Алашорда үкiметi құрылған кезеңде дүниеге келген, сол уақытта да, кейiннен де орындалған гимн, марштар жөнiнде әртүрлi пiкiрлер айтылып, құнды деректер жарияланып жүр. Алдымен дәстүрлi әншi Ж.Құжиманов орындап жүрген екi әнге назар аударалық. Құлаққа жақсы таныс әннiң бiрi – «Арғы атам ер түрiк» деп басталатын Алаш ардақтыларының бiрi Ж.Аймауытұлының сөзiне жазылған М.Дулатовтың әнi. Ал екiншi шығарма – халық әнi мелодиясымен орындалатын М.Дулатовтың «Зар заман» өлеңi.
«Алаш маршы», «Алаш гимні» қандай болған?
1. Кез болған соң кер заман біздің баққа,
Жау жарағын асынып міндік атқа.
Ел бастайтын ерлерге бұл бір зор сын,
Жаңа талап, жас ұлан, қарап жатпа. Заман-ай!
Қайырмасы:
Азаматы Алаштың
Аттанатын күн туды.
Тұлпар мініп, ту ұстап,
Баптанатын күн туды.
М.Дулатовтың бұл өлеңі халықтық «Заман-ай» (Б.Ерзакович. Қазақ халқының ғашықтық әндер антологиясы, 160-б.) әнінің әуенімен орындалып жүр. Анығырақ айтқанда «Заман-ай» әнінің дәл өзі емес, жақын варианты деуге болады.
Қазақ әндерін алғаш рет жүйелі түрде жинаған этнограф А.В.Затаевич ұлтымыздың біртуар С.Сейфуллин, А.Байтұрсынов, Б.Майлин, Ж.Аймауытов, Ә.Жангелдин, О.Жандосов, Т.Жүргенев М.Сералин секілді тұлғаларының орындауында (олардың жұбайлары – Ғ.Дулатовадан, Ф.Жандосовадан) 97 ән, 4 домбыра күйін нотаға түсірді. Зерттеуші өзінің «1000 песен киргизского народа (напевы и мелодии)» (Орынбор, 1925) жинағында қайраткерлерді халық музыкасының білгірлері деп бағалап, осы еңбегіне орасан зор үлес қосқандықтарын, олардың көмегін үнемі басшылыққа алып отырғанын құрметпен айтады. Бірақ ғұрыптық, тұрмыс-салт үлгілері бәдік, дауыс, жоқтау, жар-жар, жарапазаннан бастап, кең тынысты, күрделі халықтық және авторлық әндерді жеткізген «халық жауларының» аты-жөні мен олар туралы мәліметтер кітаптың екінші басылымына мүлдем енбеді.
Ғалымның аталмыш еңбегінде Міржақып Дулатовтың патша үкіметі тұсында жазылып, қазақтарды оянуға, сергуге шақыратын «Кер заман» атты өжет рухты әнінің болғандығы жөнінде мағлұмат қана берілген. Сонымен қоса жинаққа революциялық мазмұндағы, ұлт-азаттық көтеріліс кезінде дүниеге келіп, орындалған Әліби Жангелдин жазғызған «Ұмтыл алға, кіші інім» (№ 815), «Төңкеріс» (№ 237, орынд. О.Шәрікпаев) сияқты әндер енген.
А.В.Затаевичтің дерегіне сүйенсек, М.Дулатовтың «Кер заман» (яғни қайырмасымен жеткен «Зар заман») өлеңінің өз әуені болған.
Дәстүрлі әнші Ж.Құжимановқа осы маңызды да құнды екі әнді публицист-жазушы, сазгер И.Жақанов шет елден келген қандасымыздың орындауында ұсынған екен. Үнтаспаға жазылған мәліметте шет елдегі қандасымыз «Арғы атам ер түрік» деп басталатын өлеңге бастапқыда орыс әнін пайдаланып, кейіннен оған ұқсас марш екпініндегі жаңа әуенді Міржақып Дулатовтың шығарғандығын айтқандықтан Ж.Құжиманов «Алаш ұраны» деп нотаға түсіріп, «Қазақ ордасы» журналына (2003, №1-2) жариялады («Алаш ұраны» тақырыбында С.Торайғыровтың да өлеңі бар). Әнші екінші «Зар заман» шығармасын үнтаспадан үйреніп, Қазақ радиосына жаздырды, бірақ тәуелсіздік тарихында маңызы жоғары бұл туындылар әлі күнге дейін Тәуелсіздікке байланысты ұйымдастырылып жүрген мемлекеттік концерттерде шырқалмай келеді.
Соңғы уақытта «Алаш әні» деген туынды мәтінін саясаттанушы М.Хакім жариялады. Бұл шығарма сазы бүгінге жетпей отыр. Үлгінің поэтикалық жолдарының буын саны жоғарыда келтірілген «Арғы атам ер түрік» деп басталатын үлгіге де, М.Дулатовтың «Зар заман» атты қайырмалы өлеңіне де ұқсамайды, сондықтан оның мелодиясы басқа болуы да мүмкін.
Жоғарыда сөз болған «Арғы атам ер түрік» деген өлеңнің авторлығына қатысты мерзімді баспасөз беттерінде әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Өлең авторы ретінде М.Дулатов, С.Торайғыров, Б.Майлин деп немесе осы үш тұлға бірігіп жазған деген ойлар да бар. Біз осы өлеңді академик С.Қирабаевтың: «…дербес қазақ мемлекетінің болашағын түрік халықтар ынтымағымен байланыстыра қараған Жүсіпбек Аймауытов «Арғы атам-ер түрік…» … деп, жаңа ұлт мемлекетін қорғарлық ерлік дәстүрлерді еске салды», – деген (Қазақ әдебиетінің тарихы. 7-том, 14-б.) және түрік халықтарының отаншылдық, елшілдік өлеңдерін үндестікте зерттеген Д.Қамзабекұлының, т.б. ғалымдардың Ж.Аймауытовтікі деп көрсеткен пікіріне сүйенеміз.
Сонымен қатар осы өлеңнің авторы туралы және алашордашылардың әнұраны болғандығын Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова да өмірбаяндық естеліктерінде жазады. Интернет бетінде осы өлең «Алаш маршы» деп аталып, авторы көрсетілмей, кейбір жолдары сәл өзгеріп жарияланып жүр. Түпнұсқаға назар аударғанда «Абай» журналының 1918 жылғы (№ 7, 13-14-беттер) санында «Ғаскер өлеңі» деп жарық көрген өлең толық мәтіні төмендегідей:
Арғы атам ер түрік,
Біз қазақ еліміз.
Самал тау, шалқар көл,
Сарыарқа жеріміз.
Сай сайлап, мал айдап
Сайрандап, иен жайлап,
Ерке өскен Арқаның
Еркесі серіміз.
Біз жүрген алаштың
Шын кемеңгеріміз!
Егессек ел бермес
Еңіреген еріміз.
Бұғаудан босаған,
Біз долы арыстан.
Долданса болмайтын,
Жаңа дәу періміз!
Ат мінсек, жел болып,
Суылдап шабамыз.
«Лап!» десек ерленіп,
Дуылдап жанамыз.
Алаштың ақ туын
Қолға алып, ақырып,
«Алаш!» деп шапқанда,
Ер түрік ежелден
Оқ тескен етіміз!
Қаймығып еш жаудан,
Қайтпаған бетіміз.
Жаусын оқ, ақсын қан,
Шықсын жан, қорқу жоқ.
Алаштың жолында,
Жан қимақ – ниетіміз.
Біздерге сөз бе екен,
Жауыңның көп, азы!?
Өлсек хақ шаһитпіз
Өлтірсе біз қазы.
Жол болып жау шауып.
Сау қайтсақ боламыз,
Қазақтың шын ұлы,
Қаһарман сабазы!
Алаштың әруағы
Жебесін, қолдасын!
Ақсақал тілей гөр,
Сапарды оңдасын!
Жасаған жар болып,
Қазақтың еліне
Жасатсын, сақтасын
Алаштың ордасын!
Жауға ойран саламыз!
Жалпы, Алаш әнұраны (гимні) осы болған деп әртүрлі шығармалар айтылып жүр. Ол – бір өлеңнің бірнеше әуендік нұсқамен орындалуы және басқа авторлардың өлеңдері. Мысалы, ғалым Д.Қамзабекұлы Ж.Аймауытовтың «Ұран» өлеңі де Алаш гимні болған деген мәлімет берген. Сондай-ақ ақпарат көздерінде Торғайда және Батыс Алашордада айтылған нұсқалары болғандығы айтылып келеді.
Тарихтан Алаш партиясының мүшелері, ұлтымыздың азаттығын аңсап, оның жарқын болашағы үшін қызмет еткен білімді ұлдары «алашордашы», «ұлтшыл» деген айдармен қуғын-сүргін құрбаны болғаны мәлім. Саяси қысыммен жақын шекаралас елдерге ауа көшкен, онда да бейбіт өмір сүре алмай тағдыр тауқыметін тартқан қандастарымыздың пана іздеп Пәкістан, Үндістан арқылы алыстағы Түркияға дейін барғаны да белгілі. Олардың жадында азаттықты арман еткен қайраткерлердің шығарған, бас қосқан кезде орындаған әндері (гимн, марш) сақталыпты. Мәселен Ж.Аймауытовтың «Ғаскер өлеңін» Түркияның Стамбул қаласының тұрғыны Мәдәлім Байқонақұлы (1922 ж.т.) орыс мелодиясымен «Алаш маршы» деп орындап берді. 1950 жылдары Түрік жеріне көшкен Мәдәлім қажы Шығыс Түркістандағы Манас Сауанда дүниеге келген. Әннің музыкасы мен поэтикалық мәтінінің авторлығы жөнінде білмейтінін айтқан информатордың жадында бұл шығарма бала кезінде үйреніп, өзі орындағаннан кейін сақталыпты. «Алаш маршының» бұл нұсқасын еуропалық қандастарымыздың орта буын өкілдері де, мысалы Бәшір Абдулхамитұлы осы әуенімен орындап берді.
Мәдәлім Байқонақұлынан жазылып алынған материалдардың құндылығы сол, қазақ музыка тарихында маңызы жоғары, 1945 жылдары Қытай жерінде кең қолданыста болған «Шығыс Түркістан әскерлерінің маршын» және «Ұмтыл, жас» деп басталатын мектептегі оқушылар маршын әуенімен жеткізді. Бұл үш түрлі әуенмен орындалатын үш музыкалық шығарманы биылғы Стамбул сапарымда информатордың өз аузынан жазып алған едім. Мәдәлім қажының Алаш маршын білетінін, оның басқа да құнды мәліметтер бере алатынын айтып, информаторға алып барған белгілі тарихшы Әбдіуақап Қара ағамыз еді.
Жалпы, Түркияға сапарым, Стамбул қазақтарының музыкалық фольклорын жинап, жазып алу жұмыстарым өнер жанашыры Ә.Қараның тікелей қолдау-көмегімен жүзеге асты.
Алаш маршы мен Шығыс Түркістан маршы бір туынды деген пікірге қолымызда бар дерекке, яғни Мәдәлім Байқонақұлы жеткізген әндерге сүйеніп, ол екеуі екі түрлі марш деп айта аламыз. М.Байқонақұлы орындап берген «Шығыс Түркістан маршы» Үш аймақ үкіметі құрылған кезеңде, Іледен шыққан әскерлер Алтайға соғысқа кетіп бара жатқан кезде айтылған екен. Яғни әскери марш. Поэтикалық мәтіні төмендегідей:
Аттан, аттан, қарап жатпа,
Бетіңді бұр жау жаққа
. Бәрің бірдей қайрат қылсаң,
Жетерсіңдер мұратқа.
Қаруыңды ал, жаныңды сал,
Хал қазақтың жолына
Сөйтсең ғана тиеді анық
Соңғы үстемдік қолыңа.
Жарқыраймыз найзағайдай,
Күркірейміз күн болып.
Залым дұшпан жоғаларсың,
Басың сақтап мұң болып.
«Шығыс Түркістан маршының» музыкалық сипаты дәстүрлі шығармалардан өзгеше, жаңа интонациялық лебі бар туынды. Үш аймақ құрылу тұсындағы Шығыс Түркістан әскерінің маршының тағы бір нұсқасын Стамбулда тұратын ақын Рамазан Дөнмез (1932 ж.т.) орындап берді. Онда төмендегідей жолдар кездеседі:
…Ескі әдетті тастадық,
Біз қазақтың баласы,
Он саусақтың саласы, ай-рай, айририрай.
Автоматты қолға алып,
Арыстандай толғанып, ай-рай, айририрай.
Қазақ еді еліміз.
Екі-екіден жұбымыз, ай-рай, айририрай.
Біз қазақтың баласы,
Он саусақтың саласы, ай-рай, айририрай.
Ал М.Байқонақұлы жеткізген үшінші нұсқа – мектеп оқушылары маршының музыкалық қырларына, басқа материалдармен және 1920-1940 жылдар ән жанрының аясындағы орнына арнайы ғылыми-теориялық зерттеме арналады. Өлең үзіндісін төменде ұсынамыз:
Үстімізде түрік байрақ,
Күнге қарап жалтырайды.
Біріксін күш!
Бізді көрген қас дұшпандар,
Бек алыстан қалтырайды.
Біріксін күш!
Қуанысып, шаттанысып,
Алға таман жарық заман.
Ей, ұмтыл, жас!
М.Байқонақұлы орындаған «Алаш маршына» қайта оралсақ, шығарманың ноталық үлгісін ұсынып, назар аударсақ, тақырыбына сәйкес, бірқалыпты, бастан аяғына дейін 2/4 өлшемінде жүріп, марш екпінінде батыл, салмақты орындалады:
Әннің өне бойындағы дыбыс пен буын синхронды байланысып, марш жанрының табиғатын аша түседі. 6-буындық (3+3) жолдардан құрылған шумақ төрт түрлі музыкалық мелотармақтан тұрады, әуен әр шумақта өзгеріссіз қайталананып отырады.
Жоғарыда айтылып өткендей, Мәдәлім Байқонақұлының нұсқасы М.Дулатовтың шығарған әуенінен өзгеше, шамасы, бұл хронологиялық жағынан алғашқы вариант. М.Дулатов нұсқасы орыс мелодиясымен салыстырғанда шағын дыбыс ауқымында және пунктирлі ырғақтармен жүреді. Кварталық интонациямен басталған әуен шымыр, жинақы, әр бунақ соңы салыстырмалы ұзақтықпен тұйықталып отырады. Жоғарыдағы айтылған «Алаш ұраны» да, «Алаш маршы» да Алашорда қозғалысының тарихында айтарлықтай орын алған шығармалар. Біздің ойымызша, бастапқы кезеңде Алаш маршы ретінде Мәдәлім Байқонақұлы нұсқасы кең тарап, танымалдық алған сияқты. Өйткені ол вариант – сол дүниеге келген кезеңінің музыка мәдениетіне тән құбылыстармен нақтыланып отыр. Бұл жерде өлеңнің бастапқыда орыс әуенімен айтылып, кейіннен басқа әуенге бейімделгенін тарихи дерек ретінде назарда ұстауымыз қажет. Өйткені қазақ жеріндегі революциялық әндердің пайда болуына «Интернационал», «Варшавянка», «Смело, товарищи, в ногу» және орыстың халық әндерінің әсер еткені белгілі.
Өткен ғасырдың басында ұлттық саз өнеріне тың тақырып пен жаңа мазмұндағы әндердің дүниеге келуімен бірге марш, вальс секілді тың жанрлар енді. Ән мәдениетінде «Амангелді сарбаздарының әні», «Амангелді маршы», «Партизан әні» және т.б. марш формасындағы әндер пайда болды. Жаңа жанрлардың айқындаушы белгілерінің нышаны негізінен өлшемдерінде еді – марштың әсіресе 2/4 және 4/4 ырғағында өзгермей, біркелкі жүруі заңдылық. Дәстүрлі ән мен күйлерімізге өлшемдік жиі ауысулар тән болғандықтан бұндай біртекті ырғақтық формулалар бірден еніп кетпеді. Осы тұста азаттық жолындағы күреске елеулі үлес қосқан ұлт зиялыларының орыс әнімен айтылған «Алаш маршы» («Ғаскер өлеңі») секілді, ақын С.Сейфуллин де 1917 жылы жазылған ұран іспеттес «Жас қазақ марсельезасына» орыстың революциялық «Отречемся от старого мира» әнінің мелодиясын пайдаланды…
Алаш әндерінің қайсысын алсақ та, мейлі марш болсын, мейлі гимн немесе ән деп аталсын олар тәуелсіздік жолында күрескен топтың ұраны болған, кейін жалпыхалықтық сипат алған маршқа айналған қазақ музыка мәдениетіндегі отансүйгіштік рухтағы тарихи туындылар.
Ән – өмір айнасы. Халқымыздың музыка мұрасында тарихи оқиғаларға байланысты туған «Елім-ай», «Ағажай, Алтай» әндерінде зарлай көшкен жұрттың зары соншалықты дәл бейнеленсе, өткен ғасыр басындағы Алаш милициясы тарихы мен оның болашағына сенген тұлғалар да осы шығармалар арқылы өз сезімдерін соншалықты дөп жеткізді. Бұл әндердің барлығы да патриоттық тақырыпта шыққан, мыңдардың асыл арманы болған тәуелсіздікке арналған, өскелең ұрпақ ұмытуға болмайтын, ұлт тарихынан хабар беріп отыратын музыкалық ескерткіштер. Б.ТҰРМАҒАМБЕТОВА,
өнертану кандидаты, музыкатанушы,
22.12.2011, «Түркістан» газетінен
Парақшамызға жазылыңыз