Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрі В.Божко ақырзаманның биыл «болмайтындығын» жариялады! Кеше Үкімет отырысынан шыққан оны журналистер сұрақтармен күтіп алған еді. ТЖМ басшысы қазақстандықтарды дүрбелеңге түспеуге, арандатуға ермеуге шақыруға асықты. «Бұл – мүлдем ойдан шығарылған жағдай, – деп бағалады заманның ақырына қатысты әңгімелерді министр Владимир Божко. – Оны бұқаралық ақпарат құралдары өршітуде. Халық арасында үрей тудыруда. Тынышталыңдар, заманақыр болмайды! Мен сіздерге кепілдік беремін!»
Журналистердің В.Божкоға жүгінуі бекер емес. Саналы көпшілік кейбір жорамалшылардың жер-жаһанның желтоқсандағы күйреуі жөнінде айтып жүргенін «сандырақ» деп қабылдағанымен, тосын да төтенше жағдайларға осы министрліктің әрқашан дайын болғаны керек. Оның үстіне гу-гу сөзге ергіш, құсқанат көңілді кейбір қазақстандықтар соның қамын жасауға кірісіпті. Олардың қант, жарманы қап-қабымен сатып алып жатқанын министр де айтты.
Ақырзаман туралы әңгімелерге әлемдегі болған бірқатар зұлматтарды дәл болжаған көне майя тайпасының күнтізбесінің 2012 жылдың
21 желтоқсанында аяқталуы түрткі болған деседі: кейбір болжамшылар осы күні қазіргі әлемнің де күні бітетіндігін жариялап тастаған. Осы қызығушылықты қыздырып, пайда табуды ойлаған ресейлік және батыстық телеарналар
21 желтоқсанда «Жердегі соңғы шоу» сияқты бағдарламаларды өткізетіндерін жария етуде. Билік мұның бәрін әзіл ретінде қабылдағанымен, халық мемлекет өкілінің өзіне басу айтқанын қалады. Осыны түсінген америкалық NASA ғарыш агенттігі тіпті ғаламторда арнайы сайт ашып, сонда «әлемнің неге 2012 жылы жойылмайтындығын» түсіндіруде.
Әрине, Үкіметтің кешегі жиынында халықтың бұдан әлдеқайда үлкен бөлігін толғандырып отырған, өмір шындығымен, тіршілікпен тығыз қабысып жатқан шынайы мәселелер талқыланды. Мәселен, келешегі жоқ ауылдарды босатуды мемлекет белсенді жүргізуде екен. Қазақстанда Үкімет «экономикалық әлеуеті төмен» деп таныған ауылдардан ендігі жеті мыңдай адам басқа елді мекендерге көшіріліпті. Мұны отырыстан шыққан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов жария етті. Оның айтуынша, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында қандай ауылдардан халықты көшіруді мемлекеттің өз мойнына алатындығы анықталыпты.
– Экономикалық даму және сауда министрі, жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, республика бойынша осындай 402 елді мекенді белгіледі, – деді С.Әбденов. – Оларда шамамен 77 мың адам тұруда. Осы елді мекендерден көшіру – бағдарлама аясында қарастырылады,-деген министр ендігі 7 мыңдай тұрғынның, ұзақмерзімді бағдарлама мүмкіндігін пайдаланып, қоныстарын өзгерткендерін жеткізді. Осылайша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің дерегіне жүгінсек, 10-20 үйлі ауылдар бос қалуда.
Жас министр С.Әбденов мұндай кішкентай ауылдарға су құбырын тартуға немесе электр желісін жеткізуге үлкен қаражат жұмсау – мемлекет үшін тиімсіз екендігін білдірді. «Сол себепті де олар экономикалық әлеуеті төмен ауылдар ретінде анықталды, – деді министр. – Оларда тиісті инфрақұрылым жоқ. Мәселен, 20 үйге бола мектеп ашудың, балабақша салудың қажеті қанша?! Сондықтан ондағы адамдарды мемлекет осы бағдарлама бойынша экономикалық өсім нүктелеріне көшіреді».
Ал барлық тұрғындары көшіп кеткен соң, «экономикалық әлеуеті төмен» ауылдар жабылады. Картадан жойылады. «Қайта қоныстандырудың шарты да осы болып табылады: мемлекет көшірген адамдардың меншігінде болған не жалға алған жерлері енді мемлекеттің меншігіне өтеді. Ол жерлерді мемлекет ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге тапсырады» деді министр С.Әбденов.
Еңбек министрі бұл жерде қайта қоныстандырудың ерікті екендігіне екпін түсірді: «Адамды – «көшесің, бітті!» деп міндеттейтін жағдай жоқ. Ол – әр адамның еркін таңдауы. Егер адам көшуге ұйғарса, ол «Жұмыспен қамту» бағдарламасына қатысады. Егер ол ары қарай тұра беруді қаласа, айталық, ол жерде оның шаруашылығы болса, орнында қалады. Ондай жандарды күшке салып, ешкім қуып шықпайды» деп сендірді Серік Әбденов. Ал әлгіндей ауылдардан мемлекет ұсынған басқасына қайта қоныстанған адамдарға енді оқудан өту, мамандық алу және белгілі бір жұмысқа тұру ұсынылатын көрінеді. Бағдарлама аясында бұл адамдардың баспана мәселесін шешу үшін жатақханалар салынуы мүмкін.
Бұл ретте жиынды қорытқан Үкімет басшысы жұмыс берушілерді бағдарламаның барлық бағыттары бойынша, соның ішінде қызметтік жатақхана салуға да тарту қажеттігін нықтады: «Егер олар әсіресе, жұмыс іздеген жастарға, біз оқытатындарға арналған жатақханалардың құрылысына белсенді қатысуға дайын болса, белсенді атсалысуға шақырамыз: бұған қолдау көрсетілетін болады!» деді Серік Ахметов.
Өз кезегінде еңбек министрі 2013 жылы «пилоттық өңірлерде» қызметтік баспаналар салу жоспарланып отырғандығын, оның құрылысына жұмыс берушілер тартылатындығын әңгімеледі. Бұл жерде мемлекет жұмыс берушілерден ондай жатақханалардың кем дегенде 10%-ын қосымша қаржыландыруды және онда тұратындарды міндетті түрде өзінде тұрақты жұмыс орындарына тұрғызуды талап етпек.
– Сондай-ақ жастарға, егер еңбек келісімшарты немесе жұмыспен қамту орталығымен әлеуметтік келісімшарты болса және тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысса, жатақхана ұсыну қарастырылуда. Ұсыныс бойынша, бұл схемада жас адам жатақханада ең көп дегенде бес жыл тұрады, ол осы кезеңде жұмыспен қамтамасыз етіледі, «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкінде» қажетті жинақ жинайды және жеңілдікті шарттармен баспанаға қол жеткізеді, – деп баяндады министр С.Әбденов. Әйткенмен, оның бұл «оптимистік сценарийіне» әріптестері де сенбейтін болып шықты. Атап айтқанда, Қаржы министрі Болат Жәмішев түсініксіз жайттар барлығын ашық айтты. «Мәселен, «ТҮҚЖ банкінде келісімінің барлығы – әлгі жатақханада тұрушының бес жыл ішінде пәтер сатып алуға жеткілікті қаражат жинай алу қабілеттілігіне мүлдем кепілдік бермейді» деді Қаржы министрі. Бұл рас, өйткені «Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында ұсынылатын жұмыстар орташа, тіпті төмен жалақылы болып келеді. Онда не болмақ? Небары 40-50 мың еңбекақы алып, айды айға әзер жалғап келген жасты бес жыл өткен соң, «Өз обалың өзіңе!» деп қуып шыға ма? Бұл мәселе еңбек министрлігінен жете ойластыруды қажет етеді.
Айтпақшы, бұл бағдарламаның бағалау жүйесі де жоқ болып шықты. Үкімет басшысы кеше осыған баса назар аудартты. «Міне, осы бағдарламаның ендігі екінші жылы аяқталуда, – деді Серік Ахметов. – Оның тиімділігін бағалау жүйесін ендіретін уақыт жетті. Сарапшылық бағалар негізінде біз оның қай жерде нәтиже беріп жатқандығын, ал қай жерде өз бетімен, беталды жүріп жатқандығын нақты көруге тиіспіз. Мұқият қарау керек болады» дей келе, Премьер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне басқа меморгандармен бірлесіп, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының тиімділігін бағалау жүйесін ендіру туралы тапсырма жүктеді. Бұған қоса, Үкімет жетекшісі осы бағдарламаға Елбасының жаңа тапсырмаларына сәйкес, өзгерістер енгізуді жетелдетуді тапсырды. Жиын соңында Премьер С.Ахметов жауапты тұлғалардан бағдарламаның жүзеге асуы барысын қатаң бақылауда ұстауға міндеттеді.
Айхан ШӘРІП
Парақшамызға жазылыңыз
Қызық-ай…”ақырзаман болмайды” деп 1 адамның барша әлем үшін өзіне жауапкершілік артып жариялаудың өзі күлкілі екен..ақылға қонымсыз…қол қусырып, жай отырмай шынымен қонақ күтердей дайындалып жүрген сайрандастарымыз аз емес дегенге күмәнімнен сенімім мол.Не десекте бұйырғаны болар…Алланың қолындағы іске қарсы келе алмаймыз…Сонда да қазіргі адамдар азық-түлік пен шам,шырақтар алып,дайындалып жатқаны түкке тұрғысыз…Есі дұрыс адам ондай іске бармас..егер шынымен ақырзаман болса алған тамағы мен шамы құтқаратындай….
Бәрі бір Аллаға мәлім! Ол үшін байбалам салудың қажеті жоқ деп ойлаймын!
Расында да, қызық екен!.. Ақырзаман түбі болады, бірақ бүгін ертең емес шығар? бәрі де бір Алланың қолында…Дегенмен, Құдай сақтасын…
Апат айтып келмейди демей ме казак атамыз. Ақырзаманның болуы да болмауы да Бір Аллаға белгілі емес пе?Олай болса жәй пенденің болады болмайды деп айтуы дәрменсіздік болар. Атың шықпаса жер өрте демекші,ащы саясаттың пиар ретінде шығарған кинотуындысына біз неге сенуіміз керек.Еліміз бейбіт өмір кешіп жатқанда Айгерім ханымымыз айтпақшы,байбалам салып,халық құлағын көтере бергеннен не табамыз?Ойланайық…….
Апат айтып келмейди демей ме қазақ атамыз. Барі бір Алланың қолында емес пе. жәй пенденің болады болмайды дегені дәрменсіздік. Атын шықпаса жер өрте демекші ,ағылшындардың жай ғана пиар ретінде шығарған кинотуындысына біз неге сенеміз.Еліміз бейбіт өмірде кешіп жатқанда Айгерім ханымымыз айтпақшы Байбалам салып,халықтың құлағын көтере бергеннен не пайда табамыз. Ойланайык,,,,