///

22-тамыз – Қонаевты еске алу күнi: ДИМЕКЕҢ ЖӘНЕ ДIН

1040 рет қаралды
2

Әлмерек әлемi немесе «Ясин» сүресi 

1998 жылы 26-шiлде күнi Покровка (Алматы облысы, Талғар ауданы) кентiнде әз-Тәуке хан тұсында би, абыз, соңында әулие атанған әз-Әлмерекке ұрпақтары ас берiп, аңызға айналған адам жайында ақсақалдар тәлiмдi әңгiме айтты. Әулие шырақшысы, оның тiкелей ұрпағы Сүйгенбай қария әулие басына бала кезiнде Дiнмұхамед Қонаевтың келiп, мұндағы бұлақтардан су iшiп, ұлын ертiп келген әкесi Меңдiахметтiң аруаққа бағыштап дұға оқығаны жайында әңгiмеледi. Бұл әңгiме маған қатты ой салды. Шындықты бiлгiм келiп, әлмеректанушы ретiнде осы дерекке қатысты көп iзденiп, соңында Димекеңнiң әулие басына келгенi жөнiнде шындыққа көзiм жеттi.

1921 жылы жазда Iле-Талғар өңiрiнде жаңбыр жаумауына байланысты осында дiндарлар тасаттық бередi. Сол дiни ғұрыпқа Меңдiахмет қария 9 жасар ұлы Дiнмұхамедтi «балам үлкендерге сәлем берiп, әйгiлi Әлмерек жатқан жердi көрсiн» деп әдейi ертiп келедi. Далада дiни жоралғы бiткен соң Әлмеректiң көне мазары тұрған жерге келiп, алдымен дұға оқып, соңында абыз жайында әңгiмелейдi. 3йткенi, Меңдiахмет қария Ұлы жүз жайында шежiре жазып, Әлмерек елi – Албандармен ежелден аралас-құралас болған, соңында құда-жекжаттығы жарасқан белгiлi кiсi едi.

Дiнге шек қойылған заманда Әлмерек жайында дерек жинап, соңында кiтап жазып жүрген мен үшiн Димекеңнiң әулие басына келуi үш ұйықтасам түсiме кiрмеген оқиға болды. Бұл оқиға өз алдына – кейiн Әлмерек атаның жаңа кесенесiнiң ашылу салтанатында Димекеңнiң шешесi дүние салғанда жаназа шығарған молдамен кездесiп, құдайы ас-дәмде Қонаевтың «Ясин» сүресi жайында әңгiмелегенiн естiп, Димекеңнiң бала кезiнде медреседе оқығаны жөнiндегi әңгiмелердiң шындық екенiне тағы көзiм жеттi. Сөйтiп, Димекең өмiрiндегi дiни тәлiм мен тәрбиенiң оның бойына қалай сiңiп, сана-зердесiне қалай құйылғаны жөнiнде тереңiрек бiлiп, зерттеудiң шынайы жолын iздеу басталды. Дiн өнегесi жөнiнде кемеңгермен кездесiп, әңгiмелескен және дананың өсиетi бойынша өмiрден өткенде «Ясин» сүресiн оқып, соңында жаназасын шығарған, кебiндеп, ақ шүберекке орап, ақтық сапарға жөнелтудiң таза мұсылмандық ғұрпын жасаған бұрынғы мүфти Рәтбек қажымен әңгiмелесудiң бiрде сәтi түстi. Алдымен дiнiнiң қайта оралуына байланысты Димекеңе қатысты бiр ерекше оқиғаны айту парыз. 90-жылдардың басында қазiргi Дiни басқарма 12-қаңтарда – дәл Қонаевтың туған күнiнде құрылады. Мұны кездейсоқ естiген Димекең Рәтбек қажыны арнайы қонаққа шақырып, Алла-Тағала жақсылығымен құттықтап, дiн әлемiне байланысты ұзақ әңгiмелеседi. Iнiсi Асқар Қонаев қана бар ғибратты сұхбат кезiнде Димекең былай дейдi: «Хазiрет, келгенiңiз қандай жақсы болды, атеистiк заманда дiндi ұмытқанымыз рас. Бұл – шындық. Бiрақ, мен өзiм жүректе бiр Алла деп жүрдiм. Қасиеттi дiнiмiздiң оралып, Дiни басқарманың құрылғанына қуаныштымын әрi өзiңiздi осы жақсылықпен құттықтаймын», – деп Димекең әңгiмесiн жалғастырады. Бiр кезде орнынан тұрып, кiтап сөресiнде тұрған Құран кiтабын алып, оның «Ясин» сүресi бар бетiн ашып, орта тұсына дейiн оқиды. Димекеңнiң Құран оқуы хазiреттi қайран қалдырады. Қажының таңқалып отырғанын сезген Димекең бала кезiнде мешiтте дiни сауатын ашып, Құранның жетiден бiр бөлiгi – «Әптиектi» тауысқанын әңгiмелеп, Пайғамбар, әулиелер жайында бiлгенiнше айтады. Қонаевтың дiн – жүрегiне, ақыл-ой мен көкiрек сарайына ұялаған адам екенiне хазiреттiң көзi жетiп, ол кiсiге деген сүйiспеншiлiгi одан сайын күшейедi. Соңында Алла-Тағала Димекеңнiң жаназасын шығаруды осы кiсiге нәсiп еттi. Сүйекке түскенде қымбат бiр киiмi Рақаңа бұйырды.

Халифа Алтай немесе Құран-кәрiм

Димекең зейнетте жүргенде Құранды аударған атақты Халифа Алтай елге оралды. «Жұлдыз» журналында жүргенде дiнге байланысты (1997) ол кiсiмен ұзақ сұхбаттасып, әңгiмелескенiм бар. Жарықтық сол тоқсаныншы жылдары «Дiндi бетiмен жiберуге болмайды. Дiни секталар қаптап, соңы қауiптi жағдайға айналады» деп айтқан едi. Қазiр айтқаны айдай келiп отыр.

Өзiне арнайы сәлем беруге келген осы дiн ғұламасымен Димекең ұзақ әңгiмелесiп, Ислам дiнiнiң әлемдiк қасиетiне байланысты пiкiрлеседi. Димекеңнiң дiн тарихында хадис, шариғатта сауатты, мұсылмангершiлiктi сақтаған адам екенiн бiлген ғұлама молда Халифа ата өзi аударған Құран кiтабы мен жайнамаз сыйлап, оған Алла-тағаладан жақсылық тiлейдi.

Тәңiр сыйы – сексенге келген жасы жөнiнде айтып, «сiз жұмаққа барасыз» деп әзiлдейдi. Димекең естелiгiнде үйiнде қонақта болған молданың бiлiмi мен iлiмi жөнiнде ғибратты нәрселер айтады. Халифа Алтай сияқты намаз оқып, қажылыққа бармаса да жандүниесi таза Димекең өзiнiң мұсылман екенiн естелiгiнде аңғартады. Белгiлi дiнтанушы Мұртаза Бұлұтай «Димекеңмен дiн жайында әңгiмелесiп, сұхбаттасу қашанда әсерлi әрi өнегелi едi» деп үйiнде бiрге түскен суретiн күнi бүгiнге дейiн қастерлейдi. Заман заңына қарай Құдайға құлшылығын сыртына бiлдiрмей, «жүректе бiр Алла» деп жүрген Димекең өзiнiң дiни мiнәжат, ғибадатын ұмытпаған мұсылман екенiн Тәуелсiздiктен кейiн танытты. Орта Азия мұсылмандары үшiн екiншi Мекке – Түркiстанға келiп, Димекеңнiң iштей Алла-тағалаға мiнәжат етiп, Әзiрет Сұлтанның кесенесiне келетiнi, атеистiк заманның өзiнде оңтүстiкте аңызға айналып кеткен болатын. Ислам әлемiндегi ұлы ойшыл, сопы Қожа Ахмет Яссауи жөнiнде нағыз «құдай атқан» атеист Никита Сергеевич Хрущевке пойызда кетiп бара жатып, әңгiме айтуы – Димекеңнiң дiн тарихы мен iлiмiнен хабары мол ғұлама екенiн дәлелдесе керек. 3кiнiштiсi, академик, ғалым Димекеңнiң дiн iлiмiнiң қасиетiн терең бiлген Ислам өркениетiндегi тұлғалардың бiрi екенiн әлi тани алмай жатырмыз. 

Димекеңнiң қазада дұға оқуы 

«Дiнмұхамед» деген атынан-ақ көрiнiп тұрғандай, Димекең дiнiн ұмытпаған, қажет жерiнде оны қастерлеген, сыртқа кейде сездiрiп, кейде бiлдiрмеген бiр жұмбақ жан болып, кеңестiк дәуiр тарихында аты қалды. Димекеңнiң кеңестiк заманда бiлдiрмей дiн ғұрыптарын, салт-жоралғыларын жасайтынын жұрт көп бiле бермейдi. 70-жылдары Димекеңнiң жұлдызы жанып, атағы аспандап тұрғанда, Жетiсуда белгiлi Медеу байдың бiр ұрпағы дүние салады. Медеу мен Димекеңнiң атасы – Жұмабай қажы өте сыйлас адамдар. Димекең қазаға нөкер ертпей, бiр-екi қарапайым кiсiмен келедi. Ас-дәмде өзi құран оқып, бата жасайды. Қазада Димекеңмен бiрге дастарханда отырған кiсi күнi бүгiнге дейiн Қонаевтың құран оқығанын көрiп, ол кiсiден Құран сарынын тыңдағанын әлi аңыз қылып айтып келедi. Димекең жайында «ием сенсiң, кием сенсiң, жан аға» деп жыр жазған Тұманбай ақынмен қоштасу кезiнде кәсiби суретшi осы кiсi, неге екенiн бiлмеймiн, маған жолығып, Димекеңнiң молдалығын өз пайымы бойынша түсiндiрдi. Димекеңнiң дiн ғұрыптары мен тәрбиесiне байланысты ұстанған өзiндiк өнеге-тәлiмдерi, айта берсе, өте көп. Өкiнiштiсi, мұны халық тағы бiле бермейдi. Әйелi Зухра Шәрiпқызы дүние салып, алыс-жақыннан туыстары келiп жатады. Бiрде дұға оқытуға мешiттен шақырылған молда бiр себептермен келе алмайды. Молданы күтiп, уақыт өткiзбей дұғаны Димекеңнiң өзi оқып, бет сипайды. Қонаевтың Құран оқығанына куә болғандар «Димекеңнiң өзiне тән Құран оқу мақамы бар едi» дегендi айтады. Әсiресе, ғалым Бақтияр Сманов Қонаевтың Құран мақамын естiгенде, ерекше әсерде болғанын жиi қайталайды.

Димекеңнiң бойына дiни кие-қасиеттiң және дiн iлiмiнiң сiңгенi соншалық, бала кезiндегi мұсылмандық өнеге даналық өмiрiнiң соңына дейiн жалғасқан. Бұған тағы бiр қызықты мысал келтiруге тура келiп отыр. Бiр ораза айында Яссауи көшесiндегi аты Құранның бiр сүресiмен аталатын мешiттiң имамымен әңгiмелескенiм бар. Сөзден сөз шығып, Қонаевтың дiндi құрметтеп, дiни ғұрыпта сауатты болғаны жөнiнде әңгiме жалғасты. Бiрде Димекең зейнетте жүргенде, Оңтүстiк Қазақстанның Түлкiбас ауданына келедi. Ақсақалдар алдынан шығып, құрметтеп, қонақ қылып, соңында «жаңадан ашылған мешiттi көрiп кетiңiз» дейдi. Димекең мешiтке кiредi. Имам жас жiгiт болса керек, жүгiрiп алдынан шығып, «Аға, төр жаққа жүрiңiз» дейдi. Сонда Димекең: « Сен жас болсаң да мешiт имамысың. Сенiң алдыңа менiң түсуiме болмайды. Тиiстi орынға өзiң жайғас» деп дiни дәстүрдi сақтап, мешiтте көппен бiрге уағыз тыңдайды. Соңында қоштасарда имам жiгiт: «Аға, сiзге Құран сыйлауға рұқсат етiңiз» деп қасиеттi кiтапты ұсынады. «Балам, менде дәрет жоқ. Сондықтан Құранды ұстауға болмайды. Егер ақ шүберекке шын ниетiңдi бiлдiрiп, орап берсең алуға болады» дейдi. Имам Димекеңнiң айтқанын орындап, Құранды солай бередi. Димекең дiн әдебi мен ежелгi ғұрыпты және Құранды қасиеттеудiң үлгiсiн осылай көрсетiп, жамағатты қайран қалдырады.

Қонаев тек қана Ислам дiнi арқылы ғана емес, басқа дiндер бойынша да Жаратқан иеге жаны жақын жан. Шет елдерге көп шыққан Димекең Қытай мен Жапонияға барғанда ежелгi дiн – Будда ғибадатханаларында болып, мұндағы дiни ғұрып-салттармен танысып, аталған дiн жайында бiледi. Ондағы құлшылық ғибадаттарды көзiмен көредi. Қытайға барғанда атақты «Аспан-храмын» көргенiн сапарнама кiтабында жақсы жазады. Үндiстанға сапар кезiнде Ислам сәулет өнерiнiң айтуға тiл жетпейтiн ғажайып құрылысы, әлемдегi кереметтердiң бiрi – Тәжi-Махал мазары жанында суретке түсiп, мұнда келген мұсылмандармен жүздеседi. Иранға, Египетке және Сирияға iссапары кезiнде ондағы көне мешiттердi көредi. Олардың тарихымен танысып, дiни жоралғыларға куә болады. Ал, Еуропа елдерiне барғанда ондағы христиан шiркеулерi жайында және осы дiндi ұстанушылар туралы мол мағлұмат алады. Құранның орыс тiлiндегi нұсқасын Еуропа елдерiнiң бiрiнен сатып алғаны бұдан бұрын да айтылды.

Кемеңгер Димекең тек ғұлама ғалым, мемлекет қайраткерi, академик, Еңбек Ерi ғана емес, Кеңес үкiметiнде тыйым салынған – Дiн iлiмiнде де бiлгiр, Құдай құдыретiне мойынсұнған, Алла-Тағала жолын ақыл-ойы мен жүрегiнде ұстаған дана екенiн халық ендi-ендi бiлiп жатыр. Қонаевтың естелiк кiтабын оқыған адам осы шығармада: «Құдай-тағала, Алла-тағала, Перi, Жаратқан, Сәуегей, Әулие, Тәңiр» деген сөздердi жиi кездестiредi. Яғни, Димекең Дiн iлiмiнде өте сауатты, иманы кемел, халық көсемi екенiн осылай дәлелдейдi.

Журналистер сұхбат алып, телехабар жасап жатқанда, Димекең ұмытылған бiр дiни сөздi айтқанда, олар оның мағынасын түсiне алмай, өзiнен сұрауға батылдары бармай қиналғандарын белгiлi журналист-қаламгер өз естелiгiнде айтады. Дiнге қатысты Димекең бiлгендi қазiргi бiздiң дiндарлардың көбi бiлмейдi.

Түйiп айтқанда, Димекең – Дiнмұхамед атамыз тарихи тұлға ғана емес, өз дiнiн заманына қарай ұстанып, өзге дiнге де құрмет көрсетiп, Құдайға iштей құлшылық қылып, Алла-тағалаға жүрегiмен, iшкi түйсiгiмен жақындаған рухы кемел, бұл дүние әлемiн, о дүниедегi мәңгiлiктi Тәңiр тылсымы арқылы ұққан ұлы адам.

Ораз ҚАУҒАБАЙ, «Аlmaty-akshamy»

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Димекең 60 қала салса салған шығар. Бірақ сол қаларды қазақ үшін салғандығында күмәнім бар. Сол алпыс қалаға алаш баласы басын сұқты ма екен. Соны да ойлап жазу керек.

    • Конаевтын сухбаттар мен макалалар жане естелик китаптарында Динмухаммед Конаевтын дини сауаты туралы айтылган ол ешкашан да намазын каза кылмаганын айткан. Партия жиналыстарында отырып та ишинен ниет етип намазын окыпты Осындай акпараттар халыкка кенинен айтылса дурыс болар еди Бул сондайтакырыптагы макаланын басы деп ойлаймын

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар