///

Айтыс – журналистика жанры, әлеуметтік медиа құралы ретінде

2947 рет қаралды
2

Тарих бетіне көз жүгіртсек, адам баласы жаратылысынан қоршаған ортадағы тылсым дүниені ғасырлар бойы оқуға, сезіп-білуге, түйсінуге тырысып, сол арқылы қалыптасқан түсініктерді өмірлік қағида ретінде ұстанған. Әсілі, әрбір индивид айналасын оқу, білу, есту, көру және тыңдау арқылы жинақталған ақпаратпен өз әлемі мен мәдениетін қалыптастырған. Мәдениет қоршаған ортасы мен тыныс-тіршілігіне қарай әр ұлт пен ұлыста өз қасиеттеріне қарай дамып отырды. Осындай мәдениеттің бірі қазақ халқының бірі-біріне ақпарат тарату функциясын атқарған – айтыс өнері. Ақындар өз заманының айнасы қызметін атқарып қана қоймай, халыққа жөн сілтеуші ретінде үлкен рөл ойнағаны бесенеден белгілі.  Ал, айтыскер ақындар өздерінің суырыпсалмалығымен ерекшеленіп, аудиториямен интерактивтілік кері байланысты ұстап отырған. Сондықтан тыңдап отырған дүйім жұрт айтыскердің шеберлігі мен шешендігіне ерекше ықылас танытып, делебесі қозып, мән-жайдан хабар алған. Коммуникация тарихына үңілер болсақ, фольклор көптеген халықтардың қоршаған орта мен айналадан, шежіре мен тарихтан сыр шертетін негізгі ақпарат көзі болғанын білеміз. Осы дәстүрдің арғы шығу тегін зерделей отырып, Араптың көшпелі тайпаларында «Мұғаллакат», парсыларда «Мүшайра», орыстарда «Частушка» басқа да елдердің осыған ұқсас әдеби үрдістері болғанын білеміз. Бұл турасында М.Әуезовтің: «Айтыс сөздерінің молдығы мен көп жайылғандығына қарасақ, қазақ елі ақындық теңізі сияқты. Басқа жұртта өлең болса, мұншалықты мол болып етек алып жайылған емес. Анда-санда кездесетін шашыраған өлеңдер сияқты көрінеді. Мысалы ескі француз әдебиетіндегі тенсондар, бұлардың түрі қазақ айтысына ұқсайды. Онда да екі ақын көп жиынның алдында сөз жарыс жасайды. Айтыстың өзге өлеңнен айырмасы: суырыпсалма өлеңдермен айтысатын болса, тенсондар да сондай, жанынан шұғыл шығарылған ауызша өлеңдер. Айтысатын сөздері де кейде қазақ айтысында кездесетін білім таласы сияқты, жұмбақ пен ой тартысы болады. Француз әдебиетінен басқа, ескі араб әдебиетінде «Мұғаллакат» деген өлеңдер болған, бірақ бұл нағыз айтыс емес, көбінесе өлең жарысы сияқты», дей келіп: «Міне өзге жұрттың әдебиетінде айтыс өлеңдердің осы сияқты түрлері болғаны рас. Бірақ бұның бірде-бірі қазақ айтысындай көпке тарап, көп жұрттың барлығы ермек қылатындай болған жоқ. Қазақтікі сияқты әдебиет тарихының бөлімі болып етек алып тараған емес. Қазақтың кәрі, жасындай айтысты қызық көріп қызуланып, тегіс өнер қылып, жалпақ ел ұстанған емес. Қазақтағы айтыс әдебиет бөлімі болудан басқа ел тартысының бұрынғыдан келе жатқан театры сияқты көпке бірдей қызық беретін жиын сауығы болған» деген пікірі айтыстың қазақ әдебиеті мен коммуникация тарихында алатын орнын айқындап берді. Деседе, көптеген халықтар жазу пайда болған соң, сөз мәдениетінен жазу мәдениетіне көшсе, қазақ халқы хабар алмасудың осы түрін ХІХ ғасыр соңына дейін негізгі ақпарат көзі ретінде тұтынды. Осыған қарап, адамға жөн-жоба сілтейтін ақпарат екенін және қай дәуірде болмасын ақпараттың қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады. Олай болса, айтыс өнерін тек халық мұрасы ретінде ғана қарастырғаннан гөрі журналистика жанрларымен де тығыз байланыста екенін айтқан дұрыс секілді. Өйткені, айтыс барысында айтыскерлер бір-бірне сұрақ-жауап алмасуынан сұқбат жанрын яғни интервьюді, болған жайтты баяндауынан – репортажды, әзілі мен қалжыңдарынан – сатиралық, оқиғаларды ұлттық, елдік тұрғыдан сараптап-талдауынан аналитикалық жанрлардың сарындарын анық байқаймыз. Осыған қарап, айтыскерлер құрамынының көп мөлшерін журналистер құрайтын бүгінгі айтыстың ақпарат таратудағы осы ерекшеліктерін және де «айтыс» сөзінің түбірі «айту» сөзінен шыққанын ескере отырып, ұлттық журналистикаға «айтыс жанры» деген жаңа жанр түрін қосу сұранып тұрған жаңалық іспетті. Бұл әрі ғасырлар бойы келе жатқан айтыстың зерттеліп-зерделеніп қайта жандануына әрі қазақ журналистикасының ұлттық ерекшелігі ретінде ғылыми айналымға да, тарихқа да енер еді. Әрине, бұл пікірімізге бүгінгі қазақ журналистикасы теориясының тұғыры болып саналатын – Намазалы Омашев, Бауыржан Жақып, Құдайберген Тұрсын және журналистикадағы жаңалықтар мен жанрлардың түрленуін зерттеп, ұлттық журналистиканың заман талабына сай сүбелі еңбек етіп жүрген Какен Қамзин сында ғылым докторлары мен профессор ағаларымыз пікір білдіріп, баға берер. Ал, біздің айтпағымыз кезкелген ұлттық құндылық заман ағымы мен талабына қарай дамуы, түрленуі керек-ақ.

Қоғамның барлық саласына қатысты ғылыми-технологиялық ілгерілеушілік, сондай-ақ ақпараттандыру үдерісінің  жойқын жылдамдықпен дамуы бүкіл әлем ажарының модернизациялануына және біздің дүние, болмыс, тіпті өз тарихымыз бен мәдениетіміз жайлы түсінігіміздің өзгере бастауына пәрменді ықпал етті.  ХХ ғасырда адамзат санасына толассыз да өлшеусіз құйылған, үшінші мыңжылдықта қарқынын екпіндете түскен ақпарат ағымы кез келген адамға электронды желідегі тосын идеяға, бөгде көзқарас пен өзге құндылыққа қол жеткізуге мүмкіндік берді. Демек, адам баласы осы ақпараттарды талғамына қарай сұрыптап, соған сәйкес әрекет жасап, өмірі мен қызметін үйлестіруге, атадан мұра ретінде қалған дәстүрлерімізді дәріптеуге мүмкіндік алды.

Қазіргі таңда  ақпарат диффузиясы әсіресе сандық технологиялар әлемін жайлап алғаны айқын да анық аңғарылады. Осы ретте дәстүрлі һәм жаңа журналистикаға тікелей қатысы бар ғаламды өрмекші торындай шырмаған Интернет желілерінің ролін ерекше атап айтуға болады.

Сайттардың Web 2.0 негізінде түзілуімен өмірге келген әлеуметтік желілер әлемде үлкен резонанс тудырды. Бұл Интернет қолданушыларына Web-сайттарды арнайы мамандар, модераторлар мен авторлардың көмегінсіз қажетті ақпаратпен өздері толықтыра отырып, өзара белсенді диалог орнатуға мүмкіндік ашты. Сондықтан болар, көптеген алпауыт транс ұлттық корпорациялар мен жекелеген кәсіпорындар өздерін жанрамалауда, тұтынушыларын іздеуде және сол тұтынушыларды ұстап тұруда осы әлеуметтік желілерді қолдануда. Өйткені желілер адамдардың бір-бірімен қатынасын, мәдени құндылықтардың алмасу уақытын аса жылдамдатуға себепші болады. Желіні қолданушылардың көздеген мақсаты  –  әлеуметтік  деңгейлері тете,  мүдделес адамдармен арғы-бергі байланыс орнату арқылы өздерінің түрлі-түрлі сұраныстарын қанағаттандыру болғандықтан бұрындары жылдар, ғасырлар бойы жүретін бұл үдеріс енді виртуалды әлемде көзді ашып-жұмғанша жүзеге асады. Бұл үдеріс тек қарым-қатынас саласына ғана емес, ақпраттық ағымның жылдамдығы пайдаланушылардың жазу стилінің ықшамдалуына, жанрлық мәтіндердің ұйысуына әжептәуір әсер етті, коммуникация логикасы мен мәдениетіне де бірсыпыра жаңалық ала келді. Оған бірден-бір себеп – әлеуметтік желілер, онлайндық пікірлесу, яғни журналистика тілімен айтсақ, тікелей эфир арқылы өзара тілдесу, ықпалдасу. Олай болса, кезкелген ұлттық құндылықтар осы виртуалды әлемде өз орнын алып, ел болашағы үшін қызмет етуі тиіс. Соның ішінде қазақ халқының бірегей дәстүрі айтыстыстың да халық арасында тек ақпарат алмасу құралы ғана емес, сонымен қатар, ұлтымыздың ежелден еркін пікір алмасу мен сөз бостандығының құралы болғандығын білеміз. Онда, Интернеттің қауқары мен әлеуетін ескере отырып, айтысымызды да тек, белгіленген орын мен белгілі тұлғының өмірене арнап сол күнді күткеннен гөрі виртаулды дүниеде онлайн-айтыс деп жаңа заманға ыңғайлаған дұрыс шығар. Бұл әрине тек онлайн ғана айтысу керек деген сөз емес. Қайта Айтысты дүние жүзіне таныту деп есептегеніміз дұрыс болар. Оның үстіне келе алатын, келе алмайтын обылыс-обылыстардағы айтыскерлерді бір жерге жинап әбігерге салғаннан гөрі, бір айтыскер Шымкентте екіншісі Үрімжіде ал, аудитория бүкіл дүние жүзі болып, онлайн дауыс берсе қалай…

Бұл аспаннан түскен жаңа ой емес, Azattyq.org сайты соңғы уақыттары осы іспетті айтыс ұйымдастырып жүргені белгілі. Олай болса, мемлекеттік деңгейде қолдап, тек бір беткейлі аталмыш сайтта ғана емес басқада сайттар төңірегінен ұйымдастырылса нұр үстіне нұр болар еді. Сонда ғана жаңа медиа саласында айтыстың кезкелген ақпарат құралы іспетті жаңаша түрленіп, ұрпақтан-ұрпаққа жете беруіне жол ашар едік.

Саудбаев Мадияр

ҚазҰУ докторанты.

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Айтыстың публицистика екенін менің әріптесім Қойлыбай Асанов жазып, ғылыми тұрғыдан зерттеп қойған, әл Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінде докторлық диссертациясын да сәтті қорғаған. Осы тақырыпты қозғағанда осы ғалымның еңбегіне де сүйенген дұрыс болады деп есептеймін. Әрине айтыстың функциясы өзгерген. Заманның шындығын сахнада қасқайып тұрып айту осы айтыстың еншісіне бұйырыпты. Айтыс қанша ғасыр өтсе де құнын жоймайтын, тың ойлар мен қоғамда қордаланған мәселені ту етіп көтерген публицистика екені сөзсіз. Дегенмен оны журналистиканың жанры ету асығыстық. Оның өз функциясы бар.

    • Айтысты алғашында фольклор, яғни халық даналығы ретінде қазақ даласын арнайы мақсатпен зерттеген көптеген патшалы ресейдің ғалымдары зерттесе. Кейін жоғарыда айтқанымыздай Мұхаң. Сәбит, Өзбекәлі т.с.с ағаларымызда зерттеген. Дегенмен Қойлыбай ағамыз, бүгінде Бауыржан Карипов бауырымызда айтыстағы репортаж тақырыбында зерттеп жүр. Әлі де зерттелуді қажет етеді. Тіпті, қытайда белігілі бір ЖОО орнында айтыс факультеті де бар екен. Дегенмен, айтысты тек белгіленген датада ғана емес, телеарналардан апталық ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар іспетті түрлендіріп шығарса меніңше нұр үстіне нұр болар еді. Сонда айтыс журналистика арқылы түрленсе, журналистика да айтыс арқылы жаңаша сипат алар еді. Дегенмен уақыт баршамызға төреші. Пікіріңізге рахмет!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар