Польша мен Украинада жалауын көтерген Еуропа чемпионаты да өз мәресіне жетті. 2008 жылғы осы атақты жеңіп алған «Жеңілмейтін Армада» өз атағын сақтап қалды. Бұған дейін ешбір құрама әлемдік додаларды қатарынан үш рет ұтпаған. Еуропа чемпионатын қатарынан екі рет ешкім жеңбеген. Ал Испания жеңді. Тура осындай жетістіктерге қарап Испанияға әлемде әзірге тең келер команда жоқ деп айта аламыз.
Киевте өткен финалдық ойында «қызыл фурия» италияндықтарды 4:0 есебімен ойсырата жеңді. «Скуадра адзурра» мұндай нәтижені күтпеген болар. Азулы қарсыласқа тегеурін таныта алмады. Көптеген футбол мамандары мен шолушылары «скуадра адзурра» бапкерінің қателігі деп айтып жатыр. Мүмкін рас та шығар. Испаниямен ашық ойнау оңай емесі айдан анық емес пе?
Италия «неміс машинасымен» болған кездесуде керемет ойын өрнегін көрсетті. Сондағы «супер Марио» «анам үшін екі гол соқтым, әкем үшін 4 гол соғамын” деген еді. Бірақ сол «супер Марио» қарсылас қақпасына 4 гол емес, өз қақпасына 4 доп өткізіп алды.
«Скуадра адзурра» финалға шығуының өзін үлкен жетістік деп қарауға болады. Расында да финалға дейін тайталаста италяндықтар ерекше мінез көрсетті. Бірақ финалда мұны мүлде байқай алмадық. Керісінше Висенте Дел Воске шәкірттерінің жеңісіне қол соғуға болады.
ИСПАНИЯ – ИТАЛИЯ – 4:0 (2:0)
Голдар: Сильва, 14 (1:0). Альба, 41 (2:0). Торрес, 84 (3:0). Мата, 88 (4:0).
Испания: Касильяс, Арбелоа, Пике, Серхио Рамос, Альба, Бускетс, Хаби Алонсо, Хави, Сильва (Педро, 59), Иньеста (Мата, 87), Фабрегас (Торрес, 75).
Италия: Буффон, Абате, Барцальи, Бонуччи, Кьеллини (Бальцаретти, 21), Маркизио, Пирло, Монтоливо (Тиагу Мотта, 57), Де Росси, Баллотелли, Кассано (Ди Натале, 46).
Ескертулер: Пике, 25. Барцальи, 45.
Төрешілер: ПРОЭНСА. Миранда, Сантуш, Соуза, Гомеш (Португалия).
1 шілде. Киев. НСК “Олимпийский”. 64 000 көрермен.
Өмірбек Сансызбаев
Парақшамызға жазылыңыз