АЛҒЫ НАЛЫС СӨЗ
(1815)
Махаббаттай мұң сырым,
Қаламын ашпай булығар.
Жапырақ теріп мен жүрмін.
Жұбатып ойды, зілі бар.
Қиын, ұзақ жолдарда,
Өмірден тапқан мол мұрам,-
Таңдамас жат қолдарға,
Қапыда бір күн қалдырам.
Кітапты топта, кетер сыр,
Дәптеріңнен жазылған.
Быт-шыт қой дүние, кетерсің
Безін сен де жаныңнан.
ТАМАША ТҮН
(1768)
Сүйіктіме жылы ұя.
Хұжырамнан кеттім мен.
Қалың орман кең сая,—
Жай басып, соған жеттім мен.
Қалың нуды жарып ай,
Гуілдеді жел түнгі.
Басын иіп, жарындай,
Наз қайыңдар желпінді.
Жазғы түннің самалын,
Рахаттанып жұттым мен,
Тапса мерей шын жаның,—
Үнсіз сез де, жұт мүлдем.
Шексіз ғой ләззәт шіркінің.
Қияр-ем бірақ мен мүлде,—
Мұндай шақтың мың түнін —
Сәулеммен өткен бір түнге.
АУЫСУ
(1768)
Ну орманда масайрап бір жаттым мен
Құшағымды сілке тастап аштым кең.
Ынтызар боп сұлу маған жабысты,
Күлді, әзілмен кетті ол қыз,— ауысты.
Өзге ару келді, ол да назданып,
Көңіл хошың жаңаланса — мәз жаның.
Сонда да сен қайғырасың бекерге,
Ләззәт сәтін тұнжыратпа сол үшін
Алғашқы қыз сүймеді-ау кетерде,
Масайра тез, кеудең қайта кеңісін!
Екінші қыз сүйсін сені ләззәтпен,
Қайтсын дәмең, ілкі қызға тез кеткен.
БАЯНСЫЗДЫҚ
(1768)
Мөлдір бұлақ қайырында жаттым мен,
Ерке тасқын шаттығына баттым мен —
От құшағы құшағыма қауышып,
Күліп толқын, қытықтайды, кетеді,
Сылаң қағып тағы бірі жетеді.
Жақсы-ау, шіркін. жатса шаттық ауысып.
Кейде бірақ кетсе сүймей жар тайып,
Қапа шегіп, көңіл лезде ортайып,
Күңіренетін біреулер бар — о несі!
Тіршілікте ойнап-күлген мың артық!
Алғашқы жар сүйсе қандай құмартып,
Одан да артық сүйер жарың келесі.
АЙҒА
(1769)
Сіңлісі Күннің,— Айысың,
Назсың бір жүрген жабығып,
Күміспен шеккен шәйісің,
Тұрасың тұман жамылып.
Жетер тек түнгі қиядан
Аяқты кербез басқаның.
Құс кетсе таңда ұядан
Оянған мен бір қасқамын.
Шоласың жаһан аумағын,
Соқпағын кезіп, қияның.
Ұшыршы бірге, ау, жаным,
Шалқысын оттай қиялым!
Көрінбей тыңшы дұшпанға,
Түн кезіп мен де келейін,
Қалықтап алыс аспанда,
Әйнектен жарды көрейін.
Тым құрса түнде бір көріп,
Сағыныш уы басылсын.
Мүсірке мені, нұр беріп,
Жарқ етіп көзім ашылсын.
Көрінді әне,— жатыр ол:
Жалаңаш балтыр, төс қандай!
Қарашы, мені шақырды ол,
Эндимион сені тосқандай.
ҚОШТАСУ
(1769)
Жаутаңдадым үнсіз тек,
Кенет тілім күрмеліп,
Айрылысу — қандай қасірет,
Жан едім ғой мен берік!
Махаббатты мұң басып,
Тұнжырадым сол бір сәт.
Сүйісімнен сыр қашып,
Салқын тартты сал құшақ.
Білем, назды ауызын
Сүйген мені жандырып,
Үлбіреген жауқазын,
Лебі мені қандырып.
Ұсынар гүл жоқ менде,
Шешек атпас қайта жаз.
Франциска көктемде,
Екеумізді соқты аяз.
МАЙ ЖЬІРЫ
(1771)
Айналам масайрап,
Әндетті, гулетті.
Гүл жайнап, құс сайрап,
Лаулатты күн көкті.
Сылдырап жапырақ,
Бұталар ырғалып,
Сұңқылдап жамырап,
Шоқ талдар ым қағып.
Осынау мәз күнді,
Кеудеме тұндырсам!—
Естіп шат наз үнді,
Жаңғырсам, құлпырсам!
Махаббат — дүние,
Мәз-мейрам келбетің.
Жасадың сүюге,
Жайпатып жер бетін.
Бердің сен мейріммен,—
Бағың гүл ұсынды.
Бердің дән егіннен,
Шырындай сусынды.
Кел, досым, тезірек,
Еркеле кеудемде!
Өзіңдей елжіреп,
Ғашықпын сәулеңе!
Табады ландыштар,
Орманнан саяны.
Аспанға зар құстар,
Қанатын жаяды.
Ал маған бір ғана.
Махаббат сыйын бер.
Сонымен нұрлана,
Жүрегім сүйінер.
Сүйе біл, досым, сен,
Алдында бағың бар —
Махаббат хошымен,
Бақытың табылар.
КӨЗ ЖҰМБАҚ
(1771)
Қорқамын, қалқам Тереза.
Темірдей өткір көзіңнен.
Ашуы зілдей сезілген!
Бірақ кейде бір қарап,
Арбаса көзің жаудырап,
Сұлу бар ма өзіңнен?
Аласың кейде мені ұстап,
Аңдаусызда құшақтап,—
Қос жүрек соғар бір жанып.
Көзден бүркеу алыпса.
Түсесің қайта ашуға,
Мүскінге көзсіз — сұрланып.
Бұлқып жүрмін сүрініп,
Соғылып тасқа ұрынып,
Азан-қазан думанда,
Ләззәтыңа табынам,
Немесе дертке шомылам
Қаңғырам да тұманда.
ДИДАРЛАСУ ЖӘНЕ АЙРЫЛЫСУ
Жаным жанды, бітті халім,
Жөнелейін атқа мініп!
Бөледі кеш қыр алқабын,
Тау иығы түн жамылып.
Міне алда тұр зор емен,
Қараңғыны бойына орап.
Саңылаудан түн бүркеген,
Жүз қара көз тұр сығалап.
Сәулесінде терең қайғы,
Бұлт ішінен ай жаутаңдап,
Жел қанаты сумаңдайды,
Үрей салып, тауды шарлап.
Албастыдай басса да, түн,
Жүйткіп атым, келем ән сап.
Өмір жайнап, тасып қаным,
Жанымда от жанды сол шақ!
Қиялымда сен ғана тек,
Іңкәр көзің жанды маған.
Ұшты жаным сені тілеп,
Ұшты лебім от боп саған.
Бітті жолым. Бұрынғыдай
Жұпар аттың, көктемім сен.
Қасымдасың! Берді құдай!
Не сырым бар пейішке тең?
Айхай! Miнe, шықты күн де
Нұр сипатың солғын тартты.
Қандай сүйдің мені түнде,
Жаның қандай мұңға батты.
Тұрдым әрең, жаным дал-дал,
Тағы да сен жалғыз қалдың.
Қандай бақыт — сүйікті жар!
Махаббатың — нәрі жанның!
ҚЬІРДАҒЫ ГҮЛ
(1771)
Айдалада қызыл гүл,—
Көрді соны жас бала.
Аймалады, қызықты,
Иіскеді бас сала.
Жұтты еркін жұпарын,—
Жұтты еркін. қызыл гүл,—
Аймаласаң өзің біл!
«Майыстырам сені мен,
Қызыл гүлім, наз гүлім.»—
«Қадаламын қолыңа.
Жоқ қой менің жазығым!»
Айдалада қызыл гүл,—
Аямасаң өзің біл!
Жұлды бала жасқанбай,
Гүл тұр еді бұлғаңдап,
Қызыл қаны аққандай,
Дір етті гүл қызғалдақ
Зәбірлі қол батқандай.
Айдалада қызыл гүл,—
Аймаласаң өзің біл!
АРУАҚТЬІҢ СӘЛЕМІ
(1774)
Мұнарада, құм жарда,
Аруағы тұр серінің.
Желкеңді көріп қалғанда,
Жаңғыртады өр үнін.
«Қайнап қаным кеудемде
Қорғасын қол түйілген.
Шымырлап тамырым денемде.
Тасқа талай шүйілгем!
Бұрқандым жайсаң өмірде,
Лайсаңды да көп көрдім.
Желкенім, өрле өріне,
Шайқаса да көк толқын!
КРИСТЕЛЬ
(1774)
Кeй уақыт көңіл торықса,
Қаңимын жалғыз жабығып.
Кристель сонда жолықса,
Кетемін демде жазылып.
Жұмбақ көп тірі пендеге,
Себебін қалай ұғармын:
Неліктен, не үшін, мен неге
Сол қызға сонша құмармын?
Ай қабақ. Жады жанары.
Асыл ғой мінсіз, тамаша.
Өрт болып жаның жанады,
Жалт етіп кейде қараса.
Нәркестей нәзік қылтиған
Алқызыл әтіргүл ме ерін?
Бетінен бетер бұлтиған
Айтсайшы тағы бір жерін!
Төсіне басып төсімді,
Билегем қысып аш белден.
Мәз болып, танып есімді,
Көзіме тіпті жас келген.
Mac болып биден ол дағы,
Төсіме өзі жабысқан.
Патшамсып байтақ ордалы,
Адамдай болған ауысқан.
Жанарын нәзік ұғамын —
Махаббат қанша, наз қанша!
Құшақтап белден, сығамын,
Сүйісем мейір қанғанша.
Махаббат отын маздатқан
Кейпінен өрттей жанамын.
Қайратым қайтып ләззаттап,
Ләззаттан қайрат табамын.
Дертімде шек жоқ бұл күнде,
Жалғыз-ақ сол қыз сүйгенім.
Онымен өткен бір түнге
Қияр ем бәрін дүниенің.
Бермесе егер ыңғайын,—
Осы сөз болсын есіңде.—
Өлуге онда мен дайын,
…Өлуге бірақ төсінде.
ЖАҢА МАХАББАТ,
ЖАҢА ӨМІР
(1775)
Жүрек-ау, жүрек, мұның нең,
Сен неден сонша қысылдың?
Шошынам мына түріңнен,
Келеді соны түсінгім.
Жалындап оттай жанғаның,
Ермегің тыныш, жадыра,
Сүйгенің,
сенген арманың
Қалайша қалды әдіре?
Еліттің жап-жас көркіне,
Пида ғып жанды күнде өлдің.
Төзе алмай ләззат дертіне,
Торына түстің,
құл болдың.
Қырандай азат жарқ етіп,
Құлдықтан қалай құтылам?
Келсе де кеткім тәрк етіп,
Сол қызға сорлап тұтылам.
Аяшы дос-ау, құтқаршы,
Болдым ғой мезі мекерден;
Ортеке болып итаршы,
Жүрмін ғой билеп бекер мен.
Жалаймын сайқал табанын,
Сыйқырлы торда жүдедім.
Ауыры-ай өсек, табаның!
Сүймеші, сүйме, жүрегім.
ДОСТЫҚ ЖЫРЫ
(1775)
Сезім мен шарап қосылып,
Жанғанда — жас шақ — маздағым.
Шырқайық, қалмай тосылып
Достықтың сиқыр сазды әнін.
Думанның тәңір исі
Бізбенен шалқып тойласын.
Сезімнің: сері киесі
Жүректің төрін бойласын.
Оранып жаңа жалынға
Жүректер бірге туласып.
Шарап та таза, жаның да
Достықтан таза туғасын.
Алайық жаңа тостарды
Таныстық үшін кідірмей,
Ұмытпай ескі достарды
Сындардан өткен сүрінбей.
Достарсыз адал, тірлікте
Болсын қай ырыс — жұбаныш.
Салтанат, шаттық — бірлікте
Жоқ одан асар қуаныш.
Шырқайды достар. үндері
Беріліп сезім ырқына.
Тие алмас көңіл кірбеңі
Көңілді кештің шырқына.
Көкірек — сергек, еркін ой
Жазылған мына маңдайға.
Бастады тағдыр, еркі ғой,
Тірліктің жолын шалғанға.
Еркіндік жолын басып нық,
Алыстап кетіп барамыз.
Аршылып жалған пасықтық,
Тазарып жан-тән, санамыз.
Қадамды қадам қуады,
Шегі жоқ, ұзақ жол деген.
Жанарды жігер буады,
Кеудені шаттық кернеген.
Топан су қаптап кетсе де,
Бәріне жүрек шыдайды:
Өйткені өмір өтсе де,
Сөнбейді ДОСТЫҚ шырайлы!
БЕЛИНДАҒА
(1775)
Несіне мені шақырдың,
Салтанатты думанға?
Қызығы жастық шағымның
Өткенде шағын ұямда.
Өтті-ау түнгі, айлы шақ,
Аяда тыныш мүлгіген,—
Сәулеңмен шалқып, қиялдан
Түс көргендей зырғып-ем!
Бақытым, пәк арманым,
Елестеп бәрі түсімде —
Түнектен жайнап жанарың,
Сәулем, түстің есіме.
Шулы топта, маған жат,
Булығып түтін — жалынға,
Отырар-ем масайрап,
Болсаң сен тек жанымда!
Жоқ, көкте емес көктемім,
Гүлде де емес нұр төккен,
Менің аям — періштем,
Қайда болсаң — сен көктем.
ҚАСІРЕТ
(1775)
Іркілмесін ыстық жас,
Ләззәтпен қысқан кеудемді.
Құпия дерті сарқылмас,
Жаныма рахат дем берді.
Қайран өмірім, толқи бер,
Жарға ғашық сезіммен.
Мейлің шерлі у жібер.
Жүрегіме езілген.
Алғашқы сүйіс мәңгілік!
Қанша сені сүйемін?
Ізгі дертің жаңғырып,
Айқай, қанша күйемін!
ТАТУЛЫҚ ЖЫРЫ
(1775)
Достар-ау! Ләззат, шараптан
Бой қызған мына ыңғайда
Достықты мәңгі мадақтап
Шырқайтын бірге жыр қайда?
Шалқытып тойып өмірдің
Отырсын шаттық құдайы,
Маздаған тату көңілдің
Көзесін отын ұдайы.
Жаңа бір жылу жалындап,
Жүрекке жүрек жарасты.
Аңқылдақ көңіл арындап,
Тартайық таза шарапты.
Алдағы тосқан достыққа
Арнайық, кәне, тостарды;
Не жетсін көңіл хоштыққа,
Ұмытпа ескі достарды!
Достықтан артық не қымбат
Тұрғанда баста байлығың?
Бағасы бәһра ол құрбәт,
Ол барда азат ай-күнің!
Қосылып салған ән қандай,
Жүректер жақсы-ау жарасқан!
Әдіре қазір қалғандай
Бақастық баққа таласқан.
Құдайлар бізге сыйлаған
Көреген, жіті көз ашық.
Кедергі-бөгет қираған
Алдымыз даңғыл, жол ашық.
Тартайық алыс шалғайға.
Еркіндік әнін бастайық;
Жадылық, жалған мұндайда
Жараспас — бәрін тастайық!
Басайың қадам қаттырақ,
Жолымыз кетсін кеңейіп.
Жанарда жалын атқылап,
Шаттана кеуде керейік.
Күл болсын дүние, мейілі,—
Кір түспес одан көңілге:
Достардың тату пейілі
Өшпейді мәңгі өмірде!
Неміс тілінен аударған Медеубай Құрманов
Парақшамызға жазылыңыз