(Қытай жазушысы Мо Янның Нобель мінберіндегі сөйлеген сөзі)
Швед Ғылым академиясындағы мәртебелі академиктер, ханымдар, мырзалар!
Меніңше, сіздер теледидар, яки ғаламтор арқылы шалғайда жатқан Гауми үстіртіндегі Дунби ауылы туралы азды-көпті хабардар болған шығарсыздар. Бәлкім, менің 90 жастағы кәрі әкемді, аға-әпекелерімді, әйелімді, қызымды және бір жастан төрт ай асқан жиен қызымды көрген болуларыңыз мүмкін. Бірақ мен ерекше сағына еске алатын бір адам бар, ол –менің анам. Сіздер мәңгілікке көре алмайсыздар, мен сыйлық алған соң, атақ-даңқыма көптеген адам ортақ болды. Әттең, анама осы күн нәсіп болмады.
Менің анам 1922 жылы туып, 1994 жылы дүниеден озды. Оны қыстақтың шығыс жағындағы шабдалы бағына жерледік. Былтыр сол жерге жаңа теміржол төселетін болды да, оның зиратын қыстақтан шалғай, басқа жерге көшіруге мәжбүр болдық. Қабірді ашқанда, табыт ағаштың шіріп, анамның сүйеккүлі топыраққа әлдеқашан араласып кеткенін көрдік. Амалсыз ырымын жасап, топырағынан біраз алып, жаңа қабірге көшіріп жерледік. Былайша айтқанда, анамның дәл осы кезден бастап қара жердің бір бөлегіне айналғанын сездім. Қара жердің үстінде тұрып сөйлеген сөздерімнің бәрін шешеме айтып жатырмын деп білем.
Мен шешемнің сүт кенжесімін. Кішкентай кезімде үйдегі жалғыз термосты көтеріп, коллективтің асханасынан су таситынмын. Бір күні аштықтан әлім құрып, термосты қолымнан түсіріп, шағып алдым. Қатты қорыққанымнан шөптің арасына тығылып, бір күн бойы шықпай жатып алдым. Іңірде шешем еркелеткен атымды атап, төңіректен іздей бастады. Шөптің арасынан шыға келгенімде шешем ұрсып, ұратын шығар деп ойлап едім. Шешем ұрған да, ұрысқан да жоқ. Бар болғаны басымнан сипап, ауыр күрсінді. Менің есімнен кетпейтін қасіретті оқиғаның бірі шешеме ілесіп, коллективтің атызынан бидай масағын теруге барғанда болды. Қорушы жетіп келді. Масақ тергендер жан-жаққа бытырай қаштық. Шешем шиаяқ болғандықтан, жүгіре алмай, ұсталып қалды. Әлгі еңгезердей егін қорушы шешемді құлақ түптен шапалақпен бір салды. Шешем теңселіп барып, жерге жығылды. Қорушы терген масағымызды алған да жоқ. Ысқырығын шалып, кердеңдей басып, жөніне кетті. Шешемнің езуінен қан шығып, жерде отыр. Сондағы торыққан бейнесі өмір бойы есімнен шықпайды. Көп жылдар өткен соң әлгі егін қорушымен базарда жолығып қалдық. Сақал-шашы қудай, кәрі шал болыпты. Баяғыдағы қорлығы есіме түсіп, көзімді қан жауып, кегімді қайтарайын деп ұмтылып едім, шешем мені ұстап алды да жайбарақат қана: «Ұлым, мені ұрған әлгі адам мен мына шал екеуі бір адам емес», – деді.
Маған тағы бір терең әсер қалдырған бір іс әлі есімде. «Ай күлше» мерекесі күні түсте, үйдегілер әрең бір сәті түсіп түшпара түйіп еді. Біреуімізге бір кішкене шыныдан ғана жетті. Түшпара жеп жатқанда бір тілемші қарт есігіміздің көзіне келді. Мен жарты шыны тәтті картоп қағын беріп, оны жолына салмақшы болып едім, ол маған ызбарланып: «Мен бір кәрі адаммын. Өздерің түшпара жеп, маған картоптың қағын беретін не деген қара жүрек едіңдер», – деді. Мен ашуланып, теріме симай: «Түшпара бір жылда бірнеше рет қана аузымызға тиеді. Біреуімізге бір кішкене шыныдан әрең жетеді. Жұмырымызға жұқ та болмайды! Саған тәтті картоп қағын бергеніме разы бол. Жесең же, жемесең жолыңа түс!», – дедім. Шешем маған ұрысты да, жарты шыны түшпарасын әлгі қарттың қолындағы шынысына салып берді.
Ең өкінетін бір ісім – шешеммен бірге көкөніс сатқанда біліп яки білмей көкөніс сатып алған бір қарттың 10 тиынын артық есептеп қойыппын. Ақшасын есептеп берген соң мен мектепке кеткемін. Оқудан тарап, үйге келсем, әдетте, көзіне көп жас алмайтын шешемнің жылып отырғанын көрдім. Шешем мені жазғырмады, бар болғаны ақырын ғана: «Ұлым, шешеңді ұятқа қалдырдың», – деді.
Мен он неше жасқа келгенде шешем қатерлі өкпе ауруына шалдықты. Ашаршылық, ауру, еңбектен зорығу қосылып отбасымызды тығырыққа тіреп, мейірім мен үмітке зәру болдық. Шешем өзін-өзі жазым ете ме деген кәдік ой маған аяқастынан пайда болды. Әр жолы еңбектен қайтқанда, қақпаға кірісіммен «шеше!» деп айғайлап шақырамын. Оның дауысы шыққанда барып, көңілім орнына түсіп, жүрегімді басып тұрған бір кесек тас жерге түскендей болатын. Егер мен дауыстағанда шешем жауап қайтармаса жүрегім тітіркеніп, асүй мен диірменүйді аралап, тінтіп шығатынмын. Бір жолы бар үйді тінтіп, іздеп оның көлеңкесін де көре алмадым. Сонан ауланың ішінде зар еңіреп отыр едім, шешем көтерген бір арқа отыны бар, сырттан кіріп келді. Менің жылағаныма қатты наразы болды. Бірақ бұған бола одан алаңдап жүргенімді айтуым мүмкін емес қой. Шешем менің көңіл-күйімді айтқызбай-ақ түсінді де маған: «Балам, алаңсыз бол. Тірлігіміздің еш қуанар жері жоқ, оған бола Ямаража (тозақ пірі) шақырмайды дейді. Мен де кете қоймаймын», – деді. Менің туғаннан өң-әлпетім өте сиықсыз еді. Қыстақтағы талай адам бетпе-бет мені келекелейтін. Тіпті, мектептегі мінезі тұрпайы, сотқар сабақтастарым сиықсыздығым үшін мені сабап, үйге зар еңіреп келген кезімде шешем маған: «Балам, сен ондай сиықсыз емессің. Мұрның пұшықтықтан, көзің соқырдан аман. Аяқ-қолың сап-сау. Қане, қай жерің сиықсыз. Оның үстіне, көңіл сарайың түзу. Ізгі істерді көп істесең, қанша сиықсыз болсаң да, сұлу көрінесің», – деді. Кейін қалаға кеттім. Кейбір өте мәдениетті деген адамдардың өзі де сыртымнан, кейде тіпті, бетпе-бет сиықсыз өң-әлпетімді сайқымазақ етті. Мен шешемнің сөздерін есіме берік сақтап, аса байсалды бейнеде олардан кешірім өтіндім. Шешем сауатсыз адам. Бірақ сауатты адамдарды өте құрмет тұтады. Отбасымыздың жағдайы жапалы, бір уақыт тамақ жесек, бір уақыт аш қаламыз. Алайда, анам менің кітап, қалам-қағаз алам деген талабымды еш қайтарып көргені жоқ. Ол бір еңбекқор әйел. Жалқау балаларды қыры сүймейді. Кітап оқимын деп жұмысты ақсатқаныма бола ежелден жазғырып көргені жоқ. Бір күндері базарға кітап әңгімелеуші (хикаяшы) келді. Мен ұрланып барып, соның әңгімесін тыңдаймын деп, шешемнің тапсырған жұмысын ұмытып қалдым. Осы үшін шешем мені жазғырды. Кешке ол кішкене майшамның жарығында үйдегілерге мақталы шапан тігіп отырған кезде, мен шыдай алмай, күндіз кітап әңгімелеушінің аузынан естігенімді оған қайталап айтып бердім. Оның түсінігінде кітап әңгімелеушілердің бәрі қу сөзден қуырдақ қуырған жел ауыз, дұрыс кәсіппен шұғылданбайды, аузынан жарыған дұрыс сөз шықпайды деп білетін. Әңгімемді алғаш тыңдаған кезде сабыры кетіп отырған, бірақ менің жаңғыртып айтқаным оны бара-бара қызықтырды. Осыдан былай әр реткі базар күні маған жұмыс тапсырмайтын болды. Базарға барып, кітап әңгімелеушінің әңгімесін тыңдауыма үнсіз қосылды. Көп өтпей кітап әңгімелеушінің әңгімесін қайталап айтуға қанағаттанбайтын болдым. Қайталап айту барысында қосып, өңдеп отыратынды шығардым. Шешем ұнатып тыңдаса екен деп, бірсыпыра оқиға желісін ойдан қиыстырдым. Кей кезде, тіпті, оқиғаның шешімін де өзгертіп жіберетінмін. Менің тыңдарманым шешем ғана емес, әпекем, әжеме дейін тыңдарманыма айналды. Шешем менің әңгімемді тыңдап болған соң, кей кезде іштей алаңдап бір жағы маған, бір жағы өз-өзіне сөйлеген боп: «Ұлым, сен есейген соң қандай адам боласың? Қу сөзге таянып тамағын асырайтын заржақ біреу болып жүрме?», – дейтін. Шешемнің неге алаңдайтынын түсінетінмін. Қыстақта бір сөзуар бала бар еді. Ылғи өзгелерді әуреге салатын. Кей кездері оның өзі үйіндегілерді де әуре-сарсаңға салатын. Мен «Сиыр» деген хикаятымда суайттығымен қыстақтағыларға әбден жеккөрінішті болған осы баланы жаздым. Балалық шағымның елесі бар. Мен ерекше сөзқұмар тілді-жақты болдым. Бұл қалайда үлкен хауіп-қатердің нышаны. Бірақ менің хикаят айту өнерім үйдегілерге үлкен көңілділік бағыштайтын. Бұл жағдай шешемді әрі-сәрі күйге түсірді.
«Тауды көшіру оңай, жаралмышыңды өзгерту қиын» деген мақал бар. Әке-шешем қанша ақыл-нәсихат бергенімен, менің сөзшеңдік табиғатымды өзгерте алмады. Менің атымның Мо Ян (үнсіз қалу деген мағына береді) деп аталуының өзі нақ өзімді масқаралау сияқты. Мен бастауыш мектепті бітірмей жатып оқудан қол үздім. Жасым кіші, денем әлсіз болғандықтан ауыр еңбекке жарамадым. Амалсыз қырға шығып сиыр, қой бағатынмын. Сиыр, қойларымды жетектеп мектептің есігінің алдынан өткен кезде, демалысқа шыққан сабақтастарым мектеп ауласында асыр салып ойнап жүргенін көріп, жаным жабырқап, бір адамның, яғни бір баланың көпшіліктен айырылғандағы азабын терең сезіндім. Қытайдың данышпаны Лаузы: «Бақ пен сор егіз, бір-бірін толықтап отырады», – деп айтқанындай, бала кезімде оқудан шықтым, ашаршылық, жалғыздық, оқитын кітап таба алмаудың азабын бір кісідей тарттым. Бірақ аға буын жазушымыз Шын Соңуынға ұқсап, қоғам сынды үлкен кітапты оқуды өте ерте бастадым. Сөздің басында айтқан базардағы кітап әңгімелеушінің айтқан хикаяты осы үлкен кітаптың бір беті ғана.
Оқудан шыққан соң, ересек адамдардың арасына қосылып «құлақ молласы» болатынды таптым. Бұл ұзақ жалғасты. 200 неше жылдың алдында, менің туған ауылымда хикаят айтудың асқан шебері Пу Сунлн өмір сүрген. Біздің қыстақтағы көптеген адамдар және мен соның рухын жалғаушымыз. Мен коллектив еңбек істейтін атыздың басында, өндіріс отрядының қорасында, атам мен апамның ыстық сыпысының үстінде, әуел десең қиралаңдап кетіп бара жатқан арбаның үстінде көптеген сырлы әңгімелерді, тарихи аңыздарды, қызықты хабар-ошарларды естідім. Бұл хикаяттар жерлік орынның табиғатымен, әулет тарихыммен тығыз байланысып жатқандықтан шынайы сезілетін.
Бір күндері осы көрген-естігендерімнің бәрі шығармашылық материал болады деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Ол кезде басқалардың әңгімесін беріле тыңдайтын әңгімеқұмар бала едім. Сол кезде жә деген тәңіршілдің өзі едім.Тіршілік атаулының жаны бар деп сенетінмін. Үлкен ағашты көрсем, құрмет көрсететінмін. Ұшқан құсты көрсем, ол қалаған кезінде адамға өзгеруі мүмкін деп қиялдайтынмын. Бейтаныс адамға жолықсам, ол қайсы қайуаннан өзгерді екен деп күмәнданатынмын. Әр күні кеште өндіріс отрядының еңбек нөмірін есептеу үйінен шыққан кезімде өне-бойымды үрей, қорқыныш билейтін. Жүрек тоқтатып алайын деп біресе жүгіріп, біресе бала дауысыммен әндететінмін. Сол кезде балиғатқа толу қарсаңы болғандықтан тамағым қырылдап, дауысым нашар шығатын. Сондағы әндерім ауылдастардың тыныштығын бұзған шығар.
Туған ауылымда 21 жыл тұрдым. 21 жылдан соң ауылдан ұзап, пойызбен Чиндауға бір рет барған едім. Ағаш материал заводының тау төбе боп үйілген ағаштарының арасында адасып кете жаздадым. Шешем: «Чиндаудан қандай көріністер көрдің», – деп сұрағанда мен аса ыңғайсызданып: «Түк те көрмедім. Бар көргенім тау төбе болып үйілген ағаш», – дедім. Алайда, осы реткі Чиндау сапарынан соң, ауылдан ұзап шығып сыртқы дүниені көрсем деген құштарлығым арта түсті. 1976 жылы қаңтар айында армияға қабылдандым. Шешем той жасағандағы әсемдік бұйымдарын сатып, маған алып берген төрт томдық «Қытай жалпы тарихын» арқалап Гауми үстіртіндегі Дунби ауылы деген мен жақсы көретін әрі өте жек көретін ауылдан ұзап шығып, өмірімнің маңызды кезеңін бастадым. Егер ұзақ жылдардан бері Қытай қоғамында зор дамушылық пен ілгерлеушілік болмаса, реформа, есік ашу болмаса мен сияқты жазушының да болмайтынын мойындауым тиіс. Әскери лагердегі бірсыдырғы тұрмыс барысында, 1980 жылдардағы идеяны азат ету мен әдебиет өрлеу дәуірін қарсы алдым. Күні кеше өзгелердің әңгімесін құлақ түре тыңдап, оны өзгелерге әңгіме ғып шертетін бала едім, осы кезден бастап қолыма қалам алып, хикаямды қағазға сынақ ретінде түсіре бастадым. Бастабында жүрген жолым ондай даңғыл бола қойғаны жоқ. Ол кезде жиырма неше жылдық ауыл-қыстақ өмір тәжірибесі әдебиеттің кенен кеніш екенін жете аңғартпаған-ды. Сол кезде әдебиетті жақсы адам, ізгі істерді, қаһармандар мен озаттарды ғана жазу деп ұғынғаным үшін, жазған шығармаларымның әдеби құны төмен болды.
1984 жылы емтихан тапсырып «Азаттық армия көркемөнер» институтының әдебиет факультетіне өттім. Жанашыр ұстазым, әйгілі жазушы Шуй Хуайжунның шабыт беріп, баулуында «Күзгі су», «Құрыған өзен»,«Мөлдір сәбіз», «Қызыл жүгері» сияқты әңгіме-повесть жаздым. «Күзгі су» атты хикаятымда «Гауми үстіртіндегі Дунби ауылы» деген сөзді тұңғыш рет қолдандым. Осыдан бастап төңіректің төрт бұрышын тентіреп жүрген диханның өзіне тәуелді жері болғаны сияқты менің де – «әдебиет қаңғыбасының» ақыры еркін жүріп, тұратын орны болды. Әдебиеттегі иелік жерім болған «Гауми үстіртіндегі Дунби ауылын» барлыққа келтіру барысында Американың Уильям Фолкнері мен Колумбияның Гарсиа Маркесі маған жол көрсетіп, шабыт сыйлағанын мойындаймын. Мен олардың кітабын ден қоя оқымағаныммен, бұрыннан жалғасқан асқақ рух маған шабыт берді. Бір жазушының өзіне тәуелді мекені болуы керектігін ұғындырды. Бір адам күнделікті тұрмыста кішіпейілдікпен өзгелерге жол беруіне болады. Ал, әдеби жасампаздықта ырықты түрде ойға алғанын дербес істеуі керек екен. Осы екі алыптың жолын қуып, артынан екі жыл жүрген соң дереу өзімді аулақ салуым керектігін аңғардым. Бір мақаламда: «Олар оты лаулап жанған екі үлкен ошақ. Ал, мен бір кесек мұзбын. Оларға жақындасам еріп, буға айналып кетермін. Менің алған әсеріме негізделгенде бір жазушы мәлім бір жазушының ықпалына ұшырауының түпкі себебі – ықпал жасаушы мен ықпалға ұшыраушының рухында іштей үндестік, ұқсастық бар, ой-ниеті ұқсастар тіл табысады деген сөз бар. Сондықтан мен олардың кітабын ойдағыдай оқымасам да, бірнеше бетін оқып-ақ не жазғанын, қалай жазғанын ұғып қойдым. Сонымен бірге, нені, қалай істеуім керектігін түсіндім» деп жазған едім. Менің тәсілім – өзім қанық білетін базардағы кітап әңгімелеушінің тәсілі. Атам мен әжемнің, қыстақтағы қарттардың әңгіме шерту тәсілі. Ашығын айтсам, хикая айтқан кезде кім менің тыңдарманым боларын есіме алып көрмеппін. Бәлкім, менің тыңдармандарым шешеме ұқсас адамдар, бәлкім, менің тыңдарманым тек өзім ғана шығармын. Алғашқы шығармаларымның бәрі өзімнің төл көшірмем. Мәселен, «Құрыған өзендегі» таяқ жеген бала, «Мөлдір сәбіздегі» бастан-аяқ бір ауыз тіл қатпайтын бала.
Рас, мен бір жолы қателік өткізіп, әкем келістіріп сабаған болатын. Көпір салып жатқанда теміршінің көрігін сүйрескемін. Әлбетте, жекенің өмірі қанша керемет болғанымен, қалпын құрғатпай әңгімеге кірістіруге келмейді. Хикая дегенді ойдан қиыстырасың әрі қиялдан туындатасың. Көптеген достарым «Мөлдір сәбізді» менің ең жақсы шығармам деп жүр. Бұған қарсы емеспін, ал өзім бұлай деп санамаймын. Алайда, менің жазуымша, «Мөлдір сәбіз» шығармаларымның арасындағы ең символдық мән алған, мәні терең біреуі. Ондағы ерекше адамдардың азапқа төзімділік қабілеті мен сезімталдық қабілетіне ие жылтыр қара бала – менің барлық хикаятымның рухы. Кейінгі шығармаларымда көптеген кейіпкерлер сомдағаныммен, бірде-біреуі сол бала сияқты рухыма жақын келмейді. Немесе былай деп те айтуға болады. Бір жазушы сомдаған кейіпкерлерінің арасында, қалайда біреуі көшбасшы. Осы үнсіз бала да бір көшбасшы, ол ләм деп тіл қатпайды. Бірақ әр алуан кейіпкерлерге пәрменді түрде басшылық етіп, Гауми үстіртіндегі Дунби ауылы сынды сахнада күйінің келісінше өнер көрсетеді. Менің хикаятымның да шегі бар, өз айтарымды айтып болған соң, өзгелердің әңгімесін айтуым керек. Сонымен бірге, туыстарымның, қыстақтағылардың әңгімесін және қарттардың аузынан естіген арғы ата-бабаларымның әңгімелері «жинал» деген бұйрықты естіген әскер сияқты, көңіл түпкірімнен атылып шыққан бұлақтай ағытылады. Олар маған үміттене қарайды. Өздерін жазуымды тосады. Ата-әжем, әке-шешем, ағам, әпекем, ағайым, әйелім, қызым, бәрі де менің шығармамда жазылды және Гауми үстіртінің Дунби ауылындағы көптеген ауылдастарым шығармамда көрініс берді. Әлбетте, мен олардың бәрін әдеби тұлғаға айналдырдым. Өзінің жаралмышынан құбылып, әдеби кейіпкерге айналды.
Ең жаңа шығармам «Тісті бақада» апайымның образы көрініс берді. Оның Нобель әдебиет сыйлығын алатынын естіген соң, тілшілер үйіне іздеп барған. Ол әу баста қойған сұрақтарына сабырлықпен жауап берген. Бірақ көп өтпей әбден мезі болып, аудандағы ұлының үйіне барып бас сауғалапты. Апайым шынында «Тісті бақаны» жазғандағы моделім. Бірақ шығармадағы апайым мен өмірдегі апайым арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Романдағы апайым қазымыр, көкбет, кейде тіпті әйел қарақшыдан аумайды. Өмірдегі апайым ашық-жарқын, асыл жар, аяулы ана. Өмірдегі апайымның ғұмыры бай-бақытты өтіп келеді. Романдағы апайым соңғы өмірінде рухани ауыр соққыдан ұйқысыздық ауруына шалдығып, қара күпісін үстінен тастамай, жын-шайтан сияқты түнде тоқтамай кезіп жүреді. Мен апайымның кеңпейілдігіне алғыс айтамын. Романда оны басқаша адам етіп жариялағаным үшін ренжімеді және апайымның ақылдылығына тәнтімін. Ол романдағы кейіпкер мен өмірдегі адамның күрделі қарым-қатынасын тура түсінді. Шешем қайтыс болған соң, қатты қайғырып, шешеме арнап бір кітап жазу бекіміне келдім. Бұл жазған кітабым – «Адуын әйел» көкейімде пісіп-жетіліп, шабытым келіп, небары 83 күнде 500 мың әріптік романның алғашқы нұсқасын жазып бітірдім. Осы «Адуын әйел» атты кітапта, шешемнің төл кешірмесімен қатысты материалдарды еш именбей кәдеге жараттым. Ал кітаптағы ананың сезімдік жақтағы кешірмелерін ойдан қиыстырдым. Немесе Гауми үстіртінің Дунби ауылындағы аналардың кешірмелерін шикізат еттім. Осы кітаптың кіріспесін «Анамның рухына арнаймын» деп жаздым. Ал, бұл кітап түбін қусақ Жер бетіндегі барлық аналарға арналған. Бұл менің титімдей Гауми үстіртіндегі Дунби ауылын Қытайдың, тіпті дүниенің жинақ көрінісі ретінде жазып бейнелесем деген өлермендігімнің нәтижесі.
Әр жазушының шығармашылық барысының өз ерекшелігі болады. Менің әр кітабымның мазмұны, неден шабыт алып бастауым бір-біріне ұқсамайды. Кей шығарма көрген түсімнен туындаған. Мұның мысалы «Мөлдір сәбіз». Кей шығармаларым, мәселен, «Жәннаттағы сарымсақ өнімі туралы жыр» өмірдегі болған оқиғадан бастау алған. Мейлі көрген түстен бастау алсын, әлде шынайы өмірден туындасын, ең соңында жекенің төл тәжірибесімен ұштастырылғанда ғана даралығы айқын, жанды, нәзік факторлардан типтік кейіпкер сомдалған, тілі шұрайлы, құрылымы бөлекше әдеби туындыға айналады. Мұнда арнайы атап өтуге тиісті іс «Жәннаттағы сарымсақ өнімі туралы жырда» мен нағыз кітап әңгімелеушіні сахнаға шығардым. Кітапта ол өте маңызды роль атқарды. Менің жазушылығымда осындай жағдайлар көп жүз берді. Бастап жазған кезде олардың шын атын атап жазамын, осы арқылы оған жақындық танытсам деймін. Бірақ шығарманы жазып болған соң, оның атын өзгерту мүмкін еместей сезіледі. Осыған бола шығармамдағы кейіпкермен аттас біреу әкемді іздеп келіп, түсінбестік жағдай орын алған. Әкем менің атымнан кешірім сұрап: «Олардың жазғанын тура мағынасында қабылдама», – деп нәсихат та берген. Әкем оған: «Ол жазған «Қызыл жүгері» шығармасында «менің әкем деген жерлік қарақшының тұқымы» деп бастапты. Мұны көңіліме алғаным жоқ. Сен көңіліңе алып не қыласың», – депті. «Жәннаттағы сарымсақ өнімі туралы жыр» сияқты қоғамдық өмірге етене жақын шығармамды жазған кезімде, дөп келген ең үлкен мәселе – қоғамның қараңғы жақтарын қазбалап сынауға батыл болу-болмау мәселесі емес, қайта осындағы жалындаған жігер мен ашуға ерік беріп, саясат арқылы әдебиеттің үнін өшіріп, осы шығарманы қоғамдық оқиғалардың деректі баяндамасына айналдырып алмау ісі болды. Жазушы қоғамдық адам. Оның өз майданы, көзқарасы бар. Бірақ жазушылыққа отырған кезде адамдық тұрғыда тұрып, барлық адамды адам санатында жазу керек. Осылай істегенде ғана, әдебиет оқиғадан бастау алады, бірақ оқиғамен ғана шектелмейді. Саясатқа көңіл бөледі, бірақ саясаттан биік тұрады. Бәлкім, менің ұзақ уақыт жапалы өмір кешіргенім адамдық қасиет туралы біршама терең түсінікке ие етті. Мен нағыз батырлықтың қандай болатынын, нағыз жанашырлықтың қандай болатынын білдім. Әр адамның көңілінде ақ-қарасы мен ізгілік-жауыздығын бейнелеп, анықтап түсіндіру қиын болған күңгірт өңір барын білемін. Ал, осы өңір дәл әдебиетшілердің талант-дарынын әйгілейтін кең-байтақ өріс. Осы қайшылыққа толы күңгірт өңірді дәл, жанды бейнелеп жазған шығарма табиғи түрде саясаттан асып түседі әрі үздік әдебиеттің ерекшелігін әйгілейді.
Өз шығармаң туралы ауыз жаппай сөйлесең, тыңдаушыны жалықтырасың. Менің өмірім шығармаларыммен тығыз байланысып жатады. Шығармам туралы айтпасам, неден бастарымды білмеймін. Сондықтан кешірім етулеріңізді өтінемін. Алғашқы шығармаларымда қазіргі заманғы кітап әңгімелеуші санатында шығарманың астарына жасырынғамын. «Сандал жазасынан» бастап мен артқы сахнадан алдыңы сахнаға шықтым. Алғашқы шығармаларымда өз-өзіме сөйлесіп, оқырманды ойластырмаған болсам, осы кітаптан бастап, ашыққа шығып, оқырмандарға бетпе-бет нашына келтіре отырып хикаят айтып тұрған сияқты сезінемін. Бұл әлемдік прозаның да, тіпті, Қытай прозасының да дәстүрі. Ілгеріректе Батыстың модернизм шығармаларын ден қоя оқығанмын. Әр алуан баяндау тәсіліне салып жазып та көргемін. Соңында дәстүрге қайта оралдым. Әлбетте, мұндай қайтып оралу түк те жаңалық қабылдамай сол беті оралу ғана емес. «Сандал жазасы» және кейінгі шығармалар Қытайдың дәстүрлі әдебиетіне мұрагерлік еткен әрі Батыс прозасының өнер өнегесін үлгі еткен араласпа әдебиет. Проза саласындағы барлық жаңалықтар, негізінен осы араластырудың нәтижесі, Қытайдың әдеби дәстүрі мен шетелдің проза өнерінің тоғыстырылуы болып табылады. Проза мен басқа көркемөнер жанрларының тоғыстырылуы. Бейне «Сандал жазасының» халықтық музыка театрларының қоспасы болғаны сияқты іс. Алғашқы прозаларым сурет өнері, музыка, тіпті Цирк өнерінен нәр қабылдаған секілді.
Соңында, «Арпалыс» атты шығармам туралы айтуыма рұхсат етіңіздер. Бұл кітаптың аты «Будданың тәмсіл әңгімелерінен» келген. Менің білуімше, осы кітаптың атын аудару үшін әр ел аудармашылары көп бас қатырған. Мен «Будданың тәмсіл әңгімелерін» ішкерілей зерттеп көргенім жоқ. Будда шариғаты туралы түсінігім де төмен. Сондықтан бұл мен үшін маңызды іс. Өйткені, Будда дінінің көптеген негізгі идеясы нағыз ғарыштық сана, фәни дүниедегі талас-тартыстар Будданың назарында ешқандай мәні жоқ. Көз алдымыздағы фәни дүниеге осындай биік тұрғыдан қарайтын болсақ қасірет толы. Әлбетте, мен бұл кітапта уағыз-нәсихат жазып отырғаным жоқ. Жазғаным – адамның тағдыры мен сезімі. Адамның шектемелігі мен кеңпейілдігі және адамның бақыт іздеп өз сеніміне табанды болып, көрсеткен жігері мен бодауын жаздым. Шығармамдағы өз бетімен дәуір ағымына қайшы келген көкбет – көңілімдегі нағыз қаһарман. Осы кейіпкердің прототипі көрші қыстақтағы диқан. Бала кезімде, оның шиқылдаған ағаш арбасын айдап, есігіміздің алдындағы жолдан өткенін көретінмін. Оның арбасына жеккені ақсақ есек, оған арбасын жегіп берген шиаяқ әйелі, бұл бір ғажайып еңбек бірлестігі. Сол кездегі коллективтік қоғамда ол көзге қораш, дәуір ағымына үйлеспейтін сияқты көрінетін. Біз балалардың назарында оларды тарих ағымына қайшы келген ақымақтар деп қарайтынбыз. Олар жолдан өткен кезде, оған кектене қарап, тас лақтыратынбыз. Талай жыл өткен соң, қолыма қалам алып, жазуға отырғанда осы кейіпкер, осы көрініс санамда қайтадан елес берді. Мен күндердің күнінде ол үшін бір кітап жазарымды білетінмін. Оның хикаятын ертеме-кеш бар адамға тыңдатқым келді. 2005 жылға жеткенде бір бұдхананың қабырғасына сызылған «Алты жолдың тоғысуы» атты қабырға суретті көргенде барып, осы әңгімені айтудың дұрыс әдісі ойыма түсті.
Қытай тілінен аударған
Мәдениет Мұқатайұлы.
ҚХР.
Дереккөз: “Қазақ әдебиеті”
Парақшамызға жазылыңыз