Қырғыз-қазақ әдет, рәсімдері туралы жазба сөздерді жию үшін, 1920 жылы Жетісуға әдейі бір комиссия жіберіліп еді. Сол комиссияның жиып алып келген сөздерін мен жақын арада реттеп шықтым. Жетісу комиссиясының барлық жинаған сөздері кеңсе қағазыменен 2 мың беттей болды. һәм төмендегі: қыз ұзату, қайынға бару, үлкен кісіні жерлеу, ас-қара салу, батырлар тіршілігі, ертегі, өтірік сөз, тақпақ сөз, мақал, өлең-жыр, күлкі сөз, жаңылтпаш, жұмбақ, мінез һәм ашық өлеңдері, ақындардың айтысуы, жоқтау, түс һәм оны жору, тіршілік белгілері, кесел, һәм оны емдеу, бақсы оның жолдастары дәу, жын-пері, бақсының дұшпандары албасты, жезтырнақ қара-албасты, марту, арбаушы, қырғызқазақтың ай, жұлдыз, құйрықты жұлдызға көз қарасы, жыл мезгілдері, он екі жыл – бір мүшел һәм олардың аттары, шаруашылық, аяқты мал шаруасы. Атқа мінерлер, қырғызқазақтың дүние жүзіне келуі, дүңгене, тараншы, ногай һәм Ескендір Зұлқарнайын, Шыңғысхан, Әмір-Темір туралы сөздер екен. Жоғарыда айтылып өткен сөздерді түзетіп мағынасына қарай һәр қайсысы өз алдына топталса, Түркістанның ғылымы қалмас үшін үлкен байлық болмақ. I) Мінекей, осы жиылған сөздердің арқасында жаңа сөздер терминдерменен қырғыз-қазақ тілін толтырып, байыту ниеті біздің шағатай – түріктердің де тіліне жаңалық кіргізуі мүмкін. II) Ескі ертегі сөздері: қара, көсе, сараңдар сияқты кісілердің түрін тереді. III) Жын, албасты, марту сияқты заттарменен байланысқан қырғыз-қазақтың сақанасын байыту үшін үлкен пайдасы болады. IV) Жаңада ғана келіп, әлі жарияланбаған әйелдер тақырыпты ескі сөздер, ертегі, мақалдар, бұрынғы басылған сөздер қосылып әйелдері туралы һәм қырғыз бүтін тіршілігінің қайсы жағы болса да жақсы аңлатады. V) Он екі жыл бір мүшел һәм олардың аттары, белгілері қазақ-қырғыз тілінде календарь шығару үшін зор құрал болады. VI) Айуандар туралы айтылған ескі сөздер, әсіресе, түркі тақырыпты ертегілер салыстыру үшін өте керек болады. VII) Ноғай, тараншы, қырғыз жүзіне келуі туралы мағлұматтар кейін қырғыз-қазақтың тіпті, түрік тарихын жазу үшін де қолданылады. Қырғыз-қазақтың бұрынғы әділ жүйрік, жақтамас билерінің салған жол жобалары осы күнге шейін бірден-бірге өтіп ұмытылмай келеді. һәм жиылған ескі сөздердің ішінде кісінің назары түсіп мағынасына қарағанда кей қазақ-қырғыздың әдет рәсіміне қарай заң шығару үшін сол жол-жобалар негіз болар деп те ойлаймын. 1889 жылда басылып шыққан, Сырдария қазақ-қырғызы туралы Грудиковтың тарихы болмаса, осы уақытқа шейін қазақ-қырғыз әдет рәсімі жағы әлі қарастырылған жоқ. Грудиковтың кітабы жалғыз-ақ, Сырдария облысынан жиылған мағлұматтар бойынша жиылып, оның ішіне Жетісу яки болмаса қазақтың мол жері Семей, Ақмола, Торғай, Орал, Бөкей һәм Айдархан кірмегендіктен, оны қазақ-қырғыз әдет – рәсімі туралы толық мағлұматты тарих деуге болмайды. Патша хүкіметінің тұсында билердің қарарларын жазатын кітаптары таусылғаннан кейін Сырдария һәм Жетісу облыстық кеңселеріне жиып алушы еді. Енді қырғыз-қазақтың әдет – рәсімдерін жию үшін сол билердің кітаптары қолға алынса жақсы болар еді. Мен енді Сырдария облысынан жиналған сөздерді қарап өтпекшімін. Зорлығына қарағанда Сырдариядан жиылған сөз де Жетісудан аз емес. Бірақ маңызының қандай боларын келешек көрсетеді. Жетісудан жиылған қырғыз-қазақтың тіршілік тұрмысына тиісті жазба сөздері туралы сөзімді әзіріне осыменен тоқтатып, Жетісудан жиылып келген ескі жазба сөздер түзетіліп жақын арада басылып шығуына сенгім келеді.
Ә. Диваев
“Алаш көсемсөзі” кітабынан, І-том
Парақшамызға жазылыңыз
Бұл кітаптарды қайдан аламыз? Астанада қайсы кітап дүкенінле бар?