///

ОТЫЗ ЖЫЛДАН КЕЙIНГI ОҚИҒА

1010 рет қаралды

Үлкен жолдың үстi болған соң, бұл жерге кiм келiп, кiм кетпеген. Әсiресе, жазға салым Темiрлан елдi мекенiне кiреберiстегi Арыстың жағасында адам аяғы үзiлген емес. Жасыл желек жамылған ой қыры мен сай-саласын қиып өтiп жатқан қара жолдың өзi куә. Ұзақ жолдан шаршап-шалдыққан жолаушылар аздап аялдау үшiн тiзгiн тартып аяқ суытса, ендi бiреулер арнайы ат басын бұрады. 1969 жылдың жанға жайлы жаймашуақ күндерiнiң бiрiнде бiр сазгер мен бiр ақынды бiр азамат Арыстың жағасына арнайы алып барды. Олар мұнда бiр күн жатып демалған. Алайда, өзеннiң жағасында елiнiң еркесi мен серкесi жатқанын бiреу бiлсе, бiреу бiлген жоқ. Тылсым табиғаттың тамашасы толқытқан жастар жүрегiн тербеген бiр әуен зеңгiр көктегi ақша бұлттарға iлесiп кетiп бара жатқан болатын. Ол әуен кейiннен бүкiл елдiң аспанында қалықтады.

Кеудесiн ән кернеген жас сазгер Шәмшi Қалдаяқов ол кезде тiптi елгезек едi. Елпiлдеген бала көңiл кең даланы түгел шарлап кететiн. Күн күлкiсi аққуларға айналып, бақыт құсы басына келiп қонушы едi. Буырқантып-бұрқантқан талант күшi Шәмшiнi iшпей-жемей мас қылатын.

Әсем әнге әдемi сөз жарасқан. Бiр-бiрiнiң жүрек қағысын дөп басқаны соншалық, содан берi ән мен сөздiң екi арасын әлi ешкiм ажырата алған жоқ. Қызуқанды, адуынды ақынға Арыстың жағасы үнемi қол бұлғап тұратын болды. Ол ақын Мұхтар Шаханов едi.

–Арыс өзенiнiң бойында, Темiрлан елдi мекенiне кiреберiс жерде бiр табиғаттың әсем бөлшегi бар. Сол арада бiз бiр күн бойы демалдық. Өзен сарқырап ағып жатыр. Жан-жағы қалың тоғай. Қарсымызда – биiк жарқабақ. Сол арада «Арыс жағасында» әнiнiң идеясы туып едi. Ендi тағдырдың мына бiр қызығын қараңыз, тура отыз жыл өткеннен кейiн сол арада, сол жарқабақта Шәмшiнiң 30 метр болатын матаға салынған суретi iлулi тұрды. 0зеннiң үстiне сахна жасалып, бiр шетiндегi қалың тоғайдың арасына халық жайғасқан. Барлығы 30 мыңдай адам жиналған бұл жерде Шәмшiнiң құрметiне арналған керемет бiр кеш өттi, – дейдi сол кездегi жас ақын, бүгiнде алты Алашқа аты мәлiм Мұхтар Шаханов.

Қазақтың даласы кең, сол кеңдiктен жаралған қазақтың құшағы да ашық едi. Бiрақ Шәмшi жалғыз болатын. Солай бола тұрса да, көзi тiрi кезiнде аты аңызға айналған адам қазақтың әрбiрiнiң үйiнiң төрiнен орын алып жатты. Өйткенi, Шәмшiнiң әнi айтылмайтын бiрде-бiр той болмайтын. Алайда, көп адам үшiн Шәмшiнiң өзi iз-түзсiз кеткен едi. Жұрт оны жоғалтып алған-ды.

Арада көп жылдар өттi. Жас өсiп, жарлы байыды. Шәмшiнiң әндерiмен есейiп өскен жастар өздерiнiң сүйiктi сазгерiн iздей бастаған. Әсем әндерiмен әмбеге аян болған Шәмшi Қалдаяқов бұл кезде елеусiз ғана жүрiп жатты. Қызмет орны «Қазақ радиосы» болатын. Бiр күнi өзiн iздеп келген жас жiгiтке таңданып, таңырқаған жоқ. Әзiл-шыны аралас әңгiмесiн айтқан.

–Қасына бардым да, бiрден «Шәмшi аға, мен сiздi iздеп жүр едiм. Осы уақытқа дейiн кешiңiз өтпеген екен, шығармашылық кешiңiздi өткiзейiк. Республика сарайын алып бере алатын мүмкiндiк бар» деп едiм, ол кiсi «Бiр ретi болады ғой, қазiр кiшкене ауырыңқырап жүр едiм, кейiнiрек көрермiз де» дедi. Сосын мен өзiмен қалай хабарласуға болатынын сұрадым. «Сен, айналайын, қайда оқисың?» деп сұрады менен. «ҚазМУ-де» деп едiм, «ҚазМУ-ге 61-автобус барады ғой, ендеше ойыңа сақтап ал, менiң телефоным сол сенiң автобусыңнан басталып, соңғы төрт саны – бiр пұт және екi пұт» дедi. Өзi өте әзiлқой, қалжыңбас кiсi екен. Шынымды айтсам, мен бiртүрлi болып қалдым. Телефонын бергiсi келмей тұрған шығар деген ой келдi. «Өзiне селсоқ қарадым ба екен, менсiнбей тұр деп ойлап қалды ма екен» деген ойлар санамды сiлкiп өттi. Аты аңызға айналған қазақтың белгiлi сазгерiне алғашқы жолығуым өте сәтсiз болды-ау деп түйдiм. Үйге, бөлмеме мұңайып қайттым, – дейдi Шәмшi ағасын iздеп барған сол кездегi студент, қазiр белгiлi сазгерге айналған Қалдыбек Құрманәлi.

Ән мен жырдың жанашыры, жас сазгер Қалдыбек Құрманәлиев, шынында да, Шәмшiге аздап ренжiп қайтқан едi. Онысы бекер болып шықты. Қолды-аяққа тұрмайтын жас бала Қазақ университетiнiң журналистика факультетiнде оқитын. Жатақханаға келген соң, Шәмшi сөзiнiң астарын бiр бөлмеде жататын досы ашып айтып бередi. Алайда, ол досының өзi, алдында, «өлген адамда телефон бола ма» деп күлiп, мазақ қылған едi.

–Бiрге оқитын Өзбекстаннан келген Әлмен деген жiгiт бар едi. Ол жақтың жiгiттерi Шәмшi әндерiн өте жақсы бiлетiн. Сол жiгiтке осы жаңа ғана Шәмшiге жолыққанымды айттым. Сөйтсем, әлгi iшiн басып алып тұрып, өлiп-өшiп күлсiн келiп. Өзi Өзбекстанда киноға түсiп үлгерген актер жiгiт едi, менi бiр әдемiлеп келекелеп тұрып, мазақтайды. «Шәмшi Қалдаяқовты көрдiң бе?» дейдi. «Бiздiң жақта құстың келуi мен құстың қайтуы кезiнде кейбiр адамдардың денсаулығы өзгеретiн едi, сенiң ондайың жоқ па? Шәмшiнiң қайтыс болғанына жиырма жыл болған жоқ па» дейдi ғой келекелеп. «Ойбай, айналайын, Шәмшi тiрi, мен көрдiм. Сәтбаев көшесi мен Желтоқсан көшесiнiң қиылысында кездестiм» десем, әлгi сенбейдi ғой. Шын сөзiмдi дәлелдей алмадым. Артынан ақылға салып көрсек, бiр пұт және екi пұт дегенiмiз, 16 мен 32 сандары екен ғой. Осы күнге дейiн Шәмшi үйiнiң телефоны осы телефон, – дейдi бiр кездегi оқиғаны үлкен сағынышпен еске алған Қалдыбек Құрманәлi.

Оңтүстiк Қазақстанның халқы ән-жыр десе, ерекше жанып кетедi. «Той дегенде қу бас та домалайды» дейтiн қазақ, әсiресе, ән мен жырдың тойына барын салады. Шәмшi мен Мұхтар демалған баяғы орында арада 30 жыл өткен соң, Арыс жағасындағы биiк жарқабақта үлкендiгi 30 метр суретi iлiнген Шәмшiнiң кешi өткен. Оған талай мәрте бiрлесiп, шалқыған шығармалар тудырған Мұхтар ақын арнайы қатысқан едi. Бұл кезде Шәмшiнiң өзi өмiрде жоқ болатын.

– Шәкеңмен бiрлесiп мен бiршама ән жаздым. Олардың көпшiлiгi облыстық газетте қалып кеттi, әлi жарыққа шыққан жоқ. Мысалы, соның бiрi – бүгiнде ел бiлетiн «Өмiр-өзен» әнi. Мұрағатымды ақтарып отырып, оны да кездейсоқ тауып алдым. Бұл әннiң қайырмасын кезiнде Шәкең басқа бiр әнге пайдаланып жiберген едi. Осыған мен өзiмше үш-төрт жол қостым. «Ертеде де кеште, Тұрасың сен есте. Мен өшсем де өшпе, асылым» деген жолдарды жаздым. 0йткенi, әннiң табиғаты осындай бiр қайырмаға сұранып тұрды. Жалпы, Шәкеңнiң менiң өмiрiмде үлкен орны болды. 0зiнiң дархан азаматтығыменен, ағалық қамқорлығыменен маған көп ықпал еттi. Әнге қайырма қосқанымды мен осы туыстығымыздың жалғастығы деп бiлемiн, – дейдi Мұхтар ақын.

Өмiр деген қызық қой, қарап отырсаңыз, әннiң тағдыры да адамның тағдыры сияқты. Бiр ән туған жерде отыз жылдан кейiн сол әннiң авторын еске алу кешi өтедi. Ал, ұмыт қалған бiр ән отыз жылдан кейiн қайта айтыла бастады. Солай болған.
Әнуарбек ӘУЕЛБЕК, «Алматы ақшамы»

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар