Большевиктердің атамекеніміздегі ұлттық қозғалысқа қарсы қолданып отырған ең залалды құралдарының бірі – бізді «ұлттық шовинизммен» айыптауы болып табылады. Өзінің ұлттық құқығын аз да болса қорғағысы келетін кез келген түркістандықты большевик узурпаторлары «шовинист», «төңкеріс пен пролетариаттың сатқыны» қатарына жатқыза салады. Осындай түркістандықтар партия мүшесі болса, партиядан аласталысымен үкім шығарылады да, керітөңкерісшілдерге қарсы большевиктік тәсілмен оқ атуға жаны құмар әуескойлардың нысанасына айналады. Большевиктердің бізге таңып отырған шовинизмі не нәрсе? Енді соған келейік.
«Шовинизм» деп басқа ұлттардың мүдделері есебінен тар ұлтшылдыққа бой ұруды, басқа ұлттардың өмірлік мүдделерін тек өз ұлтының мүддесі үшін құрбан етуді айтады. Шовинизмнің бой көрсетуі үшін шовинизммен айыпталып отырған ұлт өзі өмір сүрген елде үстем орынды иемденуі, мемлекеттік билікті қолында ұстауы шарт. Олай болса түркістандықтарды шовинизммен айыптау үшін, ең алдымен, оларда осы айтылғандай алғы шарттардың бар-жоғына назар аударған жөн болар еді. Түркістандықтарды шовинизм дертіне шалдықтыратын алғы шарттар мүлде жоқ екенін бірден кесіп айтуға тура келеді.
Түркістанда билеуші ұлт – орыстар. Сондықтан, әкімшілік те солардың қолында. Бұрындары бұл әкімдер жәй ғана орыс, ұлы орыс деп аталатын еді. Қазір олар орыс пролетариаты, орыс төңкерісшіл жұмысшы-шаруалары деп аталады. Бұрын Түркістан және Түркістан түріктерінің ұлттық мүддесі Ресей мен орыс халқына тәуелді еді. Енді бүгін атамекеніміздің мүддесі кеңестік Ресейдің төңкерістік орталығына тәуелді.
1916 жылы генерал Куропаткин: «Түркістандықтар өздерінің жергілікті және ұлттық мүдделерін Ресей және ұлы орыс халқының мүдделерімен бір қатарға қоя алмайды. Ресей, ең алдымен, орыстар үшін» деген еді. Куропаткиннің осы сөзін Мәскеу большевиктері «қызыл бояумен» бояп былай дейді: «Сіз өзіңіздің жергілікті және ұлттық мүдделеріңізді төңкеріс орталығының, яғни, Ресейдің мүддесімен бір қатарға қоя алмайсыз. Орыс төңкерісшіл, пролетариатының мүддесі бәрінен де жоғары…»
Шалуа Элиаваның әділетті түрде атап көрсеткеніндей, Түркістанда жергілікті пролетариат жоқ. Бұл жерде орыс пролетариаты билік құрып отыр («Яш Түркістанның» 1-санын қараңыз). Ендеше, патшалық үстемдік кезіндегі сияқты, Түркістанда қазір де орыс шовинизмі билік жүргізіп отыр. Бұрын орыс шовинизмі жыртқыш сипаттағы ұлтшылдық болатын. Қазір ол «төңкерісшіл шовинизм» түрінде көрінуде.
Орыстардың үстемдігіне қарсы күресіп, өз халқын, ата-мекенін орыстармен бірдей деңгейге көтеру үшін ұмтылып отырған түркістандықтарды шовинизммен айыптаудың қисыны бола қояр ма екен? Әрине, болмайды. Атамекеніміздің ұлттық құқығы жолында жүргізіп жатқан күресіміз, тіпті, кейде «демократияның шекарасын» аттап кеткен күннің өзінде ешкім бізді шовинизммен айыптауға қақысы жоқ. Біз ұзақ жылдар бойы зынданда отыруға үкім етілген күнәсіз адам сияқтымыз. Мұндай халге душар болған тұтқын қайткен күнде де зынданнан құтылудың амалын қарастырады. Терезедегі темір торды кесіп тастауға, зындан күзетшісін ұрып жығуға дайындалады. Осындай батыл қимылдарына бола ондай адамды «там тесер ұры» немесе «баскесер қарақшы» деп таңбалау дұрыс болмас еді. Энгельс кезінде Ресейді «халықтар түрмесі» деп атаған еді. Ресей қазір де халықтар түрмесі күйінде қалып отыр. Біз кеңестік зынданның темір торларын аралап жатырмыз. Біз елімізді қамауда ұстап отырған зындан қарауылдарына қарсы күресеміз және күресуге тиіспіз де. Біз бостандыққа ұмтыламыз. Осы ұмтылысымызды кімде-кім шовинизм деп айыптайтын болса, онда олардың мұнысы – «ұлттар зынданы» туралы біздің жұмған аузымызды ашпауымыз тиіс деп және оның солай болуын бізге міндетті етіп, сондай-ақ, орыстардың зындан күзетшісі болғанын заңдастырып бергендік болып шығады.
Біз өзіміздің ұлттық еркіміз бен тәуелсіздігімізді талап етеміз. Біз миллиондаған бауырларымыздың қандары төгілген, сүйегі жатқан ұлт азаттығы жолымызда орыс үстемдігі, ұлы орыс шовинизмімен бетпе-бет келіп отырмыз. Біз бұл үстемдікті аударып тастап, оның орнына түркістандықтардың билігін орнатуымыз керек.
Патшалық Ресей бізді тұншықтырды, атамекенімізді қанға бояды. Большевиктік Ресей де бізді тұншықтырып, атамекенімізді, отбасымызды қанға бояуда. Басқалары былай тұрсын, «болашақтағы демократиялық Ресейдің» өкілдері делініп жүрген Керенский және оның пікірлестері де біздің өз атамекенімізде орыстармен тең болғымыз келетіні жөніндегі талаптарымызды құп көрмейді, құқай көрсетеді («Дни» журналының 17-саны қаралсын). Міне, сол үшін де біз орыс билігінің барлық түріне кектене қараймыз. Оның тізгінін қолдарына ұстап отырғандарға қарсы күресіп жатырмыз және бұдан соң да күресе беретін боламыз. Мұнда тұрған қандай шовинизм болуы мүмкін? Егер, біз өзіміздің ұлттық өкіметімізді орнатып бекемдеген шағымызда орыстарды және басқа шағын ұлттарды Мәскеудің, қазір, бізді «пролетариат диктатурасы» деген желеумен езіп отырғаны тәрізді езетін болсақ, міне, сол уақытта ғана бізді шовинизммен айыптау шындыққа сәйкес келер еді. Мемлекеттік билікті қолында ұстап отырған ұлт қана шовинизмді жүргізе алады. Өкінішке орай, біз зынданға тасталған кінәсіз адамның халіндеміз.
Біз бұрын патшалық Ресей, қазір кеңестік Ресей деп аталған зынданның темір торларын аралап жатырмыз. Біз зындан қожайындарына шабуыл жасауымыз, жолымызды олардан тазартуымыз лазым. Бұл – шовинизм емес. Бұл – халқымыздың ұлттық мұраттары жолындағы күрестің табиғи бір көрінісі ғана.
1930 ж. №2
Парақшамызға жазылыңыз