Тілім-тілім тілінген,
Айналайын, түріңнен.
Мың балталап жатса да,
Міз бақпаған діліңнен.
Біреу зорлық қылады
Жұламын деп түбіңнен.
Біреу қорлық қылады,
Қорыққанынан түгіңнен.
Ал алдыңа талай хан,
Талай патша жүгінген.
Талай шешен жаңылып,
Талай тұлпар сүрінген.
Талай мұрын қан жалап,
Талай азу сүрілген.
Сенің тарих көрмепті
Кездеріңді бүгілген.
Жауып-жауып күркіреп,
Жай бұлтындай түрілген,
Жауды көрсе жайнаған,
Жалаудайын тігілген,
Айналайын, Әз Тілім,
Бүгін сенен жериді,
Қанқұрт түсіп өз ұлың
Өзегінен бүлінген.
Айналайын, Әз Тілім,
Әз Тілім,
Қара тұяқтан,
Кеткен жоқ хал түңілмен!
Басталады болашақ,
Ертең емес, бүгіннен.
Туыңды мәңгі жықпайтын,
Мен бар,
Ол бар,
Біз бармыз,
Талай өліп, тірілген!
Айналайын, түріңнен!
Айналайын, түбіңнен!
Айналайын, Әз Тілім!
Бақытбек Бәмішұлы
19.12.2012 ж
Парақшамызға жазылыңыз
Әз тілім. Ғажап өлең.