//

Мұхан Исахан. «Алаш Орда» және «Үш Отау» ұйымы

1169 рет қаралды

Тақауда, Болат Мүрсәлімнің құрастыруымен Алаш қайраткерлерінің фото-альбом шежіресі жарық көргені көпшілікке мәлім. Бұл туралы баспасөз беттерінде әлсін-әлсін мақалалар жарық көрді. Алаш қозғалысы ұлтымыздың қаны тамып тұрған жуықтағы тарихы болғандықтан, обалы не керек жұртымыздың жүріп өткен бұл кезеңіне қатысты тарихшылар тарапынан кешенді зерттеулер жасалды. Дейтұрғанмен, Алаш қозғалысының әлі де ашылмаған жұртшылыққа беймәлім, тасада қалған тұстары жоқ емес. Соның бірі – Алаш идеясының Қытай қазақтарына таралып, бұл өлкелерде «Үш Отау» қозғалысы болып жалғасын табуы десек асыра айтқандық болмайды. Күні кеше ғана жас зиялылардың бір құрапатында осы «Үш Отау» қозғалысы хақында білетінімді айтып сыр шерткенімде, Дәурен Қуат, Айдос Сарым, Ауыт Мұхибек секілді ағаларымыз бұл жөнінде баспасөзге мақала беруімді өтінді. Қолдағы деректердің жұтаңдау болғанына қарамастан, ағаларымыз қолқалағаннан кейін «Үш Отауды» жазуға нар тәуекел етті

«Үш Отаудың» ұшығы

Алғашқыда «Үш Отау» қозғалысы хақында бүгінгі Қытайдың Шыңжан аймағында тұратын «Қасен» есімді қандасымыздан естіген едім («Үш Отау» қозғалысы әлі ақталмағандықтан қандасымыздың аты-жөнін толық айтуды жөн көрмедік). Жасы жетпістің желкенін ұстаған Қасен ағамыз кезінде «Үш Отау» ұйымының белсенді мүшесі болыпты. Ағамаздың айтуынша «Үш Отау» ұйымы Қытайдың коммунистік Үкіметінің 1960-шы жылдары жүргізген Мәдениет төңкерісі кезеңінде Алтай қаласында (бұрынғы Сарысүмбе) құрылған. «Үш Отаудың» мұрат-мақсаты Қазақстан мен Монғолия және Қытай қазақтарының, яғни, үш мемлекетке бөлініп кеткен қазақ қауымының басын біріктіріп тәуелсіз Қазақ мемлекетін құру болған көрінеді.

Әдепкіде, «Үш Отау» бәлкім баяғы Көлбай Тоғысовтың «Үш Жүз» партиясының жаңа атауы емес пе? деген де ой келді. Бірақ, 1918 жылы «Алаш орда» Үкіметі Көлбай Тоғысовты өлім жазасына кескеннен кейін, «Үш Жүз» партиясы қайта тарих сахнасында көрінген емес. Сонымен бірге, сол кездегі Қытайдың озбыр саясатына қарсы Қазақ, Ұйғыр, Моңғол болып «Үш Отау» ұйымын құрды ма екен деп те ойға берілдім. Бірақ, бұл қиялымның еш қисыны жоқ еді. Себебі, «Үш Отау» қозғалысы негізінен Шыңжандағы қазақтар қоныстанған аймақтарды ғана қамтыған. Сондай-ақ, Шыңжандағы қырқыншы жылдардағы ұлт-азаттық төңкеріске «Үш Аймақ» төңкерісі деген де атау берілгендігі белгілі. Ал, «Үш Аймақ» төңкерісі – Іле, Тарбағатай, Алтай атты үш өңірдегі аз санды ұлттардың Қытайдың отаршылдық саясатына қарсы көтерілісі болатын. «Үш Отау» бәлкім «Үш Аймақ» төңкерісінің заңды жалғасы ма? Жоқ, бұл ойымның да еш реті жоқ сияқты. Өйткені, «Үш Аймақ» Үкіметі тікелей Кеңес Үкіметінің коммунистік түзім орнатуымен құрылды. Ал, «Үш Отаудың» Қытай мен Моңғол қазақтары және Қазақстанды біріктіре отырып, ұлттық мемлекет құруды мұрат етуі, ұйымға Кеңес Үкіметінің ықпалының болмағандығын көрсетеді.

Иә, шынында да әуелгіде коммунистік жүйенің қылышынан қан тамып тұрған 60-70 жылдары қазақтың тәуелсіз мемлекетін құруды мұрат еткен мұндай қозғалыстың болғандығына күмәнмен қарадым. Күмәндана жүріп мағұлмат іздестірдім. Көп ұзамай «Үш Отаудың» бір ұшығын тапқандай болдым. Марқұм шәкіртім Елбол Райханұлы «Үш Отау» туралы бірнеше деректі қолыма тапсырды. Соның бірі жазушы Жәди Шәкеннің 2006 жылғы «Үн» журналының № 3-4 санында жарияланған «Періштелер» атты тарихи хикаясы еді. Бұл көркем шығармада «Үш Отау» ұйымын құрушы Қызырбек Оралов пен Сейітхан Әбілхасымовтың аянышты суреттелген. Тарихи хикая барысында Қызырбек Оралов қапияда қолға түсіп, өлім жазасына кесіледі. Ал, қозғалыс жетекшілерінің бірі Сейтхан Әбілхасымов Моңғол асып аман қалады. «Періштелерде» «Үш отау» турасында мұнан өзге мәлімет жоққа тән. Дегенмен, мен үшін Жәди Шәкеннің қым-қуыт өмірді баяндаған тарихи хикаясы «Үш Отау» хақындағы алғашқы алғадай мәлімет еді.

Қытай мұрағаттарында Қызырбек Оралов хақында «Үш Отауды құрушы Алтай өңірі газетінің тілшісі ақын Қызырбек Оралов 1968 тамыз айының жиырма екісінде ұсталып, 1970 жылы шілденің жетісінде жаумен тіл біріктіріп отанға опасыздық жасаған кері төңкерістік топтың бас қылмыскері деген айыппен өлім жазасына кесілген» (дерек Жәди Шәкеннің жеке қорынан алынды) деп қорытындыланған мәліметтер бар. Мұндағы «…кері төңкерістік топтың бас қылмыскері» деген дерек, Қызырбек Ораловтың төңкерісшіл топтың басшыларының бірі екендігін ұқтырғанмен, Қытай сотының бұл үкімінде «Үш Отау» ұйымы туралы жарытымды ештеңе айтылмайды.

Десек те, 1990 жылдары Моңғолиядан Қазақстанға оралған «Үш отау» ұйымының белсендісі Сейітхан Әбілхасымов Қытай қазақтарының ХХ ғасырдағы ұлт-азаттық күресі туралы бірнеше сүбелі еңбектер жазды. Оның Жұлдыз журналының 2006 жылдың №10 санында жарияланған «Қуып келеді, қашып барамыз» атты тарихи әңгімесінде Алтай қазақтарының тәуелсіздік жолында Қытай коммунистеріне қарсы ұйым құрып күрескендігі сөз болады. Бұл тарихи әңгімеде «Үш Отаудың» нақты аты аталмағанмен, олардың құрған ұйымының, біз сөз етіп отырған «Үш Отау» екендігін байыптау қиын емес. Бірақ, шығармада ұйым жетекшілерінің тым ерте қолға түсуіне қарап, «Үш отау» қозғалысының кең көлемде бұқаралық сипатқа ие бола алмағандығын аңғарамыз. Әйтсе де, Сейітхан ағамыз ұйымның жетекшілері саналған Айтан, Әлімғазы, Жағдалардың атамекен Қазақстанға қоныс аударғанын баян қылады.

Жағда ағамыздың көзі тірісінде «Үш Отау» туралы арнайы барып бірнеше рет сұқбаттастым.

– Үш Отау» идеясын алғаш айтқандардың бірі мен едім. Шығыс Түркістан мемлекеті құлағаннан соң, Моңғол мен Қытайдағы қандастар атамекендегі қазақпен біріксе ғана ел болып өмір сүре алады деп ұқтым. Сол кезде бұдан өзге біздің таңдауымыз жоқ еді. Бүгінгі тәуелсіз елімнің туының астына шеттегі қазақтардың ұйысып отырғанын көріп, үмітімнің алдамағанына бек қуаныштымын – деп еді Алаштың абызы кемсеңдеп.

Белгілі тарихшы Әлімғазы Дәлетхан ағамызбен «Үш Отау» туралы әңгімелескенімде, ол кісі де алпысыншы жылдардағы Мәдениет төңкерісі кезінде осындай астыртын ұйымның жұмыс істегенін растады. Бірақ, «Үш Отау» қозғалысы тек Алтай аясында өрбіді дегенге келіспейтінін, ұйымның жұмысы Шыңжандағы қазақтар мекендейтін барлық аймақтарды қамтығанын ескертті. Әлімғазы ағамыз Сейітхан Әбілқасымов мен Қызырбек Ораловтың «Үш Отау» қозғалысының Сарысүмбедегі белсендісі болғанымен, ұйымның жетекшілері Үрімшіде болғанын жиі-жиі қайталады. Сейітхан Әбілқасымов ағамыз да «Қуғын» романының бірнеше тұсында ұйымның жұмысы туралы жан-жақтағы майдандастарынан хабар алып отырғанын айтып өтеді. Осыған қарағанда, шынында да «Үш Отау» қозғалысы Шығыс Түркістанның көп бөлігін қамтыған тәрізді.

«Үш Отау» Алаш Орданың төл перзенті

Задында, ХХ ғасырдағы ұлт тарихына көз жіберсек исі қазақтың басын біріктіріп, тәуелсіз мемлекет құруды алғаш рет Алаш арыстары көтерді. Ал, «Үш отаудың» да мұраты үш мемлекетте жатқан қазақтың басын қосып біртұтас мемлекет құру болатын. Ендеше, Алаш пен «Үш отау» идеяларының үндестігі жәй кездейсоқтық па, жоқ әлде, заңды сабақтастық па? «Үш Отау» қозғалысын осы қырынан зерттей келе, қозғалыстың түп-тамырын тапқандай болдым.

Шыңжан қоғамдық ғылымдар институты журналының 2004 жылғы №3 санында Қалиолла Нұртазаұлының «Әнші Әсет» атты мақаласында Алаш Орда үкіметінің жетекшісі Әлихан Бөкейхановтың Қытай қазақтарына үндеу хат жазып, оны Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Райымжан Мәрсеков қатарлы күрескерлерге Шыңжан қазақтарына жеткізуді тапсырғандығы айтылады. Бірақ, мақалада бұл хаттың мазмұны хақында нақты ештеңе айтылмаған. Дегенмен, жоғарыдағы азаматтардың Шәуешек қаласында Құлжа мен Тарбағатай өңірінің игі‑жақсыларымен жиын оздыруы және Ахмет Байтұрсыновтың Алтай қазақтарына хат жазып, оны жеткізуді Әсетке тапсыруына қарап үндеу хаттың мазмұны Алаш идеясын Шыңжан қазақтарына насихаттауды көздеген деп топшылауға болады.

Біздің бұл ойымызды 2007 жылы Ана тілі газетінің №33 санында жарық көрген Уахап Қыдырханұлының «Міржақыптың Өр Алтайдағы іздері» атты мақаласы қуаттай түседі. Бұл мақалада шығарма иесімен сұхбаттасқан жасы сексеннің сеңгіріне шыққан Жапабай болыстың немересі Әкірамбек ақсақалдың жоғарыдағы Алаш азаматтарының Шәуешекке келуі хақында: «Олардың мұнда келуінде екі мақсат болыпты. Бірі ақ пен қызыл арасындағы аласапыранда үркіп, үдере көшіп кеткен елдің жағдайын білу, көнсе қайта көшіру. Екіншісі – Алаш Орданың ауқымын осы жақтағы елгеде ұлғайту болыпты» – деп айтуынан, Алаш идеясының сол жиырмасыншы жылдары Шыңжан қазақтарына таралғандығын аңғарамыз. Ақ пен қызылдың тартысынан басқа отызыншы жылдардағы үркіншілік кезінде де қазақтардың Жоңғар Алатауынан асып ауа көшкені белгілі. Бұл кезде Алаш Орда үкіметі құлағанмен, қозғалысқа дем берген би-болыстардың бір сыпырасы Алаш идеясын өлтірмей Шыңжанға ала кетті.

Алаш идеясы Алтай қазақтарының 1938 жылы Ырысхан мен Есімхан бастаған көтерілісі және 1941 жылдан 1951 жылдар аралығындағы Оспан батырдың көтерілісіне жанама түрде болса да әсер еткен сыңайлы. Бүгінде бұл төңкерістер туралы зерттеушілер арасында екі ұдай пікір бар. Тарихшылардың бір тобы Ырысхан, Есімхан, Оспандардың көтерілісі Шыңжандағы аз санды ұлттардың басын біріктіріп, Шығыс Түркістан Ислам мемлекетін құруды мақсат еткен – дейді. Оған дәлел ретінде 1945 жылы Шығыс Түркістан Ислам мемлекеті құрылып, оған басшы болған Әлихан төре мен Оспан батырдың Қытайға қарсы тізе қосып күрескендігін алға тартады. Өткенді бағамдаушы келесі бір зерттеушілер Шығыс Түркістан Ислам мемлекеті құрылмастан халық Оспанды Алтай қазақтарының ханы етіп сайлағанын, сондай-ақ, Оспан батырдың көтерілісі Шығыс Түркістан қозғалысынан бірнеше жыл бұрын басталғандығын алға тартып, бұл төңкерістерді Қазақ халқының азаттық алу жолындағы күресі деп біледі.

Әсілі, осы екінші пікір тарихи шындыққа жақын секілді. Өйткені, Оспан батыр көтерілісшілері Шығыс Түркістанның ай-жұлдызды жасыл туын емес, Абылайдың ақ туын көтеріп жүрген. Сонымен бірге, Шығыс Түркістан көтерілісі басшыларының бірі қырғыз генерал Ысқақбек Мононов Оспан батырға Шығыс Түркістан Ислам мемлекетінің ай-жұлдызды орденін тақпақ болғанда, Оспан батыр: «Мынау қатындардың шолпысы секілді бірдеңе ғой» деп орденді қасында отырған бәйбішесіне беруі, Ошынның Кеңес үкіметінің көлеңкесінде құрылған Шығыс Түркістан мемлекетіне мойынсұна қоймағанын көрсетеді.

Оспан батырдың көтерілісіне Алаш идеясының арқау болғандығын Соян Қажыбайұлының «Ісләмұлы Оспан батыр» атты мақаласынан нақты аңғаруға болады. Шығарма иесі өз мақаласында кезінде тыңшы, чекист болған Марқаба ақсақалдың; «…Мен 1935 жылы Моңғол үкіметінің ішкі істер органынан мынандай тапсырма алдым… «Оспан қазақтың Алаш партиясымен байланыс жасайды екен. Солардың тапсырмасымен Моңғол, Қытай, Қазақстандағы қазақтардың басын қосу немесе үш отауды бір мемлекет құру туралы тапсырма алыпты. Соны анықта» деді. Мен Оспанның жанында екі жыл жүріп нақты мәлімет ұстай алмасам да, Оспанның: «Әлейхан Бөкейханов; түбі телім болған қазақтар басын қоспай қазақ – қазақ болмайды депті» дегенін бірнеше рет естідім» деп айтқанын келтіріп өтеді.

Марқаба ақсақалдың бұл ақпары мұрағаттық дерек болмағанымен, Оспан батыр бастаған көтерілісті Шығыс Түркістан емес, Қазақ мемлекетінің тәуелсіздігі үшін күрес, оның ішінде Алашияның шығыс өңірін жау табанына таптатпаймын деген бұлқынысы деп тұжыруға болады. Яғни, кәрі чекистің келтірген бұл дерегі «Үш Отау» ұйымының шығу тегін бізге анықтап беріп отыр. Нақтырақ айтар болсақ, «Үш Отау» термині сонау отызыншы жылдары айтыла бастаған. Бұл саяси терминнің пайда болуына тікелей Алаш идеясы арқау болған тәрізді. Олай болса, алпысыншы жылдары құрылған «Үш Отау» ұйымын да осы Алаш қозғалысының заңды жалғасы деп есептеуге болады.

                                                                 «Үш Отауды» біріктіру – ұлы мұрат

Бүгінгі таңда Өр Алтай тауының батыс беткейі ғана тәуелсіз Қазақстанның құрамында. Тегінде, Өр Алтайдың төрт қапталында ежелден қазақтар мекендейді. Теріскей тұсындағы Ресейге қарасты Қосағаш ауданындағы Үкөк пен Шүй жазығы, шығысындағы Қобда беткейі сонау Һұн, Түркі қағанаттары, бертіндегі Керей, Найман хандықтарына құнарлы мекен болған. Қазақ хандығы мен Жоңғар хандығы осы өңір үшін екі жүз жылдай уақыт бір бірімен қырқысқаны тарихтан мәлім. Жоңғар мемлекеті жер бетінен жойылған кезде (1757), Абылай хан Цинь патшасымен дипломатиялық күрес жүргізіп, Алтай тауының шығыс мен оңтүстік беткейін ресми түрде Қазақ хандығына қаратты. Абылай хан өлгеннен кейін Жетісу мен Тарбағатай және Алтай қазақтарына Әбілпейіс хан билік жүргізді. Әбілпейіс хан өлгеннен кейін оның баласы Көгедай хан 1791 жылы Қытайға протекторат ретінде бағынып Алтай тауының шығысы мен күңгейіне Абақ Керей хандығын құрды. 1871 жылы Ресей мен Цинь империясының өзара келісімінде шекара белгілерін орнатуы, біртұтас отырған қазақты екіге бөліп жіберді. Ал, Абақ Керей елі 1911 жылға дейін Цин империясына бағынышты болды.

Сунь Яцин 1911 жылы Цин империясын құлатып, Қытайды біртұтастандыру реформасын жүргізгенде, оның бұл сұрқай саясаты Алтай қазақтарының ішкі егемендігінен айырды. Қытайдың бұл реформасына қарсы Зуха батыр мен Бөке батыр көтеріліс жасады. Алайда, Зуха батыр мен Бөке батыр көтерілістері стихиялы түрде өрбіген еді. Дегенмен де Қытай басқыншылығына қарсы нәтижелі күресті Алтайда Оспан батыр, Іледе Сейіт пен Акбар жүргізді. Шынтуайтында Оспан батыр және Сейіт пен Акбар бастаған көтерілістің бұқаралық сипатта өрбуіне Қытай қазақтарына Алаш идеясының таралуы мейлінше әсер етті. Демек, «Үш Отаудың» үш елді қатар жайлаған қазақтың басын қосып, тәуелсіз мемлекет құруды мұрат етуі, тарихи тұрғыдан алғанда заңды саяси үдеріс еді Олай болса, біз сөз етіп отырған алпысыншы жылдардағы «Үш Отау» қозғалысының өкілдерін де Алаш қайраткерлерінің төл мирасқорлары деп қабылдаған жөн деп білеміз.

Түйін&

Түптеп келгенде айтпағамыз Алаш және «Үш Отау» қозғалысының көсемдері мырышқа түйреліп көздеген мұратына жете алмағанмен, бүгінде үш елді қатар жайлаған Қазақтың басын қосу идеясы әлі өз өміршеңдігін жоғалта қойған жоқ. Қазақстан тәуелсіздігін алғанға дейін Алаш және «Үш Отау» идеясын шет елдерде Қарыс Қанатбай, Хасан Оралтай сынды азаматтар ұдайы насихаттап келді. Алаш және «Үш Отау” идеясын насихаттау бұдан арықарай да жалғасын таба беруге тиісті. Өйткені, Алаш және «Үш отау» идеясы әлемге тарыдай шашырап кеткен ұлтымыздың қайта ұйысып, кемелденуіне арқау бола бермек…

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар