“Ұлт Times” апталығының өткен санындарының бірінде журналист Өркен Жоямергеннің мынандай қызықты мақаласы жарық көрді. Ұстазға арналып жазылған хат кез келген журналистті бей-жай қалдырмас деп ойлаймыз.
Ассалаумағалейкум, Кәкен аға. Бұл әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің журналистика факультетінде өзіңізден дәріс тыңдаған мыңдаған… шәкірттеріңіздің бірі ғой. Қолға қалам алып, Сізге хат жазуыма журналистердің хал-ахуалы себеп. Ал, газет бетіндегі үшбу хатты басқаға емес, аға, нақ Сізге жазуымның себебі төменде түсінікті болады.
Кәкен аға, қазірде жұмыс барысында жүрген журналистерді тапа-тал түсте соққыға жығып, тіпті, кейде түрлі тәсіл қолдану арқылы өлтіріп жататынына таңқалудан қалдық. Бейнебір солай болуы заңды секілді мұндай жағдайға қоғамның да еті өліп кеткендей. «Әкесін сабағанды көріп едік, арбаға байлап қойып сабағанды бірінші рет көріп тұрмыз» дегендей, қалам ұстағандарды қыл аяғы көкек әншілер де қамап қойып сабаға түсіре бастады. Бұған атыраулық әріптесімнің Б. Қорған деген әншіге «Жұлдыз ауруы» жайында қойған сұрағына ашуланып, жұлқылап жүріп бөлмеге қамап қойғанын мысалға келтірсек те жеткілікті. Бір сөзбен айтқанда, журналистер кім көрінген басынатын, қаласа – сабайтын, қаласа – соттайтын, қаласа – көлікпен басып, қаласа – атып өлтіре салатын сұрауы жоқ сорлы нысанға айналды. Ең қызығы, осы мамандықты иеленген халықта мұздай қаруланған қарақшылардан қорғанатын қолдарынадағы қаламдарынан басқа дәнеңелері жоқ. Заңның журналистерді қаншалықты деңгейде қорғайтынын да жақсы білеміз. Иә, «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» дейтін қазақпыз ғой. Бірақ, журналиске қаратып оқ ату, тілшіге қастандық жасап өлтіру қай қоғам үшін де шегінен шыққан іс болса керек. Өкініштісі сол, мұндай сорақы жағдайлар тек Қазақстанда ғана емес екенін сіз жақсы білесіз, аға. Мысалы, өткен ғасырдың 80-ші жылдары Парижде құрылған «Шекарасыз репортерлер» ұйымының деректеріне назар аударсақ, дамығаны, дамушысы бар мемлекеттердің басым бөлігінде дерлік мұндай проблеманың бар екенін көреміз. Қазірге дейін. Десек те, мұндай жағдай дамыған мемлекеттерде өте-мөте сирек кездесетін жағдай. Жә, шет елді, бұған дейінгі деректерді былай қойып, бүгінгіні, өзіміздегі мәселе турасында айталық. Сіз жақсы білесіз, аға, 2011-2012 жылдар аралығында Қазақстанда талай журналиске жазықсыз жала жабылып, сотқа сүйрелді. Талай тілші өлімші етіп сабалды. Қаншасына қару жұмсалды. Бейшара журналистер де итжанды халық қой. Бет-аузын таңып алып қайта жұмысқа шығып кете барады. Журналистерге жасалған қысымға мысал ретінде сегіз жерден пышақталып, екі рет басынан травматикалық тапаншамен атылған «Орал апталығы» газетінің тілшісі Лұқпан Ахмедияровты айтсақ жеткілікті. Құдай сақтап, дәм-тұзы таусылмаған тілші, әйтеуір, аман қалды. Жұмысына оралып, өткір тақырыптарға қалам тербеп жүр… Ал, енді біздің қоғамда мұндай жағдайлардың жиі орын алуына не себеп? Біз бас қатырған мәселе, жауабын іздеген сұрақ осы еді. Ойлана келе, ақыры, сауалдың жауабы табылғандай болды. Табылғандай емес-ау, табылды. Нақты, сенімді түрде осылай десек қателеспейміз. Журналистердің өміріне қауіп төндіріп, тып-тыныш жатқан қоғамды дүрліктіретін, өткір тақырыпта мақала жазған тілші де, сол тілшіні аңдып жүріп қиянатқа қиған қарақшы-қанішерлер де емес. Журналистерге зауал болып келетін бар кесір мен кесапат – жанрда екен. Иә, кәдімгі журналистика саласына тән жанр…
Зерттеу әлде тексерім?
«Қазіргі заманғы журналистік жанрлар». Кәкен аға, бұл өзіңіз дәріс оқыған пәннің атауы. Дәл осы сабақта сіз бізді журналистика жанрларының қыр-сырымен таныстырдыңыз. Қазірде де бұл пән бойынша алдыңызда талай қаракөз іні-қарындастарымыз сізді ыждаһаттылықпен тыңдап, лекция жазып отыратынына күмәніміз жоқ. Ал, енді жаманшылықтың бастауы болып жүрген қай жанр екендігі турасындағы әңгімеге көшейік. Бұл – «Журналистік тексерім» жанры. Иә, иә, кәдімгі, қазақ тілді БАҚ-та «Журналистік зерттеу» деп аталып жүрген «Журналистік тексерілім» жанры. Бұл жанрдың «жазығына» оның не «бүлдіргеніне» тоқталмас бұрын «зерттеу» мен «тексерім» турасында өзіңіз түсіндірген дәрісті тағы бір қайталап жіберген дұрыс секілді. Себебі, бүгінге дейін республикалық деңгейдеге кейбір отандық БАҚ «зерттеу» мен «тексерілімнің» ара жігін ажырата алмай жүрген сыңайлы. Сонымен, санамызға сіңдіріп айтқаныңыз бойынша, «журналистік зерттеу» (орыс тілінде – «журналисткое исследование») жанрындағы мақала негізінен тарихты ақтарып, мұрағаттық деректерге сүйеніп отырып, зерттеліп-зерделеніп жазылады. Ал «журналистік тексерім» (журналистское расследование) түбінде жемқорлық, зорлық-зомбылық, алдау-арбау секілді қылмыстық элементтері бар тақырыпты қаузап жазудан туындайды. Демек, «журналистік тексерім» жанры құқық қорғау органдарының қылмысты ашу барысындағы әдіс-тәсілдерін (детектив жанрына ұқсас) қолдану арқылы жүзеге асады. Дұрысы, жазылады. Өкінішке қарай, Қазақстанда бұл жанрға қалам тербейтін тілші аз. Оның негізгі екі себебі бар. Біріншісі, тексерілімге құрылған мақала жазуға мемлекетік деңгейде жағдай жасалмаған. Яғни, құзырлы мекемелер журналистермен ақпарат бөлісуге құлықсыз болып келеді. Түбінде шикілігі бар деректерді бермек түгілі әрнені сылтауратып, осы жанрда мақала жазуға құлық танытқан тілшімен сөйлесуден қашады. Ал, дерек-дәйек бұл жанрдың өзегі екені белгілі. Яки, нақты деректер болмаса, бұл тақырыпта мақала жазу мүмкін емес. Екіншісі, қиыннан-қиыстырып, әзер дегенде шынайы дерек пен дереккөзін тауып, мақала жазуға тырысқан тілшіні қандай жағдай күтіп тұрғанын жоғарыда айтып өттік… Сондықтан, бұл жанрда қалам тербеуге екінің бірі бара бермейді… «Журналистік зерттеу» мен «Журналистік тексерім» жанрлары жайында сіз берген дәріс міне, осындай-тын.
Кәкен аға, көзіме мақтады дей көрмеңіз, бірақ, Сіз білім-білігіңіздің арқасында журналистика саласында жүрген талай жақсы мен жайсаңға өз мамандығының жай-жапсарын толық түсіндіре білдіңіз. Алайда, «таяқтың екі ұшы бар» демекші, бұл жақсылықтың кері жағы да бар екен. Тек, айып ете көрмеңіз, ағасы. Мен тек түйгенімді ғана тілге тиек етіп отырмын…
Өлген жерім осы ма?
Ағылшын жазушысы Артур Конан Дойлдың аты-шулы шығармасы – «Шерлок Холмс туралы жазбалар» кітабы. Атауы айтып тұрғандай кітаптың бас кейіпкері атақты ізкесуші – Шерлок Холмс. Кітап желісі бойынша шексіз білімінің, криминалистикадағы мол тәжірбиесінің және жағдайға байланысты айла-тәсілді айрықша тиімді қолдана білетінің арқасында тәуелсіз детектив қолға алған қылмыс ашылмай қоймайды. Міне, дәл осы басты кейіпкер біздің «журналистік тексерім» жанрына деген махаббатымызды оятты. Есіңізде болса ол былай басталған-тын. Бізге дәріс оқып тұрып сіз Шерлок Холмстың қайыршылардың өмірін зерттеу үшін редакциядан тапсырма алғаннан кейін із-түссіз жоғалып кеткен лондондық журналист турасында айттыңыз. Қателеспесем, әңгіменің атауы – «Қоянжырық адам». Осы әңгімеде Шерлок Холмс бір айда табатын жалақысы қайыршылардың бірнеше күндік табысымен тең екенін біліп, ақырында, қайыршы болып кеткен журналисті іздеп табатыны турасындағы әңгімені дәріске арқау еттіңіз. Әлбетте, бұл әңгімені журналистік тексерілім жанрының табиғатын түсіндіру үшін айтқансыз. Осыдан бастап менің «Журналистік тексерім» жанрына деген қызығушылығым оянды. Оны өзіңізге айттым да. Сөйтіп, сізге өзімнің қайыршының кейпіне еніп, Алматыдағы қайыршылардың өмірін зерттегім келетінін айттым. Сонымен не керек, алдымен А.К.Дойлдың «Шерлок Холмс жайындағы жазбаларын» бастан-аяқ оқып шықтым да, үстіме қайыршының киімін киіп, бетті көкала етіп бояп, Көк базар, Орталық мешіт, Саяхат автобекетінде жүретін қайыршылардың арасында бір күн жүріп келдім. Қайыршымыз дегенмен, көбінің күніне неше мыңдап ақша табатынын, мені жандарына отырғызғылары келмей, жағамнан алып жұлқылағаны, жас-кәрісі қосылып мені қарғап-сілеп қуғаны маған біртүрлі қызықты болған. Өмірлері қиын ғой деп жұрт аяйтын адамдардың мен аямай тұрғандарына қарап таңқалғаным да есімде.
Айтпақшы, қалтамда «Редакция тапсырмасы бойынша қайыршылардың өмірін зерттеп жүр» деген атыма жазылған газет редакциясынан берілген анықтама қағазы да болды. Тіпті, полиция алып кетпесі үшін мені сырттай бақылау үшін қазірде танымал тележүргізуші шәкіртіңіз Дастан Шымырбай да жүрді. Біз ол кезде екінші курстың студенті едік. Сондықтан, осындай тақырыпқа мақала жазу өте-мөте қызықты болған-ды. Сонымен, әйтеуір, таңнан кешке дейін қайыршы-қаңғыбастардың арасында жүріп, бар көрген-түйгенімді өзіңізбен ақылдаса келе мақала етіп жаздым. Осылайша, «Журналистік тексерім» жанрында жазылған тырнақалды туындым сол кезде Алматы қаласында шығып тұратын ІІМ-не қарасты «Сақшы» газетіне «Қайыршылық ойыны» деген атпен басылды. Газет шыққан бойда өзіңізге барып, сүйіншіге 200 теңге алғаным да әлі есімде, аға. Кезінде жазушы Ғабит Мүсіреповтың «Кәкеннің мына әңгімесі үшін бір үйір жылқы берер едім» дегеніне сіз қалай қуансаңыз, мақаламды талқылап, курстастарымның алдында абыройымды асқақтатып, мақтағаныңызда менің де дәл солай төбем көкке екі елі жетпей қалған-ды. Осы мақтаулардан кейін мен кинода көрсететін, ақпаратқа жету жолында басын бәйгеге тігетін нағыз журналист болуға белді бекем будым. Осы мақсатта өзімше зерттеу-тексеріммен айналысып, балгерлерге бардым, түнгі клубтардағы өмір жайында қалам тербеген болдым. Тәртіп сақшыларына еріп, түнгі рейдтерге жиі шағатынды шығардым т.с.с. Әрине, қоғамның ең кедей, қарапайым тобы турасында жазылған мақалалар біз айтып отырған жанрдың талаптарына соншалықты жауап бермейтіні түсінікті. «Көш жүре бара түзеледі» демекші, уақыт өте келе ауқымды тақырыптарға тісім бататынын сезінгендей болдым. Сөйтіп, тәуелсіз телеарналардың біріне жұмысқа тұрып, адалдық танытып жүрген жанрға қалам тербеп, сюжеттер жасай бастадым. Ақырында не болды дейсіз ғой, аға. Ақтау қаласында іссапарда жүрген мені және қасымдағы оператор жігітті бейсбол таяғымен сабап, травматикалық тапаншамен атып кетті. Дәл сол сәтте көлікте отырғанмын. Шығып үлгермедім. Тек есік ашылып, көлік ішіне еніп келе жатқан тапаншаны ғана көрдім. Кезенген қарудың атылатынын да тез ұққандаймын. Қуықтай көліктің алдыңғы орнында отырып, артқа айналып үлгергенімше болған жоқ, гүрс етіп дауыс шықты да, артынша сарт етіп омыртқа тұсымнан бір оқ тиді. Ойдан жүйрік ештеңе жоқ қой, аға. Бірнші оқ тигенде: «Өлген жерім осы ма?» деген ой басыма бірінші келді. Ал екінші оқ атылып, жауырынға келіп қадалғанда: «Адамдар өстіп өледі екен ғой…» деген ойдың құшағына ендім. Травматикалық қарудың екі оғы мені есеңгіретіп тастады. Ал мен оны кәдімгі, адам өлтіретін қорғасын оқ деп топшыладым. Сөйтіп, Құдай оңдап, қалың киініп шыққанымның арқасында екі метр қашықтықтан атылғанның өзінде сүйек сындыратын қуаты бар тапанша оғынан аман қалдым… Қарақшылардың бізді аңдып жүріп қапыда осылай шабуылдауының себебін, аға, сіз жақсы білесіз. Айтпайтынды айтып, жазбайтынды жазғанбыз. Сөйтіп, әлдекімдердің алдын кескенбіз. Басқалай бұны түсіндіру мүмкін емес. Бірақ, бізге қарақшылар сендерді тонауға келіпті деп түсіндірді. Міне, аға, «Журналистік тексерім» жанрының жалмауыздығы дегенде осыны айтайын деген едім. Сөйтіп, әу, бастағы бұл жанрға деген қызығушылығым басылғандай болды. Дұрысы, жанрға деген құрметім бұрынғысынша, тек біздің қоғамда зерттеу-тексеріммен айналысып, арамтер болудың қажеті шамалы екенін ұқтым…
Бәлесінен аулақ…
Рас, Кәкен аға, бұл жанрдың «оңай шағылатын жаңғақ» емес екенін сонау шәкірт кезімізде ескертіп айтқансыз. Десек те, өз басынан өткермей, көп нәрсені түсіне бермейтін пенденің әдеті емес пе?! «Журналистік тексерім» жанрының жалмауыздығын көзбен көріп, қолмен ұстаған соң ғана біліп жатырмыз. Бұған дейін соққыға жығылған, тіпті, қаза болған журналистердің басым бөлігінің оқыс оқиғаларға тап болуына дәл осы жанр кінәлі екенін аңғара қоймаппыз. Тәуелсіздік алғалы бері мамандығына адалдық танытқан қанша тілші қысым көріп, қаншасы өмірден озды. Өкінішке қарай, бұл жаман үрдіс әзір тоқтамайтыны байқалады. Мысал келтіре кетелік. Биылғы 1-ші қаңтар мен 31-ші мамыр аралығында қоғам белсенділері мен журналистерге жасалған қысым туралы «Қадір-Қасиет» қоғамдық бірлестігі зерттеу жүргізген екен. Нәтижесінде, бес айдың ішінде Қазақстанда 32 журналиске түрлі деңгейде қысым көрсетілгені белгілі болды. Яғни, алдағы уақытта да «аңдамай сөйлегендер ауырмай өледі». Ендеше, аға, «Бәледен машайық қашып құтылыпты» дегендей, журналист атаулыға зауал болған жалмауыз жанрдан жүз жылға бас тартайық. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген. Мүмкін, бір ғасырдың ішінде қоғам біршама өзгеріп, баспасөзде өзіне қаратып сын айтылған адамдар тілшіні төпегеннен түк шықпайтынын, оның орнына журналистер шүйлікккен қателіктерді болдырмауды үйренетін шығар?! Оның үстіне, қазақ журналистикасы бұл жанрсыз-ақ кеңес өкіметі кезінде өмір сүрді ғой. Сол кездегідей тиіп-қашып, бұғып жүріп күнелтерміз. Есесіне, әріптестеріміз аман, бауырымыз бүтін болады. Ал, жанрдан бас тартқанымызды жалпақ жұртқа жариялау үшін жасы бар жасамысы бар барлық журналистердің басын қосып, арнайы дөңгелек үстелдер ұйымдастырайық. Баспасөз мәслихатын, брифингтер өткізейік. Жанрды жамандап көлемді-көлемді мақала жазайық. Тіпті, Қазақстанда жылына бір мәрте өтетін «Медиа форумға» барып, әлемнің түкпір-түкпірінен келетін журналистердің алдында осы мәселені көтерейік. Амалдың жоқтығынан жанрдан жүз жылға қол үзетінімізді айтайық. Мұндай проблема барлық елде барын олар да жақсы біледі. Қолдаулары тиіс. Қажет болса, осы ойға қосылатын өзге елдің тілшілерін де қатарымызға тартайық. Осы ретте сіз журналистік жанрлар жайындағы кітаптарыңызды жұрттың оқуына тиым салыңыз. Біздіңше, осылай жан-жақты әрекет еткеннен кейін ғана журналист атаулыға қайғы-қасірет сепкен жанрдан бас тарта аламыз. Дұрысы осы секілді. Өз басым мұнан басқа тура жол көріп тұрғаным жоқ. Бәлесінен аулақ… Ал, сіздіңше қалай, аға?..
Өркен ЖОЯМЕРГЕН
«Ұлт Times» (№4), 07. 06. 2012.
Бәрі немене Какен ағайға хат жазғыш болып алған ба деп ойлап отырсам, қайталау екен ғо)
Қайталау болса да дұрыс мәселе көтерген. “Журналистік тексерм” жанрынан бас тарту керек. Үкімет білгенін қылсын.
Өркен аға, сіз не үшін журналистиканы таңдадыңыз? Сізді ешкім мәжбүрлемеген болар. Көп адамды бала кезінен пайда болған асыл арманы айдап әкеледі. Сіз де, мен де – солардың біреуімін (деп ойлаймын). Жолдың бел ортасына келгенде, құйрығын бұтына қысып, қыңсылап қашатын қасқырдай елестеп кеттіңіз. Қатты айтқаныма ренжімеңіз, әрине. Дипломдық жұмысым осы БАҚ пен билік арасындағы конфликтіге арналған болатын. Сонда комиссия төрағасы жұмысымды соңына дейін тыңдамай, тоқтатып тастаған. Оларға ұнамады екен деп, бұл тақырыптан бас тартарым жоқ, әрине. Алда тағы да зерделейтін боламын. Әзірге журналитің этикалық кодексі әзірленіп жатыр ғой. Бір жақсылығы болар. Ал, мына хатқа қатысты айтарым: Кәкен аға миссиясын орындап болды, нәтижесі – Сізсіз. Артқа бұрылып, кері қайтудің еш керегі жоқ. Өз құқығын адвокаттан кем қорғамайтын журналистің басы пәледе қалмайды. Әрине, ту сыртынан өлтіріп кетпесе…Біздің журналистер неге қысымға көп ұшырайды? Өйткені олар өз құқықтарын заң алдында заңмен қорғап шығуға қауқарсыз. Біз жалғыз емеспіз. Артымызда қара құрым халық пен қаншама журналистік ұйымдар жұмыс істеп жатыр..!