//

Қанат Ислам: «Арманым – АҚШ-та жүріп, қазақтың атын шығару»

1753 рет қаралды
2

Қазаққа деген менің өкпем жоқ. Керісінше, мен қазақ халқының алдында қарыздармын. Елге келгенде “Олимпиадаға барамын, егер болмаса, кәсіпқой боксқа барып қазақтың атын шығарамын» деп өзіме-өзім серт бергенмін. Олимпиадаға қатыса алмағаным – тағдырдың жазуы.

Қанат ИСЛАМ

Газетіміздің өткен санында қазақ елінің кәсіпқой боксшысы Қанат Ислам кәсіпқой рингтегі сегізінші жекпе-жегін жеңіспен аяқтап, Кариб аймағына тиесілі алтын белдікті жеңіп алғанын жазған едік. Бұған дейін шаршы алаңға 8 рет шығып, соның барлығында айқын басымдықпен жеңіске жеткен қандасымыз өткен аптада Қазақстанға оралды. Бір айлық демалыс алған ол сәл тынығып алғаннан кейінқайтадан мұхиттың арғы бетіне жол тартпақ.

Біз бүгін оқырмандар назарына Қанатпен болған шағын сұхбаттыұсынып отырмыз. Әңгіме барысында белгілі болғандай, Қанаттыңекінші сәбиі дүниеге келіпті. Есімін Әсия деп қойдық дейді Қанаттыңөзі. «Бауы берік болсын!» айтып, негізгі әңгімеге көштік.


– Қанат, кәсіпқой боксқа ауысқаныңыз өзіңізге қалай әсер етті? 

– Жаман емес. Бұған дейін сегіз жекпе-жек өткіздім. Барлығында жеңіске жеттім. Соңғы 8-ші жекпе-жекте Кариб аймағына тиесілі алтын белдікті жеңіп алдым. Эквадорлық қарсыласым осал болған жоқ. Бұған дейін кәсіпқой рингке 41 рет шығыпты. Бірақ, оны жеңу маған соншалықты қиындық туғызбады. Алғашқы раундта-ақ, ұрып жықтым.

– Бұған дейін 8 жекпе-жек өткіздіңіз. Осылардың ішінде ең ауыр жекпе-жек қайсысы болды?

– Әр нәрсенің бастауы қиын ғой. Бірінші жекпе-жекте қобалжығаным рас. Дегенмен, рингке шыққаннан кейін толғаныстың бәрі сейілді. Доминикан боксшысы алғашқы минуттан-ақ тізгінді өз қолына алуға тырысқанымен, уақытөте келе қарсыласымды өз орнына қойдым.

– Алғашқы жекпе-жегіңіз қанша раундқа жоспарланған еді?

– 4 раундтық жекпе-жек болатын. Одан кейінгілердің барлығы 6 және 8 раундтан болды. Соңғы рет шыққанымда, яғни, алтын белдік үшін болған жекпе-жек 12 раундқа жоспарланған.

– АҚШ-та Нельсон Лопестің қол астында жаттығып жатқаныңызды білеміз. Өзіңіз АҚШ-тың қай жерінде тұрып жатырсыз?

– Қазір Лопестің үйіндемін. Яғни, Флорида штатына қарасты Майами қаласында. Меніңше, Нелсон Лопестің жаттықтырушылығы ғана емес, менеджерлігі де мықты. Кезінде Марат Мәзімбаев сынды әлем чемпионы атанған ағамызды осы Нельсон Лопес жаттықтырғанын білемін.

– Кәсіпқой боксқа ауысқаннан кейін жаттығу барысы да күрделене түсетіні белгілі ғой. Жаттығу жұмыстарын қалай жүргізесіз?

– Әдеттегідей. Күніне екі-үш уақыт жаттығуға көңіл бөлемін. Бірақ, әуесқой бокстағыдай емес, бұл жерде жаттығу өте ауыр. «Астана арландарында» жүргенде де мұндай жаттығу жасамағанбыз. Мәселен, «Астана арландарында» немесе әуесқой бокста жүргенімде «скакалкамен» 3-4 минут жаттығу жасайтынмын. Ал, мына жақта мұндай жаттығуды 30 минут жасаймын. Айырмашылығын осыдан-ақ байқауға болады.

«Қапты» да таңның атысы кештің батысы ұрғылаймыз. Ол жерде кім көп, кәсіпқой бокспен шұғылданып жатқан боксшылар көп. Солармен жарты сағат спаррингке шығамыз. Былайша, айтқанда жаттығу кезінде дене тәрбиесіне(күш-қуатқа) қатты көңіл бөлеміз. Өйткені, кәсіпқой бокс әуесқой бокстағыдай емес, боксшыларға өте ауыр тиеді. Дене тәрбиесін шыңдамасаң, он екі раундтықжекпе-жекке шыдамай, тілің салақтап қалуы мүмкін.

– Мұндай жаттығуларды жасау қиынға түскен жоқ па?

– Қиын болды деп айта алмаймын. Өйткені, «Астана арландары» клубында жүргенде Нельсон Лопес жанымда болды. Ол кісі кәсіпқой боксқа баратын болсам жаттығуды күшейте түсу керектігін айтып, өзінің методикасын ұсынды. Мен АҚШ-қа бармай тұрып, Лопестің тапсырмасын бұлжытпай орындап жүрдім. Майамиге барғанда маған сәл де болса жеңіл болды.

– Тамақтану жағы қалай?

– Спортта жүргеннен кейін ол жақта тамақтану бірінші кезекте тұрады. Спорт басшылары да спортшылардың қандай тамақпен қоректеніп жатқанына қатты мән береді. Ол жақта жейтініміз – күріш пен балық және тауықтың еті. Дегенмен, осы тағамдардың өзі спортшыларға кәдімгідей күш-қуат береді.

– Алдағы қарсыласыңыздың кім болуы мүмкін?

– Ол жағын дөп басып айта алмаймын. Қарсылас жағын менеджерлерім шешеді. Яғни, бұл бағытта Нельсон Лопестер жұмыс істейді.

– Қарсылас таңдауда менеджерлеріңіз сізбен ақылдаса ма?

– Әрине, онсыз болмайды ғой. Кіммен жұдырықтасатынымды алдын ала ақылдасып шешеміз.

– АҚШ-та болғаныңызға біраз уақыт болды. Ол жақ ұнады ма?

– АҚШ-та үйренетін нәрсе көп. Ғылым да, техника да, қазіргі заманға сай дамыған. Дегенмен, маған Қазақстаннан басқа ел ұнамайды. Кейбіреулер: «Қанат Олимпиадаға бара алмағаннан кейін өкпелеп АҚШ-қа кетіп қалыпты» деген сөздер айтып жүр. Мұның бәрі жалған.

Қазаққа деген менің өкпем жоқ. Керісінше, мен қазақ халқының алдындақарыздармын. Елге келгенде  «Олимпиадаға барамын, егер болмаса, кәсіпқой боксқа барып қазақтың атын шығарамын» деп өзіме-өзім серт бергенмін. Олимпиадаға қатыса алмағаным – тағдырдың жазуы.

Мен қазір кәсіпқой боксқа кеттім. Бұл жерде мен жеке басымның мәселесін күйттеп кеткен жоқпын. Арманым – АҚШ-та жүріп, қазақтың атын шығару. Қазақ ұлтының мықтылығын бүкіл әлемге паш етсем, арманымның орындалғаны. Кәсіпқой бокста да қазақтың әнұранын шырқатып, көк туын желбіретуге болады.

Қазіргі күні кәсіпқой боксты кәсіп қылып, Америкада жүрген қазақ жігіттері көп емес. Шынын айтқанда, Бейбіт Шүменов екеуміз ғана. Басқа елдің боксшылары чемпион болып, өз елдерінің атын шығарып жатыр. Қазақ жігіттерінің олардан несі кем?! Біз де өзіміздің мықты халық екенімізді көрсетуіміз керек қой. Сондықтан, мен өзімнің кәсіпқой боксқа ауысқанымды дұрыс деп санаймын.

– Әңгімеңе рахмет!

 

Әңгімелескен: Төлеубек ӘДІЛБЕКҰЛЫ,

«Қазақ спорты» газеті

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Alga koigan maksatynyz oryndalsyn! Kazak elin biik asulardan korsetesiz degen oidamyn!

  2. Қанат, халқымыздың мақтанышы. Осындай ұлдарымыз көп болса, елдің ертеңіне алаңдамас едік!!!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар