Сүлеймен патша айтыпты: “Жер бетінде жаңадан туған түк те жоқ”. Оны Платон былайша толықтырыпты: “Кез келген білік өткенді еске түсіруден басқа түк те емес”.
Демек, жаңаның бәрінің ұмытылған, ескі нәрсе екені туралы данышпандық ой Сүлейман патшаға тиесілі.
(Френсис Бекон “Тәжірибелер”. LVIII).
1929 жылдың маусым айында Лондонда Смирнадан шыққан антиквар Жозеф Картафил, Княгина Люсенжге Поптың (1715-1720) көлемі кіші ширек “Илиадасының” алты томын сатып алуды ұсыныпты. Кітаптарды сатып алған княгина антиквармен бірер ауыз тілдеседі. Княгиня оны шөлейт жердей қуарған, тозған, сұр көзді, сұрша сақалды, бет-жүзін есте сақтау қиын адам еді дейді. Әр тілде оп-оңай сөйлей салады. Алайда көбін қате айтады. Ағылшыншадан французшаға, одан Салоникте қолданылатын испан тіліне, испаншадан Маконың португаль тіліне көшіпті. Қазан айында княгина “Зевстен” оралған әлдекімнен Картафилдің теңіз сапарында қайтыс болғанын естиді. Смирнаға қайтып келе жатқан беті екен. Оны Нос аралына жерлепті. Мына қолжазба “Илиаданың” соңғы томының арасында екен.
Ағылшын тілінде жазылған түпнұсқада латын сөздері өріп жүр. Сіздерге соның сөзбе сөз тәржімесін ұсынып отырмыз.
I
Егер есімде дұрыс сақталса, бәрі де Диоклетианның император кезінде Стоврат Фивасындағы Гекатомфилос бағынан басталды. Ол уақытта таяуда ғана аяқталған мысырлық соғыстарға қатысып, Қызыл теңіз жағасындағы Береникке орналасқан легионда трибун да болып үлгергем. Армансыз қылыш сермеуге құлықты болып келген талай сабаз безгек пен сиқырдың құрбандығына айналып, тыншыған-ды. Мавритандықтар жеңіліс тапты. Көтерілісші қалалардың меншігі болған жерлер Плутонның мәңгілік иелігіне айналды. Жеңіліске ұшыраған Александрия әміршіге аяушылық сұрап жалбарынды. Легиондардың түбегейлі жеңісіне жылға жетер-жетпес уақыт кеткен. Соғыс құдайы Марспен бетпе-бет ұшыраспадым десем де болады. Соғыс тәңірі мені айналып етті, сәттілік сыйлады. Шамасы, соған күйінгендіктен болар, көзден тасаланған Ажалсыздар Қаласын іздеп, қорқынышты шөлге шығып кетіппін.
Жоғарыда баяндағанымдай бәрі де Фивадағы бақтан басталған. Түні бойы көз ілмей шықтым. Жүрегімде бір кереметтер болып жатқан. Таң алдында орнымнан тұрдым. Құлдарым ұйықтап жатыр. Айдың түсі де төңіректегі шөлейт даладан аумай қалыпты. Шығыс қапталдан үсті-басын қан жуған жаралы салт атты келе жатты. Маған бірнеше қадам қалғанда атынан ауып түскен. Ол әлсіреген дауыспен латын тілінде қала қабырғасын шайып жатқан өзеннің қалай аталатынын сұрады. Мен өзеннің Мысыр аталатынын, жауын суынан нәр алатынын айттым. Әлгі қайғылы дауыспен “менің іздегенім – адамдардың ажалын шайып тастайтын басқа өзен” деді. Кеуде тұсынан қоп-қоңыр қан саулап жатты. Жолаушы өзінің Ганганың арға бетіндегі таулардан шыққанын, ондағы адамдарда “жердің шеті бітетін ең қиыр батыста суы адамға бақилық өмір сыйлайтын өзен жатыр” деген сенім барын айтты. Тек амфитеатрлардан, ғибадатханалардан және мұнаралардан тұратын Ажалсыздар Қаласы жердің сол қиыр шетінде екенін және қосқан. Жолаушы өлген кезде таң атпаған еді. Әлгі қала мен өзенді табуға бел буғанмын. Жан алғыштың қинауымен әлгі жолаушының сөзін мавритандықтар да растап берді. Әлдекім адамдары ұзақ өмір сүретін жер шетіндегі Елисей жазығын есіне түсірді. Енді біреуі тұрғындары жүз жыл ғұмыр кешетін Пактол өзенінің бастауындағы құздар туралы айтқан. Римде адам өмірін ұзарту дегеннің асығыс-үсігіс тіршілікті көбейтіп, пендені бірнеше мәрте өлтіру деп пайымдайтын философтармен сөйлескенім бар. Ажалсыздар қаласы туралы ақиқатқа сенгенімді, яки сенбегенімді білмеймін, бірақ дәл сол шамада оны іздеп табуға деген ниетімнің күшті болғаны анық еді. Гетулияның проконсулы Флавей маған осы мақсат үшін екі жүз сарбаз берді. Өзіммен бірге жолды білуші ем деген жалдамалыларды да ала шықтым. Алайда олар алғашқы қиындықтан соң-ақ қашып кеткен.
Мұнан соңғы оқиғалар сапардың алғашқы күндері туралы естеліктерді ұмыттырып жіберді. Арсиносқа шығып, табанымыз ыстық құмға да тиді. Әзірге тілдесуді білмейтін, жылан етімен қоректенетін троглодиттер елінен, арыстан етін жеп, әйелдерін ортақ ұстайтын гараманттардан, Тартардан басқа түк те білмейтін Авгила жерінен өттік. Аптапқа шыдамай, жолаушы күндіз құмның астына жасырынуға мәжбүр болатын басқа да шөлдерді артқа тастадық. Алыстан атауы мұхитпен бірдей тау сұлбасын көрдім. Оның етегінде удың бетін қайтаратын сүттіген өседі. Ал оның басында тәттіге құмар болса да аса тұрпайы, қатыгез сатирлар тұрады. Осыншалықты құбыжықтарға пана болған мұндай қатыгез жерде салтанатты қала бар дегенге сенудің өзі қиын еді. Алған бетімізден қайтқан жоқпыз. Кейін оралу масқара мазақ болып есептелді. Кейбіреулер бетін айға қаратып, санасыз ұйқыға да кетіпті. Оларды безгек қинап бара жатқан-ды. Кейбіреулер ыдыстағы борсыған суға қоса ажал мен ессіздік дертін де сіміріп жатыр. Адамдар қаша бастады. Көп ұзамай-ақ ереуіл басталған. Ереуілшілерді басу үшін ең қатал шараларға жүгінуге тура келді. Центуриондардың бірінен ереуілшілердің жазаланған жолдастарының кегін менен алмақшы болып жүргенін естігенше жолды жалғастыра бердім. Тек содан кейін ғана өзіме адал берілген бірнеше сарбазбен лагерьден қашып шықтым. Ақыры, құм арасындағы тастай қараңғы түнде олардан да айырылып тындым. Сатқындардың бірі атқан жебеден оңбай жараландым да. Бірнеше күн адасқам. Мүмкін кенезені кептірген шөл мен одан кеуіп өлудің үрейінен жалқы сәтім бірнеше күн болып та көрінген шығар. Атымның басын еркіне жібердім. Таң алдында алдымнан пирамидалар мен мұнаралар сұлбасы бұлдырады. Алдымнан тылсымы көп бытықы-шытықы жол шықты. Оның қақ ортасында құмыра тұрған-ды. Оған қолым да тиген. Көріп те тұрмын. Алайда оған жетер жолдың тылсымдығы соншалықты – бұл өмірден құмыраға жете алмай өтетінім де белгілі болып қалған…
II
Осынау бір қорқынышты елестен айыққан сәтімде қолым байлаулы қалпымда тау еңісіндегі көлемі кәдімгі көрдей ғана ұзынша тас ақырда жатқанымды білдім. Ақырдың қабырғалары адам қолынан емес, уақыттың дегенімен әбден тегістеліпті. Әрі дымқыл екен. Шөлден кенезем кеуіп, жүрегімнің жан ұшыра дүрсілдеп жатқанын білдім. Сыртқа үңіліп, дауыстап көргем. Таудан еңіске қарай қоқыстар мен құм төбелердің арасымен лай өзен дыбыссыз ағып жатыр. Оның келесі жағасында әлде атқан таңның, яки батып бара жатқан күннің шапағымен Ажалсыздар Қаласы жарқылдайды. Көзіме қабырғалар, аркалар, фронтиспистер мен алаңдар шалынды. Қала тас тұғырдай тақыр жазыққа орын тепкен екен. Еңіс пен жазықтан мен жатқан ақырға ұқсас жүздеген тесік көрініп тұр. Құмды дала толы тайыз құдықтар. Әлгі ақырларға тыр жалаңаш, сақалы ұйпа-тұйпа адамдар кіріп-шығып жатты. Әлгілерді бұрыннан танитындай болып кеткенім де рас. Олар Араб шығанағы мен эфиоптардың үңгір тұрақтарына қанқұйлы шабуылдар жасап тұратын жабайы да қатыгез троглодиттер тайпасы еді. Олардың сөйлесе білмейтінін, жылан етімен қоректенетінін білсем де таңданбайтыным белгілі жайт тұғын.
Шөлден қиналғаным соншалықты – қауіп-қатерді естен шығардым. Шамалаймын, құмды жағалау менен отыз футтай жерде. Қолым байланған қалпы, көзімді жұмып алып, еңіспен төмен жүгірдім. Қан жуған жүзімді лай суға армансыз батырдым. Жабайы аңдарға тән тойымсыздықпен сіміре беріппін. Қайтадан есімнен айырылып, сандырақтамас бұрын, еркімнен тыс грек тілінде: “Эзеп суын ішетін Зеланың бай тұрғындары” деп қайталай беріппін.
Қанша күн, қанша түн өткені де есімде қалмапты. Үңгірге қайта оралуға шамам жоқ, әлсіреген, жалаңаш-жалпы күн мен ай сәулесінің астында ұзақ жатсам керек. Баладай аңқау, жабайы троглодиттер менің өлуіме де, сауығып кетуіме де ырық бермеді. Өлтіріп тастауларын өтінгем. Одан да түк шықпады. Құдайдың бір күні жартас қырына ұрып бұғауды үзудің сәті түсті. Келесі күні мен – рим легионының мәртебелі трибуны Марк Фламиний Руф бір кесек жылан етін ұрлап, немесе сұрап алу бақытына ие болдым.
Ажалсыздарды көріп, ерекше адамдар қаласының тасына маңдайымды басуға деген құлық мені ұйқыдан айырған. Менің ойымды түсінгендей жабайылар да көз ілмеген. Алдымен олар мені аңдып жүргенін түсіндім. Соңынан иттерге тән мендегі мазаң көңіл оларға да жұққан. Жабайылар қонысындағы жұрттың бәрі апанынан шығып, науқасты көздерімен батып бара жатқан күн көзіне телмірер іңір алдында кетуге шешім қабылдадым. Бар даусыммен ғибадат айта бастадым. Ондағы мақсатым – өзіме жаратушының мейірімін түсіруден бұрын жабайыларды адамның өзімен-өзі сөйлеген даусынан үркіту еді. Одан соң өзенді кешіп өтіп, қалаға тіке тарттым. Екі-үш жабайы еркектің артымнан аңдып келе жатқанын да біліп келем. Тайпаның басқа да мүшелері сияқты олар да аласа бойлы тұғын. Олардан қорықпайсың да, жек те көріп кете алмайсың. Жобасы, тас алған орын болар, ойқы-шойқы бірнеше ойпаңнан өтуіме тура келген. Қаланың үлкендігіне таңғалған мен оның өзім ойлағаннан жақынырақ жерде жатқанын да білдім. Түн ортасына тақау оның сарғыш құмға қызық әрі таңғаларлық сипатта тұмсық батырған қабырғасына да кеп жеттім. Бірақ зәрем ұша кілт тоқтауға мәжбүр болдым. Алдымнан шыға келген қала да, құмды дала да адами түсінікке жат еді. Артыма бұрылып, бұқпантайлап аңдып келе жатқан жабайыларды көріп, қуанғаным да қызық болды. Ұйықтамасам да көзімді жұмып, күннің батуын күттім.
Қаланың үлкен жартастың үстіне орын тепкенін бұрын да айтқам. Жартастың өзі де қаланың қабырғаларындай күрт еңісті еді. Қатты қажығам. Қабырғадан аумайтын қара жартастан бір сызат болса, қане?! Сондай-ақ жалқы қақпасы да байқалмайтын. Күндізгі аптаптың ыстығынан үңгірге кіріп жан шақырдым. Үңгірдің ішінде құдық бар тұғын. Оның шыңырауынан беймәлім баспалдақтар көрініп тұрды. Баспалдақпен төмен түстім. Лас дәліздермен өтіп, ғимараттан бір-ақ шыққаным. Қараңғылығы соншалықты қабырғасының өзі әзер-әзер көрінеді. Жер асты тұрағында тоғыз есік бар екен. Оның сегізі адамды біраз адастырып әкеліп, бастапқы жеріне қайта әкелетін-ді. Тоғызыншысы басқа бір адаспа жолмен басқа бір үңгірден шығарады. Оның да түр сипаты алғашқысына ұқсас. Үңгірлердің санынан да жаңылдым. Сәтсіздік пен алаң да көп еді. Тіпті, қорыққанға қос көрінеді, үрейден олардың саны мүлдем арта түскен де сияқты. Көңіл құлазытарлық дұшпани тыныштық салтанат құрды. Тереңде тас дәліздерде жер астынан уілдеген сайтани желінен басқа дыбыс та жоқ. Әлдебір шайынды су жер асты жарықтарына дыбыссыз құйылып жатқан. Зәрем ұша тұра осы бір тылсымды дүниеге кіріп бара жатқандай едім. Осында бір тоғыз есікті, бір-біріне жалғасқан сансыз тармақты жолы бар жер асты үңгірінен басқа тіршілік барын да ұмыта бастадым. Тылсымды әлемде қанша адасқаным да есімде жоқ. Өзім туып, өскен қаланы ма, жоқ әлде жоғарыдағы жабайылардың көңілсіз қонысын ба, әйтеуір бір нәрсені сағынып кеткен сәтім есімде қалыпты.
Әлдебір тереңдегі дәліздің қабырғасынан аяқасты есік көрініп, алыс бір жақтан сәуле түскені. Қараңғылықтан қажыған көзімді барынша ашып, басым айнала тұрып, тоқымдай ғана аспанды көрдім. Әрі ол әдеттен тыс көгілдір тұғын. Қабырғада жоғары өрлейтін баспалдақ тұр. Қатты шаршағаныма қарамастан жоғары өрмелеймін, баяғы. Көкірегіме тығылған өксік қысқанда ғана сәл кідірем. Міне, мен мұнараларды, астрагалдарды, үшбұрыш және дөңгелек фронтандарды көріп тұрмын. Тастан, яки мәрмәрдан жасалғаны да белгісіз. Сөйтіп, көрсоқыр жер асты жолдарынан көз қарықтырған шаһардан бір-ақ шықтым.
Өзімнің кішкене алаңшада, нақтырақ айтқанда сарайдың іш жағында тұрғанымды аңғардым. Ауланы биіктігі ала-құла, түрлі мұнаралары мен бағандары бар пішіні дұрыс емес жалғыз ғимарат қоршап жатыр. Осы бір сүйкімсіздеу құрылыстың ықылым заманда салынғаны бірден аңғарылатын. Тіпті ол маған адамзаттан, жердің өзінен де көне көрініп кетті. Адамға үрей ұялататын бұл ғимарат Ажалсыздардың қолымен салынған деп ойлауға болатын. ЬІңғайсыз салынған сарайдың баспалдақтары мен дәліздерін алдымен – сақтықпен, ізінше – сабырлылықпен, ең соңында қызыға отырып шарлай бастағам. (Баспалдақтардың көлемі мен биіктігінің әр түрлі екенін аңғарып, еңсені езген қажуымның себебін де кейінірек түсіндім). Алдымен: “бұл сарай – құдайлардың қолтумасы” деп ойладым. Алайда, қаңырап жатқан қоқысты аралап жүріп, ол ойымды: “оны салған құдайлар өлген болды” деп түзеттім. Сәл кейінірек сарайдың әдеттен тысқарылығына көз жеткізіп: “оны салған құдайлар кем ақыл болған” деп түсіндім. Сосын, “қорқыныштан бұрын ақыл-ойдың әсерімен, мүлдем ұялмай-ақ, өзіме де беймәлім түйсікпен “көріністің үрейлі екенін біліп тұрмын” дедім. Ғимараттың өте көнелігіне байланысты әсерлеріме оның шексіздігі, тұрпайылығы һәм толықтай ақымақшылығы туралы байламдарым да қосылды. Тас түнек қараңғылықтан құтылғаным жаңа ғана еді. Алайда жарқырап тұрған Ажалсыздар қаласы қорқынышымды оятып, жүрегімді айнытты. Адаспа жол адамды шатастыру үшін жасалады. Сондай-ақ, оның тепе-теңдігі жетіп артылатын архитектурасы осы мақсатқа бағындырылады. Ал мен барынша мұқият аралап шыққан сарайдың архитектурасында еш мақсат жоқ тұғын. Қай жағынан қарасаң да түкпірге тірелген дәліздер, қол жетпес биіктегі терезелер, ұядай күркеге немесе жер астындағы шағын ұраға бастайтын даңғарадай есіктер, баспалдақтары мен қоршаулары сыртқа ұмсынған қисынсыз баспалдақтар көңілге мүлдем қонбайтын-ды. Сондай-ақ, монументальды қабырғаға жабысып, әуеде салбырап тұрғандары, мұнарға бөккен мұнараларға бастап барып, мақсатсыз үзілетіндері де бар. Көріністің бәрі өзім суреттегендей ме, оны да анық білмеймін. Бар білетінім – осы бір көрініс ұзақ жылдар бойы ұйқымды қашырып келді. Ақиқатында соңынан түнде түсімнен шошытарлық елестерге де себеп болғанын мойындауға мәжбүрмін. “Мына қала қорқынышты екен” деп ойладым мен. “Тіпті оның шөл даланың жасырын аймағында болуы һәм бола да беруі өткенмен қоса болашақты да бүлдіріп, құртады. Жұлдыз екеш жұлдыздарға да көлеңкесін түсіреді. Ол құрымайынша дүниеде ешкім де бақыттың, тіршіліктің мәнін ұғына алмайды”.
Менің ол қаланы ешкімге ашқым келмейді-ақ. Түрлі тілдегі мағынасыз сөздер, әлдебір ғаламаттың күшімен, жауыққан, бастарымен, ішек-қарындарымен, азуларымен бір-біріне тістесіп өлген жолбарыстардың немесе өгіздердің өлексесі. Міне, ол қаланың сипаты осындай.
Ылғалды, шаң басқан жер асты жолымен қалай кейін оралғаным да есімде жоқ. Ең соңғы адаспа жолда келе жатып, “осынау бір жан шошырлық Ажалсыздар Қаласына енді тап болмасам екен” деген қорқынышым ғана есімде қалыпты. Өлтірсең де есіме басқа ештеңе түспек емес. Енді қанша тырыссам да сол бір өткен күннен еш дерек те ала алмаймын. Бәрін де ұмытқам. Шамасы, ұмытуға тырысқан сияқтымын. Өйткені, кері оралар жолым өте ауыр болғанға ұқсайтындай ма-ау… Жадымнан өшкен мұнан соңғы күндердің тағы бірінде мен сол бір қорқынышты оқиғаны есімнен мәңгілікке шығаруға ант еттім.
III
Менің өз әрекеттерім туралы баянымды мұқият оқыған адам жабайылар тайпасының бір адамының қаланың іргесіне дейін соңымнан еріп келгенін білуге тиіс. Соңғы үңгірден әупірімдеп өтіп, сыртқа шыққанымда оны тағы да кездестірдім. Ол жерге етпеттей сұлап, құмға әріпке ұқсас белгілер сызып жатты. Жазады да қайта өшіреді. Сол әріптер түсіме де енеді. Араларын енді ажыратқан кезімде қайта бірігіп жатады әлгілер. Алғашында оны жабайылардың жазуы деп ойлағам. Әлі күнге сөйлесу өнерін де игермеген жабайылардың жазбасы туралы ойлаудың өзі артық екенін соңынан түсіндім. Оның үстіне құмға түскен белгілер әр түрлі тұғын. Соған қарап олардың әлденені ұқтыратыны да күмән тудыратын. Әлгі адам әлі де сызғылап жатыр. Қарайды да үстінен түзетулер енгізеді. Ал сосын ойынға мезі болған баладай сызбаларды алақанымен, шынтағымен өшіріп тастайды. Маған мүлдем танымайтын адамға қарағандай назар салды. Бірақ сол сәтте бойымда үлкен бір жеңілдену, құтылу сезімі бар тұғын ” кер астындағы жалғыздықтың ауырлығынан да болар). Дәл сол сәтте осы бір жабайы адам мені күтіп жатыр-ау, деген ұры ойға ерік беріп алдым. Күннің көзі күйдіріп тұрған-ды. Біз алғашқы жұлдыздар туысымен кері қарай – троглодитер қонысына аттанғанда табан астындағы құм оттай ыстық тұғын. Жабайы алдымда келе жатты. Сол түні оның түйсігін оятуға, тіпті жекелеген сөздерге үйретуге көңілімнің ауғаны. “Иттер мен аттар алғашқысына бейім” деп ойладым мен. “Ал көптеген құстар, мәселен падишалардың тотықұстары екіншісіне қабілетті”. Адамның санасы қаншалықты тұрпайы, жабайы болса да қабілет жағынан жануарлардан жоғары тұрмақ-ты.
Жабайы соншалықты қараңғы – әрі аянышты еді. Содан болар, ол менің есіме “Одиссеядағы” өлгелі жатқан төбет Аргусты түсірген. Оған “Аргус” атын таңып, өз атын ұқтыруға тырыстым.
Қаншалықты талаптансам да әрекеттерім сәтсіздікке ұшырап жатты. Мәжбүрлеу де, қаталдық та, табандылық та нәтиже бермей қойған. Маған көзін аудармай қараудан танбайды сабаз. Жобасы, мен ұқтыруға тырысқан дыбыстарды естімейтінге ұқсайды. Қасымда тұрса да әлдебір қиырда жүрген сияқты еді пақыр. Жанартаудан қалған кішкене, жойылып бара жатқан жартас сынығындай болып ол құм үстінде жатыр. Таң алдындағы қараңғылық пен іңір аралығындағы ыстықтың басынуына әбден мойынсұнғандай еді ол. Қалайда, менде “оның өзім тарапынан жасалған әрекеттерді түсінбеуі мүмкін емес” деген сенім болды. Эфиоптардың түсінігінде “маймылдар жұмыс істетіп қоймас үшін әдейі сөйлемейді” деген наным барын есіме алдым. Аргустың әрекетін де сенбеуден және қорқыныштан деп ұқтым. Ізінше басыма одан да басқа ғаламат ойлар келген. Мүмкін Аргус екеуіміз екі әлемнің адамдары шығармыз? Қабылдауымыз ортақ. Алайда, Аргус оны басқаша, басқа зат есебінде түсінетін шығар. Мүмкін онда қандай да бір зат деген ұғымның болмауы да кәдік. Оның орнында бас айналдырарлық әсерлер жиынтығы ғана бар шығар. “Ол есте сақтау қабілетінсіз, уақыт өлшемінсіз дүние болар” деп ойладым. Зат есімсіз тек қана етістіктерден, жіктелмейтін теңеулерден тұратын тілдерін де санамда бір аунатып көрдім. Сөйтіп күн артынан – күн, жылдар өтіп жатты. Бірде, таңертеңгісін қуанышқа ұқсас бір оқиға болған. Байсалды да күшті нөсер құйып тұрған-ды.
Әдетте шөлейттің түні салқын болады. Алайда сол бір түн оттай ыстық тұғын. Түсіме Фессалия жақтан маған қарай аққан өзен (кезінде алтын балықты босатып соған ағызып жіберген екем деймін) енді. Мені азат ету үшін ағып келеді екен. Сары құм мен қара тастың үстінде жатып, оның ағысын еститін сияқтымын. Жаңбырдың дүркірей жауған даусы мен иісінен оянып кеттім. Жалаңаш-жалпы далаға атып шықтым. Түннің соңғы мезеттері еді. Сарғыш бұлттардың астында менен де бақытты жабайы тобыр денесін жаңбырға тосып мәре-сәре. Аргус құдайдың мейірімі түскен Кибела абыздарынша аспанға телміре ыңырсиды. Бет-жүзін тамшы айғыздапты. Соңынан аңдасам ол жаңбыр тамшысы ғана емес, көздің жасы да екен. Аргус – маған, мен – Аргусқа айғай салыппыз. Сол кезде Аргус аздаған таңғалыспен, әлдеқашан ұмытқан нәрсені есіне түсіргендей болып, мына бір сөздерді құрастырған: “Аргус – Улиестің төбеті”. Маған назарын аудармастан: “қоқысқа лақтырылған төбет” деп нақтылаған.
Біз көрген жайды жылдам қабылдаймыз. Мүмкін онымыз да нақты ақиқат нәрсенің болмайтынын түйсікпен ғана сезінуден шығар. “Одиссея” туралы не білесің?” деп сұрадым одан. Грекше сөйлеу оған ауыр соқты. Сұрағымды қайта қоюға тура келген.
“Өте аз білем”, деген ол “Ең нашар деген рапсодтан да аз білем. Менің оны шығарғаныма бір мың бір жүз жылдан асып кеткен болуға тиісті…”
IV
Бәрі де сол күні белгілі болды. Ажалсыздар дегеніміз – троглодиттер екен. Лайлы құмды ағыс баяғы салт атты жолаушы іздеген өзеннің нақ өзі екен. Ал атақ-даңқ түу Гангаға дейін жеткен қаланың өзі осыдан тоғыз ғасыр бұрын қирапты. Ал мен көрген жойдасыз құрылыстар сол қаланың қирандылары мен сынықтарынан тұрғызылыпты. Ол қала емес, қаланың мазақты үлгісі, сондай-ақ асты-үстіне шыққан, санасыз құдайларға арналған ғибадатхана тұғын. Алайда олар туралы біз бір ғана нәрсе білеміз: олар адамзатқа ұқсамайды. Бұл ғимарат Ажалсыздардың құлдырауының соңғы нышаны еді. Мұнан соң жаңа дәуір басталған. “Барша әрекет – бекершілік” деген қорытындыға келген Ажалсыздар дүниені сырттай бақылаумен ғана шектелген тіршілік салтына көшеді. Ғимараттар тұрғызғанымен оны жылдам ұмытып, үңгірді мекендейді. Онда да түрлі ойларға берілген олар сыртқы дүниені мүлдем ұмытады.
Гомер осының бәрін маған балаға түсіндіргендей етіп, түсіндіріп берді. Өзінің қарттық кезеңі, әлгі Улиестен аумай қалып, теңізді, ет тұздауды, ескектің не екенін білмейтін адамдарды іздеп шыққан өзінің ақтық сапары туралы да айтқан. Ол Ажалсыздар қаласында тұтастай жүз жыл ғұмыр кешіпті. Қала талқандалған соң жұртқа оның екіншісін – мазақты үлгісін салуға кеңес берген де өзі екен. Оған таңғалатын түгі де жоқ: Ол алдымен Троя соғысын жырлаған. Соңынан тышқандар мен бақалар арасындағы шайқасты жырға қосты. Мұнысы әрі ең әуелі Дүниені, содан соң Бос кеңістікті жаратқан құдайдың әрекетіне ұқсайтын-ды…
Ажалсыздың ғұмыры да далбаса. Адамнан өзге тіршілік иесінің бәрі ажалсыз. Өйткені, өлім атты құбылыстың барынан бейхабар олар. Өзіңді Ажалсызбын деп сезіну – қорқынышты, әрі ақылға қонымсыз. Мың мағыналы діндер арасында да мұндай ұстанымның сирек ұшырасатынын аңғардым. Рас, иудейлерде, христиандар мен мұсылмандарда мәңгілік ғұмыр туралы ілім бар. Алайда солардың бәрінде де жердегі алғашқы тіршіліктің мысалға алынатынына қарап, олардың тек сол бақилық өмірге ғана сенетінін де аңғару қиын емес. Ал қалған өмірдің бәрі де сол алғашқы нақты тіршіліктегі әрекетің үшін сауап пен жазаға тартылудың құралы ғана. Керісінше, маған Индостандағы кейбір діндер насихаттайтын иірімді ойлар нанымдырақ көрінеді. Ол иірімдердің басы да, соңы да жоқ. Әр өмір өзінің алдындағы өмірдің жалғасы ғана. Әрі онда келесі өмірдің де ұрығы жатпақ. Олардың бірде-бірі тұтас бір ұғымды білдірмейді… Ғасырлар тәжірибиесінен сабақ алған Ажалсыздар Республикасы төзімділіктің шырқау шегіне дейін жетті әрі бәріне де тойып болды. Олар өздерінің ажалсыз ғұмырында әркімнің көрешегін көрмей өтпейтінін білді. Өткендегі және болашақтағы игі істері үшін әркім жақсылыққа лайық. Алайда өзінің өткендегі және болашақтағы оңбағандығына орай әркім кез келген сатқындықты да жасай алуға қабілетті. Құдды құмар ойындардағыдай онда сәттілік пен сәтсіздік мүмкіндіктері бірдей беріледі. Ажалсыздарда дарын мен дарынсыздық бір-бірін түзете отырып, ақыры бір-бірін құртып тынады. “Эклогтің” немесе Гераклиттің қандай да бір сентенциясынан алынған жалғыз, бірден-бір теңеуге қарсы қою үшін қажетті, сәтсіз шығарылған “Менің Сидім туралы ән” сынды дүние тууы да мүмкін. Ең жылдам ойдың көзге көрінбейтін суреттерден туындауы ықтимал. Әрі ол түсінікке ауыр форманың мәртебесін арттырады, немесе оны жамап-жасқап көрсетеді. Осы ғасырда игілік болып қайталанғанымен бұрындары біреулердің жасаған жамандығы да болуы мүмкін. Егер барша құбылысқа осылайша қарасақ – жасаған әрекетіміздің бәрі де әділетті болып шыға келмек, сондай-ақ мұнан соң ол әрекеттерде маңыз да қалмайды. Демек, ешқандайда өнегелі, әйтпесе тиімді белгінің болмағаны. Гомер “Одиссеяны” шығарды. Алайда жағдайға орай тәсілдері де көп болатын уақыттың шексіз де шетсіз кеңістігінде сол “Одиссеяны” тағы басқа біреудің жазбайтынына кім кепіл?! Бұл дүниеде жеке адам түкке татымайды. Сондай-ақ, әр ажалды пенде дүниедегі барша адамның атынан сөйлей алады. Корнелий Атриппаша айтқандай: “мен — құдаймын, мен – батырмын, мен – философпын, мен – сайтанмын, мен – бүкіл әлеммін”. Ал ақиқатында бұл – “жалпы алғанда, мен мүлдем жоқпын” дегенді айтудың әбден мезі еткен тәсілі ғана.
Дүниеге жүйе есебіндегі көзқарастың міндетті түрде қайтарымы болмақ. Мұндай көзқарас Ажалсыздарға бірсарынды әсер еткен. Алдымен олар аяушылықтан жұрдай болды. Өзеннің келесі бетіндегі тас шығаратын орын естеріңде шығар. Ажалсыздардың бірінің сол шұңқырға түсіп кеткені бар. Ол мертіге де, өле де алмаған. Алайда, шөлден қатты қиналған. Оған арқан лақтырылғанша бақандай жетпіс жыл өткен. Оларды тіпті өз тағдырлары да толғандырмайтын. Денелері көнбіс үй жануарына айналып, айына бірнеше сағат ұйқыны, бір жұтым су мен болмашы етті қанағат тұтты. Алайда бізді аскеттерге жатқызам деп те әуре болмаңыз. Біз толықтай мойынсұнған мәңгілік ғұмырдан құдіретті ештеңе жоқ бұл дүниеде! Ара-тұра бізді нақты өмірге қайта оралтып тұратын оқиғалар да болатын. Мысалға сол жолғы рақатты нөсерді алайық. Алайда ондай оқиғалар да тым сирек. Ажалсыз атаулы сабырлы тіршілікке бейім. Біреуінің, тіпті, ешқашан орнынан тұрмағаны да есімде. Әлгінің кеудесіне әлдебір құс ұя да салған…
Бұл доктринаның “дүниеде қарама-қарсы мәні жоқ құбылыс болмайды” деген тұжырымының теориялық құндылығы аса үлкен. Алайда “біз Жер бетіне X ғасырдың басында, не соңында тарап кеттік” деген ойға жетелейтін де осы тұжырым. Біз тоқталған осынау тұжырымның түйіні мынада жатыр: “Дүниеде адамға бақилық ғұмыр сыйлайтын өзен бар. Алайда, дүниеде сол ажалсыздықты жуып тастайтын да өзен бар”. Жер бетінде өзен аз ба?! Әлемді тоқтаусыз шарлап жүрген Ажалсыз пенде түптің түбінде дүниедегі барша өзенді кешіп те өтпек. Өйткені оған ғұмыры жетеді… Біз сол бір өзенді тауып алмаққа ниет еттік.
Ажал (немесе ажал туралы естелік) адамның санасын түйсікке толтырып, өмірдің бағасын арттырмақ. Өзінің мәңгілік емес екенін сезінген адам соған сәйкесетін әрекет жасайды. Әр ісінің соңғы әрекеті болып көрінуі де мүмкін. Түсіңде көрген адамның бет әлпетіндей жадыңда мәңгі жатталып қалмақ адам да жоқ. Ажалды пенде үшін әр құбылыстың жаманды-жақсылы бағасы болмақ. Ал, Ажалсыздарда бәрі де керісінше. Оның кез келген әрекеті (сондай-ақ, кез келген ойы да) алыста қалған, өткен шақтағы біреудің ісінің жаңғырығы ғана, немесе болашақта міндетті түрде қайталануға тиісті, әрі адамды есінен тандырғанша қайталана да беретін оқиғалардың жалғасы ғана! Бақиға дейін қажу білмес мың сан айналар арасындағы мәңгілік көрінісіңіз де сол. Өмірде бірде-бір оқиға бір-ақ мәрте жүзеге аспақ емес. Қайталанбас құндылықтар да жоқ. Ажалсыздарға қайғы-мұңның да дәурені жүрмейді.
Гомер екеуіміз Танжер қақпасының алдында ажырастық. Жобасы, қоштаспаған да сияқтымыз…
V
Жаңа империялар мен жаңа патшалықтарды тегіс ақтап шыққам. Сол шайқаста өліп тыншыған Гарольд жағында ма, әлде ақыр-соңы алты фут, яки одан да көбірек ағылшын жерін басып алған Харольд Хардрад жағында соғыстым ба, ол жағы есімде қалмапты, 1066 жылдың күзінде Стэмфорд көпіріндегі ұрыстарға катыстым. Мұсылмандық Хиджра жыл есебі бойынша жетінші ғасырда Бұлақ деген жерде өзім әлдеқашан ұмытқан бір тіл мен оның әріптерін әдемі өрнектей отырып, Синбадтың жеті саяхатын және Қола шаһардың тарихын жазып шықтым. Самарқандағы түрме ауласында ұзақты күн шахмат ойнадым. Биканерде жұлдызшылықпен айналыстым. Ол кәсібімді Богемияда да жалғастырдым. 1638 жылы Коложварда, сосын Лейпцигте болдым. 1714 жылы Абердинде Поптың алты томдық “Иллиадасын” жазып шықтым. Оны рақаттана оқыған кездерім есімде қалыпты. 1729 жылы, ұмытпасам аты Джамбатиста болу керек, бір риторика профессорымен осы поэманың шығу тегі туралы дауласқаным да бар. Оның айғақтарының маған дәлелді боп көрінгені де рас. 1921 жылдың төртінші қазанында мені Бомбейге апара жатқан “Патна” кемесі Эритерея жағалауындағы портқа тоқтауға тиіс болатын. Мен жағалауға шықтым. Сол жерде менің есіме Қызыл теңіз жағалауында өткен басқа бір таңертеңгілік мезгіл түсе кеткен. Онда рим трибуны болатынмын. Безгек пен көздің сұғы әскерді баудай түсіріп жатқан. Қала түбінде сылдырап ағып жатқан кәусар бұлақ көргенмін. Бағзы әдетіммен армансыз сіміргем. Жағаға шыққаным сол еді – қолымды тікен сызып кетті. Бұрыңғыдай емес, кәдімгідей-ақ ауырсынып қалдым. Өз көзіме өзім сенбеген бақытты күйде баға жетпес кереметке қарай беріппін: алақанымнан кәдімгідей қан тамшысы білінді. “Ажалсыздықтан құтылдым! Қайтадан нағыз адамға айналдым” деп қайталай бердім. Сол түні таң атқанша тұяқ серіппей ұйықтағам.
Араға бір жыл салып, осы жазбаны қарап шықтым. Бәрі ақиқат сияқты еді. Алайда алғашқы тарауда, сосын басқа тараулардың кейбір абзацтарында жалғандық бар сияқты көрінді. Бәріне кінәлі нақтылықтың басымдау болуы сияқты еді. Мұндай кінәраттардың ақындарда жиі ұшырасатынын да білетінмін. Жалғандық бәрін бүлдірсе керек-ті. Өйткені нақтылық арқылы еске түсіру қабілетін емес, оқиғаны ғана байытуға болады. Алайда онан да тереңірек себептер таптым ба деп ойлаймын. Оны да айтайын. Мейлі мені қияли дей берсін.
Мен баяндаған тарихтың сенімсіз болып көрінетін бір себебі – онда екі адамның басынан өткен оқиға суреттеледі. Бірінші тарауда салт атты жолаушының Фиваның қабырғасын шайып жатқан өзеннің атын білгісі келеді. Сәл ертерек қаланы Генатомфилос атаған Фламиний Руф “өзеннің аты Мысыр болатын” дейді. Осы екі атаудың екеуі де оған тиесілі емес тұғын. Екеуінің де бас иесі “Илиадада” Фиваны – “Генатомфилос”, ал “Одиссеяда” Протей мен Улисстің аузымен Ніл дарияны – “Мысыр” атаған Гомер болатын. Екінші тарауда – ажалсыздардың суын көрген римляндық бірнеше грек сөзін айтады. Ол сөздер де Гомерге тиесілі. Ол сөздерді атақты кемелер тізімінің соңғы тұсынан кездестіруге болады. Сосын, тылсымды сарайда ол “Ұяттың қысуы” туралы да айтады. Бұл сөз де дәл сол азапты бастан кешкен Гомердікі. Осы сәйкессіздік мені біршама мазалады да. Ал эстетикалық сипаттағы басқа сөздер менің ақиқатты ашуыма жағдай жасады. Ол соңғы тарауда баяндалады. Онда менің Стэмфорд көпірінде соғысқаным, Бұлақта теңізші Синбадтың саяхатын жазғаным, Абердинде Поптың ағылшындық “Илиадасын” шығарғаным айтылады. Онда inter alea деген сөз бар. “Бикианарда жұлдызшылықпен айналысып, сол кәсібімді Богемияда жалғастырдым: “Бұлардың бірде-бірінің өтірігі жоқ. Алайда еске алынуы ұнамды жағдай. Алғашқысының әскери адамға қатысы бар сияқты. Ал одан соңғы оқиғалар бейбіт кәсіппен айналысатын адамның жағдайынан дерек береді. Бұдан соңғылары тіптен қызық. Түсініксіз, бірақ қарапайым себептер мені осы жайттарға тоқтала кетуге мәжбүр етті. Солай жасадым да. Өйткені оның да маңызы зор екенін білдім. Әрі ол римдік Фламиний Руфтің аузымен басқаша баяндалады. Бірақ Гомердің айтуында нақ сол мазмұнда. Гомердің он үшінші ғасырда екінші бір Улиес – Синдбадтың тарихын жазуы, сондай-ақ араға бірнеше ғасыр салып, варварлар тілінде сөйлейтін солтүстіктегі патшалықтан бір-ақ шығуы да таңғаларлық жағдай. Ол “Илиада да” жазылған. Ал Буканер аты аталатын тіркеске келсек, оны әдебиетке жетік, жарқын сөздерге (теңіз кемелері тізімінің авторы есебінде) шөліркеген адамның жазғаны көрініп те тұр.
Әңгіме аяқталар тұста естеліктен көркемдік қашып, тек сөз ғана қалады. Өз заманында ғасырлар бойы менің қасымда болғандардың тағдырының символы сынды сөздердің мен үшін маңызы зор тұғын. Уақыт құдірет сол сөздерді өзгертсе – оған да таңғалудың қисыны жоқ. Мен Гомер болғам. Таяуда Улиесше Ешкім де болмаймын. Ақыры барлық адамзатқа айналам да бақиға аттанам.
P.S: 1950 жыл. Жоғарыдағы жазбалар арқылы өмірге қайтып оралған пікірлердің арасындағы ең жақсылары (тым сыпайы болмаса да) “A coat of many colourz” (жыртық көрпе) (Манчестер, 1948) деп аталыпты. Әрі ол доктор Наум Кордовероның уытты қаламынан туындаған. Еңбектің көлемі жүз бетке жуық. Онда грек авторлары мен сәнді латын жазбаларынан алынған үзінділер туралы айтылады. Онда Сенека тіркестерін қолдану арқылы отандастарының алдын орап кеткен Бен Джонсонның, Александр Росстың “Virgiliuz ewangelizahs” деген шығармасы, Джордж Мур мен Элиоттың тәсілдері, сондай-ақ “антиквар Жозеф Картофилге телінген баян” еске алынады. Автордың алғашқы тарауда оны Плинийден (Historia naturalis, V, 8), екінші тарауда – Томас де Куинсиден (“шығармалары”, Ш, 439), үшінші тарауда – Декарттың елші Пьер Шанға жазған хаттарынан, төртіншісінде – Бернард Шоудан (“Васк to methuselah, V) алғаны әшкереленеді. Ақырында осы алмасудан, яки ұрлықтан мынандай түйін жасайды: бүкіл құжат бар-жоғы апокриф қана.
Менің ойымша, бұл пікірде де бір сенімсіз тұс бар. “Әңгіме аяқталар тұста естеліктен көркемдік қашып, сөз ғана қалады” деп жазады Картафил Сөз, өз ұясынан ұшып шыққан қанатты сөздер-ай! Басқа біреудің өзгертілген сөздері – оған өткен сәттер мен ғасырлардан лақтырған болымсыз садақа сынды…
Парақшамызға жазылыңыз
Әлем әдебиетімен сусындатқандарыңызға рахмет!
Бұл жазушы туралы естісем де шығармаларын оқып көрмеппін. Рахмет!