////

Дидахмет Әшімханұлы:«КАРМЕН» ОЯТҚАН ОЙ

1298 рет қаралды

Қазіргі қазақ прозасында әңгіме жанрының новелла түріне түсініктің төмендігі сондай, оны жылт еткен сезімнің қас-қағымдық көрінісін беретін этюд деңгейіне дейін түсіріп жіберген ғой. Әйтпесе өмірде сирек кездесетін белгілі бір жағдай (ситуация) мен белгілі бір әлеуметтік ортадағы мінез-құлықты ішек-қарнына дейін ақтарып беруді көздейтін және төбеден ұрғандай тосын түйінмен аяқталатын новелланың көркем әдебиеттегі орыны о баста тым биік еді. Әсіресе, ХІХ ғасырмен ХХ ғасырдың екінші жартысына дейін. Осы аралықта новелла жанрымен атын әлемге әйгілеген жазушылар қаншама. Бүгінгілер шығармасы отыз беттен сәл асса болды, шекесіне «повесть» деп қонжита салса, әлгі әйгілі жазушылар 70-80 беттік дүниесін де «новелла» деуден әрі аспаған. Бұл сыпайылық емес, жанрды сыйлау болса керек.

 Жанрды осылайша сыйлаған ерен талант иесі – француз жазушысы Проспер Мериме (1803-1870). Жиырмадан жаңа асқан шағында «Клара Газуль театры» деген пьесалар жинағымен-ақ қалам қарымын анық танытқан ол кейін қандай жанрда қалам тартса да, тек абырой тұғырынан түспеген. Бірақ не жағдай әсер еткенін кім білсін, жұртшылыққа дарынды драматург, тарихи романның тамаша шебері ретінде әбден танылып болған кезде, басқа жанрлардан гөрі енді новеллаға деген ықыласы тым арта түседі. Бұдан өзінің де, оқырманның да ұтылмағанын енді көріп отырмыз: әлем әдебиетінің алтын қазынасына қосылған «Матео Фальконе», «Таманго», «Кармен» т.б. ғажайып новеллаларды дүниеге әкелген Проспер Мериме міне, бір жарым ғасырдан бері жер шарының әр түкпіріндегі сан миллион оқырманның ең сүйікті жазушыларының біріне айналған.

 Өз әдебиетіміздің өзекті мәселелері аз болғандай енді әлдебір елдің жазушысы туралы сөз қозғауымызға не себеп? Проспер Мериме бізге не үшін қажет болды?

 Рас, соңғы уақытта Алматыда Ғ.Мүсірепов атындағы Жастар театрында аталған жазушының атақты новелласы бойынша «Карменсита» атты спектакль қойыла бастады. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында әр түрлі ой-пікірлер де жарияланып үлгерді. Көкейге қонары да, қонбасы да бар. Бірақ бір мәселенің басы ашық: спектакль ғұмырын тек көрермен ғана шешеді. Көп – сыншы, уақыт – төреші. Осы екеуіне төтеп берсе, «Карменситаның» жолы болсын! Ал спектакльді көрген біз мүлде басқа ойға берілген едік. Дәлірегінде, сонау 80-жылдары оқыған Мериме новеллалары қайта есімізге түсіп, сол еске түскендеріміз өзге де ойларымызды қағазға түсіруге түрткі болған-ды.

 Біз – күштілер мен дүмділерден көп қорлық, мол зорлық көрген ұлттың ұрпағымыз. Содан да болар, осы жолдардың авторы арғы-бергі классикалық шығармаларды оқығанда, өз ұлтының, өз нәсілінің өзгелерге жасаған озбырлығы мен қиянатын мейлінше шыншылдықпен көрсетіп, мүмкіндігінше әлсіздердің жағына шығып отыратын жазушыларды ерекше құрметтейтіні бар. Шүкіршілік, ондай ұлы гуманистер әр елде, әр кезде болған, қазір де бар. Өкініштісі – өте аз. Сол аздардың қатарында біз білетін ағылшын Фенимор Купер, Джек Лондон, Джон Голсуорси, француз Проспер Мериме, орыс Лев Толстой, В.Гаршин, А.Куприн, қазақстандық С.Марков, П.Васильев, А.Сорокин т.б. жатқызуға болады. Байқап отырсыздар, бұлардың бәрі – отаршыл халықтардың өкілі.

 Адамзаттың аса зор қасіреті – соғыс болса, соғыстың басты мақсаты – бір елді бір елдің жаулап алуы екені белгілі. Бірақ соғыстың да түр-түрі бар. Егер терезесі тең елдер бір-бірімен соғысса, әділеттің кім жағында екенін білу қиын. Және түбінде, кеткен есе қайтуы мүмкін. Ал үлкендер – кішіге, күштілер – әлсізге баса көктеп кірсе, нағыз қасірет осында. Нағыз әділетсіздік, нағыз жауыздық та осында. Бұны соғыс деп те айта алмайсыз. Жаулау деген – жалпы атау. Ең дұрысы – Отарлау! Отарлау үстінде зұлымдықтың небір түрі жүзеге асады. Алдымен – алдау, сосын өлтіру, қыру, құлдыққа салу, материалдық байлығын тонау, рухани құндылықтарын жою, ұлттық сипаттарын құрту, ақыр соңында ата кәсібінен айыру. Бұны Лев Толстойдың сөзімен айтсақ, бір халықты түбірімен жоқ қылу үшін зеңбірек пен мылтықтың көп керегі жоқ, оны ата кәсібінен айырып жіберсе болды – өзі-ақ құрып бітеді. Міне, отаршылдықтың зұлымдығы мен зымияндығы! Бұл – адамзаттың, әсіресе супернәсілдердің ар-ұятына басылған мәңгілік қара таңба. Бұған олардың байырғы Америка, Африка халықтарына істеген жан түршігерлік іс-қылықтары айғақ. Бұны бәріміз де білеміз. Тарихтан ғана емес. Тарихтың сөзі қысқа. Қасаң. Миға ғана әсері бар. Ал отаршылдық атты зұлымдықтың өнердегі көрінісі?!. Міне, нағыз жүректі қозғап, жүйкені оятатын дүние! Бұл жағынан адамзат баласы ең алдымен әдебиетке қарыздар. Соның ішінде әсіресе отарлаушы халықтардан шыққан нағыз гуманист жазушыларға.

 Рас, отаршылық соғыс, отарлық езгі туралы бүгінге дейін ең көп жазған және әлі де жазып тауыса алмай жүрген – отарланушы елдердің қаламгерлері екені ақиқат. Бірақ олардың осы тақырыпты қозғаған шығармалары әлем әдебиетінде жарқырап көрінген кезі жоқ. Неге? Шеберліктің, таланттың кемшіндігі ме? Жоқ! Мәселе басқада. Кіші елдердің әдебиеті үлкен әдебиет төріне қай уақытта да сол алпауыт елдердің көпке ортақ тілінде ғана шыға алады. Ал алпауыттардың тек өз мүддесі үшін қызмет ететін алпауыт саясаты бар. Ол ешқашан өзгенің аузымен, әсіресе өз қарауы мен қармағындағы «кішілердің» еркімен, өзі жасаған қиянат-қылмыстардың қоясын қопарта беруге жол бермек емес. Бұған бір ғана мысал ретінде М.Әуезовтің «Қилы заман» хикаятын еске алсақ та жетер. 1916 жылғы Қарқара көтерілісін орыс жазалаушыларының қалай аяусыз басып-жаншығаны туралы аса шыншылдықпен, өте көркем тілмен жазылған бұл шығарма алғаш рет 1927 жылы Қызылорда қаласында қазақ тілінде жарық көрсе, ал орыс тілінде арада 45 жыл өткенде ғана мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Әди Шәріповтің жансала араласуымен «Новый мир» журналында, Ш.Айтматовтың алғысөзімен(1972 ж.) әзер жарық көрген-ді. Мұндай жағдайды әлгі алпауыт елдердің қай жазушысы бастан кешті екен!..

 Иә, сан жағынан кіші халық, ұсақ ұлттың ұлы болу да, жазушысы болу да оңай емес. Егер ол шын жазушы, шын Азамат болса, оның қырық жамау жүрегі ұлтым, жұртым, жерім деп соғуы керек. Ол тағдыры талайлы, тарихы аянышты, болашағы бұлдыр ұлттың перзенті ретінде бірінші кезекте өз халқының қамын жеп, қалжасын ойлауға міндетті. Бұл ертеңгі сұрауы бар қасиетті парызы да. Қай жағынан да ұпайы түгел, қағанағы қарық, сағанағы сарық елдің өкілі өзге бір нәсілдің көрген қорлығы мен зорлығын адамдық жүрекпен алға тартуға міндетті ме? Дәлірегінде, біреу оған бұны міндеттей ме? Жоқ! Ол бұған өз жүрегінің қалауымен, өз ар-ұятының жетегімен, «басқалар да біз сияқты адам, олар да біз сияқты өмір сүргісі келеді» деген имани сеніммен барады. Әйтпесе, «Қажы-Мұрат» повесі мен «Адамға қанша жер керек?» әңгімесі арқылы орыс озбырлығын ішек-қарнына дейін ақтарып берген Лев Толстойға, «Ақсақалдар лигасы» әңгімесімен ағылшын отаршылдарының үндістерге жасаған жауыздығын жеріне жеткізе көрсете білген Джек Лондонға «осыны сен жаз» деген қай орыс, қай ағылшын бар.

 Сондай-ақ Проспер Меримеге де «Таманго» новелласын жазуға ешбір француз ақыл бермеген болар… «Таманго»! Ғажап новелла! Өте ойлы, өнегелі шығарма! Кезінде Мериме туындылары ішінде маған ерекше әсер еткен – кім де болсын сілекейін шұбыртып айтатын анау «Кармен» де емес, басқа да емес – осы «Таманго» болған. Мен одан айтуға ауыз бармайтын нәсілдік, ұлттық кемсітушілікті былай қойғанда, қалыпты адами болмысқа жат азғындықтың небір түрін: айуандықты, ашкөздікті, аярлықты, опасыздық пен сатқындықты, сонымен қатар бір қысылшаң сәтте оянып шыға келер ақыл мен қулықты, намыс пен рухты, ақыр соңында жазушылық үлкен жүрек пен гуманизм атты асыл адамгершілікті – бәрін-бәрін көргенмін.

 Бас кейіпкер – Таманго атты құл сатушы зәңгі (негр). Сатып жүргені – «қара тауар» – өзінің қандас, нәсілдес бауырлары. Бала-шағасымен шынжырлап әкелген оларды француз қарақшылары саудалап әлек. Сол қарақшылардың көзіне адам емес тек «қара ағаш» болып көрінетін «қара тауарын» неғұрлым пайдалы бағаға сату үшін өзін бар жағынан мықты етіп көрсетуге тыраштанып баққан Таманго. Үстінде – жалаңаш тәніне сұға салған мундир. Онысы өз бойына қарағанда келтелеу көрінеді. Бұны елеп тұрған ол жоқ, керісінше, беліне салбырата ілген қылышымен, қолына көлденең ұстаған қос ұңғылы ағылшын мылтығымен өзін ең көрінектімін деген Париж сәнқойынан да артықпын деп есептейді.

 «Капитан Леду оған тесіле үнсіз қарайды, ал Таманго ақ адамның көзіне кереметтей көрініп тұрмын-ау деген есекдәмемен әскери шеру кезіндегі шетелдік генералдың алдында сымдай тартылған бойшаң жауынгердей маңғаздана түседі. Леду оны көпті көрген сұңғыла көзімен сұқтана қарап болған соң, қасындағы көмекшісіне бұрылып:

 – Міне, қандай мығым дене! – дейді. – Әттең, дәл осының өзін мына қалпында Мартиникке аман-есен жеткізсем, мың экюден кемге бермес едім».

 Қараңыз! «Қара тауарын» сатып тұрған қара адам қандай әдемі көріндім десе де, ақ нәсіл үшін ол – көп «қараның» бірі ғана. Ойланатын-ақ дүние. Әсіресе ұлтын, тілін сатып жүрген бүгінгілер…

 Келесі көрініс мынадай.

 Сатып алушылар «қара тауарды» қалайда арзанға алуға тырысады. Ол үшін не істеу керек? Сатушыға арақ ішкізу керек. Іштіреді. Бірге ішеді. «Француз неғұрлым көп ішкен сайын соғұрлым бағаны құлдырата түсуге құлшынады; ал африкандық ішкен сайын француздың ығына жығыла береді. Ақыры бір адамның құны бір стақан араққа дейін төмендейді.

 «Таманго ең соңғы жеті «тауардың» өтуі өте қиындаған кезде бірінші қатарда тұрған әйелге мылтығын кезей қалған. Бұл әйел – әлгінде ғана сатып үлгерген қаршадай үш баланың анасы-тұғын.

 – Айт, кәне! Мынаны сатып аласың ба, жоқ па? – деп ол ақ адамға барқырай айқайлады. – Бар-жоғы – бір стақан арақ! Алмасаң, қазір атып саламын!

 – Бұның маған боғыма да керегі жоқ, – деді Леду жайбарақат.

 Таманго мылтығын тарс еткізді. Әйел құлап түсті.

 – Келесі! – деді Таманго тағы айқайлап. Бұл жолы мылтық ұңғысы бір қаусаған шалға бұрылған. – Бір стақан арақ! Әйтпесе…

 Күтпеген жерде оның қолын бір әйел қағып жібергенде, оқ аспанға атылған.

 Араққа әбден масайған Таманго бұдан әрі өзін билеуден қалған-ды. Жанындағы әлгі әйелді – өзінің ең сүйікті кіші әйелі Айшасын мылтық дүмімен бір ұрғанда да, Ледуға бұрылып:

 – Тегін бердім саған бұны. Ал! – деген.

 Әйел әдемі еді. Жас еді. Леду жымия күліп, оны жетелеп жүре берген».

 Таманго мастықпен, әумесерлікпен қандай сұмдыққа барғанын бір ұйықтап тұрып ес жиғанда бір-ақ біледі. Бұл уақытта сүйікті Айшасы жүргелі тұрған кемеде, Леду капитанның жанында еді. Таманго оны қайтарып алу үшін жанталасады. Аласұрады. Бірақ… кеме үстіндегі көп айқастан кейін… өз аяқ-қолына да шынжыр байланып, манағы өзі сатқан «қара тауарлардың» қатарында кете барады.

 Бұдан соң бейнетті, азапты ұзақ жол… Оңтайлы бір сәтте шынжырдан босану… Көтеріліс… Ақ адамдарды өлтіру… Басқарусыз босқан кеме… Өзара қақтығыс. Тамангоның жан-жағынан естіген сөзі: «Сатқын! Опасыз! Сен бізді ақ адамдарға саттың! Біздің бар қасіретімізге сен кінәлісің. Сен!..»

 Осы шығарманы оқып отырғанда, әрбір ситуация үстінде «қаралар» жағына қалай бұрыла беретініңді өзің де сезбей қаласың. Әділет үшін, әлсіздер үшін ғана емес, әлдебір инстинкті жайлар еріксіз сені соған итермелейді. Ойыңа қай-қайдағы оралады. Өзіңнің де тым «ақ нәсілден» емес екенің еске түседі. Төл тарихтың жықпыл-жықпылын кезіп кетесің. Басыңда сұрақтан көп ештеме жоқ:

 Бізде де жақыныңды жатқа сатып, кеудеге қадар, мойынға тағар титімдей жылтырақ үшін тектіңді тентіретіп, асылыңды қор қылып жіберу аз болды ма?

 Зәңгілер тағдырынан бір ғана айырмашылығымыз – шүкір, бізді ешкім байлап-матап, жіпке тізіп Америка асырып, Еуропаға құл ретінде сатып жіберген жоқ. Яки сауда-басты құлдықтан аман болдық. Алайда басқа жағынан құлдықтан құр қалдық па?

 Бізге де алдап-сулап арақ беріп, бойды да, ойды да улағандар болмады ма?

 Қиын күн, қысылшаң сәттерде ұлт болып ұйысып, халық болып бірігіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған кезіміз кәне?

 Кең сахараны он жыл бойы ойқастап өткен Кенесары хан ақыры қалай жеңілді? Оны о бастан сатқан кімдер еді? Ол өз тектестері – төре тұқымынан не қайыр көрді? Оған нәсілдес бауырлары – қырғыз манаптары соңғы сәтте не істеді?

 1916 жылғы көтерілісте «құтырғаннан құтылдың» орнына жалаң ұран, жалған намыспен далақтап шауып жүріп талай бозым мен боздағымыздан айрылғанымыз өз алдына, біреу ұлыққа, біреу параға сатылып, тоқымдай елді жан-жақтан тоздырғанымыз өтірік пе?

 Бұдан соң… кеңестік кезеңде «ұлтым-жұртым» деп шыр-шыр еткен алаш арыстарының түбіне кімдер жетті? Олардың басқан ізін, ашқан аузын аңдып, сәтінде ұстап беріп, ұпай түгендегендердің бәрі орыс па еді?

 1930-50 жылдары ұлт мүддесі, қазақ мақсаты үшін аянбай тер төккен небір жайсаңдар мен жақсылардың алдын түрмеде шірітіп, соңын ит жеккенде сорлатқан да тек орыс болды ма?

 Бұл көп сұрақтың біріне да жауап жазып шаршаудың керегі жоқ, әр сұрақтың жауабы әркімнің өз ішінде тұрғаны анық. Тек «сату» дегенде бас шайқап, бармақ тістейсің.

 Өкініштісі сол, бұл қырсықтан бүгін де арылғанымыз шамалы. Бар салада.

 Соңғы жиырма жылда сатылмай қалған не бар? Оларды кімдер сатты? Кімдерге сатты? Сол үлкен сауда-саттықтардан құмда жатқан құрымкиізді қазақ не пайда көрді? Жауап көп. Бәрі де ішімізде сайрап жатыр.

 Алыстағы алпауыттың, жақындағы «жалмауыздың», бар күштінің көз құрты – қазақтың байтақ жері, бай өлкесі. Түбінде алуды көздейді. Ол үшін не істеу керек? Осы жерді қорғайтын халықты ұрпағымен қоса барлық айла-тәсілмен тұқырту, тұншықтыру, бас көтере алмайтын бейшара күйге түсіру керек. Ол үшін оны ата кәсібінен, ата дінінен, ана тілінен, биік рухынан айыру керек. Көзге көрінбейтін майдан! Жүріп жатыр. Бар жағынан. Бірақ қарсылық аз. Керісінше қолдау көп.

 Қолдау емей немене:

 қазақтар қазақ тіліне қарсы шығады. Өзі сөйлейтін орыс тілінде;

 қазақтар қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жоққа шығаруға тырысады. Өзі ұрынған, бой ұсынған арап ділінде;

 қазақтар қазақтың ұлы-жіңгір тойына, үлкен сахнасына табиғатымызға жат, ұлттық өнерімізге өгей, өнеге-тәрбиесі кемшін қайдағы бір алыс «жұлдыздарды» шақырып, ән салдырады. Қазақтың жер-су байлығынан түскен ақшасына;

 қазақтар қазақтың көгілдір экранынан ұрпақты аздыратын, ұлтты мазақ ететін бағдарламаларға кең жол ашады.

 Олар өстіп отырып өзінің ертеңгі ұрпағын біреуге құл, біреуге күң етіп дайындап жатқанын сезе ме екен? Әй кім білсін, көз алдарындағы қазіргі қызылды-жасылды дүние әріні ойлатып жарытпас.

 Жан-жағыңа қарайсың. Бәрі де сату. Көзге көрінетін затты, материалды. Көрінбейтін мәдениетті, руханиятты, рухты. Бұлардың түпкі иесі, түбінде жоқтаушысы – Қазақ деген халық – өз ұлтың, өз жұртың екенінде «сатушылардың» әзірге жұмысы жоқ.

 Таманго деген зәңгінің тағдыры маған осындай ой салған. Ал Кармен деген сыған қызы кімді қай жағынан толғандырғанын бір Алланың өзі білер.

дерек көзі: “Түркістан”

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар