Серік Ахметов Үкімет басына келгелі министрлер кабинетінде екі-үш шенеуніктің орын ауыстырғаны болмаса, пәлендей өзгерісті байқаған жоқпыз. Алдағы уақытта су жаңа премьердің командасы қаржы дағдарысынан сүрінбей өтіп, ел экономикасын өрге сүйрей ала ма? Қыркүйектегі көптен күткен тағайындаудан кейін жұрттың көкейінде осындай ой туындағаны рас. Ендігі кезекте Серік Ахметов Үкіметте нендей жұмыстарды тындыруы керек? Осыған орай түрлі болжам айтып, шенеуніктер мүмкіндігін бағамдап жүрген саясаткерлер сөзінен бұрын халық пікірін білгенді жөн көрдік.
Өзгеріс күтпеймін
– Бүгін елдегі ең өзекті проблема – діни экстремизмнің қоғамда кеңінен таралуы, азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төнуі, сыбайлас жемқорлық, әсіресе құқық қорғау органдарындағы коррупция. Бұлар – бірінен бірі туындап жатқан мәселелер. Біз қоғамымыздағы басты проблемаларға себепкер сыбайлас жемқорлық екенін мойындауға тиіспіз. Біздің мемлекет көп уақыттан бері бұл індетпен күресіп келеді. Нәтиже мардымсыз. Неге? Ашық қоғам дамымаған, үкіметтік органдар халық алдында жауап бермейтін, заңсыздықтар телеарналарда талқыланып, жұртшылық тарапынан қатаң айыпталмайтын елде сыбайластыққа жол ашылады. Өйткені, мұнда шенеуніктердің, прокурорлар мен салық қызметкерлерінің ақша жымқыруына мүмкіндік бар. Олар кері жолмен тапқан ақшаға сарайлар салады. Осының бәрі адами құндылықтарды жоққа шығарды, лауазым иелері мен қарапайым жұртшылықты бір-бірінен алшақтатты. Қазір Қазақстандағы басқару жүйесі бойынша Үкімет халық алдында жауапты емес. Сондықтан жаңа Үкімет айтарлықтай өзгеріс әкеледі деу қиындау.
Қыдырбай АМАНЖОЛОВ, Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:
Экономиканы мән бергені дұрыс
– Қазіргі кезде еліміздің экономикасын әртараптандыру және индустрияландыру, әрі экономикалық әлеуетін арттыру үшін қарқынды жұмыс істейтін Үкімет керек. Осыған байланысты жасақталған жаңа Үкімет ел үмітін ақтау үшін тер төгіп халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытында жұмыс жасауға тиіс. Жалпы, Үкіметтің ауыса беруі жақсы нәрсе емес. Дегенмен бұл ауысуды ел көптен бері асыға күтті. Мұндай шара Үкіметтегі іс қимылдың баяулап бара жатқандығынан, әрі еліміздің даму қарқынын үдете түсу үшін қажет болды деп есептеймін. Халықтың әл-ауқатын жақсарту, экономиканы дамыту, индустриалды-инновациялық бағдарламаларды үдете енгізу, халықаралық ынтымақтастықты күшейту, Елбасының халыққа Жолдауында көрсетілген сегіз басымдылықты қарқынды жүзеге асыру жұмыстарын орындауға тиіс.
Рымтай ЖАНЫСБЕКОВА, зейнеткер:
Әлеуметтік көмекті арттырса…
– Жаңа Үкімет әлеуметтік көмекті жақсартып, зейнетақыны көбейтеді деп сенеміз. Қазір базардағы баға аспандап тұр. Дүкенге әр барған сайын күнделікті тұтынатын өнімдердің 5 теңгеге қымбаттағаны байқалып тұрады. Үкімет бұрыннан бері бағаны бақылауда ұстаймыз деп келеді. Бірақ іс жүзінде керісінше, ие бола алмай отыр. Менің алатыным ең төменгі зейнатақы мөлшері. Серік Ахметов Үкімет басшысы ретінде осы жағына баса назар аударса екен. Қарағанды облысында жақсы істерге бастамашы болған азаматтың Үкімет басында ел мүддесіне барынша тер төгеді деп үміт артамыз.
Азиза ҚАЖЫБАЕВА, қала тұрғыны:
Ішкі жағдайды жақсартуға тиіс
– Жаңа Үкіметтен айтарлықтай ештеңе күтпеймін. Жыл басында қабылданған жоспарды аяқтау үшін қызмет атқарады. Одан кейін әдеттегідей Президенттің Жолдауын күтеді. Жолдау шыққан соң сол Жолдаудағы тапсырмаларды орындау үшін бағдарламалар қабылдайды. Жалпы, халық біздің Үкіметтің жұмысын жаттап алды ғой. Айтарлықтай ірі жобаларды күтуге де келмейді. Сол бұрынғы команда – сол бұрынғы шаралар. Ал жалпы, жаңа Үкімет қазіргі елдегі ішкі жағдайды жақсартуға ат салысса деймін. Діннің айналасындағы мәселелерді шешсе. Спорттағы жетістіктерімізді жоғалтып алмайтындай жұмысты жақсартса, елдегі білімнің сапасын көтерсе, шеттегі қазақтарды көшіруді қайта қалпына келтірсе деген тілегім бар…
Бауыржан ЖҰМАЖАНОВ, жас маман:
Жаңа Үкіметтен күтеріміз көп
– Жаңа үкімет басшысы командасының ең бірінші қолға алуға тиісті ісі – мемлекеттік тіл мәселесі. Үкімет ана тіліміздің шын мәнісінде мемлекеттік мәртебеге ие болуына ықпал етсе. Ол үшін ең бірінші министрліктердің өздерінде іс қағаздарын толықтай қазақшаға көшіру қажет. Екінші шешуін күтіп тұрған нәрсе – баспана. Бұған дейін билік тарапынан баспана мәселесін шешу үшін қаншама әрекет жасалғанымен, олар бұл проблеманы нақты шеше алған жоқ. Баяғы жартас, бір жартас күйі тұр. Мыңдаған жастар осының кесірінен бас құрауға бата алмай, осының салдарынан ұлттың демографиялық мәселесі шиеленісіп тұр. Келесі міндет Қазақстанның шикізат көзі емес, дайын өнім шығарушы елге айналуына күш салу.
Тағы бір іс – ауыл шаруашылығы саласын аяғынан тұрғызу. Дүние жүзінде азық-түлік тапшылығы анық байқала бастаған тұста еліміз ауыл шаруашылығының еңсесін тіктей алса, сырттан құйылатын қаржыны арттырудың сәті түсер еді.
З.ТАУДАЙ