///

Әзиз Несин. Менің оқырмандарыма

1598 рет қаралды
1

Сіздерге өз өмірімнен қысқаша сыр шертіп беруге рұқсат етіңіздер.
Менің әкем Стамбулға он үш жасында, Анатолий маңындағы бір алыс деревнядан келіпті. Бірнеше жылдан соң шешеммен танысыпты, бейтаныс қалаға ол да Анатолийдің бір деревнясынан жұдырықтай ғана қыз кезінде келсе керек. Жарық дүниені көруіме жәрдемші болған ол екеуі о қиыр мен бұ қиырдан келіп үлкен қалада табысыпты.
Қашан, қайда туу мәселесінде менде, әрине, ерік болған жоқ, Мен жарық дүниеге келген 1915 жыл қолайсыз-ақ тұс екен. Ол кез бірінші дүние жүзілік соғыстың ең бір қырғын сәті көрінеді. Туған уақытым былай тұрсын, тіпті туған жерім Хейбелиадтың да тым қолайсыз болғанын қайтерсің,— ол Патшазада аралдарының біреуі, жер бетінің жұмағы екен, ондай жерде мен сияқтылар тұруға тиіс емес екен. Әйтсе де мен қалтасы қалың қаһарлы түріктердің сол жұмағында туыппын. Ал бұл дүниенің мықтылары кедейлерсіз күн көре алмайтыны анық қой. Сондықтан біз Хейбелиадты мекендеп тұра беріппіз.
Мен өзімнің бай, текті, атақты әулеттен шықпағаныма күні бүгінге дейін шүкіршілік етемін.
Маған Нүсрет деп арабша ат қойыпты, ол «алланың рақымы» деген сөз көрінеді, шынында маған лайық-ақ ат екен!.. Мен алладан басқа кімнен рақым күтуге тиіс едім. Бүкіл үй-ішіміз болып тек алладан рақым күтпедік пе?!.
Баяғыда спартандар әлжуаз, дімкәс балаларын өлтіріп тастайды екен де, көнтері, төзімді балалары ғана өмір сүреді екен. Қазіргі кезде ондай іріктеуді өмір мен қоғам жүргізеді.
Егер мен ағайынды төрт ұлдан жалғыз өзім қалғанымды айтсам, менің қаншалықты төзімді, тыртысқақ болғанымды өздеріңіз-ақ түсінерсіздер. Шешем байғұс ұзақ өмір үшін, бақыт үшін жаратылған жарық дүниеде тіршілік тауқыметіне төтеп бере алмай әбден қалжырап, титықтап, ақыры жиырма алты жасында көз жұмды.
Мен он жастағы бозөкпе шағымда-ақ жазушы болуға бел байладым. Егер сол кезде дәл бүгінгідей ойлана білсем, өмірдің өзімді әлі талай тәлкек ететінін күні бұрын сезген де болар едім. Ал тұқымында әліпті таяқ деп білетін тірі пенде жоқ адам Түркиядай капиталистік мешеу елде дәл сол тұста жазушы боп шықса, қандай ғаламат болар еді десеңізші.
Менің әкем де баласының болашағын ойлай білетін басқа әкелердей қамқор жан еді. Ол: «Шырағым, сен жазушы-мазушы дегеніңді қой, күнкөрісіңді ойла», дейтін. Амал не, әке тілін алмадым.
Ойға алған ісім көбінесе орындалмайтын болды, ал орындалатын істі мен ойға алмайтын болдым. Жазушылықты көксеп жүріп әскери киім кидім. Қолыма қалам орнына мылтық ұстатты. Ол кезде кедей-кепшіктің балалары әскери училищелерде ғана тегін оқи алатын. Мен де училищеге түстім, сөйтіп, азапты жолым басталып-ақ кетті.
1934 жылы бір заң шықты да, әрбір түрік өзіне фамилия алуға міндетті делінді. Кім қай фамилияны алса да ерікті болды. Бар пәле содан басталды. Өліп бара жатсаң аузыңа су тамызбайтын сараңдар «Жомарт» деген фамилияға жармасты, сужүректер «Ержүрек» болып, жатып ішер жалқаулар «Елгезек» болып шыға келді. Шимайлап қол қойғаны болмаса өз төтесінен хат та жаза алмайтын бір мұғалім «Ғұлама» деген фамилияны иемдене қойды!
Ал маған тым болмаса өркештеніп жүрерлік дені дұрыс фамилия да бұйырмады, сонсоң «Несин» («несің») деген фамилияны ала салдым. Жұрт фамилиямды атап шақырып сөйлескен сәттерде өзімнің кім екенімді, не екенімді ойлап жүрейінші деп ұйғардым.
1937 жылы өзіме офицер дәрежесі берілгенде, мен, сірә, Наполеонмен теңескен-ақ шығармын деп ойладым. Ол кездегі жас офицер атаулының бәрі өзін Наполеон санайтын. Даңқ құмарлық кейбіреулердің сүйегіне сіңген сырқатқа айналады. Ондай әрі қауіпті әрі жұқпалы дерттен тезірек айығуға тырысу керек. Ол сырқаттың мынадай белгілері бар: даңқ құмарлыққа шалдыққандар Наполеонның жеңісін ғана ойлайды, жеңілісін ұмытады. Олар оң қолды омырауға сұғып сіресіп тұрады да, карта бетін қызыл қарындашпен осқылап, дүние жүзін бес минутта жаулап алады. Шатылған ойдан шақшадай бастары шарадай болады, төңірегіндегілердің берекесін кетіреді. Сырқаттың созылмалы түрі де ұшырасады. Өзін Ақсақ Темір, Шыңғысхан, Аттила, Ганнибал, Мольтке немесе — бетсізге дауа бар ма — Гитлермін деп білетіндер өте-мөте қауіпті сырқатқа ұшыраған болады.
Жиырма үш жастағы желөкпе офицер шағымда мен де қызыл қарындашпен картаны тілгілеп, дүние жүзін күніне бірнеше рет жаулап алып жүрдім. Бірақ, сәтін салғанда, менің сырқатым бір — бір жарым жылға ғана созылды, асқына қойған жоқ.
Әңгіме жазуды әскерде жүргенде-ақ бастадым. Ол тұста әскери адамдардың баспасөзге оны-мұны жазғанын ешкім құптамайтын. Сондықтан мен әңгімелеріме Әзиз деп әкемнің қолын қоюға мәжбүр болдым. Сол бүркеншік ат ақырында Нүсрет Несин екенімді ұмыттырып, мен Әзиз Несин болып кеттім.
Көптеген жазушылар сияқты, мен де қадамымды өлең жазудан бастадым. Бірде Назым Хикмет өлеңдерімнің нашар екенін айтып, оған уақыт кетірмеуге кеңес берді. «Сен әңгіме жаз, роман жаз» деді ол. Жастың жаза баспай жүре ме, бұл Назым Хикмет менің өлең жазғаныма іштарлық жасады-ау деп ойладым. Ал қазір әлдекім менен өлең жазуды неге қойып кеттіңіз деп сұрай қалса, оған: «Түркияда өлеңмен жан сақтай алмайсың» дер едім. Әйтпесе, шынымды айтсам, поэзиямен шұғылдануды қойған бір ғана себебім: өз басым әдеби творчествоның бұл түрін шексіз қастерлеймін. Әлдекім менің өлеңдерімді әлі ұмытпаған болса, оған таңданбай-ақ қойыңыздар, өйткені ол өлеңдерім әйелдің атынан шыққан болатын. Кезінде ол «байғұс әйелге» ғашықтық хат жаңбырдай жауғанын да жақсы білемін.
Тұңғыш әңгімемді жаздым да, журналға алып бардым. Редакторы бір қызық кісі екен, оқыған жұрт жылайтын шығар деп ойлаған әңгімеме ол сақылдап кеп күлді де: «Жарайсың…. Тамаша… Осындай етіп жазып, бізге әкеліп тұр…» деді.
Менің таусылмас таңданысым басталды. Әңгімелерімді оқыған жұрт жылаудың орнына күлетін болды. Сонсоң мен көңілсіз әңгіме жазып күлдіруге төселіп алдым. Дегенмен, қазір атағы шыққан юморист болсам да, әзіл-әжуаның не екенін тап басын айтып бере алмаймын. Әзіл әңгіме қалай жазылатынын жұрт менен жиі сұрайды. Әлде солар менен әңгіме жазудың дайын рецептін, болса тіпті жұта салатын таблеткаларын алсақ дей ме екен?.. Тәжірибемнен таратып, жауапкершілікке сайдырып айтайын: шырағым, әзіл-әжуа — ойыншық емес.
1945 жылы мен қызмет істеп жүрген «Таң» газеті өкімет орындарының айтағына ерген әлдебір сойқандардың соққысына ұшырады да, жұмысымнан айрылып шыға бердім. Жұмыс таба алмай ұзақ сенделдім. «Әзиз Несин» деп қол қойылған әңгімелерді тірі пенде алмайтын болды. Газет-журналдарға оны-мұны жазу үшін әртүрлі бүркеншік атпен қол қоюыма тура келді. Сол тұстағы бүркеншік аттарымның ұзын саны екі жүзден асты. Бас мақала, фельетон, репортаж, полиция кәсібін, ғашықтық хикаяларын, әңгімелер жаздым. Кез келген жанрда жаза бердім. Газет иелері сезіп қойған сайын бүркеншік атымды жаңартып отырдым.
Бүркеншік аттарымның былығы да аз болған жоқ. Мәселен, бірде қызым мен ұлымның аттарын біріктіріп «Оя Аташ» деп қол қойып, балаларға арналған әңгімелер кітабын шығардым. Ол әңгімелерім бастауыш мектептердің ойын-сауықтарында оқылып жүрді. Әңгімелердің авторы Оя деген қыз емес, Әзиз Несин деген жігіт екенін ешкім білмеді. Бір әңгімеме француз болып қол қойып едім, оным дүние жүзі юмористерінің антологиясына француз жазушысының әңгімесі деп енгізіліпті. Қытай болып қол қойған әңгімем қытай тілінен аударма деп жарияланыпты.
Жан сақтау үшін әңгіме жазумен қатар бақалшы да, жидашы да, есепші де, газет сатушы да, фотограф та болдым, бірақ ешқайсысынан көсегем көгере қойған жоқ.
Әңгіме жазғыштығымның арқасында бес жарым жыл бойы түрмеде жаттым. Жарты жыл өмірімді Египеттің королі Фаруқ алды. Менің бір әңгімеме ол қатты шамданды, сезікті секірер демекші, «мені мазақтады» деп Анкарадағы елшісі арқылы сотқа сүйреп есімді шығарды.
Бірінші әйелімнен екі бала, екінші әйелімнен екі бала бар.
Бірінші некелесуімді «Компарсито» тангосы құйқылжып, офицер жолдастарым қылыштарын ойнатып өнер көрсеткен думанмен өткіздік. Екінші жолы неке жүзігін саусағыма түрме торы арасынан кигізді. Торда отырып той жасап кім жетіссін!..
1956 жылы юморист жазушылардың халықаралық конкурсында бірінші жүлде мен «Алтын пальма бұтағы» медалін алдым.
Бұрын менің әңгімелерімнен ат-тонын ала қашатын газет-журналдар енді аяғыма оралып есімді шығаратын болды. Бірақ, ол күй ұзаққа созылмады. Күндердің бір күнінде менің аты-жөнім газет бетінен тағы ғайып болды. Оны жарық дүниеге қайта әкелу үшін тағы бір «Алтын пальма бұтағын» алуыма тура келді, сөйтіп газет-журналдарда қайта көріне бастадым. Юморист жазушылардың 1965 жылғы халықаралық конкурсында маған бірінші орын мен «Алтын кірпі» медалі берілді.
1960 жылдың 27 майында Түркияда саяси төңкеріс болды. Мен оны қуана қарсы алып, «Алтын пальма бұтағының» біреуін мемлекет қазынасына сыйға бердім. Іле-шала мені түрмеге тағы жапты… Алдағы уақытта қажеті боп қалар-ау деген оймен екінші «Пальма бұтағы» мен «Алтын кірпіні» әзірше қолымнан шығармай жүрмін.
Көпшілік менің жиыны екі мыңнан астам әңгіме жазғаныма таңданады. Оның несі таң? Егер асырауымдағы жандардың саны онның орнына жиырма болса — онда мен әңгімені де екі есе көп жазған болар едім.
Төңірегімдегілерге әлі күнге сездірмей келе жатқан екі нәрсем бар: біреуі — қажып жүргендігім, екіншісі — жасым. Басқа — құпия дәнеңем жоқ… Сен әлі жап-жассың деседі маған. Сірә, сіңбіруге мұршам болмай, қартаюға уақыт таба алмай жүрсем керек.
Кейбіреулердің: «екінші рет тусам да, өмірден осы күйімде өтуді қалар едім» дегенін құптай қоймаспын деп ойлаймын. Егер мен екінші рет тусам, бұған дейінгімнен әлдеқайда көп, әлдеқайда жақсы еңбек етер едім.
Адамзаттың тарихында ажалдан қашып құтылып кеткен бір де бір айлакердің болмай келе жатқаны өкінішті-ақ, әйтпесе мен де одан қалыспас едім. Алдымда сондай өнеге болмаған соң, қайтейін, күні ертең көппен бірге өлмеске амалым жоқ,— бір жақсысы, әйтеуір, өлгенім үшін өзім кінәлі болмаспын…
Мен балаларды, өмірді өте жақсы көремін және сол үшін кейде өзімді өзім жазғырып та жүремін.
Менің өмірім туралы әлі аяқталмаған әңгіме осы. Оқырмандардың шұбыртпа сөзді ұната қоймайтынын, істің ақырын тезірек білгілері келетінін тәжірибемнен білемін… Істің ақыры немен тынарын езімнің де тезірек білгім келеді.

Әзиз Несин

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Бұл әңгімені қазақшалаған мен едім, бірақ мұнда аталмаппын. Ол қалай?

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар