///

Қазақстандағы Ресейдің стратегиялық нысандары

755 рет қаралды

Қазір Қазақстанның біршама стратегиялық обьектісі Ресейдің иелігінде. Бұған дейін әңгіме еткеніміздей,  Петропавл вокзалы соның бірі екендігін айтқанбыз. Петропавл вокзалы үшін Қазақстан тарапы ешқандай қаржы алмайды. Ол басыбайлы Ресейдікі. Қазақстан аумағында болса да, ол Ресей теміржолына тиесілі болғандықтан, ондағы жұмыс тілі орыс тілінде, заңның бәрі Ресей Федерациясының заңдары, ақша рубльмен төленеді.

Екіншіден, 50 жылға жалға берілген Байқоңыр ғарыш айлағы. Қазір Байқоңырда Ресей заңы үстемдік етеді. 8 орыс, 6 қазақ мектебі бар. Барлығы да Ресейдің білім стандарттарына бағынады. Айтарымыз, стратегиялық обьект жалға берілсе де, ондағы билік қазақтыкі болуы тиіс. Бірақ екі ел арасындағы келісімдер негізінде білімді Ресей тарапы қаржыландыратын болғандықтан, ғарыш айлағында адамдар Ресейдің айтқанына көніп, айдағанына жүруге мәжбүр. 1994 жылғы келісім бойынша, Байқоңыр үшін Ресей Федерациясы жылына 115 миллион АҚШ долларын төлейді.
Мемлекеттік орталық аралық 4-ші полигон обьектілері мен 929-ші мемлекеттік жаздық-сынау полигондары үшін Ресей Қазақстанға жылына 27,5 миллион АҚШ долларын төлейді. Олар «Сары-Шаған», «Ембі» полигондары және жаздық сынау полигонының өзі үшеу. Ал, ресейлік «КоммерсантЪ» газетінің жазуына қарағанда «Балқаш-9» радиотехникалық желісі үшін Ресейдің Қазақстанға қанша төлейтіні жайында ақпарат құпия ұсталатын көрінеді.

Ең өкініштісі, Ресей жалға алған өңірлерде Ресей заңының үстемдік ететіні. Онсыз да солқылдақ ұлттық рухымыз бен төрге оза алмай отырған қазақ тілінің мүшкіл халі одан қиындай түспек. Қазақстанның қазақтануына түбегейлі қарсы орыс ұлтшылдарының көкейінде Қазақстан бәрібір Ресейдікі деген кеудемсоқ пиғылдың одан әрі асқына түсуі байқалады бұл өңірлерде. Оны Петропавлда болған сапарымызда өз көзімізбен көріп қайттық. Қазір Қазақстан ақпарат құралдары Байқоңырдағы ресейлік идеологияның салдарын жарыса жазуда. Өйткені ондағы алты қазақ мектебінде сабақ қазақ тілінде болса да, білім Ресей бағдарламасымен оқытылады екен. Соның салдарынан олар өз Отанын Қазақстан емес, Ресей деп таниды.
Біздің білуімізше, мұндай стратегиялық обьектілерді жалға алу қай мемлекеттің де тәжірибесінде де бар. Алайда онда жалға алған мемлекеттің емес, жалға берген мемлекеттің заңдары үстемдік етуі тиіс. Бізде бәрі керісінше болып тұрғаны қынжылтады.

Есенгүл Кәпқызы, “Түркістан” газетінен ықшамдалып алынды

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар