//

Владимир Набоков. ЧОРБТЫҢ ОРАЛУЫ

1110 рет қаралды

Ерлі-зайыпты Келлерлер театрдан кеш шықты. Осы бір кеште ауасы күңгірт, бұлыңғыр, сегіз ғасырдан бері бетіне собордың бейнесі түсіп, майда толқындар жүзін өрнектейтін де жататын өзені бар тып-тыныш герман қаласы Вагнер музыкаға мелдектегенше тойған еді. Келлер театрдан шыққаннан кейін әйелін ақ шарабымен аты шыққан, жақсы бір қабаққа алып барды, сонан кейін тек сағат екілерде ғана, ішіндегі жарығы адамға сондай жайсыз тиетін бір автомобильмен, қаңырап жатқан өлі көшелерді қуалап, темір қақпалы еңселі бір жер үйге жетті. Президент Крюгерге қатты ұқсайтын, төртбақ келген қарт неміс Келлер сыртқа бірінші шықты. Шам жарығынан жапырақтардың алашұбар көлеңкелері аяқ астында қозғалып жатыр. Ең алдымен жарық Келлердің аппақ крахмал омырауына түсті, оның соңынан көйлегіндегі асыл тастардың талшықтары жылт-жылт етіп, алдымен толық аяғын созып әйелі де шықты. Ауыз бөлмеде оларды жүгіре басып қарсы алған қызметші әйел, Чорбтың келіп кеткенін жеткізді. Варвара Климовна Келлердің әлі ажарын жоғалтпаған дөңгелек жүзі дір ете түсті де, ішкі толқыныстан қып-қызыл боп кетті:
– Ол сізге, оны ауру деді ме?
Қызметші әйел одан сайын сүйреңдей жөнелді. Келлер қысқа қырқылған ақ шашын сипап тұрды, оның жалпақ, терең әжімді маймыл беті тіпті қартайып салбырап қалды.
– Таң атқанға дейін мен күте алмаймын. Дәл қазір сол жаққа баруымыз керек, – Варвара Николаевна басын шайқап, орыс паригін жауып тұрған жеңіл орамалының ұшын қыса түсті. – Ой, құдайым-ай… Бір ай бойы хат жазбағаны тектен-тек емес қой.
Келлер жұдырығымен цилиндрінің бүгіліп қалған жерін жазды да, өзінің дәл, көмейден шығатын орысшасымен:
– Бұл адам – ақылынан алжасқан болу керек. Егер де ол ауру болса, оны қалай ғана тар, қапас қонақ үйге алып барған…
Әрине, олар қыздарымыз ауру деп қателескен еді. Чорб қызметші әйелге, осылай десе ғана олармен сөйлесу оңайырақ болады деп ойлаған. Шындығын айтқанда, ол шетелден жалғыз келген, тек енді ғана, әйелінің қалай өлгенін, неге хат жазбағанын түсіндіру керек екенін ұққан-ды. Мұның бәрі, әрине, өте қиын еді. Өзінің қайғы-қасіретімен өзі ғана болғысы келгенін, оны басқа адамдармен бөліскісі келмегенін қалай түсіндіріп бере алмақ? Оның өлімі – өте сирек кездесетін, бұрын-соңды жұрт есіне алмаған өлім болды, таза, адал өлім болды, – ол ажал электр тогынан келіп еді.
Көктемнің бір күніндегі, Ниццадан он шақырымдай жердегі ақ шоссемен келе жатқан ол күле түсіп дауыл құлатқан бағананың қатерлі сымын ұстап алған сәттен бастап Чорб үшін бүкіл дүние басқа жаққа маңып кеткен сияқты еді, тіпті оның өлі денесін жақын маңдағы деревняға көтеріп алып бара жатқанда, ол мүлде бөгде, мүлде жат боп кеткен-ді. Ниццеге жерлемек болған кезде көкжөтел пастор одан ананы-мынаны қазбалап отырып алған-ды. Ол тек салғырт жымиюмен болды, күні бойы жағажайда отырып түрлі – түсті ұсақ тастарды бір қолынан екінші қолына ауыстырып отырды да қойды – сонан кейін жерлеуге қарамай, неке сапары кезінде өздері өткен жолдарды түгел қайта жүріп Германияға бет алды. Екеуі қыстап шыққан Швейцарияға енді көктем кеп, алма ағаштары гүлдей бастапты, ал ол бұл жерде қонақ үйден басқа ештеңе де білмейді, оның есесіне күзде өткен Швецвальда да оның салқын көктемі есіне көп нәрсені түсіруге кесір жасаған жоқ. Оңтүстіктегі жағажайдағы соңғы кездесуде ол оған белінде ақ жолағы бар қара дөңгелек құйтақандай тас көрсетіп еді де, соны кейіннен таппақ боп қайта-қайта іздестіргені бар – дәл сол сияқты ол жол-жөнекей, кезінде оған әсер еткеннің бәрін іздестіріп келеді: айрықша сорайып тұрған жартастар, күміс-сұр түсті ұлу таспен қапталған үй, қара шырша, аппақ боп сарқырап жатқан ағыс үстінен өтетін көпір, қасіреттің бейнесін еске түсіретін – тұманның ақ моншақтарын тізіп алған өрмекшінің торындай телеграф сымдары. Қатар жүріп келе жатты, оның биік өкшелі етік киген аяғы жүрдек – ақ екен – бірде бұталардан жапырақтар үзіп, бірде жартастарды сипап өтетін қолы да тыным табар емес. Ол оның секпілді алақандай бетіне, толқындар шашып тастаған шыны сынықтары сияқты кең, алалы қой көзіне қарап қояды. Ол, егер екеуі көріп, әсерленген ұсақ-түйекке дейін қалдырмай, оларды көңіліне түгел құйып алса, онда оның бейнесі мәңгілік болып қалады да, ғұмыры ұмытылмайды деп ойлады. Бірақ ол түн бойы азапқа түсетін… Оның түнде келіп көрінуі оны үрейлендіретін, – үш аптаға созылған осы сапарда оны ұйықтамады деуге де болады, содан да ол екеуі кездесіп, сонан кейін некелескен, өткен күзде бірге жолға шыққан мына мүлгіген тып-тыныш қалаға басы әңкі-тәңкі боп мас адам секілді келіп еді.
Кешкі сағат сегіздер шамасы. Үйлердің ар жағынан сорайып көрініп тұрған собор мұнарасы күн батар кездегі шұғыладан қап – қара боп көрінеді. Вокзал алдында сол баяғыдай үйме-жүйме боп жүдеу-жадаулы ат айдаушылар тұр. Сол баяғы газет сатушылар кешті басына көтеріп айқайлап жүр.
Чорбаның қолында шабадан мен үлкен сары сандық бар еді. Оларды арбаға тиеп жүріп кетті. Ат айдаушы бір қолымен делбе қағып, бір қолымен сандықты ұстап алған. Оның әйелі осылай қыдырғанды жақсы көретін еді. Қалалық операның бұрышындағы тұйық көшеде үш қабатты көне, көңіл құлазытып жіберетін, бөлмелерін бір аптаға да, бір сағатқа да бере беретін қонақ үй бар. Жүзі бозарыңқы, созалаңдап жүретін малай Чорбаны сызбен капустаның иісі шығып тұрған бұралаңдаған дәлізбен алып жүріп бір нөмірге кіргізген кезде, Чорба – керует үстіне ілінген суреттегі суға түсіп жатқан қызды көріп, бірден тани кетті – бұл бөлмеде ол онымен өзінің алғашқы түнін өткізіп еді. Сонда қалыңдығына бәрі қызық боп көрінген – дәлізде жүрегі лоблып жатқан пиджаксыз семіз адам да, осындай бір қаусап тұрған қонақ үйде жатқандары да, жуынатын ыдыстың ішіне ақшыл шаштың жүзіп жүргені де, әсіресе, олардың үйден жасырынып қалғандары тіпті қызық боп көрінді. Шіркеуден үйіне келген бойда ол, төменде қонақтар үстел басына жиналғанша, киім ауыстырып алайын деп жоғарыға жүгіре көтеріліп кеткен. Әсем фрак киген Келлер әжім-әжім маймыл бетімен күлімсіреп ананың да, мынаның да арқасынан қағып, жұртқа шнапсты өзі үлестіріп жүрді, – ал Варвара Климовна өзінің жақын достарын ертіп ап, оларға жаңа тұрмыс құрып жатқандардың жатын бөлмелерін көрсетті, – сыпайы ғана сыбырлай жүріп апельсин түстес құс төсекті, бір пары алашұбар, бір пары қызыл – “Біз өлгенше біргеміз” деп жазылған кілем үстіне қойылған түнде киетін екі туфлиді иегімен меңзеп қояды. Варвара Климовна түні бойы жылап шықты: қызы тұрмысқа шығатын Чорб – кедей эмигрант және әдебиетші – өте бір күмәнді адам болғандықтан, олар қыздарын қарғап-сілеп жүріп шарапқа да, полицияға да аямай шығын шығарды, бірақ олардың онысынан ештеңе шыққан жоқ… Сонан, жас жұбайлар жол жүріп кеткеннен кейін шалы операның арт жағындағы тұйық көшедегі қонақ үйді барып көрген – содан бері сол бір қап-қара қаусап тұрған үй қылмысты еске түсіретіндей жеккөрініш туғызатын болды.
Чорб, сандықты кіргізгенше, суретке қарап тұрды. Есік жабылғаннан кейін ол, сандыққа еңкейіп, оның қақпағын ашты. Бұрыштағы қабырғаға жапсырылған қағаздың жалбыраған етегінің астынан тышқан жылт ете түсті: Тұла бойы дір ете түсіп, бұрылып кетті. Төбедегі шнурға ілініп тұрған шам жай ғана теңселеді. Кушеткаға түсіп тұрған шнурдың көлеңкесі қисық-қыңыр. Бір кезде ол сол кушеткада ұйықтаған еді. Әйелі бала құсап балбырап ұйықтап жататын-ды. Ол сол күні оны бір сүйген де қойған, – басқа ештеңе де болған жоқ.
Тышқан тағы да жылт ете түсті. Құлақты жарып жіберетін айқай-шудан да жаман естілетін әлсіз ғана бір дыбыстар болады. Түнгі көбелек шамға сарт ете түсті. Ол есікті жұлқып ашып, сыртқа шықты.
Басқышпен түсіп келе жатып ол қатты шаршағанын сезінді, көшеде мамырдың дымқыл ауасынан оның басы айналды. Бульварға бұрылып, аяғын жылдамдата басты. Алаң. Салт атты тас ескерткіш. Түнгі қаланың қара бұлттары. Қазір ағаштар гүлдеп тұр, ол кезде күз еді. Үйлену тойының алдында ол екеуі ұзақ қыдырған еді. Көшенің бетін жауып тастайтын сарғылт ашқылтым иісті, дымқыл жапырақтар жанға қандай жайлы еді… Сол бір тамаша күндердегі бұлыңғыр аспан да аппақ мұнар жамылып алған, жыртылған көгілдір қағаздар сияқты. Сұрғылт үйлердің арасынан мүлгіген ағаштар сарғайып көрінеді, ал оның үйіндегі терек семіп, өліп бара жатқандай еді. Темір шарбақтың ар жағынан қайыңдардың діңгектері көрінеді, – кейбіреулерін шырмауықтар құндақтап алыпты, – ол Ресейде аққайыңдардың жанында шырмауық өспеу керек қой дейді, ал әйелі болса аққайыңдардың жапырақтарындағы тат сияқты дақтар киім кеткен кездегі көзге көрінер көрінбес сарғылт дақты еске салады, – деді. Көше қапталында емендер мен талшындар тізіліп тұр; олардың қара қабыршақтары көгере бастаған; ал ұшып жатқан жапырақтар, қиқалап жыртылған қағаз сияқты, желмен бірге көшенің арғы бетіне ұшып жатыр. Қалыңдығы оларды жақында ғана көше жөндеген жұмысшылардан қалып қойған күрекпен ауламақ болады. Әріректегі жұмыс фургонының трубасынан жеңіл көгілдір түтін шығып жапырақтардың арасына сіңіп жатыр, – демалып тұрған тас қалаушы бір қырындап тұрып, қолына көтеріп алған күрекпен ойнап келе жатқан, өзі де жапырақ сияқты жеп-жеңіл әйелге үнсіз қарап тұр. Ол болса, секіріп-секіріп түсіп, сыңғыр-сыңғыр күледі. Чорб оның соңынан еріп келеді, – ол, мына салғырт жалқау жапырақтар қалай аңқып тұрса, бақыт та дәл солай аңқып тұратын шығар деп ойлады.
Талшын ағашының жасыл жапырақтарын жамылып алған бұл түнгі қаланы, ол енді зорға танып тұр. Алдындағы жанып тұрған шамның шынысына еңкейген бұтақтағы жапырақтар, жарықты көп сіңіріп қойғаннан, бозаң тартып қалған. Чорб жақындап қалды. Шарбақты есіктен құлаған көлеңке оның аяғына оралып қалғандай. Қоршаудың ар жағынан таныс үй көзге түсті. Ашық тұрған бір терезесінен жарық көрінеді. Сол жарықтан қызметші әйелдің ақжайма төсеп жатқаны көзге түседі. Чорб оны дауыстап өзіне шақырды.
Қызметші әйел жүгіре басып оның жанына келді. Кейіннен ол Варвара Климовнаға айтқандай, есікті бірден ашса да, Чорб сол тұрған қалпында үн-түнсіз ұзақ тұрып қалыпты. “Ол бас киімсіз жалаңбас екен”, – деді ол – шамның жарығы оның маңдайына түсіп тұрды, ал маңдайы терлеп кетіпті, шаштары жабысып қалған. Мен оған сіздерді театрға кеткен дедім де, неге жалғыз жүрсіз деп сұрадым. Көздері бір түрлі қорқынышты боп көрінді, өзі көптен бері қырынбаған тәрізді. Ол тек бәсең дауыспен “Оны ауырып қалды деп айтарсыз”, – деді. Мен одан: “Қайда тоқтадыңыздар”, – деп сұрадым. Ол айтты: “Бұрынғы жерде”, – деді де, сонан кейін: “Бірақ бәрібір. Ертең келем ғой”, – деді. Мен оған күте тұрмайсыз ба, – деп едім, ол ештеңе деместен бұрылды да кетіп қалды .
Чорб осылайша өзінің өткен өмірінің бастау көзіне оралып еді. Бұл бір әрі азапты, әрі тәтті, адам жанын діңкелететін ауыр сын еді, енді ол да аяқталуға жақын Енді тек өздері неке түнін өткізген бөлмеде түнеп шығу ғана қалды, ал ертең – бұл сынақ өтеді де, оның бейнесі толық сомдалып шығады. Қазір ол бульварды бойлап қонақ үйге жақындап келе жатқанда, барлық скамейкаларда, көгілдір қараңғылық ішінде отырған әлдекімдердің тұлғалары қарауытып көрініп тұрды да, кенет, қанша шаршап тұрса да, жалаңаш шамды, бұрышы тысырлайтын да тұратын ол бөлмеде жалғыз түней алмайтынын ұқты. Ол алаңға шығып орталық көшемен жүрді, – не істеу керек екенін білді. Бірақ ол ұзақ іздеді: қала моп-момақан боп мүлгіп жатты, – әйел тәні саудаға түсетін үйді Чорб білмейді екен. Ол бір сағат бойы сенделіп аяғы дуылдап, құлағы шыңылдап әбден шаршап-шалдыққаннан кейін ғана, ол кездейсоқ сол тұйық көшені тапты да, оны дауыстап шақырған әйелдің жанына келді.
– Түнімен, – деді Чорб тісінің арасынан.
Әйел басын бір жағына қисайта тұрып, сөмкесін бұлғап қап: “Жиырма бес”, – деді.
Ол басын изеді. Сәлден кейін Чорбтың оған көзі түсіп кетті де, оның талай қолдан өтсе де әлі де ажарын жоғалта қоймаған әйел екенін білді, шашы ақшыл, қысқа қырқылыпты. Ол бұл қонақ үйде басқа еркектермен талай рет болған болу керек, өйткені істік тұмсық малай басқыш бойымен жүгіріп бара жатып, оған көзін қысып қалды. Олар дәлізді бойлап жүріп бара жатқанда бір есіктен, бейне бір ағаш аралап жатқандай кереуеттің ауыр, бірқалыпты сықырлап жатқаны естілді. Бірнеше есіктен кейін, басқа бір нөмірден де дәл сондай ән салған әуен шықты – олардың жанынан өтіп бара жатқанда қасындағы әйел Чорбқа ойнақылана көз тастады.
Ол оны өзінің бөлмесіне алып келді де, әбден ұйқысы келіп түұрған ол, түймелерін ағыта бастады. Әйел оған тіпті жақын кеп, күлімсіреп:
– Кішкентай сыйлық жасайтының қайда? – деді.
Чорб оған сол ұйқы буып тұрған қалпы қадалып қарап тұрды да, оның не айтып тұрғанын зорға ұқты.
Ақшаны алып, оны сөмкесіне мұқият салып алғаннан кейін, ол тағы да оның жанына кеп, шашын сілкіп қап:
– Шешінейін бе? – деді.
– Иә, жат, – деді Чорб былдырлап, – таңертең тағы берем.
Ол асыға-үсіге кофтасының түймелерін ағытып жатып, Чорбтың тұнжыраған түріне таңғала қарап қалды. Әрі тез, әрі қалай болса, солай шешіне салған Чорб төсекке жатты да, бетін қабырғаға бұрып алды.
“Бұл бір фокус көрсетпекші ме екен”, – деп ойлады әйел Сонан кейін ол көйлегін асықпай шешіп, оны мұқият бүктеп орындықтың үстіне қойды. Чорб қатты ұйықтап кетіпті.
Әйел бөлмені әрі-бері кезіп жүрді де, терезе жанындағы сандықтың беті сәл ашық қалғанын байқап, жүрелеп отыра қап іш жағына көз салды. Сонан кейін әлгі саңылаудан қолын тығып әйелдің көйлегін, шұлықты, жібек маталарды сипап білді, олар қалай болса солай бүктеле салған, бірақ әдемі жұпар иісі шығады, ол бір түрлі мұңайып отырып қалды.
Әйел бойын тіктеп, есінеп тұрып санын қасыды, – шұлығынан басқа лыпа жоқ, тыр жалаңаш қалпы терезеге барды да пердені ашты. Перденің арғы жағындағы терезе ашық екен, барқыттай жұп-жұмсақ қараңғылықта жатқан көшеден операның бір бұрышы, тас Орфейдің қара иығы, түнге сіңіп кетіп жатқан шамдар тізбегі көрінеді.
Одан әріректегі алыста жарық түсіп тұрған басқыштардың үстіне ұсақ қараң-құраң адамдардың әрі-бері жүріп-тұрғандары еміс – еміс көзге түседі де, ол басқыштарға шамдары жарқыраған автомобильдер келіп-кетіп жатыр. Тек бәрі тарап-тарқап біткеннен кейін ғана жарықтар сөнді, әйел де пердені түсіріп, шамды сөндіріп Чорбтың қасына жатты. Ұйықтап бара жатып ол әйел бұл бөлмеде екі рет болғанын есіне түсірді, – қабырғадағы алқызыл суреттен білді.
Ол бір сағаттай ғана ұйықтады: шыңғырған үрейлі дауыстан оянып кетті. Ол Чорб еді. Чорб оянып кетті де, бір қырынан аунап түсіп онымен бірге жатқан өзінің әйелін көрді. Ол бар даусымен айқайлап жіберді. Әйелдің аппақ көлеңкесі төсектен атып шықты. Тұла бойы дір-дір еткен әйел шамды жаққан кезде, Чорб шатысып- бытысып қалған ақжаймаға оратылып, ту сыртын қабырғаға берген қалпы бетін басып отыр екен. Тарбиған саусақтарының арасынан көрінген көзі шоқтай жанып барады. Сонан кейін ол жайлап бетін ашып, әйелді әрең таныды. Әйел болса, қорқып кеткеннен әлдене деп күбірлеп, асыға-үсіге көйлегін кие бастады.
Чорб жеңіл ғана күрсінді де, ақырғы сынақтың да біткенін білді. Ол кушеткаға барып отырып қолымен жүндес санын қысып, әйелге қарап немқұрайлы ғана күлді. Ол күлкі әйелді одан сайын шошытты да, тез бұрылып соңғы түймесін салып алды, бәтіңкелерін тез – тез байлап қалпағын киді.
Дәл сол сәтте дәлізден адамдардың жүрісі мен даусы естілді.
– Ол әйелмен жатыр… – деген малайдың қайталаған жалтақ даусы шығады.
Қарлығыңқы, ызалы дауыс талап етіп тұр:
– Мен сізге айтып тұрмын ғой. Ол менің қызым.
– Аяқ жүрісі дәл есіктің көзіне кеп тоқтады. Сонан кейін есік соғылды.
Сол кезде әйел үстел үстіндегі сөмкесін алып, есікті ашып кеп қалды. Оның алдында сұрғылт цилиндр киген, абдырап-абыржып қалған қарт мырза мен оның артында шашына жеңіл орамал байлаған, жылай-жылай көзі ісіп кеткен толық әйел тұр еді, ал одан әрірек тұрған малай аяғының ұшымен көтеріліп көзі бақырайып ишаралап шақырып тұр. Әйел оның ишарасын түсінді де шалдың қасынан лып етіп дәлізге шықты, ал шал оған сол абдырап – абыржыған қалпы бұрылып қарады да, – сонан кейін қасындағы әйелімен табалдырықтан аттады. Есік жабылды. Әйел мен малай дәлізде тұрған қалыптарында тұр, бір-біріне үрейлене қарап, сонан кейін еңкейіп құлақтарын тосты. Бірақ бөлме ішінен сыбыс білінер емес. Бейне бір, есіктің арғы жағында үш адам жоқтай. Сырт еткен дыбыс естілмейді.
– Олар үндемейді, – деді малай сыбырлап, саусағын ерніне апарып.

1922 ж.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар