///

Қабдеш ЖҰМӘДІЛОВ. Бір қызық сапар

1112 рет қаралды

Бір ұрты май, бір ұрты қан Совет өкіметінің басқасын былай қоя тұр­ғанда, ақын-жазушыларға қамқорлығы көп еді ғой. Жазушыларды ақшадан тарықтырмай, шыққан кітабына мол қаламақы төлеудің сыртында, қаламгерлерді қалада қамап отырмай, уақ-уақ ауыл аралатып, елге шығарып отыратын-ды. Сол үшін жазушылар одағында «Әдебиетті насихаттау бюросы» дейтін арнаулы кеңсе құрылды. Өзінің дербес директоры, қызметкер­лері, буғалтері, мөр-таңбасы бар. Бюроның қызметкері күні бұрын аудандарды аралап, шаруашылық басшыларымен келісімшарт жасап қай­тады да, әр ауданға жазушыларды ке­зе­гімен жіберіп отырады. Бір ауданда кемінде отыз кездесу болады. Кездесу ақылы. Ұмытпасам, әр кездесу үшін жазушыға он бес сомнан төледі-ау дей­мін.
Бұл жазушыларға барынша пайдалы еді. Табыс табудың сыртында, ел кө­ресің, жер көресің. Кейде жаңа шығармаға тақырып тауып қайтасың. Алайда, насихаттау бюросының да өз қағидалары бар еді. Ондай іссапарға кім көрінгенді жібермейді. Іссапарға үш адам шықса, топ бастығы, міндетті түрде, танымал жазушы, кемінде одақтың басқарма мүшесі болуы керек. Ол адам ертіп шығатын бригадасын өзі таңдауға ерікті. Не болмаса тілек біл­дірушілерден бюроның өзі жасақтайды. Мен қаланың у-шуынан, қапырық ауасынан зеріккенде, жылына бір-екі рет осы бюро арқылы қырға шығып тұра­тынмын.
Ұмытпасам, өткен ғасырдың жетпі­сінші жылдарының орта шені болар, сол кезде республикалық баспалар ко­митетінде істейтін жас әдебиетші, қа­зіргі танымал жазушы, ақын Қажытай Ілиясов маған келіп, мынадай қолқа сал­ды.
– Қабеке, біздің кеңседе іссапар де­ген атымен жоқ екен. Іш пысып, жа­рылу­ға айналды. Мені бір жаққа ертіп апарсайшы!
– Қайда барғың келеді?
– Жазушылар одағында Әдебиетті насихаттайтын бюро бар дейді. Солар кәдімгідей ақша төлеп, жұртпен кездесуге шығарып тұрады екен. Басқалар бізді «үйіріне» қоспайды. Сен де бір топ құрып, бізді өзіңмен бірге алып шық­сайшы…
– «Бізің» кім сонда?
– Мен және керемет ақын Жұматай Жақыпбаев…
– Ол «кереметің» қайда тұрушы еді?
– Талдықорғанда… Іссапарды Тал­дықорғанның бір ауданына алсаң, тіпті жақсы. Жұматайды жол-жөнекей қосып аламыз.
Қажытай екеуіміз «қызыл сызық­тан» қол ұстасып бірге өткен адамбыз ғой. Маған артық-ауыс базына-тілекті сол ғана айта алады.Оның еркелігін мен ғана көтеремін… Қажытай да, Жұматай да ол кезде бір-бір жинағы шыққан жас ақындар. Одаққа мүше емес. Екеуін бірдей қосып алғанымыз қалай болар екен? Ал, Қажытайдікі – «тышқан інге кіре алмай жүріп, құй­рығына қалжуыр байлапты» дегеннің кері. Ал Жұматай дегені орнынан табыла қоя ма, жоқ па, ол да белгісіз.
– Жарайды, мен бюромен сөйлесіп көрейін, – дедім Қажытайдың көңілін қимай.
Ол кезде Әдебиетті насихаттау бю­росының директоры – Қалмұқан Исабаев ағамыз. Обалы кәнеки, ол кісі менің бетімнен қақпай, қалаған жері­ме жіберіп тұратын. Ертеңіне сол кісіге бардым да:
– Қалеке, ми сергітіп қайтпасақ бо­латын емес. Мені Талдықорған об­лы­сының бір ауданына жіберіңізші! – дедім.
– Көрелік. Талдықорғанда біздің дайын договорымыз бар ма екен? – деп Қалекең алдына картасын жая бастады. – Бар екен, – деді әлден уақытта. – Тек Бөрлітөбе ауданы ғана қалыпты.
– Бөрлітөбеңіз қай жақта еді?
– Балқаштың жағасы, теміржолдың бойы. Өзің пойызбен Семейге қарай жүргенде, Ақтоғай, Матай, Лепсі деген стансалардың үстінен талай өткен шы­ғарсың…
– Ылғи тарсылдаған теміржол ма – баратын жеріміз?
– Жоға, жолдың екі жағында мал совхоздары сыңсып отыр.
– Жарап тұр, барамыз! – дедім мен басқа таңдау болмаған соң. – Балқаш­тың жағасы болса, қалың құмның іші­не бұрын көп ешкім бармаған шығар, тіпті жақсы…
Қалекең сол арада тартпасын ашып, Бөрлітөбемен жасалған келісім­шарт­тарын шығара бастады.
– Айтпақшы, қасыңда кімдер болады? Мен қосайын ба, әлде өзің таң­дап аласың ба? – деді қағаздан бас көтермеген күйі.
– Мен оларды таңдап алып та қой­дым, Қалеке!
– Кімдер олар? Мен аттарын атап, бұйрыққа қол қоюым керек қой…
– Жас сықақшы Қажытай Ілиясов пен жас ақын Жұматай Жақыпбаев… Бұрын мұндай сапарға шықпаған жі­гіттер.
– Екеуі де құнан емес, «тай» екен (ұй­қасқан аттарының соңғы буынын айтып отыр). Байқа, өзіңе ауырлық келтіріп жүрмей ме? – деді Қалекең сақтық айтып.
– Ештеңе етпейді. Екеуі де талантты жас перілер…
– Мен сол «перілерден» қорқам – деді Қалекең. – Екеуі де одаққа мүше емес, елге барған соң бүлдіріп жүр­ме­сін.
– Құдай сақтар. Тентектік істесе, тез­ге салып алармыз.
– Ендеше, жауапкершілік өзіңде. Біз сені ғана білеміз, – деді директор кесетіп.
Сонымен, бюродан он күнге же­терлік жол қаражатын алып, Қажытай екеуіміз аттанып кеттік. Талдықорған әуежайында бізді обкомның жауапты қызметкері қарсы алды. Қала шетіндегі обкомның резиденциясына әкеліп орналастырды. Демек, бүгіннен бастап обкомның қонағымыз. Біз үшін тамақ та, жататын орын да, бәрі тегін. Бізге бекітілген үгіт бөлімінің қызметкері жанұшыра қызмет етіп жүр. Біздің сапа­рымыз сол күндері облыстағы маңызды оқиға болып саналады. Өйткені «Әдебиет – партиялық істің бір бөлегі» (Ленин). Аузы дуалы ақын-жазушылардың көмегімен партия өз ойларын жүзеге асырып отырады.
Ендігі міндет – тағы бір серігіміз Жұматайды іздеп табу. Кеше ғана елеусіз көшеде жүрген Жұматай – бүгін қадірлі адамның бірі. Себебі, Жазушылар одағы жіберіп отырған арнаулы топтың мүшесі. Қажытайдың айтуынша, ол облыстық газетте ме, радиода ма, бір жерде қызмет істеуге тиіс. Бізге бекітілген обком қызметкері енді Жұ­матайды іздеп сабылуда. Бірақ ол еш жерден таптырар емес. Оның облыс­тық газетпен де, радиомен де байланысы бары рас екен. Бірақ «штаттан тыс» қызметкер көрінеді. Қалаған уақытта келіп, жазғандарын өткізеді де, ары қарай өз билігі өзінде, жүре береді.
Жұматайдың әкесінің қоражайы, туған ағасы сол қалада екен. Сұра­с­тырғанда, олар да ештеңе білмейтін болып шықты… Ақыры, оны білетін сыралғы таныстарының бірі:
– Қазір қалада облыс шопанда­ры­ның слеті өтіп жатыр. Жұматай, дәу де болса, сол шопандар жатқан қонақүйде сайрандап жүрген шығар, – деп жөн сілтеді.
Біз, ақыры, шопандар орналасқан қонақ үйге бардық. Уақыт болса өтіп барады. Мен теріме сыймай ыза бола бастағам. Ауданға Жұматайсыз-ақ кете бергім келіп еді, оған Қажытай шырылдап көнбейді. Екеуінікі не достық екенін білмеймін, Жұматай десе жанын қиюға әзір… Ақыры, қонақ үйге кіріп кеткен Қажытай не заманда, бір бөлмеде ұйықтап жатқан жерінен Жұматайды тауып, алып шықты.
Бірақ ол мына қалпында жолға шығуға дайын емес-ті. Өзі де, үстіндегі киімі де… Оны ауданға апару үшін әлі біраз дайындық керек. Баннаға салып жуындыру, мұртын басып, сақалын алу, сонан соң іссапарымызға сай киін­діру деген сияқты… Сөйтсек, Жұма­тайдың тұрақты мекен-жайы жоқ екен. Бір қызы мен әйелі бұдан бөлек тұратын көрінеді. Жұматайда не көп – жолдас көп. Солардың ортасында көрінген үйге қона салып, «жаяу сері» боп жүр­ген жайы бар екен. Оны тастап кетейін деп бір оқталдым да, мынадай қорған­сыз халін көріп , тағы аядым.
Облыстық газетте Жұматайдың та­ғы бір досы, ақын Әбен Дәуренбеков істейді. Енді оның жолға шығуына сол Әбен көмектесті. Ол Жұматайды үйіне ертіп барып, жуындырып-шайынды­рып, жол жүруге кәдімгідей дайындады. Екеуінің размері (бойтұрқы) мұн­дай дәлме-дәл келер ме, Жұматайға та­за көйлек, костюм-шалбар кигізіп, аяғындағы тәуір бәтеңкесіне дейін ше­шіп беріпті. Міне, жолдас болсаң осын­­дай бол! Қайтсын байғұс, ел атына, ақындар атына кір келмесін дегені ғой.
Осыдан кейін ғана мен обкомға хабарласып, өзіміздің жолға шығуға дайын екенімізді білдірдім. Бұл түс ауып қалған кез еді. Ондағы үгіт бөлімінің бастығы да бізге алаңдап отыр екен.
– Онда бүгін жүріп кетіңіздер. Аудан сіздерді күтіп отыр, – деді ол бізді жолға салғанша асығып. – Сіздерді ауданға өз машинасымен обком мүшесі Непейпиво апарады.
Мен басында ештемеге түсінбей аңырып қалғам.
– Кешіріңіз, бұл араға пиво ішудің не қатысы бар? – деппін аң-таң болып. Бөлім бастығы қарқылдап күліп жібер­ді.
– Қабеке, түсінбей тұрсыз. Непейпиво – кісінің фамилиясы. Біздегі облыстық орыс газетінің редакторы – сол Непейпиво жолдас.
– Мәйлі, бізге «Непейводка» болса да бәрібір. Тек көлігі жайлы болса бол­ғаны, – дедім мен де күле тіл қа­тып.
Не керек, күн еңкейе теміржолдың Матай бекетіне орналасқан аудан ор­талығына да келіп жеттік-ау! Айт­қанындай, бізді аупарткомның идеология хатшысы Совет Кенжебеков бастатқан біраз адам күтіп тұр екен. Үшеуімізді қонақүйлерінің тәуір деген бөлмесіне орналастырып, келген құрметімізге шағын қонақасы берді.
– Үлкен қабылдау ертең, көл жаға­сын­да болады. Оған аупарткомның бі­рінші хатшысы Құндақбаев жол­дастың өзі қатысады – десті бізді қарсы алушы­лар.
Осы отырыста аптаға созылатын сапарымыздың графигін белгіледік. Әр күні өтетін кездесулердің сағат-мину­тына дейін қағазға түсті. Қасы­мызға аупартком кісі қосады. Асты­мызға құмға батып қалмайтын сенімді көлік береді… Көрдіңіз бе, біз енді ауданның қонағымыз. Қашан қайт­қанымызша, әр қадамымызға аупартком жауапты.
Айтыстарына қарағанда, бұл өңір бір кезде Ақсу, Қапал, Сарқант аудан­дарының мал отарлататын қыстаулығы екен. Кейін ел іргесі кеңейіп, мал басы артқан кезде, жол бойындағы теміржол бе­кеттерін қосып, өз алдына дербес аудан құрыпты. Мал совхоздарының дені құм арасында. Балқаш жағасында балық шаруашылығы да бар. Тораңғы тоғайының іші – толған қырғауыл. Сонымен таразының бір басында – мал баққан ел, екінші басында – балығы тулаған көл. Егер ұқсататын кісі болса, бұл аудан ешкімге алақан жаятын түрі жоқ.
Ертеңінде алғашқы кездесуіміз Мұқан Төлебаев атындағы совхоздан басталды. Осында Мұқанның мұра­жайы бар-тұғын. Алдымен соған ат басын бұрып, тауап еттік. Ұлы композитор Қазақстанның тұңғыш әнұранын осында отырып жазған… Түскі кездесу совхоз орталығында өтті де, кешке қарай көл жағасындағы бөлімшеге келдік. Бөлімше болғанымен, «соңғы түйенің жүгі ауыр» болатын түрі бар. Себебі, кешкі отырысқа бірінші хатшы Құндақбаев қатысады.
Екі жердегі кездесу де ойдағыдай жақсы өтті. Бұлар, шынында да, жазушылар көп шиырламаған, жиыннан ығыр болмаған, әлі сонысы басылмаған өлке екен. Халықтың әдебиетке, көркем сөзге деген ықыласы суымаған. Қанша дегенмен, Ілияс Жансүгіров пен ақын Сараның, Мұқан Төлебаев пен Ғали Ормановтың елі емес пе, өздерін сол деңгейде ұстағысы келеді… Ілияс – олар үшін мәңгілік мақтаныш. Сол алғашқы кездесуде Матайдың бір ша­лы Қажытайға қарап:
– Шырағым, ныспың Ілиясов екен. Біздің Ілекеңнің бірдемесі емессің бе? – деп сұрап қалды. Тосын сұраққа Қажытайдың сасыңқырап қалғанын сезіп, мен іліп әкеттім.
– Ақсақал, біз бәріміз де Ілекеңнің бірдемесіміз – дегенімде, жұрт жабыла қол соқты.
Жалпы, кездесу тәртібін былай бел­гілегенбіз: алдымен, бізді бастап жүрген аупартком өкілі (кейде хатшы, кейде бөлім бастығы) бізді жұртшылықпен таныстырады. Сонан кейін сөз маған беріледі. Мен жалпы әдебиет туралы, өз шығармаларым жайында әңгі­ме­лей­мін. Онда қазіргі атақ-дәрежемнің еш­қайсысын алмаған кезім. Бірақ, оқушы қауым мені жақсы біледі. Өйткені «Соңғы көшті» жұрттың бәрі оқып алған. Ол роман осыдан үш-төрт жыл бұрын «Жұлдыз» журналының бірнеше нөмерінде 200 мың тиражбен тараған ғой. Онда «Жұлдыз» журналы малшы қауымның қойны-қонышында жүретін кезі. Әңгіме соңында сұрақ д­егенің жауып кетеді.
Менен кейін Қажытай мен Жұматай өлең оқиды. Қажытайдың қалжыңға толы әңгімесі мен сықақ өлеңдерін тыңдап, жиналғандар күлкіге қарық болады. Жұматайдың да лирикалық өлеңдері жақсы екен. Әзірше тақырып аясы тым кең де емес. Оқитыны – көбін­ше екі тақырып. Өлеңдерінің дені Ләйлі деген қыз бен Кенежирен деген сәйгүлікке арналған. Ләйлі – ақынның қосылмай қалған ғашығы. Оған деген құштарлығы бір суымай, бір жинақ бойында ішкі сырын үздігіп айтады да отырады. Жалпы, Жұматайды қағаздан оқу керек екен. Сахнада өз өлеңін жақсы оқи алмайды. Дауысы танауынан арыға ұзамай, сөздерінің жартысын жұтып, быдыңдап кетеді. Әйт­кенмен, жүйрік ат пен ғашықтық жыр­ларға ауыл жастары құмар-ақ.
Кездесуіміз біршама тәуір өтке­німен, алғашқы күні бізде сәл-пәл «ЧП» бола жаздады (ЧП – «черезвычай­ное проишествие» – қазақшасы «төтенше оқиға»). Екінші ауылдың бір ерекшелігі, қонақтарға арнайы үй тігіліпті. Кездесуден соң, көл жағасын­дағы сол үйге апарды. Біз далада аялдап тұрғанда, екі-үш нөкерімен бірінші хатшы Бек Құндақбаев келді үстімізге. Сөйтсек, кеше айтылған «хатшының арнаулы қабылдауы» осында өтпек екен. Айтса айтқандай, жасау-жиһаз­ды, сән-салтанатты киіз үй. Майысып тұр­ған дастарқан… Не жоқ дейсің бұл үй­де?! Құстың сүтінен басқаның бәрі бар.
Бірінші хатшы – қырықтың ішіне енді ілінген, орта бойлы, жылы жүзді, әдебиеттен де мол хабары бар, өте сыпайы жігіт екен. Бірден тіл табысып, шүйір­келесіп кеттік.
– Жігіттер айтты, алғашқы кездесу­леріңіз жақсы өтіпті! – деп бізді кө­термелеп қойды. – Ал, енді біздің ел­де еңбек еткен адамның ішіп-жеуге ерік­ті екенін білесіздер. Кәне ас алыңыздар!
Дастарқанда ас мол: үсті-үстіне келіп жатыр. Бағланның басы тұрыпты ғой, одан басқа балқаштың балығы, қырғауылдың қуырдағы, неше алуан жылы-жұмсақ, тәтті дәмділер. Ішім­діктің түр-түрі. Мұндайда аудан басшылары, совхоз жетекшілері қонақтың келуін сылтауратып, өздері де бір «дема­лып қалатын» әдеті. Тартынбай ішіп-жеп жатырмыз.
Әйтсе де, менің көңілімде бір алаң бар. Уақ-уақ қасымдағы серіктеріме қарап қоямын. Олар арбаға жаңа же­гілген, мінезі шалкем-шалыс аттар секілді. Солар мына дастарқан сынынан сүрінбей өтсе екен деп отырмын. Екеуі де мұндай қонақасы-банкеттерде көп болмаған жігіттер ғой, сыр алдырып жүрмесе болғаны. Олай ойлауға себеп, маған олардың арақ ішу мәнері ұнамады… Тегін арақ табылса сілтей беретін сол баяғы студенттік машық. Байқап отырмын, рюмканың түбінде тамшы қалдырмай төңкереді-ау! Ақы­ры, «қаупің неден болса, ажалың содан» дегендей, серіктерім сыр бере бас­тады. Кеше ғана Талдықорғаннан талықсып шыққан Жұматай отырыс­тың аяғына жетпей «қор» етіп, ұйықтап кетті де, Қажытайдың да тілі күрмеліп, артық-ауыс сөздер айта бастады… Қонақтар қатардан шығып қалған соң, отырысты ертерек доғаруға тура келген. Бірінші хатшы өте сыпайы, кең адам екен:
– Бұлар – ақындар ғой… Ақынға мұндай еркелік жарасады, – деп мені жұбатқан болады.
Ал, менің қандай ызаға булыққа­ным­ды сұрамаңыз! «Иттер, қолыма қа­зір түсерсіңдер!» деп, қонақ үйге жеткенше асығып келемін. Іштей: «Әй, өзіме де сол керек, осы екі жындыны ертіп шығып нем бар еді» деймін өзім­ді-өзім қажып.
Қас қарая қонақ үйге жеткенбіз. Бөл­меге кірісімен Қажытай мен Жұма­тайды шақырып алдым да:
– Қазір кешкі сағат онда Алматыға қарай пойыз жүреді. Екеулерің затта­рыңды жинап алыңдар да, сол пойызбен қайтыңдар! – дедім түсімді суытып.
Жәй домбыту емес, шын ойым да сол еді. Тағы бір масқараға ұшырамай тұрғанда екеуін жолға салып, біржола құтылғым келген.
– Неге олай, Қабеке? Алда халық­пен кездесу бар емес пе?! – деді өз кінәсін сезе бастаған Жұматай өтірік аңқау­сып.
– Оған алаңдама, қалған кездесу­лерді өзім жеке өткіземін. Екеулерің үшін белбеуіме екі қурайды қыстырып алам да, жалғыз тарта берем…
– Неден жаздық? Кездесу жаман өтпеген сияқты. Өлеңдеріміз жұртқа ұнады, – деді Қажытай қызарақтап.
– Өлеңдеріңде дауым жоқ. Бәлкім, таланттарың да бар шығар, – дедім сазарған күйі. – Бірақ екеулерің де кісі емессіңдер!… Өздеріңді дастарқан басында қалай ұстауды білмейсіңдер. Ұят-ай, алғашқы күні-ақ сыр алдыр­дың­дар-ау!
– Не боп қалды соншама? – деді Қажытай әлі де иіле қоймай.
– Не болушы еді… Әй, осы арақтан әкелерің өлді ме, сендердің? Тақ бір құндарың қалғандай шөпектеп, ыдыстың түбіне дейін ішетіндерің не? Нәтижесі не болды? Отырыстың аяғы­на жетпей екеулерің де құлап қал­дың­дар…
«Е-е, арақ екен ғой – айтып отыр­ғаны» дегендей, екеуі бір-біріне қарап қойды. Біршама жеңілейіп қалғандары байқалады.
– Ойбай, ағатай, онда кездесу біт­кен­ше, арақ ішуді тас қояйық! – деді Жұ­матай шыр-шыр етіп.
– Мәселе арақта тұрса, оның жарасы жеңіл ғой, – деді Қажытай одан гөрі немкеттілеу үнмен.
– Арақты ауызға алмау да – шынайы шешім емес, – дедім мен. – Дастарқан басында сендерді қалай қаң­тарып қоям? Оны жұрт қалай түсі­неді? Егер келіссеңдер, бұдан былай сапарды жалғастырудың бір ғана шарты бар.
– Айтыңызшы, Қабеке! Қандай шарт қойсаңыз да орындаймыз.
– Иә, орта жолдан қайтқанымыз ел-жұрттан ұят қой, – деп екеуі енді маған жалына бастады.
– Онда былай болады: дастарқан басында маған қарап отырасыңдар. Мен рюмканың қай жеріне дейін ұрт­тасам, сендер де сол мөлшерде тоқтай қаласыңдар. Келістік пе?
– Келістік, ағатай…
– Бұдан кейін өзіңе қарап отырамыз! – десті екеуі жанұшыра уәде бе­ріп.
– Ендеше, сынақ мерзімін тағы бір күнге ұзартамын. Ертеңгі күннен аман өтсеңдер, сапарларың одан ары жал­ғасады.
Сапарымыз белгіленген график бойын­­ша жалғасып жатты. Әр күні жаңа бір ауылға барып кездесу өт­кіземіз. Кездесу соңы – көл-көсір дас­тарқан. Ол – қазір жұрт «тоқырау заманы» деп атап жүрген дәуір ғой. Менің есімде қалғаны – ол бір дастарқаны тоқ, уайым-қайғысы жоқ кезең болатын.
Келесі күні-ақ біздің «серілердің» тәртібі жөнге келе бастады. Дастарқан басында екеуі жымың-жымың етіп, мені бағып отырады. Бұрынғыдай ыдыс­ты түбіне дейін төңкеруді азайтып, олар да ұрттап қана қоятын болды. Бұрынғыдай шаршап-шалдығу, қалғып-шұлғу жоқ, сергек те, ширақ жүретін болған екеуі де.
– Қабеке, мынауыңыз жақсы болды-ау! Осыны бұрын неғып білмей келгенбіз? – дейді өздері тақ бір «Американы ашқандай» таңданып.
Аудан аралап жүргенде неше алуан «қызықтар» да ұшырасып қалады. Бір күні арғы құм ішінде жатқан «Құрақсу» аталатын ауылға бардық. Жолы тым қиын екен, тораңғы тоғайының арасында көлігіміз неше рет құмға батып, күн еңкейе жеттік-ау, әйтеуір. Совхоз басшылары жұртты мектепке жинап, бізді күтіп отыр екен. Бұл ауылда ана бір жылдары Құдаш Мұқашев деген ақын ағамыз төрт-бес жыл партком хатшысы болып істеген екен. Бұл өңірге сол кісіден басқа ат ізін салған жазушы болмаса керек.
– Бұл енді, сөз жоқ, қазақ мектебі шығар – дедім мен кездесу басталар алдында.
– Жоқ, кешіріңіз, бұл – орыс мектебі! – деді мектеп мүдірі.
– Қалайша? Мұнда орыстар тұра ма?
– Жоға, бұл жақта орыс қайдан болсын… Жоғарғы жақ жоспарға солай енгізіп жіберіпті.
– Сонда сабақты кім өтеді? Орыс мұғалімдері өте ме?
– Жоға, мынадай құм арасына ор­ысты қуаласаң келе ме. Сабақты білген орысшамызбен өзіміз-ақ өтіп жатырмыз…
Иә, Совет өкіметінің кейде осындай адамның ақылына симайтын зорлықтары да болушы еді-ау!
Сонымен, Бөрлітөбедегі сапарымызды бір аптада сәтімен аяқтап, пойызға отырып, Алматыға қайттық. Бұл – менің құмды өлке табиғатымен алғаш танысқаным болатын. Осы сапар кейін менің шығармашылығыма да елеулі із қалдырды. Мен шығарма жаз­ғанда, оқиғаны белгілі бір аймаққа «орналастыратын» әдетім бар. Бұл шығармаға нақтылық сипат береді. Осы сапар кейін менің «Бір топ тораң­ғы» атты повесім мен «Жемдеген қыр­ғауылдар» деген әңгімемнің жазылуына түрткі болды.
Ал, Жұматай үшін бұл сапар шешу­ші маңызы бар, бұрылыс кезеңі болды десек қателеспейміз. Сол жолы ол бізбен бірге Алматыға келді. Насихаттау бюросынан тиесілі ақшасын алып, Талдықорғанға сонан соң, бір-ақ қайт­пақ. Осы сапар барысында байқағаным, Жұматай осы бетінде Талдықорғанға барса, құрдымға кетері көрініп тұр.
– Сен енді Талдықорғанды қой, Алматыда қалатын бол! – дедім мен оған пойызда келе жатып. – Әдеби ор­та­ға келмесең, басқа жаңалық қоспай, тек Ләйліні жырлаумен өтесің…
– Келер ем, қызмет табылса, баспа­на­ға қол жетсе…
– Ол жағын ойластырайық. Сен ақшаңды алған соң Талдықорғанға бар да, тез қайтып кел. Оған дейін біз де қарап отырмаспыз…
Жұматай уәдесінде тұрып, жарым ай мөлшерінде қайта оралды. Ол келгенше қызметтің де басы қайрылып қалған. Ол кезде «Жалын» журналының бас редакторы Тұманбай Молдағалиев болатын. Тұмекеңнен ештеме жасырмай, егер дәл осы тұста қол ұшын бермесек, Жұматайдай талантты ақынның құрдымға кеткелі тұрғанын ашық айттым. Бір тәуірі, Тұманбай оны сырттай біледі екен.
– Ол әлгі Ләйлі туралы өлең жазатын мұртты жігіт қой, – деді бірден елең етіп. – Бірақ ол қызметке қалай екен? Бір орында табандап отыра ала ма өзі?
– Оған қызметтің айы өтіп жүр. Оты­рады! – дедім нық сеніммен.
Сөйтіп, Жұматай келісімен Тұман­бай оны жұмысқа алды. Ал, баспана жағына келсек, біздің үйдің дәл қа­сын­да (Жамбыл көшесі мен Иса Байзақов көшелерінің қиылысында) Мәдениет министрлігінің жатақханасы бар-тұғын. Онда бойдақ әртістер, әлі үй ала алмай жүрген үйлі-баранды әншілер тұратын-ды. Министрліктегі жігіт­термен жалғасып, әлгі жатақханадан Жұматайға бір бөлме алып бердік.
Жаңылмасам, сол бөлмеде Жұматай жыл­ға жуық тұрды. Кешкі асты, кө­бінше, біздің үйден ішетін-ді… Сонда бір байқағаным, сенің берген көмегің үшін, қол ұшын созғаның үшін, Жұ­матай саған рахмет айтып жатпайды. Оның пайымдауынша, ол өте талантты ақын. Өмірде ұшырасқан адамның бәрі оған қызмет көрсетуге міндетті. Мұн­дай мінез, бәлкім, оның төре әулетінен шыққандығынан болар, сірә.
Мен жұмыстан келген сайын төр алдында домбыраны тыңқылдатып, Жұматай отырады. Бір жолы менің қабағымдағы салқындықты аңғарды-ау деймін:
– Қабеке, мен болсам уағымен ара­ғымды ішіп, Талдықорғанда тайраңдап жүрген жан едім. Қарап жүрмей Алма­тыға алып келген – өзіңіз. Енді, амал жоқ, мені біразға дейін асырайсыз, – деп қалжыңдаған болды…
Зырлап бара жатқан заман. Міне, содан бері де отыз бес жылдай уақыт өтіпті. Жұматай – бұл күнде бақилық болған талантты ақындар санатында. Оның қазақ өлеңінің хас шеберлерінің бірі екеніне қазір ешкім таласпайды. Рас, тым асырып айтатындар да бар. «Жан досымыз еді, қолын біз жеткізіп едік» дейтіндер де аз емес. «Арамыздан қыл өтпей «тату» тұрушы едік» деп сен­діретін жесірлер естелігі өз алдына бір төбе.
Ал, біздің ондайлармен бәсекеге тү­сер жайымыз жоқ. Кейде әлгіндей шындыққа жанаспайтын, көпірме көп сөздерді естігенде, баяғы Бөрлітөбе сапары, ауыздықпен алысқан екі жас ақынға қалай «бас бүлдіріп» қайтқаны­мыз еріксіз еске түседі.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар