Әлемге тарыдай шашырап кеткен қазақтардың тағдыры туралы айту ауыр әрі заман зобалаңын елестетеді.
Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы, Сарыағаш өңірінде кіндік қаны тамған, Америкада өмір сүрген, руы Қоңырат Күнтуған қариямен мен 1994 жылы Нью-Йоркте кездесіп, ұзақ әңгімелескенім бар. Өйткені Күнекең АҚШ-қа алғаш келген қаламгерлерді көрген кісі екен.
Сталин өліп, жылымық басталған елуінші жылдардың ортасы мен алпысыншы жылдардың басында ол кезде «ата жауымыз» атанған АҚШ-қа КСРО-дан ғалымдар, жазушылар және журналистер шығармашылық сапармен келе бастайды. Бұдан қырық жыл бұрын Қазақстаннан АҚШ-қа журналист ретінде келгендердің алғашқысы қазіргі белгілі қаламгер Нұрмұхан Оразбеков ағамыз еді. Мұның алдында ұлы жазушы Мұхтар Әуезов және сол кездегі «Социалистік Қазақстанның» («Егемен Қазақстан») редакторы Қасым Шәріповтер келіп, АҚШ штаттарын аралайды. Қ.Шәріпов Н.С.Хрущевпен делегация құрамында келген.
Нью-Йоркта тұратын Күнтуған қарияның тағдыры жөнінде біраз жаздым. Қазақстандағы туған-туыстарымен де кездестім. Бірде «Қазақстан» баспасында басшылық қызметте жүрген Күнекеңнің жерлесі Нұрекеңе келіп, белгілі газеттің тілшісі ретінде сұхбат алдым. Сөз арасында Тәуелсіздіктен кейін АҚШ-қа барып, ондағы қазақтармен кездесіп, әңгімелескенім жайында айттым. Нұрекең Нью-Йорктағы Күнтуғанды, тағы да басқа қазақтарды біледі екен. КСРО кезінде шетелге кеткен орыстар мен қазақтар жайында маған біраз мағлұмат берді. Әсіресе, шетелге кеткен орыс босқындары емес шовинистерінің бұратана халықтарға деген ежелден келе жатқан империялық көзқарастарының теріс болғаны жөнінде айтты. Эмигрант шовинистер Одақтас Республикаларды танымайды екен. Оның ішінде Қазақстан да бар. Кеңес Үкіметі кезінде қаналушы ұлттардың теңдік алғанын олар ұнатпаған. Эмигрант шовинистер бұратаналардың сол отарлық езгіде қалғандарын көксейді. Еуропадағы бұрынғы патша генералдары мен зиялыларының ұйымдары жөнінде Нұрекең мен бұрын естімеген талай құпияның бетін ашты. Кеңес Үкіметі кезінде халыққа айтылатын және айтылмайтын құпия нәрселер болған. Сөйтіп, Нұрекеңнен КСРО-ның ішкі және сыртқы саясаты жөнінде көп жайларды өз аузынан естідім. КСРО-ның сыртқы жаулары туралы деректер ол кісіде көп екен. Өйткені Нұрекең тек журналист емес сол кездің саясатын терең білетін сұңғыла еді.
90-шы жылдардың ортасында Тәуелсіз ел ретінде Қазақстан мен Қытай арасында шекараны заңдастыруға байланысты құжатқа қол қойылды. Осы тарихи оқиғаға байланысты «шекара мәселесі» түбінде баянды бола ма деп сауал қойғаным бар. «Күдіктенбей-ақ қой, бәрі баянды болады» деді Нұрекең. Елбасы ұстанған шекараға байланысты саясаттың дұрыс болғанын қазір уақыт көрсетіп отыр.
Ұлы Димекең Қонаев белгілі мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасынов туралы естелігінде ерекше тоқталып, айтады. Нұрекең сол Нұртас ағамыз туған қасиетті Түркістан өңірінің түлегі. Нұртас жайында жазылған естелік кітапқа пікір жазған. Димекең дәуіріндегі кемеңгерлердің бірі – Нұртас Оңдасыновты құрметтеуші Нұрекең белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерімен жиі кездескен, біразымен дос болған.
Нұрекең журналистер қауымы арасында тұлғалық қасиеті мен батылдығына байланысты аты аңызға айналған қаламгер. 1991 жылғы тамыз бүлігі кезінде Қарағанды облыстық газетінің редакторы Нұрмұхан Оразбеков осы оқиғаны билікке таласушылардың «төңкерісі» деп жазады. Шынында бұл төңкеріс еді. Бас хатшыны тағынан тайдыруды ойлаған топтың сорақы әрекеті кейін әшкереленді. Өйткені саясатта қырағы журналист ретінде сайыпқыран Нұрекең «тақ таласындағы» сойқанның түпкі мақсатын түйсік қуаты арқылы дәл біліп, өз ұстанымын батыл айтқан көрегендігімен көзі тірісінде есімі тарихта қалып отыр. Нұрекеңнің бұл ерлігі жайында онымен 4-5 жыл бірге қызмет еткен, белгілі қаламгер «Алаш» сыйлығының иегері Қуандық Түменбай «КСРО журналист-редакторлары арасында дәл осы қаламгерге теңесетін тұлға болған емес» – дейді. Қуандық Нұрекең ерлігіне байланысты теледидарда арнайы сұхбат жүргізіп, оның есімін жалпақ жұртқа жария еткен еді.
Алматыда Қазақ Телеграф Агенттігі деген мекеме болды. Яғни, ҚазТАГ Республикаға белгілі ақпарат орталығы еді. ҚазТАГ-та Нұрекең басшылық қызметтердің бірінде ұзақ жыл еңбек етті. Жедел аударма, Үкіметтік қаулы-қарарлар мен пленум, съезд материалдары алдымен ҚазТАГ арқылы тарайтын. Сондай-ақ ТАСС хабарлары да орыс тілінен қазақшаға сәтінде аударылып, күнделікті газеттерге жарияланатын. Бұл өте жауапты және саяси қырағылықты талап ететін жұмыс еді.
Мен қазір жасы 75-ке келген Нұрекеңмен алғаш осы ҚазТАГ-та өзінің кабинетінде таныстым. Бұл жаңылмасам 80-ші жылдардың орта тұсы болатын. Бір Пленумға байланысты ресми ақпаратты алуға келген тілші едім.
– Күте тұр, інім. Қазір дайын болады, – деп бір қызметкеріне менің шаруамды айтты. Өте салмақты, сабырлы әрі артық сөзі жоқ Нұрекең менің есімде ерекше қалды. Содан бері отыз жылдың қалай өте шыққанын білмей қалдым. Былтыр «Ақиқат» журналының 90 жылдық мерейтойында осы басылым редакторларының бірі ретінде сұхбат берді. Өзі қызмет еткен кезең жөнінде айта келіп, соңында белгілі журналист мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбаев туралы әңгімеледі. «Қазақстан» баспасының қазіргі тіршілігін тілге тиек етті. Осы баспадан шығатын «Қазақ күнтізбесі» Нұрекеңнің құрастыруымен жыл сайын үзіліссіз шығып келеді.
Бір мақалада бәрін айту мүмкін емес және Нұрекеңмен асықпай отырып әңгімелесудің сәті түспеді. Тапсырма шұғыл болғандықтан Нұрекең жайында өзім білетіндерді ғана қағазға түсірдім. Ол кісі туралы әлі көп жазылар. Мен үшін қазақ журналистері арасында алғаш АҚШ-қа барып, «капитал әлемі» жайында кітап жазғаны қызықтырады. Нью-Йорктегі Күнтуғанмен кездесіп әңгімелесуі ерекше есте қалады. Айтпақшы, Нью-Йорктегі Күнтуғанның үйінде М.Әуезов, Ш.Айманов, министр Ш.Шаяхметов болған. Ал, Нұрекең кейін Күнтуғанның үйінде тағы қонақта болып, үстіне шапан жабады.
Жетпісінші жылдардың басында шыққан «Капитал ордасындағы 18 күн» атты сапарнама кітабында Күнтуғанның тағдыры жайында айтады. Бірақ «кеңестік цензура» Күнекең жайындағы тарауды кітаптан алып тастайды. АҚШ-та Нұрекең Күнтуғанның досы қырғыз Алтай атты жігітпен кездесіп, онымен де әңгімелеседі. Атақты Кеннедилердің бірімен жүздесіп, жолығады. Орта Азиядағы АҚШ-қа тұңғыш барған Нұрекеңнің кейін толықтырылып жарыққа шыққан «Мұхиттың арғы жағы, бергі жағы» атты кітабында сол кездегі әлемдік саясаттың қыр-сырлары қызықты баяндалады.
Оннан аса кітаптың авторы, «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері», «Парасат» орденінің иегері Нұрекеңнің еңбегі қаламгер қауымға, кейінгі журналист жас толқынға өнеге әрі үлгі. Міне, сондықтан қарымды қаламгер жайында айту, еңбегін дәріптеу біз үшін парыз.
Ораз ҚАУҒАБАЙ,
«Ақиқат»