюктурадан әріге аспайды. Олардың «саясаткерлігін» Лада Вульф бір ғана сөзбен былайша түйіндейді: «Арандату – адамдарды оятады. Ең бастысы, уақыт өте келе оларды ұйықтатып тастайды».  Яғни, арандатушылар басында лепірме сөз айтып елді бір дүрліктіріп алады, кейін сөзі сұйылады, осыны көрген халық шаршайды, қолды бір сілтейді де ұйқыға кетеді… Арандатушылар ылғи осы мақсатты жүзеге асыру үшін жұмыстанады. Олар осындай іс жасап нанын айырып жүр.

Қазақстанның оппозициялық саяси алаңында жүрген арандатушылардың өмір жолы түрліше. «Түгел тізімдеп атамады» деп ренжімесін, біз солардың бірнешеуі жөнінде аз-маз сөз айта кетейік. Мысалы, саясаткердің «шапанын» жамылып алған Дос Көшім деген біреу бар. Ол өзін қазақтың қамын күйттеген ұлтшыл-патриот санайды. Жұрт та солай ойлады. Ол билікте болған емес. Соған қарамай оны саяси сахна пердесінің арғы жағындағы «түкті қол» көптен бері басқарып келеді. Бірде оның «арты» ашылып та қалды. Бірақ, оппозицияның, әсіресе радикал ұлтшылдардың оған деген сенімі жоғалған емес. Өйткені, олардың түгелге жуығы Дос Көшімнің өзі сияқты – «қарға қарғаның көзін шұқымайды».

Айдос Сарым есімді «ұлтшыл-патриот» әрі «либерал-демократ» Алтынбек Сәрсенбаевтың тұсында, Президент әкімшілігінде жұмыс істеп жүргенде сөз бостандығын тұншықтырып, БАҚ-ты тұқыртумен болды. Ұлтшыл-патриотарды сүйекке таластырғандай итше ырылдастырды. Қысқасы, ұлтшыл күштердің сілікпесін шығарып әлсіретті, сол кезде бір арнаға енді-енді тоғыса бастаған ұлтшыл ойды шашыратып жіберді. Оның Атырау облыстық ішкі саясат департаментінде жүріп жергілілікті оппозициялық топтарға жасаған қысымы тіпті жантүршігерлік. Қазір ол нағыз оппозиционер сияқты, ұлтшыл-патриоттардың сөз бастар интеллектуалы мәртебесін иемденіп алды. Әрине, адамдар қателеседі, өзгереді, кейін басқа жолды таңдайды. Бірақ, А.Сарымның бүгінгі жасап жүрген ісіне қарап, «бықсық істі қойған екен, саясатпен шындап айналысуды бастаған екен» деп айта алмаймыз. Билікте емес, оппозициялық алаңда жұмыс істеуіне байланысты ол тек кейбір тактикалық әдісін ғана өзгертті. Себебі, мұнда бірден кесіп-пішіп тастайтын әміршіл әкімшілдік әдіс қолдануға болмайды. Сондықтан, қазір «А.Сарым адамдарды оятады. Ең бастысы, уақыт өте келе оларды ұйықтатып тастайды». Осыны да саясат деп айтуға бола ма?!.

Серікжан Мәмбеталин де бірден «кәсіби білікті» арандатушы болған жоқ. Жоғарғы биліктегі дәу «көкесінің» жасаған қамқорлығы арқасында «Болашақ» бағдарламасы бойынша қазынаның ақшасына Англияда оқыды. Сауда жасаудың батыстық жүйесін біршама меңгеріп алған соң, ол әлгі «көкесінің» мұнайын әлемдік нарықта саудалады. Энергияның әлемдік тапшылығы тұсында мұнай саудалау қиын шаруа емес. Сондай-ақ, одан саясаткер шықпайтыны о бастан белгілі болатын. Соған қарамай оны «көкесі» шаруасы шатқаяқтаған «Руханият» партиясын басқаруға жіберді. Ол жерді де оңдырған жоқ. Мейлі, «Руханияттың» обалы жоқ, өзімен кетсін. Ең өкініштісі – сол, С.Мәмбеталин тіл жанашыры Мұхтар Шахановты арлы-берлі тартқылап, жұрт алдындағы бұрынғы беделінен жұрдай етіп, тақырға отырғызып кетті. Ел басына күн туғанда арқырап шығатын ақын содан бері ес жия алмай есеңгіреп жүр. Әрине, С.Мәмбеталин саяси алаңдағы өзінің де позициясын бекіте алған жоқ. Бірақ, ол қоғам дамуына зиянкестік жасаған арандату әркетін өте шебер орындап шықты. Әлі де сол ісін жалғастырып жатыр.

Соңғы жылдары ұлтшыл-патриоттың «шапанын» киіп алған Мұхтар Тайжанның ішкі бауы кіммен байланысып жатқанын дөп басып айту қиын. Дегенмен, мына жайт оның бетпердесін аша түсетін сияқты. Осыдан біраз бұрын ол Қытайдан Қазақстанға әкелінетін шошқа етінің үстінен пайда тауып отырған кеден брокері болатын. Табысы жақсы – ол өзінің бизнесіне риза еді. Аяқасты Кедендік одақ деген шықты. Басқасын қайдам, Ресей мен Беларусь шошқа етін өндіруден алдына жан салмайды. Қазақстанның Кеден одағына кіруі «славяндардың салосына» жол ашып, есесіне Қытайдан келетін шошқа етіне кедергіні көбейтті. Бұл Мұхтар Тайжанның бизнесіне оңай тиген жоқ. Ол осыдан кейін-ақ Кедендік одаққа қарсы тұрып, қазақтың мүддесін күйттеген ұлтшыл-патриот болып шыға келді. Осы жайтты ескере келе, Мұхтар Тайжанның аяқасты «саясаткер» болып кетуіне «шошқа» себепші болды ма» деген күмәнді ой келеді. Әрине, ол жоғарғы оқу орнын бітіре салып тек «шошқа тағалаумен» шұғылданып кеткен жоқ. Басында ол Президент әкімшілігінде жұмыс істеді. Бюрократиялық ойдың бестселлері –  «Қазақстан -2030» атты ел дамуының стратегиялық бағдарламасын жазуға қатысты. Сондықтан оның әлі де билікпен байланысы барын үзілді-кесілді жоққа шығаруға болмайды. Қазақстанда билік пен бизнестің сиам егіздеріндей екенін ескерсек, М.Тайжанның бұрын да өз бетінше «шошқа тағаламағанын», қазір де өз бетінше «саясаткер» болып, ұлт мүддесін күйіттегенсіп Кедендік одаққа қарсы шығып, бекерге айқай-сүрең салып жатпағаны байқалады.

Жоғарыда айтылған мысалдар – оппозициялық саяси алаңдағы арандатудың «қазақпайский» қарпайым түрі. Мұндай схеманы қолданып жүрген арандатушылар көбіне ұлтшыл патриоттық бағыттағы қозғалыстарды, ұйымдарды басқарады. Халықты арандатып, миын ашытудың аса күрделі схемасын қолданып, саяси жонглерлікті игергендер де бар. Олар елдің жоғарғы билігінен дәмелі ірі саяси топтарға арқа сүйейді. Бұрын олардың бәрі бір орталықтан басқарылатын, оппозициялық алаңға салатын ылаңы бір жерден үйлестірілетін. Қазіргі саяси режимнің «жазы» өтіп, «қара күзі» түскелі бері жоғарғы биліктен дәмелі саяси ойыншылар белсенді әрекетін күшейтті. Сыртай қарағанда олар «патриархтың» қамын күйттеп жүргендей көрінеді. Шындығында, тіпті де олай емес. «Осы режимнің мерзімін созуға күшімізді саламыз» деп әкімшілік арқылы қаржы бөлдіріп алады да оны өздерінің саяси түпкі мақсаттарын жүзеге асыруға пайдаланады. Бірі оппозициялық алаңда жүрген өздерінің арандатушыларына қазақ тілін қолдау бағытында акция ұйымдастырғызады, екінші топ соларға қарсы жұмыс жасайды. Бірі өздерін мақтап жазатын интернет сайттар ашқызады, екіншілері сол сайттардың үнін өшіріп жабу үшін  DDoS атак ұйымдастырады. Ең қызықтысы сол, осы жұмыстарға бөлінетін қаржы бір жерден шығып жатыр. Басқаша айтсақ, адамның оң қолы сол қолына көмекші емес, керісінше бір-бірімен бітіспес күрес жүргізуде. Неге? Неге осылай болып кетті? Бұл сұраққа берілетін жауапты нақтылай түсу үшін мәселеге басқа қырынан қараған жөн.

Елде нәтижелі саясат жасап жатқан бір ғана адам бар. Оның Нұрсұлтан Назарбаев екенін бәрі мойындайды. Яғни, соны ғана саясаткер деп атаған жөн. Пұтқа толып, саясаткердің кейпін танытып жүрген басқалар тақтаға инемен шаншып қойған тірі насекомдардың жиынтығына – қоңыздар, өрмекшілер, құмырсқалар және көбелектерден жасалған гербарийге ұқсайды. Олар өздерін «біз президенттің командасындамыз» деп атайтын билік элитасындағы түрлі мүдделі топтармен басқарылады. Бірақ, ол топтардың да сипатында командалық тұтастық, ортақ идеологияның басшылыққа алып жұмыс істеу атымен жоқ – бет-бетімен кетіп бара жатыр.

Көптен бері насекомдар дызылдап, шыр айналып тұрғандықтан әлгі ине босаңсыды. «Патриарх күзі» түскелі бері әлгі инелерді қатайтып қайта қадап қойып жатқан ешкім жоқ. Сондықтан инесі босап, центрі ауытқып, айналма орбитасы өзгерген әлгілерді биліктен дәмелі топтар өз білгенімен пайдаланып жатыр. Міне, осы проблема қоғам дамуына кедергі жасап, елдің болашағын тұманды ете бастады. Оны оппозиялық алаңда жүрген арандатушылардың әрекетінен анық байқауға болады. Бұл жаман үрдістің оппозициялық алаңдағы сипатын көрсету үшін тағы да бірнеше мысал келтірейік. Айталық, Айнұр Құрманов деген социалист бар. Ол ұстанатын идеяны саясаттану ғылымының теориясына салсақ, социализм қазіргі каптиалистік көзқарастағы режиммен жуыса алмайды. Мейлі, А.Құрмановтың идеясы «дұрыс» делік. Бірақ, сол социалист А.Құрманов капитализмді күйттеген олигарх Мұхтар Әбілязовпен ауызжаласып жүр. Мұны қалай түсінуге болады? Ал, «коммунистердің көзін құрту керек» деп ашық мәлімдеп жүрген ұлтшыл Айдос Сарым сайлау кезінде косаревшіл коммунистердің парламентке өтуіне зор үлес қосты. Парадокс… Социал-демократ Жармахан Тұяқбай қайта-қайта либерал Болат Әбілевпен жанаса береді. Неге? Себебі, олар белгілі бір идеяға берілген саясаткерлер емес, артында тұрған корпоративтік топтардың мүддесіне қызмет етіп жүрген арандатушылар ғана. Оларға «жыла» десе, жылаңқы дыбыс шығарады, «тұр» десе тұрады, «жат» десе, жатады. Қоғамның сұранысымен олардың санасып жатқан ештемесі жоқ. Сондықтан олар қоғамды біріктіретін, оның дамуына жаңа серпін беретін жаңа идея ұсына алмайды, жаңа модель жасай алмайды. Олай болса, не істеу керек? Бұл қиындықтан шығатын бір ғана жол бар: кімнің қандай тапсырманы орындап, қандай топтың мүддесін күйіттеп жүргенін әшкерелеп, саяси алаңды арандатушылардан тазарту қажет. Сонда ғана олардың орнын нағыз саясаткерлер басады. Әрине, оппозицияның өз ішінен қайта түлеп, енді оңала алмайтынын ескерсек, мұны жасау бір ғана адам қолынан келетінін ерекше атап өтуге тура келді. Ол – Нұрсұлтан Назарбаев. Қалыптасқан қазіргі қиын жағдайды түзетіп, қоғамның дамуына жаңа серпін беретін саяси процестерді тездетуге соның ғана саяси ерік-жігері жетеді. Бұған ешкім күмәнданбаса керек. Тек оған уақытты соза бермей елдің келешегі үшін өте маңызды шаруаны тездетіп бастаса екен, келешекте өзінің орнын басатын саясаткерлердің арнеға шығуына жағдай жасаса екен деген тілек айтқымыз келеді. (Тақырып өзгертілді – Мінбер ақпарат)

Берік Мыңжасар, «Серке.кз»

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар