//

«ҚЫЗЫЛ СҰҢҚАРЛАР»(сын)

3867 рет қаралды
1

Орынборда биылғы басылған кітаптардың ішінде «Қызыл сұңқарлар» деген Сейфуллиннің бір кітабы шықты. Бұл өзі пьеса. Бірақ, бұл күнге шейін пьеса жазған жазушылар кітабына орынды, орынсыз болса да не комедия (күлкі) не драма (қайғылы хәл) не трагедия (қанды уақиға) дегендей аттарды қоюшы еді. Соныменен бұл кітаптың негізі, мақсаты, беті бір кітаптан айырылушы еді.

Біздің жазушы кітабын жоғарғының қайсысына қосарын білмей дағдарған ба, болмаса ананың бәріде өзінің бірақ кітабынан табылған ба, (дұрысы соңғысы болса керек) әйтеуір, пьеса деген жалпақ атты бірақ отырғызыпты.

Бұл сөздерге қарап, оқушы шұпқаланып жүрмесін. «Қызыл сұңқардың» пьеса екенінде дау жоқ. Себебі сыртына, қазақшама сенбесең міне, орысшам дегендей қылып қазақша-орысша да «пьеса» деп қойған.

Ал, кім де болса пьесалығына сендік, қазақтың тілінде жазылған қазақ өмірінен алынған қазақ пьесасында кейде қарап көрейік. Бұл күнге шейін дүние жүзінде жазылған пьесаларының мақсаты, бағыты, неше түрлі болғанменен бәрінің де әдебиет жолында амалсыздан бағынатын бір заңы бар. Ол — пьеса ішінде сөзімен, мінезімен, ісімен кім екендігі анық көрінетін белгілі типтер шығару. Біреу жақсылықтың үлгісі, біреу жаманшылықтың айнасы, біреу қорқақтықтың, біреу бірліктің, біреу ақымақтықтың, біреу қаттылықтың тағы осы секілді көп мінездердің үлгісі болып көрінуіне керек. Сондай мінезімен көрінген адамдар әр тықылы бүтін бір таптың, бір таптың ішіндегі әр мінезді болып жаратылған адамдардың жақсы жағы да, жаман жағы да көрінетін болу керек. Сондықтан пьеса жазушылар әуелі типтерінің жайын ойлайды.

«Қызыл сұңқарды» әуелі осы жағынан алайық. Бұнда, пікірлері бір болса да мінезімен, сөзімен, анда-сандағы ісімен бірінен-бірі айырылатын жеке-жеке бөлім бар ма? Қазақтығын, орыстығын былай қойғанда, жеке-жеке әр адамның өзіне қас болған мінездерімен көрінетін революционерлер бар ма?

Бұған жауап «Қызыл сұңқарда» бөлек типтер жоқ, жалғыз Ахметқалиден басқаның бәрі бір-ақ адам. Шынында, Еркебұлан, Жұмаш, Жағфар, Лозуи, Нестеров ауырып қалғаны болмаса, Байділда түгелімен бірі айтқан сөзді бірі айтатын тұтас бір-ақ адам емес пе? Бәрінің мінезін жиып келсек, бір Еркебұланнан табылады, Лозуидің мінезін алсаң бәрінен табылады. Бәрінің хәлі бір, пікірі, өмірі бір болғанмен де бірі оны ойлағанда бірі мынаны ойлайтын, бірі оны қиял қылғанда бірі басқаны қиял қылатын, сөйлессе алғы біріне-бірі шулыға бермей дауласатын да жерлері болады. Адамның шын өмірін алсақ осындайлардан құралады. Бір жерде кездескен он адамның бәрі бірден бір уақытта ой ойлап, бір уақытта бір мінез істеп, бір уақытта бір-ақ нәрсені қиял қылады деуге психология заңында бірінші рет қана айтылған сөз: ол үшін бәйге тисе, біздің Сейфуллин алды. Әйтпесе, бәрі сөйлетіп қойған граммофон секілді. Бәрін Сейфуллиннің бірақ қалыбына соққан жансыз адамдар. Екінші, бұл пьеса қазақ өмірін көрсете ме, қазақ пьесасы екені таныла ма? Қазақ баласы осы кітаптың ішінде бар ма? Менің ойымша, қазақ пьесасы болып саналуы мүмкін емес. Жоғарыдағы айтқан ірі геройлары түгелімен бір-ақ кісі болудың үстіне, оларда қазақтықтан ешбір белгі де жоқ. Бұлардың құр сарнаған сөзінен басқа, жайшылықтағы мінезі мен ісі көрінбегендіктен, әдеті мен жайшылықтағы әлді жері, әлсіз жері сезілмегендіктен, тегінде қандай екенін білу де мүмкін емес. Сондықтан, қазақтығын былай қойып, жеке ғана бір адам болғанда да кім екенін білу өте қиын. Олай болса, пьесаны қазақтікі деп адасудың орны жоқ. Қазақтан кірген артқы өмірі көмескілеу бір тип Ахметқали болса, ол мазақ есебінде көрсетілген. Орынсыз қылжақ-сықақтың қолжаулығы болған.

Байділданың: «Шынына келгенде Құдай мен құмалақ өзі екеуі бірдей! Екеуі де, әншейін сорлы жұртты алдауға жасаған былшыл» деген сөзінен жоғарғының шындығы көрінеді.

Қазақ өмірін көрсетпек болған ақырғы бөлім қазақ өміріндегі Сейфуллиннің қиялы болмаса анық өмірі емес. Қиял турасынан не айтуға болады. Кезі келіп шалқығанда футуризмге де апаратын қиялға біз не дейік. Бірақ, пьесаның ішінде қазақ бар ма деген жерде айтатынымыз – барлық пьесаның ішінде Ахметқали мен Еркебұланның шешесінен басқа қазақ жоқ. Кітапта рулар да тиіп бөліп көрінбейді. Өзін өмір кітабының бір-ақ беті ғана болымсыз сезіледі.

Онан соңғы, бір сөз декорацияны сипаттауда төртінші бөлімде «оң жақта анау биік таулар…» деген сөзден бастап сол беттің аяғына шейін ойын бөлмесінің сипаты кетеді.

Түгелімен поэтическое описание пьесаның беті, мақсаты үшін сонша тамылжытпақ болып егелену неге керек екенін жазушының өзі білмесе, оқушы біз білмедік. Тағы бір сөз, кітаптың бас геройы Еркебұланның аты туралы: бұл қазақта кез келмейтін ат мұнда қойылса, мақсатпен қойылған болу керек. Сондағы мақсат не? Бұл атта мырзалық пен серілік бар. Бұла болып, болпаш болып өскен, ерке жалғыздың сипаты бар. Болмаса басы ауған жағына кететін сайдың сипаты бар. Бірақ, бұл атты еш уақытта еңбекшілдік қамқоры, от пен судың азабында жүрген бейнетқорға жабыстыруға болмайды. Ол болмаса, бұл адамның аузынан көбігін ағызып жүрген елшілдігі, еркелігінен болатындығынан шыққан ғана уақытша бір мінез болу керек. Онда негіздің жоқтығы білінеді.

Әйтпесе, бұл кітаптың бәрі бастан аяқ қазақ әдебиетінің ішіндегі бір еркелікпен жолшылдық шығар. Еркебұлан деген атпен жазушы соны көрсетпек шығар.

Тіпті болмаса бұланның кім екенін білдірмей жұртты сандалтып қуланғанша, өзі көрген кісілерінің шын атын атағаны дұрыс емес пе? Сонда өмірге жақын болмас па еді? Кітабының шын мақсаты мен мағынасы да оқылмас па еді?

Осы себептерге қарағанда, жазушы келешекте шынын айтар деген үміттеміз. Әзірше кітапта түгел көрінетін бір адам (законченный цельный тип) жоқтықтан, жазушының адам танымайтындығынан бар кісісі тұтасып бір-ақ, кісі болып кеткендіктен – екінші адамдарының жан сипаты көрінбейтін жарты адамдар болғандығынан, үшінші – Еркебұлан деген ат сияқты ешбір ойсыз ақылға сыймайтын қисындылық (целесообразность) дегенінен алыс тұрған қалыптарына қарағанда бұл кітапты өзге жақтарынан сынау орынсыз деп білемін.

Кітаптың бір мақсаты агитация десек, онда да жоғарғы шарттарды орындап отырып, агитация жүргізуге болады. Болмаса мұндайларды желігіп отырған, жеңіл жолмен жазып жіберген реклама дейді. Оның ішінде мақтанып кеткенін байқамай қалатын әңгүдіктік болады.

Әйтпесе не жазушылықтың, не жан сипатының (психология) адам баласы түгел қолданған заңдарына бағынбай, ауыздығымен алысып кеткен қисынсыздықтарына жоғарғыдан басқа себеп таба алмайсыз.

Өмірінің қызуымен салқыны жоқ. Ойы менен қыры жоқ, ұзақ бейнет, ауыр жаза, өлім қауіпі болса да бір-ақ сөз, бір-ақ іс, бір-ақ мінез, бірақ қиялда тұратын он шақты адам болады деп бұл күнге шейін ешкім жазып көрген жоқ. Мұндай жандар болмайды. Сондықтан, мұнда өмір жоқ. Жан жоқ. Көбінесе «шынға қосып бұлдырды аламыштаған» пьеса.

Бұл кітаптың болашағына келгенде айтатын сол қазақ әдебиетінің жұрнағы болып ішінен орын алуы не ғайып, олай болса қызыл түсті сұңқар көрінгенше, бұл кітаптың ішіндегі шала көрінген геройлардың сұңқарлығы да түсініксіз бола тұрар.

«Қызыл сұңқарлар» туралы ендігі тілейтін тілегіміз: басында да ұлы аруақ, тірі достың талайына сый есебінде арналған екен. Оның үстіне, Орынбордағы жиын сайын жиылушыларға сый деп үлестіріледі дейді. Баяғының қазағы біріне-бірі сыйға тауыстың бір тал құйрығын бергенде, қуанысып алысады екен, тек мына ісіміз сол құйрықтай қуантуға жарап, сондай кәдірлі болған еді.

Қоңыр

*«Қоңыр» – ұлы жазушы М.Әуезовтің бүркеншік есімі.

“Алаш көсемсөзі” кітабынан, І-том

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар