///

У.Қыдырханұлының 80 жылдық мерейтойы өтті

759 рет қаралды
Уақап Қыдырханұлы қазақ баспасөзінде «Миграция әлемде әрі саясат, әрі адамгершілік, әрі ғылым» деп тұңғыш жар салған және  бұл тұжырымды ең алғаш дәлелдеген адам.

Бұл туралы кеше Алматыда Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері және  Қазақстанның құрметті журналисі У.Қыдырханұлының 80 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеште айтылды.

ҚЫДЫРХАНҰЛЫ УАҚАП

 1933 жылы 23 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Ақарал ауылында дүниеге келген. Кезіндегі қызыл империяның қыспағынан кейін жер ауып, 1933–1955 жж. Шығыс Түркістанда (ҚХР) тұрған. Орта білімді туған өлкеден тыс жерде игеріп, гимназия тамамдаған. Мұғалім, газет тілшісі, Шыңжаң Халық радиосында қазақша хабарлар бөлімін ашып, басқарған. 1955 жылы Қазақстанға оралып, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген соң, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінде әдеби қызметкер, Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газетінде, Қазақ радиосында, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде бөлім меңгерушісі, еларалық «Шалқар» газетінде бас редактор қызметін атқарған. Бір топ жыры 1960 жылы жас ақындардың «Жырға сапар» жинағында, «Ант» повесі «Жол басы» атты ұжымдық жинақта жарық көрді. «Шаңқай түс», «Таң нұры», «Тасқайнат», «Алтын ай» атты әңгіме-повестер жинағының, «Сағыныш саздары» атты диаспоралық шежіре кітаптың, бірнеше деректі кітапшалардың авторы. Орыс және түрік халықтары тілдерінен кітаптар аударған. 1991 жылы Құран Кәрімнің түсіндірмелі-мағыналық тәржімасын жасады. 

Жалпы Өр Алтай қазақтарының тарих-тағлымдары арқылы тұтас ұлт тағдырын аңғартқан тарихи-деректік қос кітабы «Әттең, Алтай», «Марқакөл» деген атпен 2008 жылы жарық көрді.
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының үш мәрте иегері.
Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері. Зайсан қаласының Құрметті азаматы.

«Бұл кісінің көші-қондағы  атқарған еңбегі ұшан-теңіз екенін ел жақсы біледі. Мен үшін Уақап ағамыздың бар өмірі, тағдыры,  болмыс-бітімі қазақ көші-қонының жоқшысы болуға арналғандай көрінеді де тұрады.  Ерте кеңестік кезеңнің өзінде шет елдегі отандастармен байланыс жасасу жөніндегі Қазақстан қоғамында, кейін бұл қоғамның еларалық «Шалқар» газетінде бас редактор болып қызмет атқарды», – дейді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Талғат Мамашев. Оның айтуынша, қайраткер публицистің уақыт тынысын тап басып танып, өз кезеңінен оза жүретін көрегендігі де бар. Бұл туралы мерейтойға орай қауымдастықтың тікелей атсалысуымен шығарылған «Өз елім – өзегім» атты кітаптың алғысөзінде айтылады.

Ерлік Ержанұлы
inform.kz
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар