Бақытбек Бәмішұлы
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалып¬тас¬қан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы «Қазақ шежіресінің түпкі мәнін ұмытпау керек, алып дарақтың бұтақтары сияқты күллі рулардың түбін қуа келгенде, барлығы бір ғана ұлы тамырға – қазақ деген ұлтқа барып тіреледі» деген жолдарды ата-бабаларымыздың халықты тұтастыру, ұлтты ұйыстыру қағидатына құрылған асыл шежіре – бәйтерегі бүгінгі қазақтың ертеңіне де үлгі-өнеге, саналы жанға мәңілік ұстаным екенін көрсетеді.
Өткен тарихымызды зерделер болсақ қазақ құрамындағы этностар әуелі қазақ халқын қалыптастырып, нәтижесінде одан да жоғары категория қазақ ұлтын жасақтағанын көреміз. Ал бүгінгі таңдағы қазақ ұлтының қайта өрлеу дәуіріндегі Қазақстанды мекендеп қалып отырған ұлт бөлшектері (этнос емес, ру-тайпа емес) әлгі аталған үдеріс бойынша динамикалық дамудың бірінші кезеңінде қазақ халқына (Қазақстан халқы деп жүрген) бірігеді де, ол ілгергі болашақта біріккен қазақ ұлтына сіңісіп бір бүтінді құрап, ынтымақ, бірлігі жарасқан, түп төркіні бір түбір – Қазақ деген қара шалдың бір баласы болуға тиістілігі талайлы үдерістің нәтижесінде жүзеге асады. Яғни тарих парағына тағыда бір жаңа ұлт пайда болуға керек. Сол жаңа ұлтты бытыратпай түбегейлі кіріктіріп әкету үшін бұрынғы замандарда жаңа ұлтқа жаңа атау беріліп отырған. Халқы ұлт болып ұйысқан елдерде ұлт жасақтаушы басым ұлттың байырғы атауы өзгеріссіз қалады да, оның құрамын молайтқан ұлт бөлшектері сіңісіу жолымен тұтасады екен. Алайда бұл абайлап жүргізілетін, күшке салып, тізеге басуға келмейтін, аса күрделі процесс екен. Мәселен, жердің арғы бетінде Америка деген ел, мемлекет, америкалық деген халық пайда болғанымен америка деген ұлт қалыптаспай отыр. Онда халық бар да ұлт жоқ. Демек ұлт деген тоқтаусыз үдерістің нәтижесі, үнемі толысып, не өшіп-өзгеріп, не өсіп-өніп отыратын үзілмейтін үдеріс. Сондықтан ұлт пен мемлекетті бір деңгейге қоюға болмайды. Халықты құрауға болады, ал ұлтты жасақтау қиынның қиыны. Ұлт бола тұрып мемлекетсіз, ұлыссыз елдер қаншама? Кешегі Кеңестер Одағы кезінде совет халқы деген жаңа халық құралып, қалыптаса бастағанымен ол күшке, жалған ұранға, қызыл сөзге сүйенгендіктен құрамыдағы тоқсан тоғыз этносты жойып, жұтып қойса да ұлтқа айнала алмағандықтан ыдырап тынды. Кеңес халқы ұлтқа айналғанда ол ұйысып, тұтасып, бір күйге түсер еді де, оның шаңырағының шайқалуы сыртқы күштердің әсерінен аумақтық бөлініске түспесе, ішінен ірімес еді. Қай империяның болсын ыдырап, күйреуінің ең басты себебі құрама халықтардан бір тұтас ұлт жасақтай алмауында. Ал әскери қуаты сондай күшті, идеологиясы мықты бола тұрып біртұтас ұлтқа айнала алмауының басты себептерінің бірі күш пен зорлықты шамадан тыс асыра қолдануы болып табылады. Империя зорлықпен басқаны өзіне бағындырғанымен таяғының келесі ұшы өз маңдайына тиіп жатады. Осыдан сабақ алған бүгінгі ресейлік саясатшылар ашықтан ашық жаңа орыс ұлтын жасақтау (ресейлік ұлт емес) бағытына түскенін көріп отырмыз. Алайда ұлттық һәм мемлекетшілдік рухы басым федерациялық республикалар халқы бұған бас иеме, әлде әркім өзінің ұлттық даралығы үшін күресін түбегейлі жалғастыра береме оны уақыт көрсетеді. Ал қазақтың мемлекеттік саясаты өзінің ұлттық ұстанымын дұрыс бағытқа икемдесе бұл үдеріс тарихи дамудың табиғи жолымен талас-тартыссыз әлде қайда жеңіл іске асар мүмкінді өте-мөте зор. Қазіргі мемлекет саясатынан біз бұны көріп отырғамыз жоқ, керісінше сен пәлен деген ұлт бөлшегісің, сен түген деген халықтың сарқынысың деп күнде көзге шұқып, ішке тартудың орынына кеудесінен итеріп, жаттығын дүркін-дүркін есіне салып, ескертіп отырмыз. Осылайша біз ұлт бөлшектерінің бірігіп, кірігу үдерісіне кері ықпал етудеміз. Бұл сайып келгенде біртұтас мемлекетшіл, патриот, отаншыл сананы қалыптастыруға нұқсан келтірмесе пайдасы болмайды.
Мәселен, мен Моңғолияда туып-өстім, оқыдым, қызмет еттім. Ақ боранда адасқан, аштықтан жан бағу үшін арғы бетке асқан әлде қызылдың қуғынына түскен ата-баба ұрпағы да емеспін. Атажұрт Алтай тауының арғы, бергі бетін кезек жайлап, қыстап жүрген қазақтың баласымын. Алайда азулы империялар қазақ жерін бөліске салғанда Моңғол елінің иелігіне өтіп кеткен қазақпын. Сондықтан моңғол болып өсіп, Моңғолдың бір кісідей-ақ патриоты болдым. Тарих тегершігі қазақққа қарай бұрылып, қайырлы тағдыр кезіккен бір мың тоғыз жүз тоқсан бірінші жылы атамекеннің алтын босағасы ашылған күні алып-ұшып жетіп келдім. Неге? Моңғол Ұлысы (Монгол Улс) моңғолиялық қазақтарға «Баян-Өлгий» (Бай Бесік) атты қазақ-ұраңқай аймағын құрып беріп, тіл-дінін, ата дәстүр, салт-санасын, мәдениеті мен әдебиетін, оқуын ұлттық негізде жүрілуіне шектеу қоймады. Шындығы солай, бұл – жер бетінде өзін-өзі басқаратын, жоғрыдан моңғол тілінде тек пәрмен түсетін, халқының тоқсан пайызы қазақтан тұратын моноэтносты қазақ аймағы еді. Соның салдарынан Моңғолия Негізгі заңында (өздері осылай атайды «үндэсэн хууль») «ұлт бөлшегі» (үндэстэний цөнх) атанған аз қазақ (120 мың) мемлекет құраушы ұлт – қалқаға (халх) сіңіспеді. Бір ұлтқа (моңғолға) айналу ассимилияциялық процесі жүргізілмей қалды. Мысалы, түрлі марапат-мақтаулар моңғол мемлекеті атынан қабылдап, шет елдерде моңғолдың туын көтеріп, қанды соғыстарда Моңғол ел мен жері үшін қанын төгіп, жан беріп, моңғол мемлекеті үшін қызмет етіп сырт көзге (шет елдіктерге) моңғол болып жүрсе де моңғол бола алмады, қазақ халқының өкілі болып қала берді. Қазақ елінің адамы ретінде қабылданды. Бұл бір ғана мысал. Осының салдарынан жергілікті қазақтар туып-өскен елінің отаншыл, патриоты болғанымен ұлтқа айналмады. Олардың көкейінде, жүрегінің түбінде «мен – қазақпын» деген текті сөз, қазақ рухы сақталып қалды. Ол мемлекеттің ішкі ұлт саясатында біраз күрделі жағдайлар туғызатыны сөзсіз. Осыны сезген және оның қалай алдын алудың жолын болжаған моңғол үкіметі (саясаткерлері десе де болады) баяғыдай жалпақ шешейлікті тастап, қазақтың бір шоғырын атажұртына – тарихи мекеніне у-шусыз саналы түрде қайтарып жіберді де (сол алғашқы топтың ішінде мен де бармын), ал қалған бөлігін ұлтқа (қалқаға) кіріктіру үдерісін баяуда болса бастап кетті. Бұны Баян-Өлгий аймағында қазақ тілінде сабақ беретін мектептер санын қысқарту, орта мектеп, гиназия, лицейлерде сабақты тек мелекеттік тілінде жүргізу, қазақстандық оқулықтарды пайдаланбау, үлттық аймақтағы мемлекеттік орган қызметкерлеріне моңғол азаматтарын көптеп тарту, түрлі ресми жиындарды мемлекеттік тілде жүргізу, аралас некені дәріптеу тағысын тағы іс-әрекеттерден байқауға болады. Моңғолияның мемлекеттік тілдік саясаттының тым әлсіз, әрі баяу жүрілгендігі (олардың одан арыға мүмкіндігі де жоқ болды) олардың (қазақтардың) өздік менін жоғалпай бүгінгі күнге дейін жетуіне зор септігін тигізген негізгі фактор болды. Құрамындағы ұсақ ұлттарды олардың диаспора, ирриденттігіне қарамай ассимилияциялау Өзбекстан, Ресей, Қытай қатарлы елдерде тіпті жедел қарқынға түсті. Ал Германия, Франция, Австрия қатарлы еуропа елдеріне шығыстық эмигранттардың шамадан тыс қотарылуы олардың тек ресми қағаз жүзінде неміс, француз болғаны болмаса түбегейлі жергілікті ұлтқа сіңісу процесін күрделендіріп отыр. 2000 жылы әдебиет саласы бойынша берілетін Нобель сыйлығын француздық Гау Шиңжиан алған еді. Ал сол жазушыны Франция француз ретінде қабылдап отыр ма, жоқ. Өйткені ол Франция ұлтының мүддесі үшін емес, керісінше қытайдың ішкі қоғамдық сырын жүйелі ашып, көрсеткен шығармаларымен әйгіленді. Бірақ оны қытай сатқын ретінде бағалап, оның шығармаларын оқуға тиым салған көрінеді.
Жалпы ұлттық сана мен мемлекетшіл сана екеуі айырым дүние. Қандай бір ұлт өкілдерінің ұлттық негізін олардың нәсіліне, тіліне, дініне, қызметіне қарай емес азаматтығына қарай бағалау әлемдік тәжірибеде бар. Ал біз мемлекетке табан ет, маңдай терін сіңірген қаншама басқа жұрттың адамдары бар. Біз солардың бір де бірін қазақ деп қабылдамадық. Өздері де қазақ болғысы келіп тұрған жоқ. Олар қазақ қоғамының мүшесi болғанымен қазақ ұлтының (этностың) мүшесi бола алмай отыр. Олай болатыны бізде ұлт бөлшектерін біріктіру идеясынан гөрі ішінен бөлшектеу, ары тұр идеологиясы қарқынды жүріліп жатыр. «Бұдан да жаман күнімде тойға барғамын» дегендей, бұдан да бұрынғы заманда, әлгі біздің мемлекеті жоқ, мемлекеттілігі болмаған деп жүрген дәуірлердің өзінде бойына қаншама ұлт өкілдерін сіңірген қазақ бүгінде бірде бір ұлт өкілін бауырына баса алмай отыр. Ол-ол ма, отаным, елім-жерім, қандасым, қазағым деп келген ағайындардың өзінен жеріп, маңдайға шертіп, өңменінен итеруге әзірміз. Сондықтан қазақ қоғамдық формациясындағы шартты түрде біріккен адамдарды табиғи эволиюциялық бірлікке біріктіру үдерісінің басталуы ләзім. Ол қазақ халқынан аса жоғары мәдениеттілікті, сыпайы, майдан қылшық суырғандай қарым-қатынасты қажет етеді. Өйткені ұлт мәселесі өте-мөте шамшыл һәм кірпияз келеді. Сонымен қатар кірмелер қазақтың жерін тіршілік етер мекенім деп әлеуметтік ортасына ортақтасқан екен, енді оның тілін, салт-дәстүрін, болмысын да қабылдауы керек. Оған қазақ этносы мен бүгінгі шартты түрде қазақтың құрамына еніп отырған басқа ұлт бөлшектерінің ара салмағы толық мүмкіндік береді. Бұған ішкен су, жұтқан ауа, жеген тамақ, яғни, топырағына тартады, табиғи орта өзінің айырықша үлесін қосады. Қарағандының орыстары мен Калуганың орыстарының тілі, діні бір болғнымен биологиялық тұрғыдан тұрпаты өзгеріп барады. Сөйтіп барып ХХІ ғасырдың жаңа қазақ этнос пайда болады. Қазақтың қарапайым шежірелік бәйтерегі осы теорияға негізделген – барлығымыз бір атаның баласымыз. Алайда қазақ этносының қазіргі даму векторы өрге қарай бағыт алудың орнына нөлге қарай бұрылған іспетті. Бұл тарапта, әсіресе тілдік саясатта ұстанылып отырған ұстанымға (заңға) күрделі өзгерістер енгізу қажеттілігі туындайды. Тарихқа жүгінсеңіз ХХ ғасырдың басындағы көштен қалған (отсталый), ұзақ жылдарға созылған соғыстардан әбден тұралап, арып-тозған Ресей империясы он жылдың ішінде ұлттарға арналған тілдік саясатын екіден үш мәрте өзгертіп үлгіргенде, бүгінгі Қазақстанның ескі сүрлеуден шықпай, шиқылдап, қиралаңдаған қисық арбасын әлі күнге дейін сүйрелеп келе жатқаны қоғамдық дамуға кері әсерін тигізбеді деп айтуға ауыз бармайды.
Ірі-ірі империялардың өткені мен бүгініне зер салып қарасаңыз жерін жаулап, басып алып, елін басыбайлы еткен қандай да бір ұлтты және бұтарланған ұлт бөлшектерін билеуші (үлкен немесе аға деп айдарлайтын) ұлтқа сіңіріп, ассимиляциялаудың ең басты жолы (мақсаты) олардың бірінші кезекте тілін тәркілеп, тілімдеп, бірте-бірте мүлдем жоюға бағытталады екен. Өйткені тілсіз жұрт алдымен өзінің әуезінен (үнінен) айырылып (дыбыстардың өзгеруі), сонан соң әуенін жойып (үндестік заңдылықтарының бұзылуы), айтылған сөздің беретін ұғымынан жаңылып, мағынасын, мәнін ұқпай, өз тілі, өз ғұрпы өзіне жат болып, өз болмысынан өзі жеріп, ақыр соңында өз ұлтын өзі менсінбеу дағдарысына ұшыраған. Ондай халықты билелеп-төстеу көп қиындық тудырмаса керек. Себебі ассимилияцияға ұшыраған ұлт өздік менін, өр рухын, ділін жоғалтып алатындықтан зомбиланып, мұрынын тескен тайлақтай жетектесе елпілдеп, «қожайыны» алдында «Сүлейпен патша» теле сериалындағы Сүмбіл ағадай сусылдап, ләппай тақсырлап иіліп, жас шыбықтай майысып тұратын көрінеді. Оның болмысын «өзімді жоғалтып бара жатырмын-ау» деген өкініш билеудің орнына бара-бара керісінше оны жеткендіктің белгісіне балап, өзін әлгі үлкен ұлтпен теңескендей дәрежеде сезініп, реткі келсе жараланған қасқырдай өз жұртына қайта шабуға бейімделеді де ассимилияция енді осындай іштен шыққан шұбарлардың – ниглистлердің қолымен жүзеге асырылады. Бір ғажабы мынау орыстың, өзбектің, қытайдың, жапонның, моңғолдың… ұлттық ниглистері болмайды екен. Ниглистер негізінен отарланған халықтың арасынан шығатын, ұлттың өзін өзі іштей жейтін құрт болса керек. Ниглизмнің тағы бір сорақылығы өз ішінен қара үзгендері тартылыс заңдылығынан сытылып шығып, космополиттерге айналып, лағып ғарыш әлемінде қайда екені белгісіз жоқ болып кететін көрінеді. Олардың космополит атануы да сондықтан. Ал өзіне өте пайдалы ниглистерді даярлау, бұл әр түрлі мемлекет, ұлыстарда әлімсақтан бері жалғасып келе жатқан, межесі бір, тек сол межеге жету жолдары әр түрлі – белгілі саясат. Бұны кіналауға да жазғыруға да болады. Бірақ солай болған, солай да болады. Бүгінгі қоғамы ашық, өркениеті өскен, демократиясы дамыған делінетін елдердің барлығында да осы саясат, ол мейлі тілдік болсын жүріліп жатыр. Бұны жасырып жабудың, күлбілтелеудің пайдасы шамалы. Керісінше империялардың басқыншылық, отарлық саясатын ашық айтып халықтың басынан кешкеніне өзін мойындату керек. Қазіргі көптеген басыбайлы ұлттар, біз қазақтар сияқты өздерінің тініне – генологиялық өзегіне отарлық езгінің қаншалықты сіңісіп, бүгін соның зардабын тартып отырғанын мойындамайды. Сондықтан ол өткенін көксегіш, артына бұрылғыш, «ағашыл», онсыз күн көре алмайтындай күй кешіп, ол қол көтерсе бұққыш, жетектесе ере жөнелгіш болады. Яғни, бұл деколонизацияның дендеп жүргізілмей жатқандығының салдары. Жасың да, кәріңде ескі сарында Егер бұл ахуал ары қарай үздіксіз жалғаса берер болса біз ылғида ниглистерді тәрбиелеуші ұлтқа айналамыз. Қазақ әлі өзінің мемлекет құраушы ұлт екенін ұғына алған жоқ. Қазақ әлі өзінің жеке мемлекет, Ұлы Ұлыс екенін толық сезінген жоқ. Бірде «Қазақстандағы қазақтар» деген тіркесті естіп әрі оқып тіксініп қалдым. Өзіңіз ойлаңызшы Арабиядағы арабтар, Франциядағы француздар, Жопониядағы жапондар … деп ауызекі тілде айтыла ма? Өз елінің, өз жерінінің иесін әлбетте олай атамайды. Ендеше бұлай сөйлеу нені көрсетеді? «Қазақстандағы қазақтар» деген тіркестен Қазақстан деген ел бар, ал онда қазақ деген бір ұлттың өкілдері де тұрады деген мағына туындар тұрған жоқ па? Демек, қазақтар бұл жұрттың қожасы емес, өз елі, өз жері – Қазақстан үшін де кірме, басқа жақтан ауып келгендер болады. Қазақстан қазақтың атажұрты, ежелгі қонысы емес. Қазақ та Қазақстанды мекен еткен көптің, әлгі жүз отыздай деп жүрген ұлттың бірі дегенге саяды. Осындай оғаш қолданылған сәтсіз, сөлекей тіркестер Елбасы айтқандай «Қазақ тілін дамыту саясаты одан же¬ріну¬ге, тіпті, қазақтардың өздерінің бойды аулағырақ ұстауына ықпал етпеуі керек». Елбасы жолдауында айтылған «Бүкілқазақстандық бірегейлік» дегеніміз ертеңгі қазақ ұлты, ол – бүгінгі Қазақстанның халқы. Бірлік пен ынтымағы жарасқан бір атаның баласындай қазақ ұлты, бұл – ертеңгі күшті, қуатты мемлекеттің кепілі.
Бақытбек Бәмішұлы
“Түркістан” газетінен
маңызды мақала
мен басқа затты сұрасам бқлар маған басқа зат көрсетеді