Желтоқсанның 20-сы күні жоғалып кеткен «Закон и правосудие» баспасөз клубының жетекшісі, журналист Тоқберген Әбиев кеше табылды. Ол Астанадағы бір пәтерді жалға алып, сонда жасырынып жатыпты. Астана қалалық полициясына берген түсініктемесінде ол өзінің осы ісі арқылы өзіне және өзінің жасап жүрген қоғамдық жұмысына жұрттың назарын аудармақшы болғанын айтыпты.
Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, Тоқберген Әбиевті іздеуге Астана қаласы мен республиканың барлық аймақтарының полициясы жұмылдарылды. Оның суреті барлық аймақтық бөлімшелерге жіберіліп, «мынау адамды көрдіңіздер ме» деп, жұртқа сұрау салынған. Тексеру жұмыстары кезінде Тоқберген Әбиев жасырынып жатқан пәтер анықталған. Оған баласы құпия жағдайда азық-түлік жеткізіп тұрған. Журналистің өзімен бірге ноутбук компьютері мен ұялы телефоны болыпты.
Тоқберген Әбиевтің жоғалып кеткені жөнінде 23 желтоқсан күні оның әйелі хабарлаған. Ол «күйеуімді үш тәуліктен бері іздеп таба алмай жатырмын» деп Астана қалалық полициясына арызданған. Оның айтуынша, Т.Әбиев 20 желтоқсан күні кешкілік үйінен шығып, офисіне барған. Ол ертесіне жоспарланған «Коррупционер түрмеде отыру керек» деген тақырыптағы баспасөз мәслихатына дайындалмақшы болыпты. Баспасөз мәслихаты болатыны жөнінде журналистерге смс хабарландыру жіберген. Баспасөз клубының қызметкері Андрей Тарановтың айтуынша, Т.Әбиев түнгі 10 шамасынада өзімен ноутбук алып, тағы бір материалдарды алып келмекші болып офистен шығып кеткен. Кетіп бар жатып ол А.Тарановқа өзін күте тұруын өтініпті. Бірақ, Т.Әбиев сол кеткеннен мол кеткен. Қалта телефоны өшірулі жатқан еді. Журналистер мен сөз бостандығын қорғау ұйымдары Т.Әбиевтің жоғалып кетуін оның қызметімен байланысты болуы мүмкін деген болжам жасаған болатын.
Serke.org
Парақшамызға жазылыңыз