///

Ару мен сайқал синоним емес

2120 рет қаралды

Қазір екінің бірі – ару. Лақтырған таяғың «аруға» тиеді. «Мисс» дегенді «ару» деп аударғаннан кейін мүлде көміліп қалдық. Әлем аруы, Қазақстан аруы, Астана аруы, Алматы аруы…

Рахат, әр облыстың өз аруы бар. Ол түгіл университет, колледж мектептерде бір-бір арудан. Қазақшаға келгенде тілі күрмелетін, бұл кемістігін бұраңдаған бөксесімен, жылтыраған бетімен, бес батпан бояумен, одан қалды «демеушісінің» қалтасымен толтыратын, жүзінен жылу сезілмейтін «мұзбет» біреулер жеңімпаз атанып, «ару» деген абыройлы атты емін-еркін иеленіп жатыр. Бүйте берсек, «ару» ұғымын «сайқалмен» синонимдес қылып жібермейміз бе?!

Сізді қайдам, сахнаға бір жапырақ лыпасымен шығып, мың-миллион еркектің алдында жалаңаш тәнін көрсетіп масаттанғандарды «ару» деп атауға аузым бармайды. Оны айтасыз, бұрнағы бір жылы «ару» деп әспеттеп жүргеніміздің жеңіл жүрісі сезіліп қалып, масқара болғанымыз тағы бар.

Айтпақшы, бесіктен белі шықпаған балдырғандардың арасында Балабақша аруы «атағын» алғандары бар екен. Енді есімізді жинамасақ, бестегі бала мен сексендегі селкілдеген кемпірлерді түгел арулардың санатына қосып жіберуіміз әбден мүмкін.

Жақында біреу «Парламенттегі арулар» деген тақырыпта мақала жазып, депутат әйелдерді түгендеп шығыпты. Жоқ, депутат әйелдердің жеке басын кемсіткелі отырған жоқпыз. Бірақ алды алпысты алқымдаған әйелдерді қылымсыған қыз бен бұлықсыған бойжеткендерге балап «ару» деп атау қалай дегенде де қисынсыз. Іскер деңіз, білімдар, қайраткер деңіз, еркіңіз білсін. Бірақ «ару» деген сұлулық ұғымын ұйпалап жатқандарға үндемей тұра алмаймыз.

«Алтайдың ар жағынан келген ару» деген ән есіңізде ме? Кезінде әжептәуір шлягер болып еді ғой. Мен үшін хас арудың анықтамасы осы әнде жатқан сияқты. «Мөп-мөлдір жанарың-ай, жаз дидар жамалың-ай» деп үздіктіретін. Ол аз десеңіз, аңыздағы айдай сұлу Айсұлу, батырлар жырындағы Алпамыстың Ақжүнісі, Қобыландының Құртқасы ше…

Қазір де тамсануға татитын «ақша жүзі, алқызыл беті тіл байлайтын» аруларымыз аз емес. Алайда, олар жоғарыдағы «жалған арулардың» көлеңкесінде қалып жатқандай. «Ару» дегенді оңды-солды ойланбай қолданатын тілбұзарлар үшін қазақтың нағыз аруларынан кешірім сұрасақ артықтық етпес. Айып етпеңіздер, арулар!

Айбын Ақпатша, «Нұр-Астана» газеті

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар