///

Бүгінгі әдеби үдеріс

1955 рет қаралды
2

Қазақ руханияты ХХІ ғасырдың табалдырығынан аттай бере, «Әдебиеттің болашағы бар ма?» деген қитұрқы сауалға тап болды. Өткен ғасырда басталып, ендігі мықтап орнаған компьютерлену дәуірі, нарықтық экономика, жаһандық дағдарыстар жиылып келіп, қазақ қоғамын жаңа өмірге бейімдеуге «күш салып» бағуда. Шындығында, жаратылысынан жайбасар қазақты қанға сіңген қасиетінен, үйреншікті өмір ырғағынан жаңылдыру мүмкін бе өзі?

Рас, бүгінгі өмір ағымы мүлде бөлек. Қоғамды да, жеке адамды да уақыт билеп-төстейді. Уақыттың өз сарынынан жаңылып, жүрдектік танытқанынан емес, тіршіліктің беймаза күйге түскендігінен, әрине. Қазір бұрынғыдай автобуста кітапқа не газетке шұқшиып отырған адамды көре алмайсыз, тіпті көре қалсаңыз да, Сіз ойлағандай көркем әдебиетті оқымайтыны анық. Қазір кітап оқуға уақыты бар адам, меніңше – бақытты адам. Адамның өмір жасының азаюына әкеліп бірақ соғатын түрлі әлеуметтік-тұрмыстық, моральдық-психологиялық, тіпті экологиялық жағдайлар мұндай рухани сұранысты әрірек ысырып тастағандай. Заманауи өмір ағымы кітап оқу бақытын баршасына бірдей үлестіре бермейді. Сонда әдебиет, расында, кімдерге керек? Әдебиетші, журналист, оқытушы, студент сынды жалқы бір тіл мен әдебиет саласындағы мамандардың я болмаса, белгілі бір зиялы топтың ғана сұранысын өтеу үшін бе? Әдебиеттің қоғамдық ролі ше? Танымдық, өнегелік құндылығы ше? Сірә, осы айтылғандардың бәрі жаңа ғасырдың босағасынан аттамай, қалып қойған ба деп қаласыз… Бұл – кітап ақырзаманына иланғандық емес. Эпикалық құлашы кең, том-том, қат-қат болып шыққан мол әдеби мұраның келешегі үшін алаңдаушылық. Әйтпесе, исі қазақ төл әдебиетіміздің нағыз оқырмандары ауылда ғой!..
Жалпы, қазір кітап (әдебиет) тағдыры туралы көп айтылып жүр. «Заман ағымына сай шағын шығармалар жазылуы тиіс», «эпопея, трилогиялардың дәуірі өтіп барады» сынды пікірлер жиі ұшырасады. Қазақ қаламгері мен оқырманын эпикалық ойлау қабілетінен ажырату мүмкін дегенге сену қиын. Ұлттық болмыстың табиғи сыр-сипатын өткінші уақыт сарынымен, ең бастысы – Алматы сияқты алпауыт қалаға тән өмір ырғағымен өлшеуге болмайды. Бүгінгі күннің бізді мойындатар бір ақиқаты біреу ғана: әр кітаптың өз оқырманы бар және әр оқырманның сұранысына ие кітап та бар…
Өткен ғасырдың соңғы ширегіндегі саяси-мәдени, қоғамдық-әлеуметтік дағдарыстар салдарынан болған жан-жақты өзгерістердің, шын мәнінде, әдеби өмірде бедер таппауы, оның болмысына, келешегіне әсер етпеуі мүмкін емес еді. Ұлттық әдебиет ғасырлар тоғысында елеулі көркемдік құбылыстарды бастан кешірді. Жаңа дәуір рухы сөз өнерінің де тамырларына емін-еркін бойлап, өзіне лайықты көркемдік қалып іздегендей.
Бірін-бірі алмастырған тарихи дәуірлердің өлара кезеңіндегі рухани әуре-сарсаңға түсудің бір кейпі сөз өнеріндегі әрқилы сүрлеу-соқпақ салған бағыт-бағдардан да байқалады. Көркем мәдениет атаулыдағы «изм» біткеннің барлығы да өз заманында тосын жаңалық болып енетіні бар. Дегенмен, солардың ішінде реализмге һас көркемдік поэтиканың тарих айнасында қашанда жоғары бағалануы оның асқан жасампаздығын паш етпей ме?!. Асылы, реализм ақиқатқұмарлығымен өміршең. Тек кейбір шақтарда ғана өз дәуірінің шолақ ғұмырлы «шындығына» тұсалып, шырмалып қалатыны өкінішті. Дегенмен, әдебиет те өз дәуірінің перзенті ғой. Бұған ұлт әдебиетінің өткен тарихы куә.
1990-жылдардағы саяси-мәдени өзгерістер содан бергі кезеңді «тәуелсіздік дәуірі» деп бөліп атауымызға негіз болды. Сөз өнерінің көркемдік-эстетикалық көкжиегі де, идеялық-мазмұндық сыр-сипаты да әдебиет тарихының жаңа белесіне аяқ басқанымызды айғақтады.
Уақыт керуенімен бағзы замандардан бүгінге жол салған ұлы тарихтың бос беттерін толтыруға деген ынтызарлық – жаңғырған ұлттық жадының айрықша бір қасиеті. Қазіргі прозаның қабырғалы бір саласын Қ.Жұмаділов, С.Сматаев, Қ.Исабаев, Р.Тоқтаров, Х.Әдібаев, Ұ.Доспамбетов, Ж.Ахмади, Б.Мұқай, К.Сегізбайұлы, Т.Зәкенұлы, т.б. тарихи тақырыптағы романдары құрайды. Тарихтың түрлі кезеңдерінен сыр шерте отырып, қазақ елінің қаһарман тұлғасын сомдаған «Елім-ай», «Дарабоз», «Отырар ойраны», «Абайдың жұмбағы», «Шоң би», «Беласқан», «Өмірзая», «Көк бөрілердің көз жасы», сынды романдар кесек бітімімен, кең құлашты баяндау тәсілімен ұлттық сөз өнеріндегі эпикалық дәстүрді жалғастырды. Таңды таңға ұластыра жыр жырлап, көсіліп ой кестелеген ұлттық көркем сөз өрнегінің мирасқорлары. Жалпы, қай дәуірде де тарихи туындының түпкі маңызы ел тағдырындағы қайғылы шақтардың ұмыт болмауы үшін сөзбен соғылған ескерткіштер іспетті үлкен мағынаға саяды. Жалпы, роман жанрында қалам сілтеген жазушылар қатары ұзын-сонар. Ә.Тарази, Ш.Мұртаза, Д.Досжанов, М.Мағауин, т.б. маңдайалды қаламгерлеріміздің өзі бір төбе емес пе?..
Жаһанмен ашық сұхбатқа көшкен қазақ елінің ендігі тіршілік-тынысын томаға-тұйық қалпында көз алдыңызға елестету қиын. Әдеби өмір аясында зерделесек, әлемдік пәлсападағы соңғы жаңалықтардың бүгін ұлт руханиятын сырт айналып өтуі екіталай. Әлемдік рухани кеңістікте туындаған алуан түрлі идеялардың, біз қаласақ та, қаламасақ та, туған әдебиетімізге тамыр жібере бастағаны рас.
Әдетте бүгінгі прозадағы есімдерді түгендегенде бір топ автор жеке аталады. Оларды көркемдік-поэтикалық тұрғыда соны пішіндік, тың мазмұндық ізденістері бойынша шартты түрде «жаңа қазақ прозасын» жасаушылар ретінде қабылдап жүрміз. Реалистік, модернистік, постмодернистік көркемдік айшықтар тоғысында туып, оқшау шығармашылық стиль бедерін танытқан туындылардың барлығын бірыңғай үздік немесе керісінше бағалаудан аулақпыз. Дегенмен, көркемдік-эстетикалық ізденіс нәтижесінде дүниеге келген шығармалардың өзіндік айтар ойы, пәлсапалық бағдары, көркемдік машығы назар аударуға лайық.
Бүгінгі әңгіме жанрында оқшау шығармашылық тұғырнамадан ой толғап, сөз кестелеп жүрген қаламгердің бірі – Р.Мұқанова. Кейінгі жылдары жазылған «Мұқағали», «Тұтқын», «Тұл», «Құбыжық», «Қатын патша У» тәрізді әңгімелерінде автор кейіпкерлердің бейсаналы әрекеттері арқылы ішкі психологиялық арпалысты өрнектеуге бейім қаламгер олардың ой әлеміне, түпкі тұлғалық қыртыс-қабаттарындағы көпшілік көзінен жасырын бұғып жатқан қиял сферасына еркін бойлайды. Қаламгерлік суреттеу стиліндегі ащы мысқыл, адам психикасындағы бейсана әрекеттерді бейнелеу сынды өзіне дейінгі ұлттық әңгіме мәнеріне көп кездесе бермейтін белгілер модернистік ыңғайдағы қалам сілтеу машығын аңғартқан еді.
Постмодернистік әдебиеттің қалыптасып, даму жолдары әр мәдениетте әрқилы болып келгенімен, олардың ортақ бір қабысар тұсы бар: қай елдің руханиятында болсын, ол ұлт өміріндегі айрықша рухани дағдарыстан кейін туындайды. Осы орайда ол қоғамдық сананың тығырықтан шығуға саңылау іздеген ерекше талпынысын кейіптейтіндей. Дегенмен, постмодернизмнің қазақ сөз өнерінде «өсіп-өну» жағдайының өзіндік сипаты да бар екені даусыз.
Алғашында ымырасыз наразылықпен қабылданған, бүгінде әдеби полемиканың нысанына айналған, ақыры мәдени ахуал ретінде бағасын алып байыз тапқан постмодернизм өнер сүйер қауым ортасына көркемдік жайлы мүлде тың көзқарастарды алып келді. Әңгіме А.Кемелбаеваның «Мұнара» және Д.Амантайдың «Гүлдер мен хаттар» романдары жайында. Бір қарағанда, бұл екі туындыны қатар қойып қарастыру жөнсіз болып көрінуі де мүмкін. Романдардың пішіндік қалыбы мен мазмұндық сипаты, идеялық арқауы сынды поэтикалық қыр-сырына үңіліп барып, өзара ұқсастықтарды да тану қиынға соқпайды (Баяндау құрылымындағы І жақтық форма, бір-бірімен аса байланысы жоқ оқиғалар тізбегі, «роман ішіндегі роман», интертексттерге иек арту және реминисценция, әдеби һәм философиялық пайымдардың молынан кездесуі, т.б.).
Екі роман да көлем жағынан шағын. Жанрлық табиғаты жағынан олар реалистік, модернистік, постмодернистік синтез үлгісін аңдатады. Әр бөлімі бірнеше қысқа әңгімелерден құралған роман мәтіннің бастан-аяқ тұтастай оқылуын қажетсінбейді. Кей тұстары зияткерлік деңгейі (эрудициясы) жоғары оқырмандар ортасына ғана қызықты материал болғандықтан, интеллектуалдық прозаға жататыны рас. Авторлар ғылымнан – заманауи озық философия мен филологиядан, әлем әдебиетінің тарихынан хабары бар зиялы қауыммен арада диалог орнатуды мақсат еткен. Жалпы алғанда, әдебиет мәселелеріне қатысты ой-толғамдарға құрылған жекелеген мәтіндердің, интермәтіндердің ұшырасуы шығарманың постмодернистік поэтикаға сәйкес әрқилы оқырмандар ортасына арналғандығын айғақтайды.
А.Кемелбаеваның «Мұнара» романының екі бөлімін байланыстырып тұрған бар жоғы – І жақтан баяндаушы автор-кейіпкер ғана. Шығарманың бірінші бөліміндегі сюжеттік оқиғаның я арналы идеялық өзектің жалғасын екінші бөлімнен іздемей-ақ қойыңыз. «Бала бағушы», «Соңғы жолбарыс» бөлімдерінің ортақ түп-тамыры мәтіндегі тұспалдық, символдық детальдардан ғана аңғару мүмкін. Азуын айға білеген айбынды бабаларын сағынған автор ұлттық болмыстың қия-қалтарысына бойлайды, оның келешегі жайлы толғанады. Құрылым жағынан бұдан едәуір күрделі келетін Д.Амантай романындағы мәтіндік қабаттар тіпті көп. Бір ғана соқталы сюжеттік желіден тұрмайтын, өзара дербес мәтіндерді қамтитын романның өзегі түркілік сарынға негізделген. Тарих қойнауына кеткен бағзы замандарға қозғау салып, сағынышпен еске алатын автор-кейіпкер бүгінгі руханият жайлы тебірене сыр шертеді. «Қай тақырыпта қаламыңызды қалай сілтесеңіз де қазір, алайда, ешкімді таңғалдыра алмайсыз. Барша алабөтен озып шыққан кітап оқырманға тек басқа кітаптар жайында ғана әңгіме қозғайтын секілді және сол ізденімпаз қаламнан туған кез келген кітаптың мазмұны басқа кітаптардың мазмұнынан құралатын тәрізді. Тіпті, кітаптың ақырзаманына келген сықылдымыз. Енді игеретін, жаңалық тудыратын тың тақырып, жаңа форма, озық үлгі, өзгеше тіл қалмаған құсап көрінеді де тұрады. Тек әрбір кітап құрылымын, рисале желісін реттік санымен белгілеп қойып, түрлі құбылмада түрлі ғайыр кітап жасап, қайтара бұзып, ойда жоқта кездейсоқ санын, тосын ретін шығарып, тәртіпсіз айналған жұмбақ таңбалардан жаңа мақтұбат тауып отыруымыз ғана қалған секілді», – дейтін кейіпкер-жазушы (Әлішер) сөздері «Гүлдер мен кітаптар» романының да ішкі құрылымдық ерекшелігін айқындайтын тәрізді.
Бүгінгі жас қаламгерлер арасында да әдебиетке өзгеше қаламгерлік қолтаңбамен келуге ұмтылыс, дәстүрден гөрі жаңашылдыққа ынтызарлық байқалып қалады. Әрине, стильдік мәнер жағынан енді қалыптасып келе жатқан жас қалам иелерінің шығармашылығынан көркемдік принциптер мен ағым-бағыт тұрғысында бірізділікті көре бермейміз. Жаңаның қашанда үздік көрінетіні, тосындығымен, таңсықтығымен көз тартатыны рас. Заманына қарай иіліп, икемделген әдебиеттің де өз оқырманы бар. Олардың ғұмыры қаншалықты ұзақ болатындығы беймәлім. Әйтеуір, ғасырлар бойында қалыптасқан ұлттық дәстүрлі сөз өнерінің жасампаздығына сенім мол.
Сайып келгенде, заманауи әдеби үдеріс идеялық қайшылығы болғанымен, бір-бірін мүлде жоққа шығармай, дербес қалыптарында өмір кешетін, аракідік өзіндік үйлесім тауып жататын, әйтеуір әсіре келісімпаздық танытпаса да, үстемдікке, жолындағыны басып-жаншуға ұмтылмайтын көркемдік бағыттар негізінде жүзеге асуда.

Альмира Қалиева,
филология ғылымдарының кандидаты, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми хатшысы.

Дереккөз: “Қазақ әдебиеті”

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Құрметті, Альмира, сіздің мысалға алған жалғыз сөйлеміңізде “кітап” сөзі жеті рет қайталаныпты және сөйлемдері сөйлем емес, пышпырақ екен. Соны сіз қалай көркем әдебиет деп талдап отырсыз?!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар